Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Тек кітаптан оқып, есімі жадымызда сақталып қалған батыр тұлғалы кейіпкер – Ер Төстік енді үлкен экранда. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген тұңғыш толықметражды «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмі 21 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетілмек.


Шындығын айту керек, осыған дейін қа­зақ ертегілерінің негізіне құрылған анимациялық фильмдер жайлы сөз қозғағанда Әмен Қайдаров­тың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен өзге ауыз толтырып айтар туындымыз болмаған. Енді мі­не, ол олқылықтың да орны толды. Күн санап емес, ай санап өсетін, жұт­та сегіз ұлынан ажырап, қорғансыз қалған ата-анасына тіреу болатын Ер Төстікті енді жұрт 3D форматынан тамашалай алады.

Image

Бұл фильмді түсіруге шамамен 3 жыл уақыт кетіпті. Фильмнің ре­жиссерлері Жәкен Дәненов пен Рус­там Тұралиев. Қазақ ертегілерінің желісі бойынша сценарий жазып, фильмге заманауи әр берген де осы екі режиссер. Біз мұнда «заманауи әр берген» деп бекер айтып отыр­ған жоқпыз. Өйткені олардың кейіпкер­лері бүгінгі күннің жетістіктерін же­тік меңгерген. Мысалы, Ер Төстіктің тұмары заманауи сауытқа айналып кетсе, Бапы ханның алдындағы кіта­бы кәдуілгі бүгінгі күннің компью­тері секілді. Сол құралы арқылы ол жеті қат жердің астында отырып, жер бе­тіндегі жаңалықтардан ақпар алып отырады. Ал Мыстан кемпірдің айна­сы бүгінгінің сенсорлы телефонынан еш кем емес. Компьютердің тілін еркін меңгерген балалар осылайша Ер Төстік пен оның айнымас достары Көлтаусар, Желаяқ, Таусоғар және батырдың жол серігі Шалқұйрықты жаңа қырынан танымақ.

Сондай-ақ, бұл туындыдан жұрт жаттанды ертегінің желісін таппай, ал кітаптағы нұсқадан Қосаяқ пен Тасбақа сынды кейіпкерлерді таба ал­май дал болуы мүмкін. Ескерте ке­тейік, фильмнің көркемдік шешімі кітап­пен үйлесе бермейді. Оның себебін Жә­кен Дәненов былай түсіндіреді: «Шын айтсақ, алғашқыда кейіпкерлердің образын жасауда біраз қиындықтар­ға тап болдық. Өйткені мұндай кейіп­керлер бұрын-соңды экрандарға шықпаған еді. Содан мамандар­­мен кеңесе отырып, суреттердің түрлі нұс­қаларын қарастырып, ішінен үз­дік деп тапқандарымызды таңдап алдық. Бүгінгі кейіпкерлер экранға солай шыққан болатын. Алғашқыда ертегідегі оқиға желісін үзбей, өзінің реттілігімен береміз де­ген ой да болған. Бірақ бұл шешім­нен бас тартып, оқиғаны өзгертіп, қара­пайым сюжетке құрдық. Жаңа кейіп­керлерді де енгіздік». «Ер Төстіктің» экрандағы бейнесі­не қатысты жазушы Дулат Исабеков өзінің пікірін былай білдірді: «Жал­пы, қазақ секілді ертегіге бай ел жоқ шығар.

Image

Біздің төл ертегілерімізге тіпті сце­на­рийдің де қажеті жоқ. Шетінен алып, түсіре беруге болады. Маған бүгінгі туындының идеясы ұнады. Тілі қандай жатық?! Тіпті кейіп­керлердің сөйлеген сөзінен қаза­қи­лықтың иісі аңқып тұр. Қазақтың балалары шетелдің «Том және Джериін» қашанғы көре береді? Өзіміздің төл туындыларымызға да кезек келді емес пе?! Енді міне, арман орындалды, өзіміздің төл туындымызға қол жеткіздік. Біз осылайша экранымызды ұлттандыру арқылы, кейінгі ұрпақты ұлттық тәрбиеге баули аламыз. Ертегі кейіпкер­лерінің заманауи озық технологияны мең­геруін ұтымды шешім деп білемін. Мұ­ны бүгінгінің балалары да жақсы қабылдайды». Сондай-ақ жазушы анимациялық фильмнің жетпей жатқан тұстарын да тілге тиек етіп, Самұрықтың рөлі мен Бекторы образының жөнді ашылмағанын айтты. Бекторы демек­ші, туындыда бұл жағымсыз кейіпкердің дау­ысын Күнсұлу Шаяхметова салған. Ал Ер­назарды Қадырбек Демесінов, Ер Төстікті Дулыға Ақмолда, Кенжекейді Ақкенже Әлім­жан дыбыстаған. Туындыда зымиян Мыс­тан кемпірдің дауысын айнытпай сал­ған Қа­зақстанның еңбек сіңірген артисі Ли­дия Кә­денова.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев қазақ ани­маторларының осымен шектеліп қалмай­тынын, халыққа болашақта осындай ірі жобаларды ұсынатынын айтты. «Осыдан үш жарым жыл бұрын «Қазақфильм» киносту­диясының жанынан анимациялық фильмдер студиясын құрғанбыз. Бұл ұжымның жұ­мысы бірден жемісін бере бастады. Мысалы, біз жылына 7-8 қысқаметражды анимация­лық өнім шығарып отырамыз. Мұның өзін үл­кен жетістік деп білемін. Сол үш жыл бұ­рын Жәкен Дәненов бүкіл қазақ жақсы бі­летін «Ер Төстік» ертегісін қолға алған бо­латын. Үш жылғы еңбектің жемісін бүгін кө­ріп отырсыздар. Шын айту керек, бас­па­сөз беттерінде қазақ анимациясына бай­ла­нысты түрлі пікірлер айтылып, көпшілік төл туындымыздың болмағанына қынжылыс білдіріп жүрді. Енді міне, көптің тағатсыздана күткен күні де туған секілді. Бұл фильм бүлдір­шіндеріміздің де, қазақ көрермен­де­рі­нің де көңілінен шығады деген үміттемін» деді киностудия басшысы. Сондай-ақ ол ер­тегі кейіпкерлерінің суретімен мектеп оқу­шыларына арналған күнделік пен дәп­тер, альбом шығаруды жоспарланып қой­ғанын айтты. Бұйыртса, Көлтауысар, Же­л­аяқ, Таусоғар сынды өзге кейіпкерлер жай­­лы комикстер кітабы жарыққа шығып қалуы мүмкін.

Иә, идеологиялық жұмыстар дәл осылай жүр­гізілетін болса, ұлттық құндылықтарды құнт­тайтын ұрпақ тәрбиелеуге мол септігі тиетіні анық. «Қазақфильм» киносту­дия­сы­ның жаңа өнімі шетелге көп үңілетін кейінгі ұрпақ назарын қазақ ертегісіне бағыттайды деген сенімдеміз. Шетелдің «Шрэгін» ұлты­мыздың «Ер Төстігі» жеңеді деген үмітіміз де жоқ емес. Қазақ халқының анимациялық аймағына дендеп енген шетелдің мульт кейіпкерлеріне тойтарыс беретін Қобы­ланды, Ер Тарғын, Алпамыс сынды батыр­ла­рымыз да бар емес пе?! Ендігі кезек со­лардыкі…

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: