Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Тәуелсіздік құдіретімен алғаш рет ашылған ‑ білім конгресі ‑ ұрпақ тәрбиесі мен білім беру түйінін шешуде, жалпылама сөз бен жаттанды ұғымдарды тыйып, жаңаша түсініктерге жол ашқаны жөн. Үш жүз жылғы бодандықпен –«зомбыланған рухымызды» ‑ тіктеп, әлем халқын адастырып отырған ‑ «Европацентризм методологиясының» ‑ жалғандығын ашатын мезгіл жетті. Оның тікелей ықпалымен, бүкіл адамзат қауымы азып отыр. Олай болса, бірден «Европацентризмнің» ең негізгі кемшіліктеріне тоқталмақпын.

Біріншісі,  адамда бар үш жүйенің – Тән – Жан – Рух – үндестіктерін әдейі үндестірмеу арқылы, бүкіл өркенниетімізді, тек тән тәрбиесіне байлап, жан мен рухтың тәрбиесі түгіл, тіпті оның өзінің не екенін ұғындырмауға тырысты. Бүгінгі шәкірт түгіл, ұстаздардың өздері ‑ Жан мен Рух – дегеніміз не десе, нақты жауап бере  алмайды. Ендеше айтыңыздар шы, жаны мен  рухы тәрбиесіз адамнан не күтуге болады?..

Екіншісі,  Джон Локк, Песталецц, Макаренкодан бастап, ‑ «баланың миы дүниеге келгенде ақ қаздай аппақ болып туады» ‑деп жалған айтумен қоса, тіпті Джон Локк ‑ «идея врожденная» ‑ деген Рена Декартқа қарсы шықты. Сонда қалай? Ойланыңыздар шы? Бала ана құрсағында – «бір клеткадан мынау адамдық формаға дейін жетіліп, жүрек, бауыр, зат алмасу қызыметтері қарқынды жүріп жатқанда, мидың еш қимылсыз болуы» ‑ «ақ қағаздай аппақ күйі» ‑  тууы мүмкін емес қой.

Ендеше, Рене Декарттың «идея врожденная» деуінің астарында телегей теңіз сыр жатқанына сенбеске болмайды. Джон Локктың «жалған үкімін» пайдаланған «Европацентризм» бүгінге дейін бізді алдап келді. Осыншама қасиетсіздіктің салдарынан адамзат қауымы ‑ «ана құрсағындағы тәрбиені» ‑ білмегендіктен, ұрпағымыз Жан мен Рух тәрбиесінен мүлдем қағаберіс  қалып отыр. Себебі, жан мен рух тәрбиесі де, және ол екеуінің үндесуі де, тек «ана құрсағында» ғана жүретіні ғылыми дәлелденген құбылыс! Ендеше, ұрпақ тәрбиесіндегі, осыншама апаттың үлескері де, «европацентризм методологиясы» болып табылады.

Үшіншісі, бүгінгі біздер пайдаланып жүрген педагогикада, «европацентризмнің»  қалыптастыруымен ‑ дүниеге жаңа келген баланы «тұлға» деп түсіндіреді. Бұл да өрескел өтірік. Бұған сену мүмкін бе ? Қараңыздар шы ? Халқымыздың данышпаны ұлы Абайдың тұлғаға жету жолын, кемеңгер жазушымыз М.О. Әуезов төрт томдық эпопея етіп жазуы, тіпті де бекер болмаса керек. Кешегі Ахмет Байтұрсынов, Барлыбек Сырттанов, Мұстапа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Әлихан Бөкейхановтардың азаматтық жолдары мен тұлға болып қалыптасу кезеңдерін өздеріңіз де жақсы білесіздер ?!..

Ендеше, туасалған баланы тұлға деу «европацентризмге» не үшін керек болды екен. Өйткені, «европацентризм методологиясы» әуелбастан‑ақ «империялизмнің ілімі» болып қалыптасқандықтан, олар үшін адамзат ұрпағының дұрыс жолмен тәрбиеленуі еш қажеттілікке баланбады. Мінеки, «европацентризмнің»  басқа қателіктерін айтпай‑ақ, ең өрескелінің өзі апат екені ешкімге құпия емес. Ендеше, мынау мәртебелі форум, «жарамсыз методологиядан» құтылып, табиғат «бос кеңістікті» сүймейтінін ескеріп, бұл мәселе тез арада  шешілуі тиіс.

Сонымен, бүгінгі Педагогика мен Психологияның ғылыми  – Методологиясы – Жүйесі – Негіздері – жоқ екеніне, сындарлы түрде қарайтын мезгіл жетті. Егер Аристотель мен Фарабидің ғылыми класификациясына құлақ ассақ; ‑ «…Кезекелген Пәннің негіздері, оның ішінен шықпаса, ол ғылыми Пән болып дамый алмайды,» ‑ деп үзілді‑кесілді үкім айтады. Ендеше,  айтып жүрген Педагогиканың негіздері – оқыту – білім беру – тәрбиелеу – деген ұғымдардың сырттан келіп тұрғаны айдан анық. Өйткені, бала тәрбиесіндегі ‑ «түйсіктік ақыл мен түйсіктік тәрбиенің» — 80%-ы  ана құрсағында»  қалыптасатындықтан, іште жатқан жан‑иесіне – «оқыту,  білім беру» ‑ тіпті де мүмкін емес екендігі, ғалым түгіл қарапайым адамғада түсінікті. Осындай сорақылықты анықтағаннан кейін, не істеуіміз керек? Әрине, сөзсіз тіршілік заңына сүйене отырып, ұрпақ тәрбиесінің дұрыс жолын табу қажет…

Олай болса, тәуелсіздікпен  бірге келседе, көшірмеліктің көлеңкесінде қалған, ‑ «Адам тәрбиесінің жаңа ілімін» ‑ осы конгресте талқылауға ұсынамын. Оның бұрын‑соңды айтылмаған екі сатылы ‑ Методолгиясы – «биологиялық индивид (түр)» және «сананы жетілдіру» ‑  болса, осы екі сатыдан шығатын екі жүйе – «Жүрек тәрбиесі» мен «Ақыл тәрбиесі» ‑ деп жүйеленсе, пәннің ішінен шығатын – «Жеті түрлі Негіздерінің» ‑ тек  әрқайсысының өзіне тән тәрбие тәсілдері ұсынылады.

Мұндағы екі сатылы – Методология – Жүйелер – Негіздер – ойдан алынбаған, тіршіліктің тұрақты заңдылығынан шыққан табиғаттың өз үлгісі. Осы методологиямен адамзат ғасырлар бойы ажырап қалған ‑ Жан мен Рух тәрбиелерін – іске қосып, келещек ұрпақ мүлдем басқа деңгейде, құпия ілімдерде айтылатын ‑ 6-шы Рассаның ‑ кеңістігіне шығады. Адамзат қауымы ‑бүгінгі өзегі өрт өзімшілдік пен құлдыққа тән құмарлық атаулыдан ‑ құтылып, нағыз адамдықтың арманы ‑ имандылық пен ізгіліктің ‑ жолына түседі.

Бұл «адам тәрбиесінің жаңа ілімінде» айтылатын жаңалық өте көп. Соның ішінде, тәрбиенің  іргетасы болып саналатын, ‑ «түйсіктік ақыл мен түйсіктік тәрбиенің 80%» — тек ана құрсағында ғана жетілетіні анықталды. Сонымен қоса, санаға бағынбайтын ‑ « Жанның 12- арнасы: ‑ түйсік – ұят – сүю – зерде – табиғи қабылет – мінез – жігер және ішкі бес сезім (көкірек көзі, телепатия, дәм, ішкі сезіну, иіс) – бұлар да тек ана құрсағында  ашылады. Міне бүгінге дейін, адамзат қауымы ‑ «ана құрсағындағы тәрбиені»‑ білмегендіктен, нағыз құдіретті қасиеттер ашылмай, азғындаудың ауыр азаптарын тартуда?!

Адамдағы – «Жан тәрбиесі мен Рух тәрбиесінің» ‑ үндеспеуінен, ұрпақ жетер ‑ «6-шы және 7-ші Рассаның» ‑ барлық сипаттары тоқырап тұр. Жоғарыдағы айтылған тәрбиенің технологиясы мен механизмдері, менің монографияларымда – «Ізгілік әліппесі», А.1991; «Халық  педагогикасының негіздері», А.1995;  «Халық педагогикасы мен психологиясының негіздері», А. 2005; «Педагогика мен психология негіздері»,А.2008; – толық түрде, егжей‑тегжей жазылған. Кезінде бұл ілімге сеніп, дүниеге ұрпақ әкелген ата‑аналардың алғыстары көп.

Мысалы, 1992 жылы өмірге келген алғашқы «үш баланың» туған сәтінен бастап, қадағалауға мүмкіншілік болды. Оған дәрігерлік мамандығымның тигізген көмегі мол. Әсіресе, таңданбауға болмайтын, мынау бір оқиғаны айтқан жөн сияқты. Екінші күні емізуге әкелген бала, жан‑жаққа жүгірген көздерін әзер ұстап, алғысқа толы сезіммен күлімсірей анасына қарағанда,  бүкіл денем шымырлап кеткені әлі есімде. Басқа балалар лар‑шу боп жылап келсе, бұлар да қыңқ деген дыбыс болмайды. Мұны, тіпті жанындағы басқа аналар да өздері байқап, жиі‑жиі әңгімелеп жүрді.  

Кейін үшеуіде он бір жылдықты, он төртінде «алтын белгіге» бітіріп, грантпен университеттерін үздік аяқтады. Бұл жағдайды айтып тұрған себебім, ‑ «адам тәрбиесінің жаңа ілімі» ‑ тек теория жүзінде емес, оның іс‑тәжрибеден өткендігі де шындық.

Педагогика мен психологияның ‑ жаңа методологиясындағы ішкі негіздері – тіршіліктің биологиялық заңдылығына ғана бағынған, адамның физиологиялық кезеңдерінен шығады. Бұл кезеңдер табиғат шебердің өзі қалыптастырған тұрақтылық екенін түсіну шарт! Оны бұрмалауға болмайды. Ендеше, адамдағы өзгермейтін физиологиялық жеті кезеңнен, тәрбиенің, немесе, педагогика мен психологияның жеті түрлі негіздері қалыптасады.

І. Халық педагогикасының бірінші негізі, немесе, «Отбасын құруға дайындық  және ұрық тазалығы».

ІІ. Халық педа‑ның екінші негізі, немесе, «Ана құрсағындағы тәрбие».

ІІІ. Халық педагогикасының үшінші негізі, немесе, «Нәресте кезеңі».

ІУ. Халық педагогикасының төртінші негізі, немесе,  «Балбөбек кезеңі».

У. Халық педагогикасының бесінші негізі,     немесе,   «Сәбилік кезеңі».

УІ. Халық педагогикасының алтыншы негізі,  немесе,  «Балиғат кезеңі».

УІІ. Халық педагогикасының жетінші негізі,  немесе,  «Кәмілеттік кезеңі».

Мінеки бүгінгі адамзат қауымының пайдаланып отырған Педагогикасы мен Психологиясында, осынау жоғарыда аталған негіздер жоқ. Бұл негіздердің ерекше ескеретін қасиеті сол, әр негіздің басталуы мен аяқталуы бар уақыт кесіндісінен тұрумен қоса, тек өздеріне ғана тән тәрбие тәсілдері бар. Мәселен, уақыт кесіндісіне мысал келтірсек, ана құрсағындағы кезең ‑ 9-ай, тоғыз күннен тұрса ‑ оның өзіне тән тәрбие тәсілін Ана ‑ мінәжаты мен тілегін көз алдына келтіру ‑ арқылы жүргізеді.

Осы тектес барлық кезеңдердің де, тәрбие тәсілдерінің өздеріне тән ерекшеліктерін ескеру ауадай қажет. Адам тәрбиесінің жаңа іліміндегі, ерекше бөліп айтпаса болмайтын тағыда бір жаңалығы, әр негіздер мен физиологиялық кезеңдердіңэтнопедагогикалық сипаттары беріледі.

ТҮЙІН СӨЗ.

 Осыдан келіп, мынандай қағидалар ұсынылады;

 — Халық педагогикасы дегеніміз – адамның Жан‑дүниесін зерттейтін және тәрбиелейтін‑ ІЛІМ –десек, Этнопедагогика – материалдық және этнографиялық заттар арқылы (ұлттық киім, тамақ, үй мүліктері т.б.) Тән тәрбиесін жүргізуге бейімделеді.

— Олай болса, адам тәрбиесі үшін – Халық педагогикасы мен Этнографиялық педагогика – медальдің екі беті тәрізді сипаты бар.

— Қазіргі ‑ Халық педагогикасы мен Этнопедагогиканы – екі бөлек  ұғынып жүрген түсініктер қате екенін ашып айтқан жөн.

—  Кейбіреулердің Этнопедагогика– ЭТНОС–тан шықты деуіде бекер.

— Этнопедагогиканы алғаш айналымға енгізген Г.Н.Волковтың өзі, бұл ұғымды «Этнографиялық заттар» сөзінен алғанын, ‑ «Этнопедагогика» М. 1972ж. – атты монографиясында ашып жазады.

—   «Адам тәрбиесінің жаңа ілімін» ‑ Мемлекеттік деңгейде ‑ Халық болып қолға алуды кешеуілдете бермей, сара жолына түсіру барлығымыздың да азаматтық міндетіміз.

 

Совет‑Хан Ғаббасов

                                                          Жазушы‑дәрігер, фантаст,

                                          Медицина және  педагогика ғылымдарының докторы,

                                                          Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,

                                                                  КСРО денсаулық сактау ісінің үздігі,

                                                                  Зайсан ауданының құрметті азаматы,

                                                                  Махамбет сыйлығының лауреаты,

                                                                                 Профессор

 

http://ult.kz/kz/article/view?id=1228

Рубрика: