Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Тіліне түкіргендер өзгеге болады құл,

Тілімізді жылатты тарихтағы жетпіс жыл.

Ана тілі – Анаң! Осыны анық біл!

Өзгерсе де әлем, өзгермеу тиіс Ана тілі!

Жақау

 Ананың сүті. Иә, барлық адамға таныс ұғым болса керек. Меккеге анаңды арқалап үш барсаң да, анаңның сүті тұрмақ, тіпті сені қиналып толғатқан кездегі бір демін де ақтай алмайсың. Бұл да түсінікті нәрсе.

Мұқаң атамның (Мұхтар Әуезов) айтқаны бар емес пе: әкеміз қанша жерден ғалым болса да, тәрбиені тезек теріп жүрген анамыздан аламыз деген. Бұл да ақиқаттылық, жалғандығы жоқ нәрсе.

Ананың сүтін ақтай алмайды екенбіз. Сонда ананың сүтін ақтауға ұмтылмауымыз керек пе? Әлде өстім-өндім, ананың сүтін қайтем, күлкімді келтірмеші ме?

Жалпы, әрбір нәрсенің өз орны, өзіндік бір ақысы бар екенін кез келген пенде білсе керек. Әйтпесе деймін-ау, неге адамдар құқығы тапталған жерде өз ақысының өтелуін талап етіп жатады? Талап қылмақ не керек, талапсыздық болса егер?

Сәбидің анасына қылмақ бір ақысы – екі жыл мерзіміне жуық анасының сүтін ему. Алайда бұл күнде көптеген сәбилердің мұндай ақылық ісі дұрыс өтелмей жүр. Аналардың өз ішінен шыққандарды қаншалықты дәрежеде сүймек болса да, ақылық істі өтемей жүргендеріне, өз міндеттерінің маңыздылығын сезінбей жүргендеріне жол болсын демекпін. Әкенің де сәби алдындағы бір ақысы – мән-мағынасы бар дұрыс есім қою. Олимпиада, Азиада, «Бірдеңемания», «Шірдеңеиада» деген секілді есімсымақтарға айтарға сөзім жоқ. Жәрар!..

Бала тәрбиесі анасының жатырында жатқанда-ақ басталып кететінін көпшілік біле бермесе керек. Әкенің де баласы алдындағы ең бірінші кезектегі міндеті – дұрыс жар таңдау. Дұрыс жар дегеніміз кіндігіне таққан сырғасы, тырысқан шалбары, оған қоса үстіндегі тырысқаны бар, тағы басқа пәлесі бар әурет жерлерін көрсетіп, айшықтап тұратыны жарасқан қыз емес. Мұсылман болсаңыз, Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты емес пе: «Қоқыстың арасында өскен қызыл гүлді алмаңдар», «Жар таңдасаңдар, діндарлығына мән беріңдер» деген түсінікте. Жәрар! www.muftyat.kzwww.muslim.kz қазақша сайттарында бұл мәселеге қатысты көптеген мәліметтер бар. Сонда оқи жатарсыздар. Қазақ бола тұра өз ана тіліңізді білмесеңіз, онда «сіздейлерге» www.azan.kzсайты түсініктірек.

Тақырыпты аша түссем, ана сүтінің маңыздылығы жайында мынадай мәліметтер бар екен. Әр ана өз сәбиін 6 айға дейін ана сүтімен қоректендіруі қажет. Ол иммунитетті қалыптастырады, баланың дамып-жетілуінде маңызды рөл атқарады. Балалардың сырқаттануы мен шетінеуін едәуір төмендетеді. Емшекпен қоректендіру — ана мен баланың арасындағы биологиялық және эмоциялық терең рухани байланыс, әйел өміріндегі ең бақытты да қуанышқа толы сәттердің бірі.  Алғашқы алты айда тек емшекпен емізу — қаламаған жүктіліктен сақтанудың сенімді тәсілі. Ананың босанғаннан кейінгі физикалық жағдайы емізген кезде жақсарады. Әрі ана сүтімен қоректенген бала анағұрлым аз ауырады. Ғылымда да ана сүтінің ақуызға, майларға, көмірсуларға, дәрумендерге, микроэлементтерге бай екендігі ерекше айтылған. [1]

Ана сүті иммунитеттің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді, аллергияның, ас қорыту органдары ауруларының даму қаупін азайтады. Қазіргі таңдағы әр түрлі қолдан жасалған сүттер жас нәрестеге қандай да бір зиянды әсерін тигізуі мүмкін. Ғалымдардың зерттеуінше, қырықтан асқан адамдардың көбі кішкентай күнінде жасанды сүтпен қоректенгендіктен, қант ауруына шалдығып жатады екен. [2]

Ана сүтінде альбумин деген белок бар. Оның пайдалы қасиетінің бірі — сиыр сүтіне қарағанда қажетті май қышқылдарының бәрі бар. Балаға жасанды тамақ бергенде іштері кеуіп, қатып, ішекте шаншу пайда болуы мүмкін. Бұндай жасанды тамақпен қоректенген балалар жиі ауырады. Салмағын аз қосады, тістері кем шығады. [3]

Ананың сүті — жаңа туған нәрестені бірден-бір қоректендіретін және кез келген жұқпалы аурулардан қорғайтын Аллаһ тағаланың жаратқан теңдессіз ғажайып тағамы. Қазіргі заманғы технологияның көмегімен дайындалатын балаларға арналған жасанды қоспалардың (сүттердің) ешбірі де Аллаһ тағала жаратқан ана сүтінің қоректік және бактерияға қарсы сапасына мүлдем тең келе алмайды. «Адамдарды ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Ана оны үсті-үстіне әлсірей жүріп (құрсақта) көтереді, екі жыл бойы емшек емізеді. «(Ей, адамдар!) Маған да, ата-аналарыңа да шүкіршілік етіңдер! Түптің түбінде, қайта оралатындарың — Менің алдым» («Лұқман» сүресі, 14-аят).

Ана сүтін емген баланың тыныс алу жолдары мен ас қорыту жүйелері жұқпалы індеттерге қарсы тұра алады екен. Сүттің құрамында болатын қорғаныш ақуыздары (антитела) жұқпалы вирустар мен бактерияларға тікелей соққы береді. Сәбидің ағзасына қажетті қорғаныш жүйесінің элементтері, яғни қорғаныш ақуыздары мен иммундық жасушалар оған ана сүті арқылы дайын күйде беріледі.

«Ана баланың емшектегі уақытын толық сақтағысы келсе — оның мерзімі толық екі жыл» («Бақара» сүресі, 233). Ана сүті ананың қатысуынсыз, яғни бұйрығынсыз өзінен-өзі ағзада өндірілетіні белгілі. Сонымен қатар, сәби ағзасының қажеттілігіне қарай сүт құрамының өзгеруі де ананың қатысынсыз жүреді. Ана өз денесінде сүттің қалай өндіріліп жатқанын және неден тұратынын да білмейді. Бұл деректердің бәрі Аллаһ тағаланың бар екенін, Сол ғана Өзі жаратқан тірі жаратылыстарына қорек сыйлайтынын, олар қай кезде нені қалап тұрғанын Ол ғана білетінін және Аллаһ қана ананың ағзасында сәбидің өсуі мен толыққанды өмір кешуі үшін ғажайып қоректік затты жасайтынын сөзсіз дәлелдейді. [4]

Ана сүтінің қандай пайдасы бар екенін білмесеңіз, жоғарыдағыны оқып хабардар болған шығарсыз. Жалпы, ана сүті арқылы ұлттық болмыс та, ұлттық қасиет те, т.б. қалыптасады. Абай атамызды анасы «дәретсіз» емізбеген. Бүгінгі таңда қазақ қыздарын сырттай бақылап қарасаңыз, ана болуға лайықтысы өте аз. Жылы киінбейді, үйде әке-шешесіне көмектесіп тыныш отыра алмайды, түнімен гөләйттауға әуес, т.б. иттік қасиеттерді бойға жинаған. Сөйтіп, өзі ана болған кезде, я баласына дұрыс тәрбие бермейді, я өзін де тәрбиелемейді. Жейтіні – темекі, наша, кальян, ішетіні – сыра, арақ-шарап. «Бес саусақ бірдей емес, алты саусақ әр түрлі» деген секілді әңгіме шығара бермеңіздер. Жазған нәрсем кімге қатысты, сол адамдар ғана өзіне қатысты қылсын.

Негізі, мен анамның сүтін туылғаннан кейін 3 ай ғана еміппін. Анамнан сүт шыға қоймапты сосын. Бірақ «нән-пән» деген сияқты пәлелерді жемегем. Ешкінің сүтін еміп өскенмін.

Ешкі сүті — жоғары азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағам өніміне жатады. Ешкі сүті нәруыздарының көпшілігінің құ­рамында альбуминнің мол көлемі болуына байланысты, құрамдас бөліктерге ыдырайды, яғни қоры­тылмаған күйінде сіңбей, ұсақ үлпектер түрінде ұюға ұшырайды. Сондықтан ол ағзаға жеңіл сіңіп, ас қорыту жүйесінің бұзылуына жол бермейді. Ешкі сүтінде көп кальций (143.0 мг), магний (14.0 мг), фосфор (89.0 мг), мар­ганец (17.0 мкг), мыс (20.0 мкг), А (0.1 мг), В (0.04 мг), С (2.0 мг) жә­не Д (0.06 мг) дәрумендері, ас­кор­бин қышқылы бар. В12 дәру­менінің құрамына кіретін және қан өн­дірімі үрдістеріне жауап беретін кобальттың мөлшері сиыр сүтімен салыстырғанда ешкі сүтінде 6 есе көп. Сүттің құрамында кальцийдің мөл­шерінің мол болуы — жүрек-қантамыр жүйесіне оңтайлы әсер етеді. [5]

Жәрар! Негізінде, қозғайын деген тақырыбымды бұрыннан қозғап келеміз әлі де, көтерейін деген мәселемді де көтеріп тастаған. Бар айтпағым, бойдағы қасиет те, ана тілі де, басқасы да ана сүті арқылы келеді. Бәлкім, ана сүтін дұрыс ембеген жастар мәңгүрттікке жақын келетін де шығар.

Өз тіліне түкірген қазақ, әлбетте, өзгеге құл болады. Санасы жағынан да, рухани сезімі жағынан да. Бірақ кейбір қазақша «таза сөйлейтін» кісілер де, тіпті, ЖОО-ларда беделі, басқасы болса да, қазақша «таза сөйлеп тұрып», емтихан кезінде пара сұрайтыны несі ей!? Құрып кетсін ондай парақорлардың «таза қазақша» сөйлегендері! Оның қасында адамгершілігі бар мәңгүрт артық.

Абай атамыз айтты ғой: «Өзге елде тұрып, өз елін бай деп мақтайтындар – қарғысқа ұшырағандар» деп. Енді қараңыз, қазақтар көп. Бірақ орысша «я — казах» деп мақтанатындар әлгі көптен көп. Демек, олар да қарғысқа ұшырағандар.

Ананың сүті арқылы келеді, не де болса, тілге деген сүйіспеншілік, елге деген ыстық сезім. Бұл жазғанымды Роман Бұрқаштың «Ана сүті» деген жырының үзіндісімен аяқтағым келеді:

 

Раббымның,

Мына әлемді бар қылып керек еткеніне,
Керек еткеніне, сан ғажап кереметтеріне
Тамсана қағам таңдайды.
Тамсана қағып таңдайды, сәждеге қоям маңдайды.
Құдіретін мендегі мына ет жүрек,
Ана сүтімен дарыған, ана тілімен жырлайды.
Жырлайды-дағы тынбайды.

Кел, бауырым, жаныма менің жақын кел,
Салмақтап айтқан мендегі сырдың нарқын көр.
Сезбесе түйсік, ұқпаса санаң жаныңа соны тұт-қайғы,
Айтайын саған анаңнан емген кәдуілгі құнар сүт жайлы.
Жан тамсанар,
Мұнда бір сыр бар,
Сүт жайлы айтқан демегін түкте ұтпайды.
Ғибратымен ұқ жайды.

Сүт деген досым ағзаның керек мол емі,
Сен туылмағанда, анаңда уыз жоқ еді.
Шыр етіп даусың, көргеніңде нұрын ғаламның,
Барлығы сені әлпештеп өбер болар күн.
Сол сәтте аналық мақсұтын көріп,
Мәпелеп саған ақ сүтін беріп,
Ийді төсі анаңның.

Әлемнің сырын ұғу түк емес сау болса адам санасы,
Ал енді, досым, зейінді қойып мына бір қызыққа қарашы:
Бораныменен қалшылдап тұрған қаңтарда тусаң егер шын,
Балдай татыған ана сүтінің жылығанын бір көрерсің.
Күн нұры туып сән,
Ал жазда туылсаң,
Салқындау болған анаңның сүтін емерсің,
Раббыңның мұндай шеберлігіне не дерсің?!

Аллаһты меңзеп тұрады дәйім әлемнің бүкіл сәні мың,
Ана мейірімі де нығметі ғой құдіреті күшті Тәңірдің.
Сол мейірім, сол махаббат өміріңнің болар жыр-әні,
Ана сүтімен егілер саған Жаратушының шуағы.
Сұйылып кейде,
Қою боп бейне,
Сен өскен сайын өзгерер сүттің құрамы.
Хаққа жетелер әлемнің сансыз сұрағы.

Ананың сүтін, араның балын, бойдағы қанның барлығын,
Жасай алмайды ешқандай құрал дамыса-дағы бар ғылым.
Рахманның нұры ғаламға мынау тұрады шексіз таралып,
Бастауын ғылым Құраннан алса ашады небір жаңалық.
Екі дүние сайлап тұғырын,
Мәнді болар әйбат ғұмырың,
Раббыңның сөзі-жолымыз болса сара нық.

Әлем бір көрме кереметтерін тауса алмас ешбір жан санап,
Тәңірдің мінсіз шеберлігіне айтасың сонда сан мадақ.
Шындыққа, досым, көзің жеткен соң көңіліңде болар таң қалыс,
Таңқалыс барда, тамсану барда оянар иман, ар-намыс.
Өмірің жас қой, сәждеге бас қой Тәңірің үшін расында,
Сол ғана болар жанған іс,сол кезде туар самғау күш!!!

 Дерек көздері:

  1. 1.     Жетпісбай Жанахметов, облыстық салауатты өмір салтын

қалыптастыру орталығының баспасөз маманы. Ана сүті бой өсіреді. Ақтөбе газеті. 7 тамыз. 2012 жыл.

  1. 2.     Жадыра Сейілханқызы. Ана сүті – бал. Алдаспан газеті. 10 тамыз.

2011 жыл.

  1. 3.     М.Телишева, №3 қалалық емхананың бала дәрігері. Ана сүтінде

қуат бар. Атырау газеті. 5 тамыз. 2008 жыл.

  1. 4.     Қазақстан жаңалықтар порталы. Ана сүтінің кереметтері. 9

наурыз. 2013 жыл.

  1. 5.     Ершай Әзірет. Ешкі сүтінің пайдасы зор. «Айқын» газеті. 30

қыркүйек. 2010 жыл.

      Жансанов Медет

http://ult.kz/kz/article/view?id=1178

Рубрика: