Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Осыдан біраз жыл бұрын Елбасы «Түркі мемлекеттерінің одағын құрсақ» деген ой тастаған. Әрине, дәл қазір Түркі жұрты саяси не болмаса экономикалық одаққа айналып кетеді деп айту қиын болар.

Бұл өте ұзақ жүретін үдеріс қой. Ал мәдени, рухани бірлестікке, одаққа айнала алады. Бұған қарсы уәж айту мүмкін емес. Өйткені мыңдаған жылдық тарихымыз бір, тамырымыз бір, мәдениет ортақ.

 

Осы жағынан келгенде «иә» деуге болады. Қазір мұның алғы­шарттары жасалып жатыр. Жалпы, «Түркі одағы түптің-түбі құрылуы мүмкін бе?» деген сауалға саясат­танушылардың пікірі әртүрлі. Саясаттанушы Сайын Борбасов, әлі күнге түркі одағын құра ал­мауымыздың бірнеше себебін былайша түсіндіреді. «Түбі бір түркі халқы «қашанда бірге бол­сақ, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарсақ, ешқашан ешкім­нің таптауына түспейміз» деп ар­мандаған. Ол – шындық. Жұды­рық­тай біріккен түбі бір ұлтты ешкім басып ала алмасы да, ай­дауға сала алмасы да хақ. Бірақ неге екенін қайдам, осындай идея болғанымен, түркі жұрты әлі күнге кемелді бір одақ құра алма­ды. Сонау тәуелсіздік алған тоқ­саныншы жылдары елімізді түркі бірлестігі іспетті елес кезіп жүрді. Сол тұста түркі елдеріне арнайы сапар жасаған түрік президенті Тұрғыт Өзәл «түбі бір түркі, бірге болайық» деген ұран тастаған. Бірақ аяқасты ол қаза болып кеткен соң, бастама жалғаспады. Араға ондаған жылдар салып, осы керемет бастаманы Елбасымыз бірер жыл бұрын Түркияға сапар­лай барғанда тағы көтерді. Сөз жоқ, оңды бастама. Ұтарымыз мол, ұтылысымыз аз болар еді. Өкі­нішке қарай, тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам уақытта түркі жұрты не бір іргелі эконо­микалық одаққа, не геосаясатта салмақты орны бар бірлестікке айнала алмады. Рас, мәдени, рухани байланыс бар. Бірақ ол одақтық деңгейге көтеріле алған жоқ. Неге? Біріншіден, түркі мемлекеттері басшыларының арасындағы бірін-бірі мойын­дағысы келмейтін амбиция. Екіншіден, экономикалық да­муының әркелкілігі. Үшіншіден, түркі жұрты шашылып жатыр. Бұл да бір себеп. Бұдан өзге тағы бір мәселе – біз қанша іргемізді ары саламыз десек те, көрші жатқан Ресейден кете алмаймыз. Жеті мың шақырымның үстінде ортақ шекарамыз бар. Сонау кеңестік дәуірден бірге байланысып жат­қан экономикамыз бар. Еліміздің индустриялы қуатты облыстары­мыз­дың бәрі Ресеймен шекаралас жатыр. Олардың тегершегін айнал­дырып, жақсы жұмыс істеу үшін амалсыз Ресеймен қарым-қатынас мықты болуы керек. Демек, біз осындай жағдайда әлі іске аспаған, тек идея ретінде қалып отырған Түркі одағы үшін, түркілік мүдде үшін Ресейді құрбандыққа шалып, ат басын өзге жаққа бұра алмаймыз. Екінші бір мәселе, яғни көрші жатқан алып ел – Қытай. Бұл мемлекет қазір әлемде экономикалық қуаты жағынан АҚШ-тан кейінгі орын­ды иеленуде. Құдайы көрші. Алыс-берісіміз жаман емес. Біз осы екі елге көбірек мән берудеміз. Осыдан келіп түркі жұртымен одақ құру мәселесі кейінге ысы­рылуда» дейді. Ал Айдос Сарым өз әңгімесін былай өрбітеді: «Түркі елдері арасындағы түрлі байла­ныс­тарды ұлғайта беруіміз қажет. Мұның ақыры үлкен бірлестікке алып келуі әбден мүмкін. «Пазыл» деген ойын бар. Кішкентай-кіш­кентай мозайкаларды шашып тастасаң түсініксіз. Суретімен ре­тін келтіріп орнына келтірсең, ор­тақ бір картина пайда болады. Түркі халқы да сол шашылып жат­қан ойынға ұқсайды. Ретін кел­тіріп құрастыра алсақ, әлемде өзін­дік орны, салмағы, айтар уәжі бар мықты одақ дүниеге келер еді. Біздің түбіміз бір. Сондықтан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шы­ғару қиын емес. Тек ниет болса – бол­­ғаны. Құдайға шүкір, қазір жа­­­қын­дасуға деген талпыныс бар, сондай бір үдерістер жүріп жатыр».

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/50887

Рубрика: