Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ұлттық бірыңғай тесттілеу басталғалы бері жұрттан ұйқы қашты. Бірақ оқыған балалардың айы оңынан туып жатыр. 

Айталық, күні кеше Алматыдағы Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның 11 «Ә» сынып оқушысы Әсия Жандосқызы ҰБТ тапсыру барысында 125 балл алып, еліміз бойынша осы көрсеткішті иемденген екі қыздың бірі болды. 1 сыныптан бері бір «төрт» алып көрмеген ол бүгінгі жетістігін ұзақ жылғы оқуға құштарлығымен байланыстырады.

– Мен құрбыларым секілді ойнап та, оқып та бой жеттім. Бірақ оқуға өте ден қойдым, ұстаздардың сабағын мұқият тыңдайтынмын. Үйде дайындыққа барыншы көңіл бөлдім.

Өткен күндерге өкпем жоқ. Мектептегі, қалалық білім байқауларының бәрінде, «Кенгру», «Алтын руно» конкурстарында жеңімпаз атандым. Өнерге де құштарлығым ерекше, концерттерге қатыстым, жүр­гізуші де болдым. Ән де айттым, би де биледім. Алған мақтау қағаздарым өте көп, – дейді Әсия.

ҰБТ тапсыруға кіргенде толқығанымен, сұрақ­тардың барлығы көкейінде сайрап тұрғанын білетін қыз шын қуанғанын жасырмайды. Аудиторияда телефон, шпаргалка пайдаланғандарды көрмеген, бақылау қатал болғанын айтқан Әсия: «Адам бәрін біліп тұрса, телефон да, шпаргалка да қажетсіз. Ұстаздардың үмітін ақтап, ата-анаңды қуанту үшін бірінші сыныптан білім жинау керек. Мақтаулы балалар біздің мектепте көп» деді.

Расында да, жақсы оқыған баланың жолы болады. Дәл осы жерде әңгімемізге араласқан білім ордасының басшысы, Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова ҰБТ төңірегіндегі ойын ортаға салды.

– Қазір балаларға қиын болды, дұрыс емес сұрақ бар деген секілді әңгіме көбейіп кетті. Жарайды. Дұрыс емес сұрақ біреу-екеу болар. Ал өзге сұрақ­тарға жауап таба алмайтындар неге көп. Мәселен, біздің балаларымыз жылда ҰБТ-ға қатысады. Жыл бойы оқыған білімінен төмендеген емес. Қысқасы, ҰБТ-дағы көрсеткіш дайындыққа, баланың тыңғылықтығына, білімінің тұрақтылығына байланысты.

Міне, Әсия 125 балл алып отыр. Бұл оқушымыз мектепішілік, аудандық, қалалық сынақтарда 123-тен кем балл алған емес. Демек, балада тұрақты білім болды, ол соны көрсете алды. Егер әлде­біреулер 50 балды да ала алмады десек, ол балада білім бұрыннан болмаған. 125 балл ала алмау мүмкін делік, бірақ баланың 50 немесе 70 балды да алмағаны, ол жай нәрсе. Мектептегі жағдай, ортасы сондай. Бірен-саран кемшілік, тех­никалық кемшілік те болуы мүмкін. Бірақ балалар жаппай төмен балл алса, оны тесттен көрудің қажеті қанша?

Алайда мектептің аттестатын жоғары оқуға түсумен байланыстырмау керек. Мектеп бітірген барлық баланың жоғары оқу орнына толық түсуі еш уақытта бол­маған. Бұл жерде баланың денсаулығы, қабілеті, қанымен келген қасиеті деген болады. Бізді құртып жатқан нәрсе, 100 пайыз оқуға түспедік деген мәселе. Білімі бар бала барлық жерде өзін көрсете алады. Бұл жерде ұстаздардың да еңбегі көрінеді.Мұғалім бар жауап­кершілікті балаға итеріп тастамай, өздері бала үшін де, балл үшін де күрессе, әрине, ұятқа қалмайды. Біздің мектепте талап күшті. Содан да болар нәтиже де жақсы. Ең бастысы, баланың жүрегіне жол табу керек, – дейді Аягүл Миразова.

Иә, көңілге қоныңқырамайтын сұрақ болғанын Әсия да жоққа шығармайды. Алайда білімді бала бәрін жеңеді екен. «Берілген барлық сұрақ оқу бағдар­ламасында бар» дейді Алтын белгіден үміткер қыз. Отбасындағы үш баланың ортаншысы әпкесінің де осы мектепте оқып, Алтын белгі алғанын, қазір әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте оқитынын мақтан етеді. Бұйыртса, өзі де аталған университеттің табалдырығын аттауға бел буған оқу үздігі анасы Гүлмира мен әкесі Жандостың, Аягүл Миразова басқаратын ұстаздар ұжымы­ның үмітін ақтағанына қуанышты.

Әсияның сынып жетекшісі Гүлназ Тұңғышбаева – информатика пәнінің мұғалімі. Биыл бірінші рет өз түлектерін табалдырықтан ұшырғалы отырған ол Алматының үздік ұстаздарының қа­тарында. «Жыл мұғалімі» атанған Гүлназ «Алтын диск» байқауының жүлдегері, бірнеше авторлық еңбектердің, әдіс­темелік құралдардың иесі. Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырған үш деңгейлі курстың 2 курсын бітірген білікті ұстаз білімпаз бала тәрбиелеуде алматылық ұстаздардың алдыңғы ше­бінде жүр.

– Сыныптағы 28 оқушының 10-ы биыл қала әкімі тағайындаған «Үркер» төс белгісіне ие болған. Халықаралық олимпиадалар, республикалық ғылыми жобалар, олимпиадаларға түрлі салада қатысқан балалар. Ал 10 бала Алтын белгі алды. Олардың арасында Әсия Жан­досқызы ҰБТ-дан 125 балл алып, Қазақстандағы ең дарынды екі оқушы­ның бірі атанды. Ең төменгі 89 бен 93 балды екі оқушы, өзгелері 100 балдан жоғары алды, – дейді Гүлназ Тұңғыш­баева.

Мұның барлық себебі, мектептегі пән мұғалімдеріне, олармен бірлесе жұмыс істеген сынып жетекшісіне, оқу­шылардың ортаға тартылуына, ата-анамен тығыз жұмыс істеуге байланысты. Осындай ой түйген Гүлназ барлық оқу­шысының жоғары оқу орнына түсетіндігіне кәміл сенімді.

Айтпақшы, Алматыдағы №178 мектеп-лицейдің оқушысы Айғаным Әбдіжаппар да ҰБТ-да125 балл жинады. Мектепке алғаш барғаннан бастап бітіргенге дейін жақсы оқу керектігін айтқан ол: «Әрине, басынан бастап мектепте жақсы оқу да оңай емес. Тестте барлық пәндер бойынша күрделі де, жеңіл сұрақтар болды. Мен «Алтын белгінің» үміткерімін. Бесінші пән ретінде географияны таңдағанмын. Шпаргалка қолданған жоқпын, бұл шыным. Сұрақтардың барлығы өзім оқыған, жаттаған дүниелер. Барлық пәнді бір жылда оқып, миға тоқып алу мүмкін емес, 5 сыныптан бастап оқы­тылған пәндердің барлығын 11 сы­ныпта қайталап қарап шықтым. Математика пәнін бір жылда меңгере алмайсың. Мен Алматыдағы оқу орындарының бірінде экономика факультетін таңдаймын» деген ол Алматыдағы ақылды екі қыздың бірі болып тұр.

Міне, Алматының Алтын қыздары осындай!

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/50883

Дуанабай Жолдасбек

 

Рубрика: