Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Арғы-бергі шежіресі көне заманнан бастау алатын қазақтың да өзге жұрт алдында мақтан тұтатын қадірлі азаматы, құрметтейтін адамы жетерлік. Тіпті ат үстінде жүріп, дүниенің түкпір-түкпіріне ерен ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен жаужүрек бабалар да кезінде талай жұртқа танылды. Бүгінгі ұрпақ солар жайында не біледі? Былайша айтқанда, сол атағы асқақ, абыройы биік ардақты тұлғалар жайлы мандытып ештеңе айта қоймасы анық. Қазір қайсыбір мемлекет те тарихын тереңнен толғап, елдің мақтан тұтар азаматтарын дәріптеуге ден қойып отыр. Біз ше? Әрі-беріден соң қазақ ұлты кеше ғана пайда болған жоқ қой. Өзге жұрт қызыға да қызғана қарайтын кең-байтақ өлкемізді бізге әлдекім тегіннен-тегін тарту ете салған жоқ қой. Әрине, бәрі де қасық қаны қалғанша қас жауына қарсы қолына қару алып, аттан салған ата-бабалардың түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай қорғауының арқасында емес пе?!

Осындайда біздің мәдениет деңгейіміз қандай деген сауал көлденеңдейді. Әрбір жұрт өткеніне көз салады. Кез-келген ұсақ-түйегіне дейін назардан тыс қалдырмайды. Біз ше? Талайды таңғалдыратын тұғырлы тұлғаларды дәріптей алмай келеміз. Сондай-ақ, әлем жұртшылығының назарына ұсына алатын дүниелер де жеткілікті. Олардың барлығы ескерусіз қалып жатыр. Мәселен, жер бетінде жылқы малына алғаш жүген салып, қолға үйреткен қазақ екенін жаһандағы жұрт жақсы біледі. Біз соған тоқмейілсіп, одан арғысына мүлдем көңіл бөліп отырған жоқпыз.

Әрбір тасын түрте қалсаңыз, тіл бітіп, сөйлеп кететін қазақ даласы талай жақсы мен жайсаңның кіндігін кесті. Ат жалын тартып мінетін азаматтық жасқа дейін тәрбиелеп өсірді. Киелі топырақтың құдіреті шығар, олардың арасынан әлемді аузына қаратқан қаншама адамдар шықты. Қазір құр әшейін мақтана беретін кез емес. Қолда нақты дәлелдер бар. Оған ешкім қарсы дау айта алмайды. Ендеше, неден тартынып жүрміз? Оған жетерлік қаржы да жоқ емес. Әрбір тарихи тұлға мен оқиғаны таразыға тарта отырып, соларды дәріптейтін дүниелерді жасауға көңіл бөлгеніміз жөн болар еді. Енді қашанға дейін созбалаңға салып жүре бермекпіз?

Шымкентте Высоцкийге арналған мұражай бар. Кезіндегі саясаттың ықпалымен ашылған орын шығар. Дегенмен қазір басқа заман, талап та өзгеше. Орыс өнерпазы қазақ үшін ештеңе жасаған жоқ. Репертуарына қазақ әнін кіргізген жоқ. Оның біз үшін сіңірген еңбегі қандай? Осыны ойлап көрелік. Алматыда «Битлзге» арналған тасмүсін орын тепкен. Таразда да Вицин, Никулин, Моргуновқа арналған ескерткіш бой көтерді. Өкінішке қарай, өзіміздің қаншама асыл тұлғаларымыз сондай құрметке ие бола алмай жүргені қынжылтады.

Әрбір ұлт өзінің асылы мен алтынын бағалайды. Әсіресе, өзге жұрт алдында мерейін өсірген ардақты азаматтарын ұмытпайды әсте. Қолдан келгенше соларды әспеттейді. Ескерткіш салады. Мұражай жасақтайды. Әйтеуір, оған жұрттың назарын аудартуға тырысады. Біз ше? Әлі күнге дейін өзгеге таңғалып келеміз. Ондай адамдар өзімізде жоқ секілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы Көктөбеде ағылшынның «Битлз» тобына арналған тасмүсін бой көтерді. Бұл біреудің езуіне күлкі жүгіртті. Тағы біреуіміз қынжылдық. Сондай тұғырлы тұлғалар қазақта жоқ па дедік. Осы тұрғыда ойланып көрелікші. Қашанға дейін осылай жүре бермекпіз? Өзгенің жыртысын жыртқанды қашан қоямыз? Ұлттың ұранына айналған ұлы тұлғалар қашан дәріптеледі? Бізді осы жағы ойландырады. Қазақ тарихына тағы бір үңіліп қарап көрсеңіз, әргі-бергі дәуірде қаншама ардақ тұтқан асылдың бар екеніне көзімізді жеткіземіз. Өкінішке қарай, солардың барлығы тек ауызекі әңгімеде айтылады. Оларға құрмет көрсетіп, жас ұрпақ алдында қалай дәріптеуді ойланатын кез келген секілді.

Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да, өзіміздің еңсемізді тіктеуге лайықты қаншама батыр мен баһадүрді, ақын мен жырауды табуға әбден болады. Біз есте жоқ ескі заманда Еуропа елдерін есеңгіретіп, көшпенділер жұртының қаһармандық қасиетін өзгеге танытқан Еділ қаған (Аттила) жайында айтқанда ауыздыға сөз бермей өзеуреп кететініміз рас. Әрине, баһадүр қазақтың қай жерінде өмірге келген сауалға әзірге жауап табыла қойған жоқ. Десе де ол кең байтақ өлкеміздің қай жерінде де тұрса жарасады. Ең алдымен оған еңселі ескерткішті еліміздің жүрегі – Астана қаласынан бастаған артық емес. Өйткені, оның есімін бүкіл әлем жұртшылығы біледі емес пе? Басты ордамызға маңдай тіреген меймандар сол ескерткішті көре отырып, дүниежүзіне атағы жайылған тұлға осы топырақта өмірге келгеніне көз жеткізеді. Парсы патшасы Кирдің басын алған, соғыс өнерін өте жоғары деңгейде меңгерген Тұмар ханымды (Томирис) кімнен кем дей аламыз? Бұл кісінің жорығы Сырдария өзенінің аумағында болған деген әңгімелер жиі айтылады. Қысқасы, Сырдың бойы әйгілі ханымның қиян-кескі жорығының куәгері емес пе? Сол орынды анықтап, болмаса, өзара шешіммен белгілеп қойсақ артық емес. Өкініштісі, оған әзірге мән беріп жүрген адамның қарасы көрінбейді.

Сондай-ақ, одан бергі замандағы талай тұғырлы тұлғалар ескерусіз қалып жатыр. Өзімізді өзіміз жаттай сыйлап, бағалай білмесек, сырттан келіп оның барлығын біреу жасап бермесі анық қой. Алайда осы бағытта біздің бойымызды енжарлық әбден басып тастаған ба деген ойға келесің. Ұлы ойшыл, жырау, қобызшы бабамыз тек қазақтың ғана мақтанышы ма? Көне Мысырда билік құрған, Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны атанған Бейбарыстың атағы мен абыройы дүниежүзіндегі қай патшадан кем түседі? Отырар ғұламасы әл-Фараби өмірі де кинотуындыға сұранып тұр. Қазақ жерінде ислам дінінің қанат жаюына үлкен еңбек сіңірген Қожа Ахмет Ясауи жайында да әлі күнге дейін ешқандай дүниені көрген жоқпыз. Ертеде Шығыс елдерінің баһадүрі атанған Жалаңтөс батырды талай халық жақсы біледі. Самарқанда билік құрған Жалаңтөс баһадүр бабамыздың да ерлігін өзгенің алдында мақтан тұта аламыз. Одан бергі замандағы Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қарасай сынды көптеген ержүрек батырды өз деңгейінде дәріптей алдық па? Қазақтың ойшылы атанған дана Абайдың өзі талай киноға сұранып тұр емес пе?! Әрине, біз мұндай тұғырлы тұлғаларды айтып тауыса алмаймыз.

Автор: Ақниет Алтый

http://alashainasy.kz/politics/52593/

Рубрика: