Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Елге танымал есімдер Елімізде Наурызбай және Наурызгүл есімді тұрғындар қатары аз емес. Ал осы есімді иелену жағынан Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап келеді. 

Статистика агенттігі баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, өткен жылы наурыз мейрамы күні дүние есігін ашқан сәбилердің 9-ына Наурызбек, 7-еуіне Наурыз, 6-ауына Наурызбай есімі берілсе, Наурызғали, Наурызгүл, Наурызхан есімдері бір реттен қойылған.

Былтыр Наурыз мейрамына қатысты есім арқалаған сәбилер еліміздің 9 өңірінде тіркелген. Мейрамға орай Наурыз есімі жаңа туған сәбилерге Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында 5 реттен,  Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында 3 реттен, Ақтөбе мен Атырауда 2-ден қойылған. Ал Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облысында мейрамға орай ат қойылған 2 бала бар екен.

Наурыз көже пісіріп жарысты

Алматыдағы «Баспа үйінде» наурыз көже пісіруден жарыс өтті. Бірінші орынды «Жасөркен» ЖШС жеңіп алды. Екінші орын «Дәстүр» баспасына бұйырды. Үшінші орынды «Қазығұрт» баспасы иеленді.

«Балдай бауырсақ» номинациясымен Qaznews.kz сайты, «Берекелі дастархан» — «Арыс» баспасы, «Сәнді ұлттық киім» — «Мәдениет» журналы, «Белсенді ұжым» — «Жазушы» баспасы, «Өнерлі ұжым» номинациясымен «Ел-шежіре» баспасы марапатталды.

Qaznews.kz ақпараттық сайты мен «Ел-шежіре» баспасының бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара талай жұртты тамсандырды.

Ақ кимешекті әжелер

Қызылорда қаласында Наурыз мейрамы кең көлемде мерекеленуде. Кеше қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінде «Ұлыс күні құтты болсын, ағайын!» атты ауқымды шара болып өтті.

Бұл күні ауылда киіз үйлер тігіліп, 150 адамға арналған арнайы шатырда қайырымдылық ас берілді. Ақсуаттағы биылғы наурыздың ерекшелігі этно ауыл, аңшылар ауылы тігілді. Ұлттық спорттың сан алуан түрінен жарыстар өткізілді.

Жас ақындар айтысты

Әз-Наурыз қарсаңында Қарағандының 80 жылдығы, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығы секілді тақырыпты арқау еткен айтыс жоғары деңгейде өтті.

Сахнаға жеті жұпқа жіктелген он төрт ақын шықты. Айтыскер ақындарға облыс әкімінің орынбасары Бейсембай Жұмабеков ақ жол тілеп, жиылған жұртты Наурыз мейрамымен құттықтады.

Бұл жолғы бас жүлдені Дидар Қамиевиеленді. Жүлделі бірінші орын Қайрат Иманбеков пен Ботакөз Мұхиденге бұйырды. Екінші орын Ұланғасыр мен Доскейге,  үшінші орын Нұрмұхамед, Мұқағали, Мұхтар және Нұрсұлтан иеленсе, аламанның арнайы жүлделері Медет пен Бекарысқа тапсырылды.

«Наурыз аруы» анықталды

Байқауға Павлодар облысында аудандар мен қалалардан 12 үміткер қыз қатысты. Баянауыл ауданынан келген Жансұлу Болат «Наурыз аруы» атанды.

«Қатысушылардың тарихты, салт-дәстүр мен мәдениетті білуін бағаладық», — деді Павлодар облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Махаббат Сәдуақасова.

Бірінші орынды Ертіс ауданынан келген Айнұр Әбілдинова, екінші орынды Майқайың кентінен Бағила Жылқыбаева, ал үшінші орынды Қашыр ауданының өкілі Әсел Серік жеңіп алды.

http://www.aikyn.kz/articles/view/45238

Рубрика: