Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

«Қыдыр баба, қайда барасың?» – деп сұрағанда, ол: «Ынтымағы жарасқан елге барамын!» – деп жауап беріпті. Сол айтылғандай, бірлікке жететін байлық, татулыққа тең келер тірлік бар ма жер бетінде…

Татулық пен ынтымақ, береке мен бірлік – тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының іргетасы. Ынтымақ пен ырыс қашқан жерде гүл өспейді, көкорай шалғын көктемейді, сәбидің күлкісі естілмейді. Тыныштық жоқ жерде экономиканың өрісі тар. Ұлттың келешегі бұлыңғыр.

Осыдан 19 жыл бұрын Ассамблея құ­рылды. Тарихы дегенде есімізге көбіне әртүрлі ме­рекелік шерулер мен тойларда ұлттық киімдері мен шапандарын наси-хаттаудан ары аса алмаған ұйымның жайы еске түседі. Оның басқа ұлт өкілдеріне берері көп болды: әртүрлі тілдерде білім беретін білім ошақтары мен газет-журнал­дардың көбейгенін айтпағанда, Ассам­блея­ның Парламент Мәжілісіндегі депу­таттық тобы­на дейін пайда болды. Мем­ле­кет сияқты, осы жылдар ішінде бұл ұйым да көптеген өзгерісті бастан өткерді. «Қазақ­стан халықтарының ассамблеясы» деген атауын «Қазақстан халқы ассам­блеясы» болып өзгертіп, ұлтты біріктіру-дің алғы­шартын қалыптастырды. Тоғыз бірдей өкілін Парламентке депутаттыққа сайлап, билік жүйесіне араласатын саяси құры­лымға айналды. Ассамблеяның тақы­ры­бына орай Елбасы: «Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бү­гінде олар тегі басқа болғанымен, теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен, жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналдық. Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен адамдарды бір тағдыр күтеді. Осылай ел­дігіміздің ертеңі, ошақтың үш тағаны сияқты «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген үш ауыз сөзге сыйып отыр» деп тү­сіндіріп өтті. Бүгін әлем өзгерген. Түрлене, күрделене түскен. Діни, мәдени, тілдік тұрғыдан көпқырлы әлемде рухани тұйық­талу тығырыққа тіремек. Сондықтан да ХХІ ғасырда Ассамблеяның миссиясы бұрынғыдан да кеңейе түспек. «Осы жыл­дары бұл ұйым өзін-өзі толық ақтады» де­ген Президент Ассамблеяның қоғамдық рөлін әлі де жете түсінбейтіндерді сынады. «Ассамблея дегеніміз – 17 миллион халқы­мыздың өзі» деді Президент. Оның ішінде ұлтаралық татулықты сақтау – Ассамблея қызметінің бір парасы ғана.

Елбасы не дейді?

«Мен қазақ еліне қоныстанушылар­дың қандай тасқынын қабылдауға тура келгендігін әлгінде айттым. Қазақ халқы­нан басқа әлемдегі бірде-бір халық мұндай миграциялық қысымға ұшырамаған шы­ғар. Бұл ақыр соңында 70-жылдары қазақ­тар өздерінің тарихи жерінде азшылыққа айналуына әкеліп соқтырды. Елге ағылып келіп жатқандармен тілдесу үшін қазақтар орыс тілін үйренуге мәжбүр болды. Ол ол ма, орыстандыру кеңестік орталықтың сая­саты болатын. Орыс тілін білмей еш­қан­дай жұмыс табу мүмкін болмайтын. Қазақтың тарихы мен мәдениетін идео­ло­гия жаншып тастады. Бұл қазақтың мәде­ниеті мен тіліне әсер етті. Мұнда қазақ­стандықтардың сол кездегі ұрпағының еш кінәсі жоқ. Тоталитарлық билік жүргізген саясат сондай болды».

Кеше… 

Қазақтың жерін екінші Отанына балап жүрген өзге ұлт өкілдері қазақты өзге ұлт өкілдерінің басын қосатын, ұлтты ұйыс­тыратын күш екендігін әу бастан-ақ мой­ын­дай қойған жоқ. Тіпті дербес ел болып, азаттықтың ақ туын желбіреткен кезде де. Тәуелсіздіктің бастапқы кездерінде, қазақ мүддесі жылымыш кезеңді бастан кешіп жатқан кезде балаларын асығыс түрде қазақ мектептеріне апарған өзбек, қырғыз, тәжік бауырларымыздың басым көпшілігі көп ұзамай-ақ келген іздерімен кері жүруге мәжбүр болған. Қазір мемлекеттік тілге қатысты таразы басы теңесе алмай тұрған сәтте орыстілділерге басымдық беріп тұрған күштің қатарын орыстар ғана емес, түбі бір түркітілді бауырларымыз, ағайын­да­рымыз толықтырып тұр.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы: 

– Соңғы кездері орыстан өзге ұлт өкілдерінің (оның ішінде өзіміздің мұ­сыл­ман бауырларымыз да бар ) орыс тіліне көбірек ыңғай таныта бастаған үрдісті байқап жүрмін. Сырттан келген немесе бұрыннан мекендеп келе жатқандар өзге ұлт өкілдерінің балаларын орыс мектеп­теріне ауыстыруы жиі байқала бастады. Бұл түптің түбінде қазақтілді электротқа үлкен қатер төндіре ме деп қауіптенемін.

Дос КӨШІМ, саясаттанушы: 

– Рас, Президент Ассамблеяға үлкен үміт артып отыр. Ассамблея өзге ұлт өкіл­дерін қазақ мүддесіне қарай бет бұрғыза алса, мойынсұндыра алса, онда үміттің ақ­талғаны. Бірақ өкінішке қарай, олар қазақтың ішін жылытарлықтай ісімен та­ныла алған жоқ. Ұлтаралық қатынастардың аражігіне сызат түсе жаздаған сәтте де үнін таныта алмады. Мүмкін, осыдан кейін бір өзгеріс болып қалар. Қазақстанның бола­шағын қазақ халқының болашағынан бө­ле-жара қарауға болмайтындығына өзге ұлт өкілдері түйсінер. Соны дер кезінде түйсінуіне Ассамблея мұрындық болар деп үміттенемін.

Не күтеміз?

Қазақстандағы ұлтаралық тұрақты­лық­тың кепілі бола алатын, елдегі тату­лықты қамтамасыз етудің негізі болып та­былатын халықтардың бірлігін нығайту және Қазақстан қоғамын жаңартудың саяси идеология мен ағымдағы «сұра­ныс­тан» биік тұратын негіз қалаушы құнды­лықтары бойынша арнайы қоғамдық ке­лісімді қолдау мен дамыту.

Екіншіден, біртұтас қазақстандық қо­ғам құрудың негізі болып табылатын Қа­зақ­станның барлық азаматтары үшін олар­дың ұлттық, әлеуметтік және шығу тегіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге негізделген біртұтас азаматтығын нығайту.

Үшіншіден, қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келісім мен ынты­мақты одан әрі нығайтуға қажетті қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.

Төртіншіден, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көрініс­те­ріне және біздің азаматтарымыздың кон­ституциялық құқықтарына қысым жа­сауды көздейтін әрекеттерге қатаң әрі дәйек­ті қарсы тұру.

Бүгін:

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун біздің елімізге арнайы сапарлап, Қазақстан хал­қы ассамблеясының жұмысымен жа­қын танысып, жасалып жатқан шаруаларды өз көзімен көргенде байтақ даламызда ай­рандай ұйып отырған сан түрлі ұлттардың өкілдерімен тілдесе келе Қазақстанның мұндай шараларына оң бағасымен қоса ризашылығын да білдірген болатын. Бір кездері БҰҰ-ның байырғы Бас хатшысы Кофи Аннан да Елбасымыздың жүргізіп отырған мұндай саясатын жоғары бағалай отырып: – Қазақ елі өз жерінде Қазақстан халқы ассамблеясын құрып, ұлттар ара­сында теңдік пен бірлікті дәріптеп, ұлтара­лық татулықты сақтап, дамытуда өзге ел­дерге үлгі боларлықтай іс көрсетуде. Қазақ­стан осындай игі қадамымен кіші Бі­ріккен Ұлттар Ұйымына айналып отыр, – деген пікір білдірген болатын.

Сарапшылар Мемлекеттік тілді да­мытуда Ассамблеяны жақсы қолдануға мүмкіндік туып отырғанын айтады. Ас­самблеяның мүшелері, басқа ұлт өкілдері қазақ тіліне қатысты талаптың келешекте күшейе беретіндігін түсініп отыр. Бұдан өзге жол жоқ екенін өзге ұлт өкілдеріне уақыт­тың өзі ұғындырды. Бірақ әзірге маңдайларындағы жалғыз бәсіре заң­да­рында қазақты ұлт мемлекеттің негізін, діңгегін қалаушы күш ретінде мойынсұнса да, тілін толық тез үйренуге құлық­сызды­ғын аңғартып қойған Ассамблеяның бұдан кейінгі әрекеті қандай әуенмен өрбімек?

Асылы ОСМАНОВА: 

– Қазақтың қадіріне жетеміз десек, оның тілін мойынсұныңдар деп айтудан жалыққан емеспін. Қазақтың дархан, кең­пейілінің қайтарымын көрсететін кез жет­ті. Елбасы мұны, уақыттың тамырын ба­сып отырып, кезінде айтты, жетер жеріне жеткізе айтты. Енді топ алдында айтылған пәрменінің орындалуын қадағалай алмаса Елбасына сын, оның астарын түсініп, іліп алып кете алмаса, Ассамблея құрамындағы азаматтарға да, қазақтың жерінен нәпақа­сын теріп жеп жүрген өзге ұлт өкілдеріне де сын.

Қазақстанда кенжелеп жатқан бір-ақ мәселе бар. Ол – тіл. Ассамблея саясат тіліне, экономика тіліне, халықаралық саясат тіліне іліне алмай қалған мемле­кеттік тілге, қазақтың тіліне қарлығаш қа­­­натымен су себелесе, онда үміттің ақ­тал­­ғаны.

Ахмет АЛЯЗ, журналист: 

– Мен басқа ұлт өкілдеріне «түркі халқы текті халық. Түркі халқы күні бү­гінге дейін қол астындағы бірде-бір ұлтты ассимиляцияға ұшыратып көрмепті. Өйт­кені түріктер «көк бөріден ит, иттен бөрі тумайтынын» өз тарихынан біледі. Осман империясының боданында 450 жыл бол­ған Солтүстік Африка Республикасын қа­раңыз. Сол жерде түрікше сөйлейтін бір­де-бір түркітектес ұлт қалды ма? Сол жер­де 50-60 жыл тұрған француз бен ағылшын бүгін «Алжирдің ресми тілі – ағылшын немесе француз тілі болуы керек» дейді. Сонда қай ұлт, қай ел, қай халық ассимиляцияға ұшырап жатыр. Қай ұлт қай ұлттың табанының астында жан­шылып жатыр? Қазақтың түп атасы – КӨК БӨРІ, төрінде ғана емес, табал­ды­рығында отырған ұлтты ассими­ля­ция­-

лауды ойламайды. Оның менталитенде ондай пейіл де жоқ. Тәуелсіздік алған бойда «тілімді үйрен» деп шарт қоюына болар еді. Бірақ өзінің тарихи құқын барынша әділетті жүргізуге тырысты. Әр ұлттың көңілінен шығуға тырысты. Бұл неткен мейірімділік. Қай елде осындай демократия бар? Бұл қазақтың көнбістігі емес, Абай айтқандай, «қапты екен деп мен де қапсам, аузымның не қадірі қалады» дейтін, «санаң болса менімен санас, тілімді үйрен, үйіріме қосыл» дейтін тектілігінен туған кеңдігі. Бұл «басқаша шара қолдануға амалым қалмай барады» деп өркениетті түрде жалыну дегенді біл­діреді. Бірақ мұны Ассамблея түсініп жат­қандар Гер-аға мен Асылы Османова, Зияден Хасеновтар ғана…

Гүлбаршын САБАЕВА

http://www.aikyn.kz/articles/view/48339

Рубрика: