АЛТЫНОРДА
Новости

УӘДЕ БАР, НӘТИЖЕ ЖОҚ

ъжзБіз ауыл шаруашылығы саласындағы ғалымдардың саны жағынан көп мемлекеттен алдамыз. Тіпті олардың көптеген зерттеу нәтижелері де өміріміздің ащы да болса ақиқатын дәл беріп жатады. 

Айталық, Қазақстанда «азып-тозған», ғылыми тілде деградацияға ұшыраған жерлердің көлемі миллион гектардан асып кеткен деп жүр. Мәселен, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай облыстарында мұндай жерлер тіпті «көптен де көп» деген шамамен өлшенетін шығар.

 

Кейбір мамандар «деградацияға ұшыраған жерлермен нақты жұмыс істеп, оларды ауыспалы егіс жүйесіне қайтару керек немесе онда шөлге төзімді өсімдіктер егу керек» дегенді айтып жүр. Осындай үрдіспен Қызылорда облысының құмды өлкесіне сексеуіл отырғызу және өсіп тұрған сексеуілдерді қорғау заңдастырылған шараға айналды. Дұрыс-ақ.

 

Бұл әлемнің енді басқа қырына көз салайық. Израиль мемлекеті, Біріккен Араб Әмірлігі негізінен деградацияға ұшыраған жерлерде орналасқан. Солай бола тұрса да Израиль — көкөніс және жеміс-жидек өсіріп, экспорттаудан әлемде алдыңғы қатарда жүрген мемлекет. Ал Біріккен Араб Әмірлігі сусыған құм далада гүлзар жасап, әсем қалалар салып жатыр. Бұлардың бірде-бірі сырттан көкөніс пен жеміс-жидек импорттамайды. Ал Қазақстанда құнарлы жерлердің өзі де жеткілікті. Солай бола тұрса да еліміз күні бүгінге дейін іргедегі Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан көкөніс пен жеміс-жидек сатып алып жатыр.

 

Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды біздер жермен жұмыс істеуден тізім жасалса, әлем мемлекеттерінің ең соңында тұратын ел боларымыз айдан анық. Бұл нағыз ұлтты ұялтатын тұс. Бірақ жермен жұмыс істеуге тиісті Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі мамандар мен басшылар, аймақ жетекшілері бұл үшін ұялмайтын секілді. Өкінішті-ақ.

 

Жасыратын несі бар, олар да жермен жұмыс істеп жатыр.  Құнарлы жерде жылыжайларды көптеп орнатуға кірісті. Ал Израиль мен Біріккен Араб Әмірлігінде жылыжайлар құнарсыз деградацияға ұшыраған жерде тұрғызылады. Айырмашылық жер мен көктей. Ол ол ма, біздің деградацияға ұшыраған аймақтағы отандастарымыз баяғыдан бері көкөніс пен жеміс-жидекті сырттан сатып алады. Оны айтасыз-ау, қураған талды шаныша салсаң екі-үш жыл ішінде өсіп-өніп, өнім беретін құнарлы топырақты, суы мол, күні көп Жетісу өңіріне де, Алматыға да біраз көкөніс пен жеміс-жидек сырттан келіп жатыр. «Сонда қалай, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аймақтық әкімдер қай бағытта жұмыс істеп жатыр, олардың жұмысы неге нәтиже бермейді?», деген сұрақ алдан шығады. Жауабы табылмай, жаныңды қысатын сұрақ – осы.

 

Жоғарыда айтқандардан оқырман байқаған шығар, өзіне-өзінің шын жаны ашитын адамдар деградацияға ұшыраған жерлердің өзін пейішке айналдырып, жұмақтағыдай күн көріп жүр. Ал біз болсақ деградацияға ұшыраған жерді игеру түгіл, құнарлы жердің өзінен қарын тоятын өнім ала алмай дал болып жүрміз. Кім кінәлі?

 

Кінәліні іздейтін біз емес, басқа қызмет. Сондықтан біз бұл мақалада басқа ұсынысты алға тартпақпыз. Онымыз деградацияға ұшыраған жерлерді игерейік дегенге саяды. Егер жылыжайлар салуға қаражат бөлінетін болса, оларды құнарлы топырақты, суы мол аймақтарға бермеген жөн. Неліктен екенін жоғарыда түсіндіргендеймін. Егер жылыжай салып, сол арқылы ел халқын көкөніс, жеміс-жидекпен толық қамтамасыз етеміз десек, онда бұл іс үшін Маңғыстау, Атырау, Қызылорда аймағындағы жарамсыз жерлерді пайдаланған жөн. Жер кадастры бойынша мұндағы жердің бағасы Жетісу жерінен шамамен он еседей арзан болуы тиіс. Тіпті онсыз да тусырап бос жатқан жерді пайдаланамын деушілерге сатпай-ақ тегін берген дұрыс. Тек бір шарт болуы қажет. Ол — деградацияға ұшыраған жерде жылыжай салып, онда көкөніс, жеміс-жидек өсіру міндеттелетіндігі. Бұл іс үшін бәлкім, бюджеттен арнайы мақсатты қаражат та бөлу керек шығар. Сонда біз азық-түліктің ауқымды бөлігін импорттайтын елден бұларды экспорттаушы елге айналамыз. Әрі сол аймақта жұмыссыз жүрген ағайынға күнкөрістік қарекет тауып береміз. Жалпы алғанда жылыжайларды құнарлы жерлерде салуға тыйым салатын кез жетті. Егер мұндай үрдіске бүгін тыйым салмасақ, таяудағы 5-10 жылдың ішінде шұрайлы Жетісуда құнарлы жер қалмай қалады.

 

Қысқасы, Елбасы ауыл шаруашылығына қамқорлықты аз жасаған жоқ. Бұған бұл салаға бөлінетін қаражаттың жылма-жыл өсіп бара жатқаны дәлел. Бірақ одан ойдағыдай нәтиже ала алмай тұрмыз. Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі лауазымды тұлғалардың осы мәселеге қатысты есебін тыңдаса дұрыс болар еді. Елбасы әрбір ірі қала төңірегінде азық-түлік белдеуін жасау туралы нұсқау бергелі қашан? Аймақ басшылары мен Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі лауазымды тұлғалардың тапсырманы орындаймыз дегеніне қанша уақыт өтті? Нұсқау бар, нұсқауға сай Үкімет бөлген қаржы бар, тапсырманы жүзеге асырушылар берген уәде бар, бірақ нәтиже жоқ. Ең өкініштісі — осы. Демек, істі мүлде басқа жерден бастау керек деп ойлаған дұрыс шығар.

Жұмабек ЖАНДІЛДИН

http://www.aikyn.kz/articles/view/35170