Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

6769ee7934d7666dc26e66cec85d9290 (1)«Говорите на русском, я не понимаю»! Дәл осы сөз «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың шымбайына батқан. Қазақ тілінің мүддесін қорғаймын деген оның оң ниеті дауға ұласып, ол үш күн темір торда жатып шықты.

Әкімшілік жазасын өтеп шыққан ол: «Мен бар болғаны қызуы көтеріліп, суықтап қалған бір жасар ұлымды жұбату үшін орталық жолда тұрдым. Сол жерде (аты-жөні Р.Хабибуллаев екенін кейін білдім) бір жолсерік  жігіт байқаусызда томат шырынын төгіп жіберді. «Мынауың не?» деген сұрағыма «Говорите на русском, я не понимаю» деп кете берді. Мен соңынан барып, «Мен неге орысша сөйлеуім керек? Сен неге маған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейсің? Қазақ тілін білмейтіндер Қазақстан авиациясында жұмыс істемеуі керек» дедім. Әлгі жігіт: «Бұл Ресейдің компаниясы» деп жауап қатты. «Ресейдікі болсын, басқанікі болсын, бізге, Қазақстан халқына қызмет етіп отырған соң, қазақша сөйлеуің керек» дедім. Дәл сол кезде төрт сағат бойы тек орыс тілінде қызмет етіп жүрген Әбділдина (оның да аты-жөнін кейін білдім) деген қыз шала-пұла қазақша сөйлей бастады. Екеуі кешірім сұрап, «болды енді ұрыспайық» деп тарастық. Олар  қайта шығып, жұрттан маған қарсы қол жинай бастады. Мен ұялы телефоныма олардың әрекетін түсіре бастадым. Мұны көрген Айжан бірден қолыма жабысты. Мен ары итерем, ол бері итереді. Бір кезде «маған күш көрсетіп жатыр» деп шу шығарды. Артынша аға бортсерік келіп, «мынаған қол қойыңыз, танысыңыз» деп акт қағазын тықпалай бастады. Мен «таныспаймын да, қарамаймын да, ары тарт» дедім де отыра бердім. Содан Алматыға ұшып келдік. Бір қызығы, қонардың алдында олар қазақша хабарлады. Ал оған дейін қазақша бір ауыз сөз айтылмаған болатын. Ұшақтан екі полицей мені қылмыскер, террористі ұстағандай, жұрттың алдында масқаралап алып шықты. Бар болғаны осы».

 

Бұл түсінбеушілік соңы сотқа ұласып, бас редактор әкімшілік жазаға тартылып, үш тәулікке қамалған. Сот залынан қамауға алынған оның үйіне барып, мән-жайды түсіндіруіне де мұрсат берілмепті. Жағымсыз жайтты басынан өткерген Жарылқап Қалыбай өзін қынжылтқан тіл мәселесі екенін айтуда. Сот тағайындаған жауапкершіліктен жалтармаған ол кикілжің болған күні өзінің аз-маз виски ұрттағанын, ашу-ызамен ащы сөздер айтып жібергенін мойындап отыр. Бірақ өз тілін өзекке тепкен жандардың әрекетімен келіспек емес. «Әр қазақ жүрген жерінде тіл сақшысына айналуы тиіс» дейді ол.

 

Қорғаушы Абзал Құспан бұл оқиғаны заңдық тұрғыдан сауатты талдап, реттеп беру үшін Оралдан арнайы келіпті.

 

Абзал Құспан: «Бар мәселе жолаушыны қағып өткен бортсеріктен басталып отыр. Мұндайда бортсеріктер тарапынан қандай заң нормалары бұзылғанын айтып өтейін. Бұл жағдайлардың барлығы Қазақстанның заң нормаларында ескерілген, реттелген. Бұл тұрғыда бізге Үкімет пен өзге де заң орындарына өкпелеудің еш реті жоқ. Бірінші тұтынушылардың құқын қорғау туралы заңға тоқталсақ. Заңның 7-бабы 6,13,14-тармақтарында белгіленгендей тұтынушы көрсетілетін қызметтің тиісті сапасын талап етуіне, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, осы заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар. Ал Конституциямызда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде көрсетілгенін әркім біледі. Ата заңымыздың  19-бабының 2-тармағында «әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас тілін еркiн таңдап алуға құқығы бар» делінген. Ал 39-баптың 3-тармағында басқа баптармен қатар осы 19-бапта көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелмеуге тиісті» деп жазылған. Бұл норма Тіл туралы заңның 6-бабымен де бекітілген. Оған сәйкес «Қазақстан Республикасы азаматының ана тiлiн қолдануына, қарым-қатынас тілін еркiн таңдауына құқығы бар» деп жазылған. Ал бұл кісінің ана тілі – қазақ тілі. Дәл осы заңның 7-бабында «тiлдердiң қолданылуына кедергi келтiруге жол берілмейтіндігі» көрсетілсе, 24-бапта «Тiл туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық» көзделген. Онда: «ҚР Тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi мемлекеттiк органдардың бірінші басшылары не жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдары, кез келген меншiк нысанындағы ұйымдардың бiрiншi басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады» делінген.

 

«Скат» авиакомпаниясы – заңды тұлға. Сонымен қатар онда «мемлекеттiк тiлде және басқа тiлдерде қызмет атқарылатын салада олардың қолданылуына кез келген кедергi келтiру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкелiп соғады» деп көрсетілген. Енді авиация саласын реттейтін профильді заңға сілтеме жасайын. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңының 56-бабының 6-тармағында: «ҚР азаматтық әуе кемесінің, кабина экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті» делінген. Бәрі де өтті, кетті. Жарылқап Қалыбай әкімшілік жауапкершіліке тартылды. Біздің бұл жерге жиналғандағы мақсатымыз –  оқиғаға заңдық тұрғыдан құқықтық баға беру. Болашақта осындай патриоттық мәселелер орын алса, әр азамат не істеуі керек?

 

Екі бірдей журналдың бас редакторы осындай жағдайға ұшырап жатса, қарапайым көшедегі қазақтың басына қандай күн тууы мүмкін?!» деп түйді ойын редактордың қорғаушысы.

 

P.S. Жарылқап Қалыбай мен оны қолдаушылар Көлік және коммуникация министрі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиевқа хат жіберіп, осы мәселеге назар аударуды өтініп отыр.

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/29876

 

 

Рубрика: