Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Биыл Қазақстан жұрты үшін мерейтойлар жылы деуге болады.

Соның ішінде тоталитаризмнің бас бермес асау шағында-ақ көркем шығармасымен көкейдегіні айтып, ата тарихты жазып, ұлт рухын оятқан арда жазушы Ілияс Есенберлиннің  100 жылдығы да аталып өтуде. Күні кеше халықаралық Түркі академиясы жазушы мерейтойына орай, «Көркем шығармадағы тарихи шындық» атты жиын ұйымдастырды. Бұл басқосу Елбасы тапсырмасымен биыл кең көлемде аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналды.

Алқалы жиынға қаламгерлер мен ғалымдар, Парламент депутаттары, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері және жазушының немересі Мағжан Есенберлин келді. Басқосуда сөз алғандар тілге тұсау салынған қиын кезеңде ұлт тарихын, оның ішінде Қазақ хандығы тұсындағы ел өмірін көркем шығармасы арқылы кейінгі ұрпаққа қалдыра білген жазушы шеберлігін сөз етті.

І.Есенберлин есімі аталғанда,  әуелі қаламгердің «Көшпенділер» трилогиясы еске түседі. Әйтпесе, жазушы әдебиетте алғашында ақын ретінде танылған. Оның «Сұлтан», «Айша», «Біржан сал трагедиясы» атты дастандары, «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы жарық көрген. 60- жылдары  проза жанрына бет бұрып, осы аяда сүбелі туындылар жазды. «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» хикаяттары, «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Қаһар», «Алмас қылыш», «Алтын құс», «Жанталас», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Аманат», «Махаббат мейрамы» романдары, «Көшпенділер», «Алтын орда» трилогиялары шын оқыр­манның жастанып оқитын шығармаларына айналды. Өйткені жазушының сүйекті шығармалары ұлы дала мәдениеті мен Қазақ хандығы туралы мол мағлұматқа толы болатын. Жазушы шығармалары әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылды. Демек, оны әлем біледі, оқыған. Сол себепті биыл жазушы мерейтойы  ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Бұл шараларға халықаралық Түркі академиясы да үлес қоспақ.

«Халықаралық Түркі академиясы Қазақ хандығының 550 жылдығын жыл бойы атап өтуді жоспарлап отыр.  Қазақстанда ғана емес, Еуропа, АҚШ, Түркі мемлекеттерінде осыған қатысты елеулі шаралар өтеді және сол шаралардың барлығында да Ілияс Есенберлиннің аты аталатын болады» деді академия президенті Д.Қыдырәлі. Ол өз сөзінде  Ілияс Есенберлинді кезінде Бек­маха­нов сынды алыптарымыз айыпталып жатқан тұста тыңнан түрен салып, үлкен тақырыптарды қозғап, тарихи сананы көтерген мұзжарғышқа балады.

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы:

– Ілекеңнің мықтылығы сонда – ол көркем шығарма арқылы тарихи шындық­тың бетін алғашқы болып ашып берді. Оның шығармасы сондықтан да оқыла береді, зерттеле береді. Қазақ хан­дығының 550 жылдығы қарсаңында Ілекеңнің шығармалары қайта жаңғырады деген сенімдемін. Әрине, кезінде жазу­шының «Қаһар» шығармасы қоғамда біраз дау тудырды. Оған қарсы мақалалар да жазылды. Бірақ соған қарамастан, уақыт өте І.Есенберлиннің шығармалары оң баға алды.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы,  Парламент Сенатының депутаты:

– Есенберлиннің «Қаһар», «Көш­пенділер» шығармалары – қазақ-совет әдебиетіндегі «Абай жолынан» кейінгі ары, абыройы биік тұрған шығарма. Біз Арк­тиканың мұзына алғашқы болып шыққан Есенберлиннің еңбегін, қайраткерлігін, ұлтжандылығын бірінші кезекте айтуымыз  керек. Бір жарым жыл бұрын Парламентте І.Есенберлиннің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту туралы бастама көтерілді. Сол қаулы қабылданып, бүгін осындай үлкен іс-шараның өтуі мені қуантып отыр. І.Есенберлиннің Атбасар қаласында туғанын жақсы білесіздер. Атбасар кешегі тыңның қақпасы емес, Есенберлиндей ұлы тұлғаны дүниеге алып келген, қалың тарих жатқан жер. Сон­дықтан Ілекеңнің 100 жылдығы қарсаңында қазақ зиялылары осы өңірде үлкен мәдени, тарихи жұмыстарды ұйымдастыруымыз керек.

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, жазушы-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Мен Ілекеңді көрмеген адаммын. Бірақ оның «Қаһар» шығармасы шыққанда, сатып алып, бас алмай оқығаным есімде. Түнімен көз ілмей оқып, ертеңінде дүкеннен он данасын сатып алып, дос­тарыма таратып берген болатынмын. Менің ойымша, сол уақытта көп адам осылай жасады. Себебі  сол уақытта қазақ қоғамы ұлттық құнары бар шығармаларға зәру-тін. Жалпы, осы шығарма қазақ қоғамына мықтап ой салды, «қазақ қайдан шықты, қандай болдық?» деген сұрақ көпшілікті мазалай бастаған-ды. Осы туынды кейін де  көптеген тарихи шығар­маның дүниеге келуіне, жазушы, тарих­шылардың осы тақырыпқа қалам тербеуіне жол ашты.

Құныпия АЛПЫСБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Қазақ хандығының тарихы соңғы  30-40 жылда Ілияс Есенберлиннің есімімен байланыса аталып келді. Өйткені кеңес кезінде, тарихты шынайы жазуға мүмкіндік болмаған кезде, Ілекең көркем шығармамен болса да ұлттың өткенін тарих қойнауынан шығарып берді. Ұлттық болмысты, ұлттық сананы ұлттың бойына сіңіруді мақсат тұтқан І.Есенберлин тың тақырыпқа барды. Оның «Қаһар» шығармасы қоғамда үлкен сілкініс тудырды. Қазақ тарихы 17-жылдан басталады деген жалған қағиданың сеңін бұзып, көбесін сөкті.

 Айдана БЕГІМ, Астана

http://aikyn.kz/articles/view/63757

Рубрика: