Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

76725Ұлыбританияда өткен биылғы парламент сайлауы қорытындысының алдын ала жасалған болжамдардан айырмашылығы айтарлықтай емес. Бұған дейін Консерваторлар партиясының басым түсуі мүмкін екенін жазғанбыз. Күмәнді сұрақ сайлаудан кейін құрылатын үкіметтің таза консерваторлар кабинеті бола ма, әлде коалициялық құрамда бола ма деген мәселеге қатысты болатын. Сайлау қорытындысына сәйкес, тори даусыз жеңіске жетіп, Дэвид Кэмерон алдағы бес жылға Біріккен Корольдіктегі премьер-министрі қызметін сақтап қалды. Енді ол көп сөзбұйдаға салмай, сайлауалды уәделерін орындауға кірісуі тиіс. Бұл дегеніңіз, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің келешегі екіұдай жағдайда тұр деген сөз. Сайлаудың нәтижесі анықталып, саяси өмір сәл саябыр тапқанымен, алыс болашақта оның салдары қандай боларын болжап білу қиын.

Бюрократиялық жүйенің пайдасы да болады екен

Британ парламентінің сайлауы бейсенбі күнге, яғни жұмыс күніне тұспа-тұс келді. Аядай аралдың 650 сайлау учаскесіне бөлінгеніне қарамастан әрі бұл сайлаудың Корольдіктің ғана емес, Кәрі құрлықтың тағдырына ықпал ету болжамдығына қарамастан, ел ішінде ешқандай қобалжу немесе абыр-сабыр байқалмады. Бүгінгі Біріккен Корольдіктің қара­пайым тұрғындары үшін сайлау – саяси партиялардың, кәсіби саясат­кер­лердің, қоғамдық ұйымдар мен ақпарат құралдарының құзы­рын­дағы іс сияқты. Дегенмен, сайлаудың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары екенін айту керек. Сайлау белгіленгеннен кейін көп ұзамай елдің әрбір тұрғынына сай­лауда дауыс беру үнпарағы және жеке карточка таратылады. Ғаламтор, әлеуметтік желілер мен элек­тронды пошта жолға қойылған сандық ақпараттық технологиялар заманында британдықтар аса маңызды шаруалардың бәрін тек қағаз арқылы шешеді және аса маңызды хаттарды жергілікті пош­та желісі арқылы таратады. Біріккен Корольдікте кәдімгі пошта қызметінің соншалықты жоғары дамығанын, әлі күнге пәрменін жоймағанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Біріншіден, сайлаудан бірнеше ай бұрын елдегі барлық мекен-жайларға сайлауға қатысу карточкалары жөнелтіледі. Пошта индексі бар үй-жайдың ешқайсысы бұл науқаннан тыс қалмайды. Тіпті шетелдік мигранттардың өзі пош­та жәшігінен «Бұл қағаз алдағы болатын парламент сайлауына шақырту. Сіздің сайлауда дауыс беруге құқығыңыз жоқ болғанына қарамастан, Біріккен Корольдік заңдарына сәйкес, барлық мекен-жайларға осындай хаттар жіберілуі тиіс болғандықтан осы хат сізге жолданды» деген мазмұндағы хатты алып, айран-асыр болмасқа шарасы жоқ. Қай мекен-жайда кімнің тұратыны, олардың ішінде да­уыс беруге кімдердің құқылы ал кімдердің құқылы еместігі алдын ала зерттеліп, анықталып қойған. Бірақ соған қарамастан, британдық бюрократиялық жүйе осы тәртіптің сақталуын талап етеді. Екіншіден, дауыс беруге құқығы бар тұрғын осы хатпен жолданған жеке карточкамен ғана сайлауға қатыса алады. Бұл парақта сайлаушының аты-жөні, мекен-жайы, оның қай учаскеде дауыс беретіні жазылған. Алдын ала толтырылған, сайлаушының қолы қойылған бұл қағазсыз ешкім дауыс бере алмайды, жоғалтып алған жағдайда жергілікті сайлау комиссиясына өтініш жазып, жеке карточкасын қайта сұратуға міндетті. Мұндай қатаң тәртіптің арқасында қай тұрғынның да­уыс беруге келіп, қанша адамның қалыс қалғаны анықталады. Оның үстіне, жеке карточка толтырғаннан кейін бір сайлаушының екі не үш учаскеде дауыс беруіне немесе бір сайлаушының орнына басқа бір адамның дауыс беруіне жол жоқ. Жергілікті бюрократия осылайша сайлаудың ашықтығына қызмет етеді.

Консерваторлар аттан түспей тұр

Сонымен, сайлаудың нақты қорытындысына сәйкес, Консерваторлар партиясы парламенттегі 650 орынның 331-іне ие болды. Парламентте басымдыққа ие болып, үкімет құрамын жеке-дара жасақтау үшін бұл сайлауда ең кемі 323 мандат жинау керек еді. Ал Лейбористер 232 мандатты, Шотландық ұлтшылдар партиясы 56 мандатты жеңіп алды. Либерал-демократтар сегіз орынға ие болды.

Ал премьерлікке қайта сайлан­ған Дэвид Кэмерон дереу үкімет құра­мын жасақтауға көшті. Қолда бар деректерге қарағанда, қаржы ми­нистрі Джон Озборн, сыртқы істер министрі Филип Хэммонд, ішкі істер министрі Тереза Мэй, қор­ғаныс министрі Майкл Фэллон өз қызметтерін одан әрі жалғастырмақ.

Бірақ жергілікті тұрғындардың бәрі бірдей Консерваторларға да, Кэмеронға да риза емес. Біріккен Корольдіктің кей өңірлерінде сайлау нәтижелеріне наразы болған топтар шеру өткізіп, полициямен қақтығысып қалды.

Милибэндтің «құлпытасы», Фараждың қорқынышы және Клеггтің дәрменсіздігі

Сайлау қорытындысы жариялана салысымен, іле-шала Лейбористер партиясының жетекшісі Эд Милибэнд, Либерал-демократтар көшбасшысы Ник Клегг, Тәуелсіз партияның (UKIP) төрағасы Найд­жел Фараж өз орындарын босатты. Осылайша, бір-ақ күнде Дэвид Кэмеронның мерейі басты бәсекелестерінен үстем шықты.

Жеті партияның жетекшісі қатыс­қан сайлауалды теледебатта «Егер де мен премьер-министр болсам…» деген ұран-сөзді кемі жеті рет қайталаған Эд Милибэнд өз еңбегінің нәтижесіне ырза емес. Оның үстіне, лейбористердің тас­қа қашалып жазылған алты уәдесі Милибэндтің оңбай сүрінген тұсы болды. «Тасқа қашалған уәде ұмытылмайды» деген тұспалды ғаламтордың беймаза аудитоия­сы сан-саққа жүгіртіп, түпкі мәнін өзгертіп жіберді. Олар тасқа қашал­ған уәделерге «Милибэндтің құл­пытасындағы жазу» деп айдар тағып, осы тастың жанында тұрған Милибэндтің суретіне түрлі фотомонтаж жасап, оны сайқымазаққа айналдырды. Осылайша, бастапқы мәні салмақты болған пиар-науқан лейбористерді есеңгіреткен соққы болып шыға келді.

Бұл сайлаудың тағы бір көр­некті кейіпкері – Тәуелсіз пар­тияның төағасы Найджел Фараж еді. Британияның Еуроодақтан шығуын және миграция тасқынын тоқтатуды талап етіп жүрген саясаткерді бейресми түрде «британ саясатының тентегі» деп атайды. Бірақ сайлауға бес апта қалғанда өткізілген теледебатта Фараж өзінің әсіреұлтшыл ұрандарымен британдық сайлаушыларды үркітіп алған сыңайлы. Қалай дегенмен де, ол өз партиясының бес қана мандатқа ие болған жеңілісіне қатысты бар жауапкершілікті өз мойнына алудан тайсақтамады.

Шотландықтар шынымен тәуелсіздікке ұмтыла ма?

Бұл сайлау британ саясатын­дағы бүгінгі және ертеңгі көш­бас­шыларды, елдің даму бағдарын айқын­дайтын тұлғалардың түр-келбетін кескіндеп берді. Олардың бірі – Шотландия ұлттық партия­сы­ның көшбасшысы Никола Старджен. Шотландияға тиесілі 59 мандаттың 56-ын жеңіп алған бұл партия өз тұғырын күшейте түсті. Ал Старджен болашақта Шотландияның тәуелсіздігіне байланысты референдумды қайта өткізу мүмкіндігі жайлы айтып қалды.

Біріккен Корольдік – Англия, Уэльс, Шотландия мен Солтүстік Ирландияның бірігуінен пайда болған мемлекет. Бір кезде ортақ сыртқы жауға тізе қосып қарсы тұру үшін одақ құрған төрт бірдей титулды ұлттың арасында бүгінде өзара тартыстың алғашқы белгілері қылаң бере бастады.

Еуроодақтан шығу мәселесін ту етіп көтерген Дэвид Кэмеронның ұсы­нысына шотландтық ұлтшыл­дар­дың үзілді-кесілді қарсы екені мәлім. Шындығында, Шотландия аумағында Консерваторлардың беде­лі де, танымалдығы да төмен. Бұған дейін Шотланд ұлттық партиясының өкілдері егер Біріккен Корольдік Еуроодақ құрамынан шығуды референдумға шығаратын болса, онда Шотландия өз бетінше жеке референдум өткізетінін мәлімдеген еді. Мұндай уәделерді желге ұшыру үшін айтпайды. Осы сайлаудан соң Консерваторлар мен Шотландия ұлттық партиясы арасындағы пікірталас саяси тартысқа айналуы әбден мүмкін. Тек ағылшындар мен шотландықтар арасын ажыратар бітіспес дауға айналмасын деңіз.

Қалай дегенмен де, Кэмерон жеңіске жетті. Оның сайлауалды науқан кезіндегі басты уәделерінің бірі – 2017 жылға дейін Еуроодақтан шығу мәселесіне қатысты референдум өткізу болатын. Бұл мәселе кәрі құрлық Еуропаның ғана емес, Британияның тұтастығына әсер етуі кәдік.

Әзірге ол уәдесін орындайтынын айтса да, референдум өткізуге дайындықтан гөрі елдің тұтастығына алаңдайтынын меңзеді. Қызметіне жаңадан кіріскен соң ұйымдастырылған баспасөз жиынында Кэмерон «Біз бір ұлттың партиясы ретінде, Біріккен Корольдіктің партиясы ретінде жұмыс істейміз» деп тағы бір уәде берді.

Ұлыбритания

Гүлбиғаш ОМАР

http://turkystan.kz/

Рубрика: