Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Айдос ӘБДІХАЛЫҚОВ, «ҚАЗТЕСТ жүйесі»
Ұлттық тестілеу орталығының басқарма жетекшісі
16.05.13

Image
Мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы реформалар мемлекет­тік тіл – қазақ тілінің дамуына да өз септігін тигізіп келеді. «А» кор­пусына үміткер боп құжат тап­сырған 2000-ға жуық азаматтың компьютерлік тестілеуден сүрінбей өткендері мемлекеттік тілден де тест тапсыру сынағына жіберілуі керек. «ҚАЗТЕСТ жүйесі» Ұлттық тестілеу орталығының Басқарма жетекшісі Айдос Әбдіхалықовтың айтуынша, олардың қатарында аудан, қала әкімдері, орталық ат­қарушы орган өкілдері: ми­нистр­ліктердегі жауапты хатшылар, комитет төрағалары мен орынба­сарлары, Президент әкімшілігін­дегі сектор меңгерушілері, Парла­мент (Сенат, Мәжіліс) аппарат мүшелері мен басшылары, Жо­ғарғы сот, Бас прокуратурадағы бө­лім бастықтары бар. Қазіргі күні қа­зақ тілін меңгерудің халықаралық тіл білу талаптарына сәйкестен­дірілген 5 деңгейі анықталған. Олар: қарапайым, базалық (негіз­гі), орта, ортадан жоғары және жо­ғары деңгейлер. Жасыратыны жоқ, елімізде қазақ тілін «амандасу, қоштасу» деңгейінде білетін мем­қыз­меткерлер де жоқ емес. Бұл арада тілдік тест қаншалықты күрделі?
– Егер де сіз бен біз білетін деңгейдегі тілді айтар болсақ, онда ұсынылып отырған тест мүл­дем оған жақын емес, – деп бас­тады әңгімесін Айдос Әбдіха­лықов: – Сондықтан тілдік ахуал­ға байланысты Мемлекет­тік қызмет агенттігі бізге қандай тапсырыс беріп отыр? Олар бізге: «Тіл меңгерудің жалпы сұрақта­рын беріңіздер, ар жағын біз өзіміз анықтап аламыз» – деп ұсыныс тастады. Мәселен, үміт­кер 150 тапсырманың ішінен
балл жинайды. Соған байланыс­ты біз үміткердің тілді білудің қан­дай деңгейге жақын тұрғанын ғана айта аламыз. Мысалы, қа­рапайым деңгейге, базалық не­месе орта деңгейге жақын де­гендей ақпарат береміз.
Жалпы, «А» корпусын қалып­тастырудың ережесінде былай жазылған: «А» корпусы өкілдерінің конкурсқа қатысу барысында қазақ тілінде тест тапсыру нәти­жесінде қазақ тілін базалық дең­гейден төмен меңгергендігі мін­детті конкурстың келесі кезеңіне өтуге кедергі келтірмейді. Алайда ол конкурс кезінде есепке алы­натын болады» – делінген. Яғни демократиялық жолменен еш­кімді мәжбүрлемей, мемлекет­тік тілді меңгерудің мотивация­сын жасап отыр. Менің пікірімше, бұл өте дұрыс әрі жұмсақ жасал­ған қадам. Бұл арқылы мемлекет­тік тілді меңгеруге деген уәжді арт­тыруға болады.
– Бұдан бұрын тілдік емти­хан­нан аудан, қала әкімдері де өткен еді. Анығын айтсаңыз, олардың басым бөлігі қанағаттанарлық деңгейде болды ма?
– Басым бөлігіне жоғары­дағыдай «қазақ тілін базалық деңгейден төмен меңгергендігі міндетті конкурстың келесі ке­зеңіне өтуге кедергі келтірмейді деген» мәселе тұрғысынан қа­расаңыз, онда қанағаттанарлық деңгейде. Ал егерде сіз бен біз сияқты сөйлейтін деңгейге кел­сек, онда сіз тестті көріп, «ой, қа­зақ тілін меңгергенін бұлай бағалауға бола ма» деп айтуыңыз мүмкін. Жалпы, тіл меңгеру деңгейі әлемде қалай бағаланса, біз де сол әлемдік технологияны сақтап отырмыз. Олар тыңдаға­нын, естігенін және оқығанын қалай түсінеді, күнделікті өмірде қазақ тілінің лексика-грамма­тикалық құрылымдарын қалай пайдаланады – осылардың бәрін кешенді түрде бағалаймыз.
– Мемлекеттік қызмет са­ла­сындағы реформалар мемлекеттік тілдің дамуына да өзіндік үлес қосып жатыр ма?
– Бұл айдан анық дүние. Өкі­нішке қарай, қазір кез келген мемлекеттік қызмет мекемесіне барсаңыз, олар «Біз жылына осын­ша пайыз құжатты мемле­кеттік тілде жүргіземіз, осын­ша пайыз жиналыстар қазақша өте­ді» – дейді. Бірақ мұның негізгі төркінінің қалай боп жатқанын бәріміз білеміз. Былайша айт­қанда, атқарушы хаты ғана қа­зақша жазылады да, оның ар­тындағы қосымшасының бәрі орыс­ша беріледі. Бірақ «жіберіл­ген ісқағаздардың барлығы мем­лекеттік тілде кетті» деп, есеп береді. Жылдық есептерін есті­сеңіз, мемлекеттік мекеме іс-қағаздарының 85-90 пайызын мемлекеттік тілде атқарған бо­лып шығады, бірақ мұның бәрі жал­­ған ақпарат. Баяндамалар мен жи­налыстардың да мемлекеттік тіл­де өтеді дегені әншейін сөз ғана. Мәселен, әрбір жиналыс «сала­мат­сыз ба» деп басталады да, кейін таныстырылым болып, со­сын «егер рұқсат берсеңіздер рес­ми тілге көшейін» дейді де, бү­кіл жиынды орыс тілінде өткізеді, жиналыс соңында: «Ұсыныс­тары­ңызға рақмет, келесі кездес­кен­ше!» деп қазақша бітіреді.
– Бұл жағдайды қалай өзгертуге болады? «Тілдер туралы» заңнан бөлек, «Мемлекеттік тіл» туралы ар­найы заң қажет пе?
– Бірден кесіп айту қиын. Өйткені оның сыртында Прези­денттің үштілділік саясаты мен жаһандану процесіне енуіміз тұр. Жалпы, тілді меңгеру үшін оған әрбір тіл үйренуші өзінің жүрегін ашу қажеттігін Президентіміз бір сөзінде тілге тиек еткен еді. Әри­не, мақсатты өз елімнің, жерім­нің мемлекеттік тілін меңгеремін деп қызығып қойса, онда нәтиже де соған сәйкес көңілге шуақ сеп­кендей болары хақ. Біз кезінде тек сөз деңгейінде ғана емес, іс жү­зінде де өз ұсынысымызды жет­кізгенбіз. Мысалы, «Тіл туралы» заңның 23-бабында: «Мемлекеттік тілді міндетті білуі тиіс маман­дықтардың, лауазымдардың, кәсіптердің тізімі жеке заңмен анықталады» – деп, жазылған. Осы тізімді біз алдыңғы жылы әзірледік. Бүкіл Қазақстанда қандай мамандықтар, лауазым­дар мен кәсіптер болса, соның бәрі­нің тізбесін жасап, барлық ми­нистрліктермен келісіп, Пре­мьер-министрдің кеңсесіне кір­гізгенбіз. Менің қолымда об­лыс әкімдерінен бастап, бүкіл министрліктермен келісілген хаттар бар. Бірақ премьер-ми­нистрдің канцеляриясына кір­геннен кейін іс тоқтап қалды. «Бұл біздің тілдік саясатымызға дұрыс келмейді, біз мынандай мамандар қазақ тілін осындай деңгейде білуі керек» дегенді заң жүзінде анықтай алмаймыз» деп шықты.
Бір айта кетерлігі, біздің елімізде қазақ тілін ең жоғары деңгейде Қазақстан Республи­касына Президент болуға үміт­керлер білуі тиіс. Естеріңізде болса, кезінде Президент Нұр­сұлтан Әбішұлы да мемлекеттік тілден емтихан тапсырған. Сол сияқты министрлер мен жауап­ты хатшылыққа үміткер азамат­тар­дан да арнайы тест алуға бола­ды. Сондай-ақ «А» корпусы, «В» кор­пусы, жай сарапшыларға дейін өз деңгейіне қарай мемлекеттік тіл­ді білу дәрежесіне байланыс­ты тест өткізуге мүмкіндік бар. Мәсе­лен, қазіргі күні мемлекеттік қыз­меткерлер қазақ тілінен 20 шақты сұрақ бойынша тест тапсырады. Сұрақтарға келсек, олардан әр­түрлі заңдардың қазақша нұс­қаларын сұрайды. Мәселен, «право» сөзі қазақшаға қалай аударылады дегендей сұрақтар басым. Бұл олардың мемлекеттік тілді білу деңгейін көрсетпейді. Біздің ұсынып отырған тесттері­міз – тыңдап түсіну, оқып түсіну, жаза білу мен сөйлей білу қабі­леттерін бағалайтын тапсыр­малар.
– Түптеп келгенде, қарапайым халықтың бәрі қазақша сөйлейді, бар мәселе тек лауазымды тұлға­ларға тіреліп тұрған жоқ па?
– Олай да айтуға болмайды. Мысалы, қазір мемлекеттік қыз­меткерлерді алсақ, олардың арасында білікті аға-апаларымыз жүр. Олар мемлекеттік тілде де, ресми тілде де бірдей сөйлейді. Өте сауатты, өз ісінің білгір ма­мандары мемлекеттік қызмет саласында баршылық. Бір қуантарлығы, олардың үлесі асып келеді. Бұл жерде мәселе – өзіміздің ерік-жігерімізде. Біз бұған көп ерік бермейтін сияқ­тымыз. Бұл арада мемлекеттік қызметшілерге арнайы талаптар болса екен дейміз. Мәселен, жи­налыстардың барлығы мынан­дай көлемде қазақ тілінде өтуі тиіс дегендей талап енгізілсе дұрыс.
– Президент 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс деп тапсырма берді. Бұл тапсырма қан­шалықты орындалуы мүмкін?
– Егер де біз жалпы 16,5 мил­лион халықтың бәрін алар бол­сақ, онда бұл сұрақ дұрыс қойыл­ған ба, әлде жоқ па дегендей ой туын­дауы мүмкін. Мәселен, Қазақ­станда әлі де қазақ тілін білмей­тін адамдардың саны көп пе деген сұрақ туады. Бұл жердегі мәселе­ні былай түсіну керек: жалпы бұл ересек тұрғындардың орыстіл­ді бөлігінің, яғни орысша тәлім-тәрбие, білім алған адамдар­дың үлесінің 95 пайызы деп есептеуі­міз керек. Жалпы, еліміздегі 16,5 миллион халықтың тура жартысы, яғни 8 миллионы – ересек тұр­ғындар. Сол ересек тұрғынның өңірлік ерекшеліктеріне байла­нысты 40 пайызы, яғни 3 мил­лион халық – орысша тәрбие мен білім алған адамдар. Біз тіл меңгеруі тиіс 95 пайызды сол тіл білмейтін 3 миллион халық ара­сынан іздеуіміз керек. Ал мұны 16 миллион халықтан іздесеңіз, бұл сұраққа ешқандай да сауалнама дұрыс жауап бере алмайды.
Қазіргі күні айналамызда тек қана қазақша сөйлейтін аза­маттардың қаншалықты көп екенін күнделікті өмірден көріп отырмыз. Бар мәселе – жоғарыда айтылған ерік-жігерімізде. Неге дүкенге кіргенімізде, дүкеншінің орыс екенін көре тұра, нанның қанша тұратынын қазақша сұрамасқа?! Біздің орыстар мем­лекеттік тілді біледі, түсінеді. Әйтпесе «нан қанша тұрады» де­ген оңай нәрселерді оларға он жыл бойы не үшін үйреттік?! Әр­қайсымыз ерік-жігерімізді жегіп, өзіміз қазақша сөйлесек, басқа­лар да қазақша сөйлей бастайды.
– Маман ретінде айтсаңыз, тілдің дамуына байланысты сізде оптимистік ой басым ба, әлде пессимистік ой басым ба?
– Мен жалпы өмірде оптимист адаммын. Әр нәрсенің өз шешімі болады. Оған тек уақыт пен еңбек керек. Бұл үлкен саясаттың ісі деп, қол қусырып отыра берсеңіз, ештеңе де өнбейді. Біздің «ҚАЗТЕСТ»-ті жасап келе жат­­қанымызға 6 жыл болды. Бір сәт те тоқтаған емеспіз. Әдістемелік жағын жетілдіру үстіндеміз, шетелдік тәжірибелі мамандарды да шақырамыз, біліктілік семи­нарларын да ұйымдас­тырамыз. Қайтсек те, сапаны арттыруға ты­рысамыз. Компьютерлік бағдар­ламаларын да жасап жатырмыз. Осындай еңбектің арқасында бізді «Болашақ» үміткерлерін, Мемлекеттік қызметкерлердің «А» корпусын тілдік талаптан өткізуге қосып отыр. Егерде біздің бағдарламамыздың сапасы болмаса, ешкім шақырмас еді. Бұл еңбегіміздің жемісі.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Кәмшат ТАСБОЛАТ

http://www.aikyn.kz/

Рубрика: