АЛТЫНОРДА
Новости

Украинаның жаңа үкіметі құрамы жарияланды

Арсений Яценюк шерушілер алдында тұр. Киев, Тәуелсіздік алаңы, 26 ақпан 2014 жыл.Украинада бұрынғы оппозиция өкілдерінен құралған жаңа үкімет құрамы жарияланды. АҚШ Ресейге Украинаның ішкі ісіне араласпауды ескертті.

Украинада «Батькивщина» партиясының жетекшісі Арсений Яценюк жаңа үкіметтің премьер-министрі қызметіне ұсынылды. Оның кандидатурасы 26 ақпан күні кешке Киевтің Тәуелсіздік алаңында жиналған «халық жиынында» жарияланды.

ПРЕМЬЕРЛІККЕ ЯЦЕНЮК ҰСЫНЫЛДЫ

Азаттықтың Орыс қызметі УНИАН агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, жиналғандар Арсений Яценюктің кандидатурасына қолдау білдірген.

Арсений Яценюк шерушілер алдында тұр. Киев, Тәуелсіздік алаңы, 26 ақпан 2014 жыл.Арсений Яценюк шерушілер алдында тұр. Киев, Тәуелсіздік алаңы, 26 ақпан 2014 жыл.

Еуроинтеграция мәселелері жөніндегі вице-премьер қызметіне Борис Тарасюк, отын және энергетика министрі қызметіне Юрий Продан, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы қызметіне Андрей Парубий, сыртқы істер министрі қызметіне Андрей Дешица және ішкі істер министрі орнына Арсен Аваков ұсынылған.

Парламент спикері және президент міндетін уақытша атқарушы Александр Турчиновтың айтуынша, Жоғарғы Рада (Украина парламенті — ред.) 27 ақпан күні үкіметтің жаңа құрамына дауыс бермек.

Бұдан өзге антикоррупциялық бюро құру, оның басшысы етіп қоғамдық белсенді Татьяна Чорновилді тағайындау, ал люстрация жөніндегі комитетті басқаруға белсенді Егор Соболев ұсынылған.

РЕСЕЙДІҢ ӘСКЕРИ «МАНЕВРІ» МЕН АҚШ МӘЛІМДЕМЕСІ

26 ақпан күні Ресей президенті Владимир Путин елдің батысында кең ауқымды әскери-теңіз күштерінің маневрін (Ресей мұны «әскери жаттығу» деп мәлімдеді — ред.) өткізуге бұйрық берді.

​Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу дайындыққа 150 мың жауынгер, 880 танк, 90 ұшақ және 80 әскери кеме қатысатынын айтқан. Мәскеу бұған қоса Қырымдағы өзінің Қара теңіз флотын қорғау шараларын жасайтынын да мәлімдеді.

Кеше Қырымда Ресейге қарсы белсенділер облыстық парламент үйін басып алған.

АҚШ Ресейге Украинаның егемендігін құрметтеу қажет екенін және бұл елдегі саяси дағдарысқа араласпауды ескертті. Ақ үй өкілі Джош Эрнест Вашингтон Украинадағы бұрынғы оппозицияның плюралистік үкімет жасақтау әрекетін қолдайтынын және аймақтағы «сыртқы саяси ойыншылардың» Украинаның тәуелсіздігін құрметтеуге шақыратынын мәлімдеді.

Вашингтонда журналистер алдында сөйлеген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресейдің бұған дейін Ливия мен Сирияға шетелдердің әскери интервенция жасауына қарсы болғанын айтып, Украинаға қатысты саясатында да сол «қарсылықтарын ескергені маңызды екенін» айтты. Керри АҚШ Украинаның жаңа үкіметіне 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде несие бөлетінін айтты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Индонезия, Джакарта, 17 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Индонезия, Джакарта, 17 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Джон Керри Барак Обама әкімшілігі Украинаға қосымша көмек қарастырып жатқанын және АҚШ президентінің Еуропа Одағы мен халықаралық қаржы институттарымен бұл елге қаржылай көмек көрсету жөнінде кеңесетінін хабарлады.

Украинада үш айға созылған үкіметке қарсы халық толқулары нәтижесінде парламент президент Виктор Янукович биліктен шеттетіліп, парламент 2004 жылғы конституцияны қайта қалпына келтірді. Мерзімінен бұрын президент және мэр сайлауы 25 мамыр күні өтетіні хабарланды.

Елде Янукович тұсында басшылық қызметте отырғандар қызметінен кетіп, бірқатар кадрлық өзгерістер болды.

http://www.azattyq.org/content/ukraine_forms_the_new_government/25278513.html