Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 Украина: Парламенттік сайлау саяси бағытты өзгерте ме?Украинада кезекті саяси науқан басталды. Парламенттік сайлау ішкі саясаттағы ең маңызды сауал: «Украина қайда барады?» деген сауалға жауап беруге тиіс. Бұл сайлау түрлі саяси партиялардың арасындағы бәсекелестік тудырғанымен, бұрынғыдай саясаттың этникалық элементінен айрылғандығы айқындалды. Бір шындық айқын секілді, Украина ешқашан Ресеймен одақтастыққа бармайды. Себептерін таратып көрейік.

Біріншіден, Украинадағы ресейшіл партия «Аймақтар партиясы» сайлауға әлсіреп келді. Ресейдің Қырымды аннексиялауы, Шығыс Украинадағы сепаратистерді қолдауы, Украинамен біртұтас экономикалық аймақ туралы шарттың болғанына қарамастан, түрлі экономикалық санкцияларды қолдануы, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық қысым украин жұртшылығын Ресейден түңілдірді. Түңілдіргені соншалық, Парламенттік сайлау науқанын көп партиялар «Аймақтар партиясының» өкілдерінің жарнамаларын қоқыс жәшігіне лақтырудан бастап жатыр, бұл бағыт тек Киевте емес, Украинаның барлық аймақтарында кең көрініс табуда.

Екіншіден, сайлауға Қырым және Шығыс Украинаның халқы қатыспайтындығы белгілі болды. Бұл Шығыс Украина тұрғындарының сайлауға бойкот жариялауымен байланысты. Украинаның қалған бөлігіндегі орыстілді азаматтар Ресейдің қысымынан зардап шегіп отыр. Яғни Украинаға қатысты санкциялар Украинадағы орыс ұлтының өкілдеріне де өз кесірін тигізбей отырған жоқ.

Үшіншіден, Украина Ресей сыртқы саясатының нәтижесінде бұрын соңды болмаған ұлттық рухтың көтерілуі жағдайында өмір сүруде. Кез-келген қақтығыс жағдайында өмір сүріп жатқан қоғамда ұлтшыл күштердің басымдыққа жетуі заңдылық. Бірақ бұған Ресей де кінәлі. Батыстық қоғамда мемлекеттер өз мүдделерін қорғау үшін түрлі лоббистік ұйымдарды қолданып, саяси бәсекеге арқа сүйесе, Ресей өз әскерлерін кіргізіп экономикалық санкциялар қолданады. Соңғы уақытта жүргізілген әлеуметтік сауалнама Украина халқының 75 пайызының Путинді ең жеккөрінішті шетелдік лидер деп есептейтіндігін көсетті. Бұл объективті нәтиже.

Төртіншіден, ресми Киев осы уақытқа дейін өзінің гуманистік бағытынан таймауға тырысып жатқандығын аңғартады. Шығыс Украинаны есептемегенде өзге аймақтардан орыстілді азаматтардың үдере көшуі аңғарылмайды. Керісінше, Шығыс Украинадан Киев және өзге аймақтарға бағытталған көш үдеп тұр. Егер белгілі аймақтағы Үкімет тиімді саясат жүргізіп жатқан болса мұндай көштің орын алуы қызық көрінеді емес пе? Мұнда шығыс Украина үшін күресуші тұрғындарға қарағанда, Ресейден келген «еріктілер» саны көпптеу секілді.

Бесіншіден, Шығыс Украинамен болған қақтығыс барысында ресми Киев мобилизация жүргізуге мәжбүр болды. Бұл Украинадағы мыңдаған отбасылар өздерінің асыраушыларынан айрылып отыр деген сөз. Шығыс Украина бұл қақтығыста Ресейге арқа сүйейтіндігі белгілі. Яғни отбасылардың өз асыраушыларынан айрылуына ықпал етіп отырған нақты Ресейдің өзі екендігіне украиндықтардың ешқандай күмәні жоқ.

Алтыншыдан, Украинаның барлық дерлік саяси күштері тек Шығыс Украина ғана емес, тіпті Қырымның аннексиясымен келіспейтіндігін мәлімдеуде. Яғни, азаматтық қантөгістің тоқтауы екіталай. Сайлау бітер-бітпес Украин әскерлері жаңа үлкен әскери операцияларға дайындығын бастайтындығын ешкім жасырып отырған жоқ. Оның үстіне осы сайлауға бұрын соңды болмаған миллитаристік компонент кіріп отыр. Ол қақтығыста өзінің белсенілігімен танылған дала командирлері. Бұл адамдар өзінің негізгі мақсаты Украинаның территориялық тұтастығын қалпына келтіру екендігін ешқашан жасырған емес. Қызығы бұл бағытқа қарсы тұруға мүдделі «ресейшіл» күштердің барлығы сайлаудан бас тартуда. Бұл әскери бағытты қолдайтын күштердің жеңісінде күмән тудырмайды.

Ал «Украина қайда барады?» деген сауалға да жауап табылған секілді. 26 қазандағы Парламенттік сайлауға қатысушылардың барлығы өздерінің негізгі мақсаты Еуропа одағына кіру екендігін жасырып отырған жоқ. Себебі Украинаның территориялық тұтастығы мен экономикалық дамуы батыстық елдер кепілдік бере алатынндай көрінеді.

Не болса да маңызды сұрақтардың барлығына нүкте қойылғандай. Маңыздысы — мұндай тарихи оқиғалардан сабақ алуда. Осы сайлау Ресей мен Украинаның бауырластық қатынастарына қош айтысуына алып келу ықтималдығы жоғары. Соңғы әрі ең маңызды сауал, Ресей осы сайлау қорытындысынан не түйер екен?

Abai.kz

Автор: Шыңғыс Ергөбек

Толығырақ: http://alashainasy.kz/sabaktar/ukraina-parlamenttk-saylau-sayasi-bagyittyi-ozgerte-me-55168/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: