Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Түркі әлемінің интеграциясына қатысты игі істер көбіне-көп ресми Астанадан бастау алып жатқаны жасырын емес. 2011 жылы қазақ Президентінің ұсынысымен құрылған түркі- тілдес елдердің Ынтымақтастық кеңесі экономикалық байланыстарды нығайтумен қатар, мәдени-гуманитарлық бағытты дамыта түсуді көздейді. Бүгінде сол Түркі кеңесінің Бас хатшысы Халел Ақынжы күллі түркі әлеміне тарайтын әрі жастарды білімге жетелейтін ортақ телеарна құру қажеттігін көтеріп келеді. Қазіргі ұсыныс бойынша, оны ТүркПА елдері бірлесе қаржыландыруы тиіс, шындап келгенде, ортақ арна құрудың маңызын әрбір түркітілдес елдің үкіметінен бастап, жеке кәсіпкерлері жете түсінеді деп үміт артылып отыр.

 

Ресей телеарналарының орнын түркі арналары баса ма?

Бүгінгі жағдайға келсек, Ке­ңес одағы тұсында Мәскеудің ор­талық арналарын көруге мәж­бүр болған көрермен әлі де ре­сей­лік хабарларға тәуелді. Мұн­дай қолайлы жағдайды туғызып отырған кабельдік және спут­ник­тік операторлар коммер­ция­лық табыс жағын көбірек ой­лай­-ды. Бұл – заңды  нәрсе. Бірақ на­­рық заңы дегенімен, ғалам­дас­тыру за­манында арғы күнімізді ой­ламасақ, өзге тіл мен діннің, жат мәдениеттің оңай жемтігіне ай­налмасымызға кім кепіл?! Қа­зір кез келген кабельдік және спут­­­ник­тік оператор орташа есеп­­­пен «Стандарт» пакеті бойын­­ша 80-100-ге тарта телеар­наны көрермен назарына ұсы­нады. Таяуда Қа­зақ­стан үкіметі республика аума­ғында міндетті түрде таралуы тиіс теле-ра­дио ар­налардың тізімін бекіткен соң, аталған операторлар отандық ар­налар санын біршама арт­тырды. Енді мәселен, «Алма ТВ» кабельдік операторының «Стан­­дарт» пакетіндегі 80 арна­ның, «Прес­тиж» пакетіндегі 127 ар­на­ның 22-і ғана отандық те­леха­барлар болып отыр?! Пайыз­дық жағынан алсақ, Қазақстанда та­ра­латын арналардың 80-85 пайы­зы шетелдік, оның ішінде 90 пайызы ресейлік арналар бол­са, тіл­дік жағынан қандайда бір көр­сеткіш келтірудің өзі қиын.

Түркітілдес медиа саласын сөз етсек, «Алма ТВ» желісінде Қа­зақстан аумағында Түркия, Әзір­байжан мен Татарстанның бірнеше арнасы тарайды. Бұл ара­да әсіресе, Орталық Азия ау­мағында ортақ ақпараттық кеңістік орнатып, онда бірігу идеяларының насихатталуы аса өзекті. Бұрнағы жылдары қазақ-өзбек шекарасында, күні кеше қыр­ғыз-өзбек шекарасында бо­лып жатқан жағдайлар тілі мен діні бір бауырлас халықтардың жыл өткен сайын алшақтап бара жат­қанын аңғартпай ма?! Өз сұх­баттарында саясаттанушы Ерлан Қарин де: «Бүгінгі жағдай жайын айтсақ, түркі елдерінің ынты­мақ­тастығын қамтамасыз етіп, ортақ ақпараттық, рухани кеңістікті орнату аса маңызды» дейді. Не­ліктен осы күнге дейін Орта­лық Азия одағы құрылмай келеді? Неге шетел сарапшылары бұл ай­мақта болашақта дағдарыс ошақ­­тары орнайды деп болж­ай­ды? Неге бауырлас елдер ара­сын­да шекара даулары тыйыл­май­ды? Себебі бауырлас ха­лық­тарды жақындастыратын ақпараттық-идеологиялық құрал – ортақ те­ле-радио арналар жоқ!

Тіпті кейде кабельдік желі­лерде түркі арналары көбеюдің орнына азайып бара жатқан жоқ па деп ойлайсың… Мәселен, 2009 жылдың желтоқсан айында «Түрксой» ұйымының баста­ма­сымен құрылып, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, сондай-ақ Татарстан, Башқұрт­стан, т.б. түркітілдес елдер аума­ғын­да таралуы тиіс «TMB tv» түр­кі музыкасының арнасы («Ал­ма ТВ»-ның «Престиж» пакетінде болған – авт.) көрермен ықыла­сы­на бөленіп үлгерген еді. Өкі­ніш­ке қарай, бұл жоба «Алма ТВ» желі­сінен жоғалып, оның орнын Ре­сейдің православие шіркеуінің тыныс-тіршілігін насихаттайтын «Спас» арнасы басты. Мұның өзі –  тү­сінгенге бір белгі.

Ал «TMB tv» арнасына келсек, онда негізінен, қазақ өзбек, түрік және әзірбайжан халықтарының үздік клиптері көрсетіліп, ұғы­нықты тілдердегі әндер бауыр­лас­тық сезімін оятатын. Тағы бір қуанарлығы, телеарнаның сай­тын көрсеңіз, бүкіл түркітілдес халықтардың ішінде ең көп қа­ралған клиптер қазақ әнші­леріне тиесілі. Атап айтсақ, Ақылбек Жеменейдің «Көк айдай» әні – 912 рет, «Ринго» тобының «Тол­ғауы» – 431 рет, «Орда» тобының «Ғашықпын» әні – 420 рет қарал­ған, бұл – өзбек, не түрік әнші­ле­рінің клипін қараудан бірнеше есе көп көрсеткіш. Ал Түркі әлемінің ең үздік 40 әнінің ішіне қазақ әндері үздік ондыққа кіреді. Ән шеруінде көш бастап отырған орындаушылардың қатарында Өмірқұл Айниязов та бар. Мұның өзі қазақы бояуы қанық әндердің түркі әлеміне қаншалықты ма­ңыз­ды әрі қажет екенін аңғартпай ма?! Әйтсе де, жалпы аталған арна сайтының аз қаралуының өзі пиар жағынан біраз насихат­тың жетіспеушілігін көрсетеді. Себебі 180 миллионға жуық хал­қы бар түркі әлемінің ортақ БАҚ-тарды қарау әлеуеті де жоғары екені даусыз. Тағы бір мәселе, «Түр­ксой» ұйымының бастама­сы­мен құрылған арналар тек түрік тілінде сөйлеуі керек» деген мә­селе жоқ. Яғни «ТMB tv» сияқ­ты арналарда қазақ, не қыр­ғыз тілдерінде, яғни кез келген түркі тілінде сөйлейтін жүргізу­шілер де болуы керек.

Стратегиялық жоспарлар жайын сөз етсек, «Ақпараттық Қазақстан-2020» бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай қа­зақстандық арналар 100 шет мемлекетке таралуы тиіс. Қазірше белгілісі, Қазақстанның өзі бір ғана Ресейден жүзге тарта те­леарнаны қабылдап отыр. Мұн­дай­да Ресейдің кеңестік заманды қайта елестететін «Ностальгия», орыс фильмдерін дәріптейтін «Русское кино», қару-жарақты көр­сететін «Оружие» сияқты салалық ондаған арналардың орнына Қазақстан да өзінің ұлт­тық фильмдері мен қару-жа­рақтарын, аспаздық өнерін дәріптейтін салалық телеарна­ларды неге көбейтпейді деген сауал еріксіз туындайды. Түптеп келгенде, орыстілді БАҚ-тар саны осындай салалық арналар есебінен көбейіп, ақпараттық экспансияның құрамдас бөлігіне айналып отырған жоқ па?!

Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы, қоғам қайраткері:
– Әрине, әсіресе, орталықазиялық түркітілдес халықтары – қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, сондай-ақ татар, башқұрттың, т.б. азды-көпті халықтардың жалпы саны 50 миллиондай адамды құрайды. Сондықтан Орталық Азиядағы бес республикамен, жалпы Түркияға тарайтын ортақ түркі телеарнасының қажеттігі зор. Бүгінде біздің көрермендерге әлемде қандай ірі телеарналар болса, соның бәрі ұсынылып жүр. Осындай ақпараттық соғыс кезінде жалпы түркілік бірлікті, менталитетті, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап отыратын «Түркістан» сияқты атаумен тарайтын телеарна болса, қандай ғажап болар еді?! Бұл өткен ғасыр басында Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановтар бастаған Алаш алыптарының бір арманының орындалғаны емес пе?! Яғни ол біздің бірлігімізге, рухани, саяси және экономикалық байланыстарымыздың нығаюына жұмыс істеген үлкен дүние болар еді. Өкінішке қарай, біз өзара алшақтап кеттік. Осы алшақтықты жоюдың жолын білмей жүрміз. Ортақ тарихты зерттеп, ұғынуға, бір-бірімізді танып, мәдениетіміздің жақындасуына ортақ телеарнаның ашылуы үлкен үлес қосады. Соған ұмтылған жөн.
Ахмед МУРАДОВ,
Мәжіліс депутаты:
– Бауырлас халықтар мен елдерді жақындастыру бағытындағы стратегиялық мақсаттар жүйелі түрде орындалуы тиіс. Ал халықтардың басын біріктіретін нәрселер – ортақ тіл, тарих пен дін, мәдениет. Бұл арада түркі дүниесінің өзара интеграциясы аса маңызды. Бұл идеяны әлемдік ірі державаларының бірі – Түркия да қолдап жүр. Екінші жағынан, тәуелсіз ел болғалы бері тамыры түркі елдері осы түркітілдес алаңға кірді. Бұдан ұтқанымыз көп. Себебі біз ата-баба тарихымен, мәдениетімен қайта қауышуға мүмкіндік алдық. Бұл идеялардың насихатталуы ақпарат құралдары арқылы жүзеге асып жүр. Қазір шынында да, ортақ спутниктік телеарна ашудың қажеттілігі байқалады. Мәселен, ТМД аумағына таралатын «Мир» телекомпаниясы сияқты ортақ түркі арнасын, шартты түрде, «Түркі дүниесі» дегендей ақпарат құралын неге қалыптастырмасқа?! Оған қазақ елі де етене араласса игі. Қазақстанда қазақ ұлтынан басқа, тамыры түркіден тарайтын башқұрт, татар, құмық, ноғай, қарачай-балкарлар, т.б. тұрып жатыр ғой. Яғни елімізде түркі арнасының таралуы әділ әрі заңды нәрсе. Бұл – елдерді өзара жақындастырып, мәдениеттерді байытатын бастама, ортақ тіл мен дін бағытындағы интеграция. Бұл, әрине, елімізге үлкен әсерін тигізіп жатқан
орыстілді телевизиямен күрес емес. Бұл ағартушылық және тәрбие беру бағытында жұмыс істейтін арна болуы тиіс.
Бүгінде өз басым қазақ телеарналарынан ақпараттық бағдарламалар шыққанда үзбей қараймын. Сондай-ақ Ресей жаңалықтарымен қатар, спутник арқылы Грозный қаласынан тарайтын чешен телеарналарын да міндетті түрде көремін.
Кәмшат ТАСБОЛАТ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: