Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

434_f8f3a44aaa5c3da3b25c73b73626b0ddАстана. 11 тамыз. Baq.kz – Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі ірілі-уақты жиындардың күн тәртібіне үнемі өң беріп тұрса да, не гүлденбейтін, не түрленбейтін бір мәселе бар, ол – Қазақстандағы туризмді дамыту. Ол хақында ірі-ірі жиындарда са­ла­ құлаш баяндамалар жасалады. Онан кейін жер-жерден келген қайраткерлер әлгі тақырыпты қызу талқылайды. Қазақстан туризмге сұранып тұрған өңір деседі. Туризмді өз тұғырына қондырсақ, байлықтың астында қаламыз деп ұрандасады. Қаулы ұмытылады. Жо-жоқ, ұмытыл­майды. «Үкімет қаржы бөлмейді» деген құрғақ сылтаумен ауыз сүртеміз. Шындығында, осы туризмнің аяғындағы шідеріні қашан ағытамыз біз?

 Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 10 бағытқа басымдық берілсе, соның үшеуінің бүгінгі тақырыбымызға тікелей қатысы бар. Олар: халықты жұмыспен қам­ту, өңірлерді дамыту және ауыл шаруа­шылығын өз биігіне көтеру. Міне, осы үшеуінің де экономикамыздың басты са­ла­ларының бірі – туризммен тікелей кіндігі байланып жатқан бағыттар. Яғни, туризм де­геніміз – жұмыс орны, туризм дегені­міз – өңірдің дамуы, Қазақстанның түкпір-түкпіріне туризм келсе, ауылдың да тасы өрге домалайды деген сөз. Ал, ауыл әжетке жараса, бүгінде шөмиіп кеткен қазақтың қадірінің артатыны бесенеден белгілі. Жо­ғарыда айтып кеттік, Қазақстанда туризм саласына мүлдем көңіл бөлінбей жатыр деу – күпірлік. Қазақстан Үкіметінің 2011, 2014 және 2020 жылдарға арналған бағдар­ла­маларының барлығында осы туризм мәсе­лесі қамтылып, айтылып кетеді. Елбасы айтты емес пе, біздер алдымен туризмге сұ­ранып тұрған өңірлерді түбегейлі зерттеп алуымыз керек деп. Сонымен бітті.

Жалпы, еліміздегі табиғатының майы тамшылап, тарихи маңызы бар орындары жыртылып-айырылатын өңірлердің бірі – Шығыс Қазақстан. Туризмді ауызға алған екенбіз, онда экологиялық жағынан таза азық-түлікті алдымен ескеруіміз керек болар. Жер жаһандағы адамзат баласының бүгінгі таңдағы басты арманы да, сұранысы да – таза ауа мен таза тамақ. Қалғанының бәрі бар. Уайым әлгілер. Кереметтерді ке­шіп жүрміз. Еуропа таза тамақты орга­ни­калық азық-түлік деп атайды. Яғни, орга­никалық тыңайтқыштармен өсірілген өнімдер. Біздіңше – қи. Мәселен, Еуро­па­ның ақсүйек мемлекеті саналар Францияда туристерді молынан тарту ресурстары көп болса да, ең алдымен азық-түлігін жарнамалайды екен. Ендеше, Шығыс несімен мақтанып, Еуропа мен Шығыс Азияның төл меншігі рәуешті болып кеткен туризм­ді нендей ерекшеліктерімен еліктіреді екен?

Әңгімені тұрақтардан, баспанадан бастағанымыз жөн шығар. Біздегі туристік базалар мейлінше тозған. Басым бөлігі ке­ңестік дәуір қалдықтары. Жаңалық аз. Бұл деген, өңірде әлі күнгі туризмнің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, үлкен уақыт кесегіне арналған, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуға тиіс, тікелей туризмді қаузай­тын бірізді бағдарлама жоқ деген сөз. Жер­гілікті жұртшылық арасында туризмді насихаттау, оларды оқыту жоққа тән. Біз­дің ауыл-қалаларымыз, оның тұрғындары өңірімізге тосыннан туристер шоғыры ағылар болса, оларды өз мәнінде қарсы алуға дайын емес. Туризм қолма-қол өнім де бермейді. Кірпияздау, ақсүйектеу сала. Іске қосыла сап қолма-қол кіріс кіргізетін зауыт не фабрика емес. Ол нарыққа бірсін-бірсін кіреді. Дайындық қажет.

– Түскі тамағын тәңірден тоспай, алдын ала ойластырып отыратын кез келген мемлекет, экономикасының болашағын жердің асты-үсті байлығымен байланыстырмайды. Табиғат ресурстары мәңгілік емес. Ерте ме, кеш пе түгесіледі. Оның үстіне қазіргі Қазақстанда геологиялық барлау жұмыс­тары мүлдемге дерлік жүргізілмейтінін де ескеруіміз керек. Сондықтан, бүгінгі Үкімет өңірге инвестицияны қай сала арқылы тартуымыз керек деген сұрақ төңірегінде бас қатыруға тиіс. Тіпті, қатырып та қажеті шамалы. Туризмді қолға алса болды. Дәл осы мә­селеде Шығыс Қазақстанның табиғатын неге пайдаланбасқа? Республикамыздағы қалаға бағытталған ішкі миграция әлі күнгі күркіреп тұр. Нәпақа іздеп Ұрымға, құ­дасын сағалап Қырымға тентіреп кеткен ауыл жұртын туып-өскен мекендеріне қайтару­дың қазіргі Қазақстан үшін ең тиімді тәсі­лі – туризм. Біздің облыста бұл саланың ем­деу-сауықтыру түрін дамытуға толық мүм­кін­дік бар. Ол деген – тұрғы­лық­ты ха­лыққа тұрақты жұмыс, тұрақты жала­қы, мықты денсаулық деген сөз. Алайда, эко­но­микамыздың өсуіне, ауылдарымыз­да ха­лықты тұрақтандыруға ықпал етер бұл саланың бүгінгі тірлігі тіпті тал­қы­лауға да тұрмайды, – дейді осы туризм саласының жілігін шағып, майын ішіп жүрген ғалым, Шығыс Қазақстан аймақтық уни­версите­ті­­нің доценті Бақыт Қасымжанова.

Ол кісінің айтуынша, Шығыстағы ем­деу-сауықтыру туризмінің басты құралы ретінде қымызбен, пантымен емдеуді алуға болады екен. Мәселен, бүгінде әлем жұр­тын құрт ауыруы /туберкулез/ қатты алаң­датулы. Ол біздің облыста да «құтырынып» тұр. Айталық, осы бір қасиетсіз аурудың 2009 жылғы өңірдегі деңгейі 100 мың адамға шаққанда 121,3 адамнан келсе, одан қайтыс болғандар 100 мыңға 21,1 адамнан келеді екен. Әлі күнгі бізде құрт ауруының айдарынан жел есуде. Бұл көрсеткіштер республикалық деңгейден әлдеқайда жо­ғары. Әсіресе, Семей қаласы, Көкпекті, Глубокое, Бесқарағай аудандары бұл дерттің өртіне көбірек шарпылған. Оларды қойып, Қазақстанның өзі осы аурудың таралу деңгейі жөнінен әлем төрін шаңдатуда. Олай болса, облыста бүгінгі таңда қымыз өн­діру шаруашылығының қимылы өте қарқынды. Ал, қымыздың туберкулез үшін таптырмайтын ем екендігін әлем жұрты баяғыда мойындап болған. Ендеше, осы бір мүмкіншілікті туризм тегіршегі ретінде неге пайдаланбасқа?!

Шығыс Қазақстанның тағы бір мақта­нышы – бұғы мен марал. Бұл жануарлардың кер­бездігі мен сұлулығы – жеке әңгіме. Емдеу-сауықтыру туризмінің дәргейін ас­қақтататын – олардың пантысы. Көктемде маралдардың әбден піскен мүйіздері кесі­ліп, қайнатылып, арнаулы технологиямен кептіріледі. Панты – кептірілген мүйіз. Мың да бір дертке дауа. Жұрт жапа-тар­ма­ғай мүйіз сорпасы бұлауына түсіп жатады. Керемет деседі. Ал, осы кереметтерді Қа­зақстан қалай пайдаланып жүр?

Облыста марал өсірумен шұғылдана­тын 16 жекеменшік шаруашылық болса, соның 10-ы Катонқарағайда екен. Марал шаруашылығының айы оңынан, күні солынан туып тұрған өткен ғасырдың 70-80 жыл­дарындағыдан қазір тұяқ саны әлде­қайда кеміген. Өңірде бұл күні бар-жоғы 10 мың бас марал қалыпты. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасындағылар­дың айтуынша, жыл сайын 5,5 тонна панты өнімі өндірілсе, оның 85 пайызы шетелге экспортталады екен. Алайда, бұлау аңсап келген туристердің нақты санын білу мүм­­кін емес. Жекеменшік шаруашылық­тар адал өмір сүруге құлықсыз. Салықтан қа­шады. Әңгіме олардың рухани дүниелері жайлы емес, туризм төңірегінде еді ғой, ендеше осы пантының қызығын тек өзіміздің азын-аулақ жұрт қана көріп жүр. Жарнама нашар. Сервис түкке тұрғысыз. Бағдарлама атымен жоқ. Келген қонақтар күніне бір мәрте бұлауға түскен соң іштері пысып, қайда барарларын білмей аласұрады. Қыс­қасы, марал шаруашылығы басшыла­рының функциясы сорпа дайындап берумен тамамдалады. Ары қарай… «Өлмесең, өрем қап». Мемлекет те бұл салаға біраз тиын-тебен бөле салып, аш пәледен, қаш пәле қағидасын ұстануда. Мұндағы асыл­тұқымды 11 марал шаруашылығына об­лыс­тық бюджеттен бас-аяғы 41,2 миллион теңге субсидия бөлінген көрінеді…

Жалпы, туризмді қаржыландыруды Үкі­мет толығымен өз қолына алмаса, гүл­деніп кетуіміз екіталай. Жекелеген кәсіп­кер­лер туризм инфраструктурасы арбасын өздіктерінен тарта алмайды. Туристерге қонақүйлер, жол, әуежайлар, сапалы байланыс, тағы да басқа әлеуметтік жағдайлар туғызу керек дегендей. Банктерден несие алу жеке кәсіпкерге тиімсіз. Өсім пайызы тым жоғары дейді олар. Сонда не істесек екен?

Шығу жолын да Елбасы өз Жолдауында айтып, құлаққа құйып кетеді. Президент білім беру саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктер құрудың тиім­ділігін ұсынады. Осы тәсілді неге туризм саласында қолданбасқа? Бұл тәсілді солтүстіктегі көршіміз Ресей атышулы Сочиде ғана емес Қиыр Шығыста да, Феде­рацияның Солтүстік-Батысында да өте табысты жүзеге асырып жатқаны белгілі. Президент Назарбаев солардан үлгі алу керектігін меңзейді. Ол кісі тағы да шетел­дік инвестицияны болашағы бар салаларға тарту қажеттігіне ерекше екпін түсіреді. Инвестицияны туризмге тарту керектігін әлденеше мәрте шегелеген. Алайда, бұл тапсырмалардың орындалу пайызы өте төмен. Сонда кім құлықсыз?

– Туризмге жергілікті тұрғындарды тарту керек. Ауыл тұрғындарына сырттан келетін қонақтарды қарсы алу мен оларға қызмет көрсетуді үйретсек, жұмыс орны мен тұрақты жалақы болады. Сондықтан, олар осы саланың қыр-сырын меңгеруі шарт. Жалпы, қонақтарға қызмет көрсету түрі облысымыздың Катонқарағай, Глубокое, Ұлан, Үржар, Зайсан аудандарында ішінара кездесіп қалады. Тіпті, оқытушыны шетелден сүйремей-ақ, солардың іс-тә­жірибелерін насихаттасақ, әзірше сол да жетер еді. «Ауылдағының аузы сасық» деп кергудің қажеті не. Десек те, туризмге сеп­тігі тиетін осы салаға да мемлекеттік қол­дау қажет. Өсім пайызы төмен несие берсек әлгілерге, Польша мен Түркия сынды әп дегендегі салықтан босатсақ. Қонақ үйлерін салуды мемлекет өз мойнына алса, оларды жаңағы күтіп алушы жергілікті тұр­ғындарға жалға берсе, – дегенді ұсына­ды Бақыт Қасымжанова. Ол кісі сонымен қатар туризм саласы мамандарын оқыту да төмен деңгейде, базалық оқу орны жоққа тән, егерәки Үкімет ниет білдірсе, Шығыс Қазақстан аймақтық университеті осы бір жауапты шаруаны толығымен өз мойнына алуға әзір дегенді де айтады.

Қазақстандағы коммерциялық туризм экономиканың бір саласы ретіндегі бас­тауын 1992 жылғы «Туризм туралы» Заң шыққан кезден алады. Онан соң 2001 жылы шыққан «ҚР-ындағы туристік қызмет» туралы заң оған көмекке келді. Дегенмен, жас мемлекетімізде іс-тәжірибе мүлдем болған жоқ. Оған экономикамызды алға сүйреуші сала ретінде қарамауымызға да осы түсіні­гі­міздің аздығы, сауатсыздығымыз себепші болған шығар. Мәселен, дамыған елдерде туризм ХІХ ғасырдың ортасынан бастап бір ізге түсе бастапты. ХХ ғасырдың 70-80 жылдарынан кейін экологиялық туризм пайда болды. Бұл туризм саласымен бізде Батыс Алтай, Катонқарағай, Марқакөлдегі Мем­лекеттік ұлттық парктер мен қорықтар іші­нара айналысып жүр. Өздерінің эко­логиялық бағыттары бар.

– Шығыс Қазақстандағы тізерлеп жат­қан экологиялық туризмді аяғынан тұр­ғызып, ішкі және жүре-бара халықаралық нарыққа шығару үшін өзіміздің туристік өнімдерімізді тағы да халықаралық стан­дарт­тарға сәйкестендіріп, сонан кейін оны сертификаттауымыз шарт. Туризмге тыр­нақ ұшындай қатысы бар мемлекеттік мекемелер, мәселен Спорт және туризм бас­қармасы, Кәсіпкерлік басқармасы мен қалалық, аудандық әкімдіктер жұртшылық арасында туризмді кеңінен насихаттап, алдыңғы қатарлы турфирмалардың іс-тәжірибесін жеріне жеткізе таратуы керек. Әр кәсіпкер егерәки сапалы әрі тың идеялармен жұмыс істесе, бұл саланың қыруар пайда әкелетініне сенуі шарт. Туристерге ұсынылатын мейлі саяхат, мейлі танымдық бағыттар болсын, олар мейлінше қызықты әрі толық болуы керек. Туристерді біздің елдің, жергілікті жұрттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, қолөнері, тіпті күнделікті тір­лігі де қызықтырады. Бағыттарды сондай ізгі шаралармен толықтырса. Бұл мә­селеге кө­мекті Шығыс Қазақстан об­лыс­тық та­рихи-өлкетану және этно­гра­фиялық мұ­ра­жай­лары қуана-қуана берер еді. Жарнамада ғаламторды пайдалана алмай жатырмыз. Әр ұлттық парктің, әр қо­рық­тың өз вебсайттары болса. Халық­ара­лық на­рыққа шығу үшін оны ағылшын ті­лінде де сөй­летуіміз керек. Өте сауатты, құрығанда бір шет тілін білетін жолбасшы-экскурсо­вод­­тардың жетіспеуі тағы бар. Оларды «Жұ­мыспен қамту – 2020» бағдар­ла­масы не­гізінде дайындап алып жатсақ, еш­қандай заңға қиянат жасамаспыз, – дейді Өске­менде өткен 3-Экологиялық фо­румға қа­тысушылар.

Ел айтады: республикалық бюджеттен Қазақстандағы туризмді дамытуға деп бө­лінген қаржының басым бөлігі Көкшетауда, оның Бурабай төңірегінде, Алатаудың сарыжұрт болған, күнаға белшесінен бат­қан баурайында қалады. Неге десеңіз, аттарынан атан үркетін биіктегі көкелер сонда дем алады. Қалған өңірлердікі құр далбаса деседі. Кім білсін? Алайда, ешкімнің аузына қақпақ қоя алмайсың қазір.

Әлқисса…

Ерлан Мұстафин,
Катонқарағай Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры:

– Табиғат мәуесі төгіліп тұрған Катон­қа­рағай өңірі туризм мәселесіне келгенде жер шұқиды. Ұлттық парк бұл жерде де өзіне қатысты шаруаларды реттеп қойған. Мәселен туристік-экологиялық жеті бағыт қонақтарға қызмет етуге дайын. Оларға ұсынылатын қызмет түрлері де жетерлік. Парк басшылығымен шартқа отырған елді мекендердегі 11 қонақүй де туристерді қабылдауға білек түріп отыр. Алайда, турис­тер саны тым аз. Өсу жоқ деу қиянат болар шындыққа. Мәселен, 2007 жылы парк аумағына келген туристер 1193 адам болса, 2011 жылы олардың саны 3332-ге жетіпті. Ал, өткен жылы 3354 адамға жетіп, бюджет қоржынына 4,5 миллион теңге құйылды. Төр Алтай сынды табиғат жаннатындай мекен үшін бұл сан тым қораш. Туристер ағылып келу үшін даңғыраған жол керек. Тек автомобиль жолдарын айтып отырған жоқпын, ұшақтарға да мүмкіндік жасау қажет. Әрине, Катонның өз басына АН-2-ден басқа ұшақтар ұшып-қона алмайды. Төңіректегі таулар тым жақын. Ұшақтың айналма жасауына тарлық етеді. Ал, бертінге дейін қазіргі аудан орталығы Үлкен Нарын ау­ылына ЯК-40 ұшақтары қонатын. Сол бағытты қайтара іске қосса. Ертістің үстімен Өскемен-Хайрузовка ба­ғытында ертелі-кеш ұшқыр теплоходтар зулайтын. Міне, бүгінгі таңда сол жақ­сы­лықтардың барлығын құрдымға жі­бердік те, аузымызды қу шөппен сүртіп отырмыз. Шығыстағы туризм мәселесіне Үкімет араласпаса, түк те шықпайды.

Дала мен Қала

Рубрика: