Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

загруженноеЖекешелендірудің екінші толқыны жөнінде айтқан сөзінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ең алдымен, жекешелендіру үдерісіне тиімді жұмыс істейтін кәсіпорындар шығарылуы керектігін» қадап тапсырды. Елбасының пікірінше, тек тиімді де табысты кәсіпорындар ғана әлеуетті инвесторлардың назарын өзіне аудара алады. Инвесторлар демекші, мемлекет басшысы Бурабайда өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында шетелдік инвесторларды Қазақстандағы жаңа жекешелендіру үдерісіне қатысуға шақырған болатын. Сонымен қатар, Президент шетелдік инвесторларды еліміздегі колледждер мен жоғары оқу орындарын басқаруға тартуға Үкіметке арнайы тапсырма берген.

«Тиімді кәсіпорын» дегенге мысал ретінде жекешелендіру жоспарына енгізілген екі үлкен компанияның активтерін алуға болады. Мәселен, «Қазмұнайгаз» АҚ-ы өзінің бірнеше ірі активтерін бәсекелестік ортаға шығармақ. Солардың ішінде «Қазтрансгаз аймақ» және 49 пайыз акциясы сатылатын «Қазтрансгаз-Алматы» компаниялары бар. Бұл екеуі де осал кәсіпорын емес. Алғашқысы газ тартылған 9 өңірдің 8-ін «көгілдір отынмен» қамтамасыз етсе, екіншісі еліміздегі ең үлкен қала – Алматы мен Алматы облысын газбен «қоректендіріп» отыр.

Ал «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның жекешелендіруге ұсынған компаниялары тіптен таң қалдырады. Ол отандық жүк-вагон паркінің ең ірі операторы – «Қазтеміртранстың» 49 пайыз акциясын сатуға шығарған. Аталған компанияның таратқан дерегінше, ол еліміздегі темір жол тасымалдарының 60 пайыздан астамын жүзеге асырады. Сонымен бірге, телекоммуникациялық нарығымыздағы әрі танымал, әрі беделді «Транстелекомның» 49 пайыз акциясы, темір жолдың қажетіне электр қуатын басты жеткізуші «Теміржолэнергоның» 60,8 пайыз акциясы да әлеуетті сатып алушыларды қызықтыратыны белгілі. Бұған қоса, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы «Көліктік қызмет көрсету орталығы» АҚ-ы, «Локомотив құрастыру зауыты», «Электровоз құрастыру зауыты», «Тұлпар-Тальго», «Алматы вагон жөндеу зауыты», «Қамқор локомотив», «Востокмашзауыт», «Астана дизель Энджинс» сияқты компаниялар пакетін де жекешелендіруге шығарды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстелде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова: «Жалпы алғанда, бейіндік емес активтермен қатар жетерліктей тартымды, қалыпты қызметі бар, табысы мен қаражаты мол нысандар да сатылады» деп мәлімдеді. – Бізде бәсекелестік нарық, жекеменшік сектор жақсы дамып келеді. Ал, қордың және оның компанияларының осы нарықта өмір сүруі әрдайым нәтижелі бола бермейді. Сондықтан, біз оларды кәсіпкерлерге сатамыз,- деді ол. Алайда, алып қордың мақсаты аталған компанияларды сатудан түсетін пайдада емес. Негізгі мақсат – шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру. Осыған орай отандық электрондық БАҚ-дың біріне берген сұхбатында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қаржылық директоры Нұрлан Рахметов былай деді: «Біздің мақсатымыз – компания құнын өсіру. Яғни, ол тиімді жұмыс істеген жағдайда құны да артады. Біз қордың құрылымына талдау жүргіздік. Мысалы, біздің құрылымға 9 деңгейдегі 599 ұйым кіреді. Әрине, мұндай құрылымды басқару да қиынға соғатыны белгілі. Сондықтан, осы құрылымды айтарлықтай қысқартуды көздеп отырмыз. Ол үшін компаниялардың санын азайтамыз: бірін таратсақ, бірін жеке меншік секторға береміз».

Әмірлан Әлімжан

Рубрика: