АЛТЫНОРДА
Новости

Украина шығысындағы соғыстың қайта ушығу себептері қандай?

Украинаның Донецк облысында кетіп бара жатқан танкілер колоннасы. Шахтёрск қаласы, 10 қараша 2014 жыл. Украинаның сепаратистер басып алған шығыс аймағына Ресейден ауыр әскери техника конвойының келуі Минск бітімінің көпке созылмайтынын білдіргендей. Бұдан ары не болуы мүмкін?

Украинадағы қақтығыстардың тоқтату туралы Минск бітімі жасалғалы (қыркүйектің 5-і) бері бұл елдің шығысындағы, әсіресе Донецк маңындағы ұрыстар жиілеп кетті.

Журналистер мен басқа да бақылаушылар қарашаның 7-сі күні сепаратистер бақылауындағы Украинаның шығыс аумағына Ресейден ондаған әскери көлік кіргенін көрген. Ол техниканың ішінде танкілер мен броньді техникалар да болған. Ертеңінде Ресейден Украина аумағына мұндай конвойдың кіргенін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) да растады.

Бұл конвойдың көптеген видеолары интернетке де шықты.

Мәскеу Ресейдің соғысқа қатысып жатқанын терістеп, барлық тараптарды Минск келісімін сақтауға шақырды. Ал сепаратистер конвойдың «Украинаның ресейшілдер бақылап отырған басқа облыстарынан келген көмек» екенін айтады.

Алайда кремльшіл сарапшы Сергей Марков америкалық The Daily Beast басылымына «Мәскеудің сепаратистер қозғалысына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын» мәлімдеді. Украинаның шығысындағы соғыс қимылдарының қайта жандануына не себеп болды? Азаттық тілшісі осы сауалға жауап іздеп көрген еді.

ПОРОШЕНКО МӘЛІМДЕМЕСІНЕ РЕАКЦИЯ

Қарашаның 2-сі күні Украинаның шығысындағы сепаратистер сайлау өткізді. Киев, ЕҚЫҰ, ЕО және АҚШ оны «заңсыз және Минск бітімін бұзу» деп бағалады. Украина президенті Петр Порошенко «сепаратистер сайлауы Минск процесінің күлін көкке ұшырды» деп мәлімдеді.

Украина президенті Петр Порошенко.Украина президенті Петр Порошенко.

Бұл заңсыз сайлауға «жауап» ретінде Порошенко аймаққа қосымша әскер жіберіп, парламенттен Минск бітімі аясында қабылданған «бөлінген аймақтарға автономия беру» туралы заңның күшін жоюды сұрады.

European Leadership Network (ELN) орталығының зерттеушісі Том Фреар «Сепаратистерді жақында [Ресейдің] қарумен жабдықтағаны қорғаныс мақсатын көздейді деп ойлаймын. Донбастағы сайлаудан кейін Киев автономия беруден бас тартқан соң, Ресей мен Донбасс Украинаға шабуыл бастауы ғажап емес» деп жазады.

ТАКТИКАЛЫҚ ТӘСІЛ

Сепаратистер құрал-жабдықтарын сайлап, майдан шептерін нығайтып, қыстан жеңіл шығудың қамын жасап жатуы мүмкін.

Фреардың айтуынша, сепаратистер Луганскінің солтүстігіндегі электр станциясы мен Донецк әуежайы сияқты белгілі бір нысандарды басып алу жолдарын қарастыруы да ықтимал. «Солайша олар Луганск және Донецк «халық республикаларының» ғұмыры ұзақ болуы үшін экономикалық активтерді қолға түсіруге тырысады».

Ресей сарапшысы Марков та The Daily Beast басылымына «сепаратистер Пески, Авдеевка, Счастье сияқты орталық жылыту станциясы бар қалаларды алуға, тіпті стратегиялық маңызы бар Славянск пен Краматорскіні қайта басып алуға тырысуы мүмкін» дейді.

ҚЫРЫМҒА ҚҰРЛЫҚПЕН БАРАТЫН ЖОЛ КЕРЕК

Одан да қиыны — Мәскеу сепаратистік аймақты Ресейге қосып алуға ұмтылуы мүмкін. Сол кезде Ресей наурызда аннексиялап алған Қырым түбегіне құрлықпен баратын жол ашылады.

Қазір Ресей Қырымға әуе жолымен, болмаса Азов және Қара теңізі арқылы ғана шыға алады. Ал құрлық жолы Мәскеудің Қырымды жабдықтауын әжептәуір жеңілдететін еді.

Мариуполь маңында зеңбірек орнатып жатқан Украина сарбаздары. 21 қазан 2014 жыл.Мариуполь маңында зеңбірек орнатып жатқан Украина сарбаздары. 21 қазан 2014 жыл.

Киевтегі тәуелсіз саясаттанушы Иван Лозовой «құрлық жолы Путин үшін әзірге шешілмеген мәселе болып тұрғанын» ескертеді. Ол «Ресей президенті бұл жолға қызығып отыр» дейді.

Бірақ Қырымға құрлықпен бару үшін Мариуполь сияқты негізгі қалалардың бірін алу керек, ол оңай емес.

Лозовойдың сөзінше, «Мариуполь Ресей әскеріне тойтарыс беруге әзір. Тіпті қала тұрғындар да қорғанысты күшейтуге көмектесіп отыр».

ХАРЬКОВТІ ҚОСЫП АЛУ

Егер сепаратистер Украинаның екінші үлкен қаласы Харьковті алса, «Новороссия» аталатын жобаны іске асыруға мүмкіндік молая түспек. Лозовой ірі өнеркәсіп орталығы саналатын Харьковтің «символдық мәні» бар екенін ескертеді.

1917 жылдың желтоқсан айында Харьков Ресейдегі большевиктер төңкерісін мойындаған Украинаның алғашқы қаласы болған. 1935 жылға дейін Харьков Украина астанасы болды. Көптеген әскери-өндірістік кәсіпорындары бар қалада Украинаның ең ірі танк зауыты орналасқан.

«Новороссияға» қосылуға ынта білдірмеген Харьков халқы Кремль мен Луганск және Донецк «халық республикаларындағы» белгілі бір топтардың жүйкесіне тиген еді. Мұндай пікірді ресейлік әскери сарапшы Александр Гольц openrussia.org сайтына қарашаның 10-ы күні жазды.

Лозовойдың пікірінше, Қырымға құрлықпен баратын жол ашып, Харьковті сепаратистік аумаққа қосу арқылы «Путин мен Кремль өздерінің бастапқы мақсаты – «Новороссияны» Украина аумағынан бөліп алуға қол жеткізуі мүмкін».

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

http://www.azattyq.org/content/ukraine_against_russia/26686574.html