Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазағы көп аймақта облыс әкімінің орынбасары неге жиынды орыс тілінде жүргізеді? Осы жағы бізге түсініксіз. 

Нақты айтар болсақ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназароваға бюджеттік мекеме қызметкерлерінің өкпесі бар секілді, өйткені өзі басқарған жиынды ол көбінесе орысша жүргізеді. Оның тарапынан әрбір аудандар мен мекемелерге жіберілетін хат, хабарламалар да ресми тілде жіберіледі. Арагідік қазақшаланып қоятыны болмаса, қазағы көп аймақтың ресми жиындары неге орыс тілінде өтеді?

Біздің Қазақстандағы Конститу­ция­мызда, Тіл туралы заңымызда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Ұлт болған жерде тіл, тіл болған жерде оның мәселесі де болады. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына жол бермеуі қажет. Жуырда Қызылорда қаласындағы №2 «Мұрагер» мектебінде жиын өтті. Оған облыстық білім департаменті, аудандық, қалалық білім бөлімдері, мектеп директорлары, әр мек­тептен 3-4 директордың орынбасарлары, 500-ге жуық білім саласының мамандары қатысты. Жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова бір сағаттан аса кешігіп келді. Күн тәр­тібіндегі мәселе бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы, облыстық білім мекемелерінің бақылау департаменттерінің басшылары, облыстық білім басқармасы­ның басшылары хабарлама жасады. Хабарлама біткен соң, облыс әкімінің орынбасары Ақ­марал Әлназарова жөні болса да, бол­маса да мектеп директорларын мінберге шығарып, әрбірінің үстінен «аты жоқ арыз, майда бұзақылық бар» деп айтып ұрыса жөнелді. Жиналыс 7-8 сағатқа созылып кетті. Бір мектептің мұғалімі басы айналып құлап қалды. «Күлтөбеде күнде жиын» сонда қалай дейміз-ау?». Облыс әкімі орынбасарының мектеп дирек­торларының үстінен ұйымдастырған «аты, не заты жоқ» анонимдік арыздарды сөз етіп кеткені несі?

Облыста өткен жылы Елбасының «Ба­лапан» бағдарламасы орындалмай қалды? Оған кім жауап береді?

2013 жылдың қараша айынан Қы­зылорда қаласында мектеп директорларына ротациялау жүйесі жүргізілді, яғни бір мектептен екінші мектепке басшылар ауыстырылды. Ең қызығы, 2013 жылдың 4 желтоқсан күні Сыр елінің «Ел тілегі» га­зетіне сол қызметті атқарып отыр­ғандарына қарамастан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы 12 ақпанындағы №57 бұйрығына сәйкес­тілігінен Қызылорда қалалық білім бөлімі мемлекеттік мекемесі осы лауазымда жұ­мыс жасап жатқан №11, №144, №176, №253 орта мектеп мемлекеттік мекемелері директорларының лауазымына конкурс жарияланды. Бұл конкурсты аталған мектеп басшылары газет арқылы ғана білген. Негізі ережеге сәйкес, конкурс мемлекеттік газеттерге берілуі тиіс еді. Бірақ жекеменшік «Ел тілегі» мен «Ақмешіт ақшамы» газеттеріне конкурс жария­лағанғаны қалай?

Конкурс өткізу Қызылорда қаласы мек­тептері үшін жаңалық емес, ал бұл кон­курстың ерекшелігі «тірі директордың» орнында отырғандығында. Соған қара­мастан, әркімнің құқы бар, әр мектептен 3-4 үміткер тіркеле береді. 2013 жыл бойы қаладағы мектеп директорларының орын­басарлары алды он реттен, соңы бес реттен конкурстарға қатысты. Бұл конкурс өт­кізудің ең келеңсіз жайы сол – орынды-орын­сыз, егесі бар немесе егесі жоқ бүр­кемеленген арыздардың толассыз жазылуы. Қазір Қызылорда қаласы мектептері ҰБТ-ға дайындықты емес, директорлары «мені қашан ауыстырар екен?» деп, орынбасары «қай конкурста қашан директор болар екенмін?» деп бас ауыртып жүр.

Қала мектептерінде болып жатқан ке­леңсіз жайттарды тоқтатудың орнына, облыс әкімінің білім саласына жетекшілік ететін орынбасары А.Әлназарова ханым бүркемеленген арыздарды үсті-үстіне түрлі мекемелерге жолдап, тексертумен шектеліп отыр. Бір-ақ мысал, облыстық білім са­ласының қомақты қаржысын алып отырған мектеп-интернат бітірушілерінің ата-ана­ларын жинап, ақылы түрде оқытуды талап етті. Сонда «дарынды мектептің дарынды ұстаздары» немен айналысады, қосымша сабаққа бөлінген қаржы кімге төленеді? Бұл жайт 11-сынып бітірушілері мен ата-аналардың наразылығын тудыруда. Құра­мында 15 мүшесі бар жоғарыда аталған комиссия төрт мектептің директорының екеуін қызметіне лайықсыз деп танып, сол мезетте қызметінен босатты. Олар: 18 жыл өмірін мектеп басқару ісіне арнаған, зейнеткерлікке бір-ақ жылы қалған – Н.Садыбекова және 14 жылдан бері бір мектептің директоры қызметін атқарған – Б.Ниязбекова.

Әу бастан-ақ конкурстың заңсыз өтіп жат­қанын білсе де, соңы тап осылай болар деп ойламаған мектеп директорлары әділдік іздеп, құқық қорғау органдары мен еңбекті қорғау инспекциясына арызданды. Нә­тижесінде, әділеттік орнады, яғни екі жа­рым ай жүйкені жұқартқан «спектакль» аяқ­талды.  Осының барлығы не үшін, кімге ке­рек? Қалай айтқанда да, аймақтағы білім са­­ла­сына бір жүйелі бетбұрыс керек боп тұр.

http://www.aikyn.kz/articles/view/47447

Рубрика: