Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Түркі әлемі, түркінің тегі, өткен тарихы – әлі талай зерттеу мен зерделеуді қажет ететін түпсіз дүние. Жердің бетін мекендейтін барлық түркітілдес бауырлас халықтар түркі ұғымы өз тамырын, өз тегін танытатын қасиетті ұғым. 2002 жылдан бері Түркістандағы Қожа-Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті әр екі жыл сайын түрколог-ғалымдардың бас қосып, Түркология конгресін өткізуді дәстүрге айналдырған. Әрбір екі жыл сайын бұл конгресс әртүрлі тақырыпты ту етіп келеді. Биылғы тақырыбы түркі мәдениетінің өзге мәдениеттермен ықпалдастығы және өркениеттер бірлігі тақырыбын көрсетуді басты мақсат етті.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркология конгресі өтті

Биылғы құрылтай да жылдағыдай түркі халықтарының рухани-мәдени ынтымағын арттыруға, түркітанудың тек түркінің біртұтастығын көздейтін бірегей ғылым екенін, Түркология конгресінің түркі халықтарының ғаламдық үлкен саяси күшке айналуына баспалдақ бола алатынын аңғартты.
– Биылғы V Түркология конгресі «Мәдени ықпалдастық және өркениеттер бірлігі» деп аталып отыр. Конгрестің мақсаты – қазіргідей жаппай жаһандану кезінде түркі мәдениетінің өзіндік ерекшеліктерін таныту, оның әлем өркениетіне қосқан үлесін бағамдау және өзіміздің асыл-жауһарларымызды кеңінен насихаттау, алдағы жұмыстарымызды жоспарлау. Қазір елімізде түркологияны кешенді түрде зерттеу мен дамытуда көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Ұмытылып бара жатқан құнды дүниелерімізді жаңартып, әсіресе жойылып бара жатқан аз ұлтты түркі ұлыстарының жәдігерлерін жазып алу, қалпына келтіру арқылы өз тарихымызды болашақ ұрпаққа аманаттау, – деді конгресс жұмысын ашқан университет ректоры Лесбек Тәшімов.

Қазір тек Қазақстанда ғана емес, түркітілдес елдердің барлығында түркі әлеміне үлкен бетбұрыс жасалып отырғаны белгілі. Конгреске қатысқан мамандардың көпшілігі түркі халықтарының енді ғана оянып, енді ғана бірлесіп өз тамырын іздеуге ден қойғанын өкінішпен жеткізді.
Қазақстандағы халықаралық түркітану орталығының төрағасы Ерден Қажыбектің айтуынша, қазіргі түркологияның алдында тұрған мәселелер өте көп. Өкінішке қарай, оның барлығы да шешілмей жатқан, кезек күттірмейтін, ең көкейкесті мәселелер екен.
– Түркология бойынша қай жағынан алсаңыз да, қолға алынуы тиіс мәселелер қыруар. Тіл жағын алсақ та, мәдениет, тарих жағын алсақ та. Тілге келсек, мен өзім тіл маманымын, филология ғылымдарының докторымын. 20 жылдан астам уақыт бұрын осы тілге байланысты докторлық диссертация қорғағам, мынаны қараңыз: күні бүгінге дейін қазақ тілінің өзінің төл грамматикасы жоқ. Орыс тілінің грамматикасын алдық та, өзімізге аудара салдық. «Мынау бар да, мынау жоқ», деп қосымшаларды қоса бердік, қоса бердік. Үш қайнаса бізге сорпасы қосылмайтын нәрселерді ала салдық, өзіміздің табиғатымызға сүйеніп бір грамматика жасамадық. Түріктерді алсақ, оларда да дәл солай. Олардың грамматикасы – Еуропа грамматикаларының көшірілген нұсқасы. Ескі тарихымызды алсақ, Қазақстанды бүкіл түрік халқы ата жұрт деп айтады. Бізден якут шықты, бізден халықтар көшіп, әзірбайжан пайда болды. Жүздеген ұлттар, 30-40-тан астам мемлекет шықты. Түркияның тарихы 3-4 мың жылдық, қасымыздағы Өзбекстан өзінің мемлекет құрғанының 3 мың жылдығын тойлады. Көршіміз қырғыздар мысалы, осыдан 5-6 жыл бұрын қырғыз мемлекетінің 2200 жылдығын ресми түрде тойлады. Ал біз болсақ, кеше ғана біздің бабаларымыз Жәнібек пен Керей атасынан көшіп, Моңғолияға барғанда қазақ хандығы пайда болды деп жүрміз. Неге? Ең бірінші, қазақ тарихын жазған ғалымдарымыз жаппай атылған, өлтірілген, кітаптары өшірілген, – дейді Ерден Қажыбек.
Айдын ОЛЖАЕВ,
Түркістан – Алматы
Фото – Айтжан САЛЫҚҰЛЫ

Абдулқадыр Ювалы,
тарих ғылымдарының докторы, профессор Түркия:

Ортақ тарихты ұлықтайық

– Біз барлық жақсылықтарға ашық болуымыз керек. Түркология конгресі, Қазақстанның Түркістаны түркі әлемі үшін өте керек. Неге десеңіз, біздің бір ортақ мәдениетіміз бар. Бұл ортақ мәдениет қазіргі сіздің ақсақалдарыңызда, ақ жаулықты әжелеріңізде бар. Бұл кісілердің келесі буында жоғалу қаупі бар, ал олардың көкейінде үлкен ойлар бар. Олармен бірге бүкіл түркі әлемінің салт-дәстүрлері жоғалып кетеді деп қорқамын. Сол себепті дәл қазір академиктер, тіпті әншілерден бастап мұғалімдерге дейін осы мәселелер туралы түркология конгрестерінде тақырыптар мен баяндамалар дайындауы керек. Түркология конгресі біздер үшін аса маңызды, тым пайдалы.
Иә, біздер түркі халықтары өзіміздің тарихи кітабымызды жаза аламыз, бірақ ол бір кітап болмайды, көп кітап болады. Өйткені бұл бағытта көп мәселелер, көптеген томдар жазылады. Алдымен түркінің ата-бабасы қайдан шыққан, кім болған деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Біздің ата-бабаларымыздың шыққан жері – біздің төл деректеріміз, бұрынғы Моңғолияның жері, Күлтегін мен Тоныкөктің тастарға жазылған сөздері. Қазір оларды қайтадан оқып, қайта зерттеу керек. Сол сияқты деректер, көптеген белгі тастар Қазақстанда жетіп-артылады. Біз оларды зерттеуіміз керек.
Біздің, түркі халықтарының тарихы ортақ. Бірақ әрбіріміздің ұлттық тарихымыз бар. ХІІ-ХІІІ ғасырға дейінгі Түркияның, Башқұрттың, Татардың тарихы бірдей. Түбі бір. Мысалы, Сталин туралы кітап жазамыз, қазіргі ресми деректердің бәрі дұрыс, бірақ сол Сталиннің қазақтарға қандай зияны тигенін екінің бірі білмейді. Сталин заманында Түркияда 10 миллион халық болса, қазақтардың саны 6 миллион болды. Ал қазір Түркияда 74 миллион адам бар, ал қазақтың саны неге 65 миллион емес? Олар кеңес заманында жоғалған. Қазаққа қарсы қолдан жасалған қиыншылықтар, зияндықтар көп болды.
– Ал болашақта Түркістан жері түркі халықтарының рухани астанасына айналады деп айтуға бола ма?
– Болашақта да, өткен шақта да Түркістан түркі әлемінің барлық мемлекеттерінің рухани астанасы болып қала береді. Бұл имандай шыным. Қожа Ахмет Ясауи атамызды түркі әлеміне кеңінен танытуымыз керек. Биыл Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев маған Нұрсұлтан Назарбаевтың бес кітабын сыйлады. Оқып шықтым. Меніңше, Назарбаев – түркі әлемінің үлкен басшысы.

Ерден ҚАЖЫБЕК,
халықаралық түркітану орталығының төрағасы:

Түркіміз, ағайынбыз, қандаспыз!

– Соңғы жылдарды Қазақстанның жерінен бірнеше алтын адамдар табылып жатыр. Берелдегі табыс – үлкен бір сенсация. Әу баста оған дүниежүзінің, Еуропа мен Американың ғалымдары жетіп келді де, оны бірден физика биологиялық тәсілдер бойынша зерттеп, біздің ата-бабамыз екенін түсінді. Қазақтар осы жерден шықты деген ойды, идеяны іске асырамыз деп келген ғалымдар үндемей тарап кетті. Неге? Өйткені тайға таңба басқандай, бұл қазақтың ата-бабасы жатқан жер екені көрініп тұр.
Конгреске келген баяндамашылар түркі халықтары бірігейік дейді. Өйткені түбіріміз бір, ағайынбыз, тамырласпыз, қандаспыз, жігерлеспіз. Сондықтан біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс істейік. Өйткені түркі әлемінде істейтін жұмыстар өте көп. Қазақ даласында қаншама ескерткіштер жатыр, қаншама ғажайып қамалдар жатыр, қаншама ескі қалалар жатыр ашылмай. Бізге солардың сырын ашу керек, сол туралы кітаптар жазу керек. Жас ұрпақтарға таныту керек. Сен қандай республикада, қандай далада өмір сүріп жүрсің? Сенің табаныңның астында не жатыр дегендей. Сондықтан түркологтардың қоян-қолтық араласып отырып істейтін шаруасы әлі де қыруар. Алыс көкжиектерге қарап, осындай конгрестерге келгенде бір-бірімізге сырымызды ашып, еңбегімізді ашып, жүрегімізді ашып, үлкен тараулы еңбектерге кірісуіміз қажет. Түркологияның болашағы зор. Біз енді түркология ғылымын Еуропаға танытуымыз керек, өйткені бұған дейін түркологияға Еуропаның көзқарасы басқаша болып келді. Қазір түркітанушылар, түркітілдес халықтардың әдебиетін, мәдениетін, ауыз әдебиетін зерттеушілерге жаңа өрістер, жаңа бағыттар ашу керек. Сонда ғана біздің көкжиегіміз кеңейеді, байлығымыз молаяды.
Көпшілікті түркінің өзі қайдан шыққан деген сауал мазалайды. Түркі Алтай жақтан, қазіргі якуттер жерінен бері жылжыған. Ата-бабаларымыз сол жерден бастап, Түркияға дейін барып, араласып, туыстасып, бірігіп кетті. Қазақта жоғары деңгейдегі жазу болған, ұлы мәдениет болған. Киіміне қарасақ, жерлеу рәсімдеріне қарасақ, бұл өте жоғары әрі біздің төл мәдениетіміз. Еуропалықтар Атилланың өзінің бабасы деп танып, мұндай тарихи мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешіп алған. Ал бізде дәл осындай мәселелерді көтеретін маман әлі жоқ.
Иә, ежелде Түркістан деген үлкен мемлекет немесе мемлекеттер бірлестігі болған. Жекелеген халықтар мен ұлыстар бір саяси бірлестікте болған. Оның басшылары да қазақтар болған. Кейін Ленин Ресейде түркімен туыс келетін 15 мемлекет барын ойлай келе алдымен Тұрар Рысқұловты өзінің орынбасары етіп тағайындады. Кейін Тұрардың көзін құртып, бірден Түркістан әскери округын құрғанын білеміз, бұл әскер сыртқы жаумен емес, іштегі дұшпандарына, яғни түркі халықтарына қарсы соғысу үшін құрылған. Біздің елге ентелей кіріп, Түркістанды екіге бөлді, жартысын Қытайға берді. Қазақ халқының қазіргі проблемасы да – осы. Қазақтардың біразы Ресейде, Моңғолия мен Қытайда шоғырланып қалды. Олардың бәрі ашаршылық кезінде бізден кеткен қазақтар емес, басым көпшілігі өзінің ата-бабасының жерінде отыр. Өзінің төл бабалары ғасырлар бойы иемденген жерде жүр.
Енді түркі мемлекеттері бірігіп қаражат бөліп, өз тарихын ортақтасып зерттеуі керек. Мейлі, тіл болсын, тарих, география болсын, антропология, этнография барлық жағынан бірлесіп, жас ғалымдарды жұмысқа тартсақ, одан көп нәтиже шығатыны анық.

 

Рубрика: