АЛТЫНОРДА
Новости

Тері илеуге де икемсіз болғанымыз ба?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Үкімет үкілі үміт артқан ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға берілген уақыттың көбі өтіп, азы қалды. «Нар жолында жүк қалмас» демекші, елдің әл-ауқатын көтеру мақсатында қабылданған кешенді бағдарлама тұсауын кескенде көп нәрседен дәметтік, рас. Бағдарламаның басты мақсаты – «экономиканы әртараптандыру және оның  бәсекеге қабілеттігінің өсуін қамтамасыз   ететін басым секторларын дамыту» болса, бұл тұрғыда істелініп жатқан ілкімді істер жетерлік, ол да даусыз. Бірақ бір «әттеген-айы» бар. Түзелуі тиіс көште жеңіл өнеркәсіп те бар сияқты еді, ұмыт қалды ма, әлде кезегі жетпей жатыр ма, әйтеуір бұл салада ауыз толтырып айтарлықтай бәлендей өзгеріс байқалмайды. Оны айтасыз, жеңіл өнеркәсіптің «күре тамыры» саналатын тері өндірісінің тағдыры, тіпті қыл үстінде.

Мәселен, Жамбыл облысындағы «Ырыс Бақыт» ЖШС жылына 1900-ге жуық тері қабыл­дауға қауқары бола тұра, жос­па­рды 38 пайызға ғана орындап отыр. Ал Ақ­мола облысын­дағы «Энер­го­ле­митед-Петропав­ловск» бір жылда 350 мың тері өңдер-ақ еді, алайда орындап отырған жоспарының көрсеткіші 9-ақ пайыз. Шымкенттегі «Ти­чан-Скин» ЖШС-нің де жоспары 30 пайызға әрең жетіп жығылады. Алматы облысындағы «Зо­лотое руно» ЖШС-нің де көрген күні қараң. Жалпы айтсақ, еліміздегі тері өңдеу комбинаттарының саны 10-ға жуық. Солардың барлығы дерлік тері тапшылығына тап болып отыр. Ал ресми деректерге жүгінсек, жыл сайын 7,5 миллион тонна тері шикізат күйінде шетелге кетіп жатыр. Оның біразы заңды жолмен экспортталса, басым бөлігі көмейі кең көлеңкелі бизнестің көрігін қыздыруда. Сарапшылардың болжамы бойынша, елден жасырын кетіп жатқан тері-терсектен мемлекеттік бюджет шамамен 5 млрд теңгеден қағылып отырса керек. Кеден қызметкерлері «сыртқа экспорт­талатын тері жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, Қытайға кетіп жатқан шикізат 2012 жылы үш есеге артқан. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың он айында 2,7 миллион доллардың терісі экспортталса, 2011 жылдың осы мерзімінде бұл көрсеткіш 2,1 млн долларды құраған дейді. Жалпы, өткен жылдың соңғы он айында 17 миллион долларға бағаланатын 23 мың тонна тері экспортталыпты. Оны айтасыз, малы бар ауылдағы ағайында ит рәсуасы шығып жатқан терілер де жоқ емес. Ал Қазақстаннан тиын-тебенге әкетіп жатқан тері-терсектен орасан пайда көріп отырған Қытай, Түркия, Қырғызстан сияқты мемлекеттер жеңіл өнер­кәсібінің әлемдік нарықта қазір мүйізі қарағайдай. Сапалы былғарыға сұраныс қай елде де жоғары.

                            Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Ондай болса, тері өңдеу өнеркәсібі дамыған елдердің шикізаттың осы түріне «жерік» болып жүретіндері тегіннен-тегін емес. Бүгінгі таңда былғары киім импорттауда алабөтен келе жат­қандар – Түркия мен Қытай. Әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 25 пайызы – Түркияға тиесілі. Бұл елде бір күнде 3000-ға жуық тері өңделеді екен. Ал оларды тері шикізатымен қамтамасыз етіп отырған бірнеше ел болса, соның негіз­гі­сінің бірі – біз. Мынандай парадокс: ауыл­дағы ағайыннан теріні 400-500 теңгеге сатып алған алыпсатарлар оны шетел асы­рып жібереді де, сол тері өзімізге Түр­киядан не Қытайдан шамамен 50-150 мың теңге аралығында бағаланатын был­ғары күртеше болып қайтып келеді. Ал елтірі тондар құны 400 мың теңгеге дейін барады. Тіпті қырғыздар бізден асып түсіпті. Олардың 30 пайыз халқы қазір жеңіл өнеркәсіппен шұғылдануда. Қырғыз үкіметі жеңіл өнеркәсіп секторын барлық салықтан босатып, алаңсыз жұмыс істеулеріне бар мүмкіндікті берген. Соның нәтижесінде аталған сала күрт қарқын алып, тауарларын сыртқа шығарып жатыр. Ресей нарығының 7 пайызын қырғыздар қамтамасыз етіп отыр. Тіпті АҚШ-қа да шығаруда. Бұл дұрыс бағыт алған кешенді саясаттың жемісі болса керек.

Сонда жоғарыда сөз болған елдер жоқтан барды жасаса, ал біздің қолда барды ұқсата алмауымыздың себебі неде? Өз шикізатына бай бола тұра, қазақстандық тері өңдеу өндірістерінің жылдан-жылға кері кетіп бара жатқандығын қынжыла айтқан «Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары» қауымдастығының президенті Любовь ХУДОВА былай дейді:

– Сапалы былғарыға мұқтажбыз деудің өзі ақылға сыймайтын нәрсе. Жеңіл өнер­кәсіпті жолға қою үшін арнайы холдинг құру керек. Сондай-ақ кластерлік жүйе де көп түйінді шешер еді. Егер теріні өзімізде өндірсек, жеңіл өнеркәсіп тауарлары нарығының импортын ығыстыруға септігі тиетіні сөзсіз. Нарықтың 95 пайызы – контрафактілік тауарлар. Бұл – импорт тауарларға декларация жасалынбаудың салдары. Өкінішке қарай, Үкімет жеңіл өнеркәсіппен айналысам деушілерге ешқандай жағдай жасай алмай отыр. Отандық өнімге салық түрі жоғары болса, керісінше сырттан келетін тауарларға салық көлемі төмен. Елдегі тоқыма және тігін өнеркәсібінің ішкі нарығы – 8, аяқкиім өндірісі 1 пайыз ғана. Былғары киімдер туралы айтпай-ақ қойсақ та болады. Ал статистикалық агенттік «қазақстандық­тардың аяқкиім мен тері бұйымдарына жұмсайтын қаржысы жылдан-жылға артып келе жатыр» дейді. Егер тауардың осы түрін өзімізде шығаратын болсақ, экономикамыздың дамуына елеулі үлес қосар-ақ еді. Бір қуантарлығы, арнайы қаулы қабылданып, өңделмеген теріге кедендік салықты көтеруге қол жеткіздік. Бұрындары бір тонна шикізатқа 200 евро салық салынса, қазір кедендік салық – 500 евро. Біздегі кедендік салықтың тым төмендігінен ресейліктер өздерінің шикі­за­тын біздің шекара арқылы экспорттап келген еді. Бірақ мұнымен проблема шешілген жоқ. Сапалы терілер шетелге кетіп жатыр. Біздің кәсіпорындар болса, шикізаттың жоқтығынан жұмыссыз қалуда. Өйткені фермерлер теріні қолма-қол ақшаға сатып жібереді. Ал елдегі кәсіпорындарға сату­дың өзіндік қиындықтары бар. Сол себепті біз құзырлы орындарға теріні фер­мер­лерден сатып алатын жүйе құруды ұсынған едік. Алайда ешкім оған құлақ аспай отыр. Тағы бір мәселе, бұрындары мал сойып, оның терісін сыпырып алудың өзіндік технологиясы болған. Қазір малдың 80 пайызы фермерлік шаруашы­лықта. Олар теріні бұзбай алуды тіпті ойламайды да. Ондай шұрқ тесік терілер өңдеуге де жара­май­ды. Бұл да өз алдына күрделі мәселе болып тұр.

Елбасы Н.Назарбаев «ауыл шаруа­шылығы шикізаттарын өндіру мен өңдеу саласында кластерлік бастамашылықты іске асыру арқылы аграрлық өндірісті индус­трияландыруға айрықша назар аудару қажеттігін» аз айтып жүрген жоқ. Алайда Үкімет тұралап қалған тері өңдеу мәселесіне дұрыс көңіл бөлмей отыр десек, жалған айтқандық емес. Мемлекет тарапынан қолдау болмай, жеңіл өнеркәсіп орындарының еңсе көтеруі екіталай. Кезінде Қазақстан сапалы былғарымен бүкіл КСРО елдерін толығымен қамтамасыз еткен еді. Егер өнеркәсіп орындарын заманауи технологиямен жабдықтап, қажет шикізатын жеткізіп берсек, еңбек өнімділігін арттырсақ, бұрынғы дәуреніміз қайта оралып, дәулетіміз артар-ақ еді, бірақ… Осыдан үш жыл бұрын құрылған  «Қазақстан индустриялық даму инс­титуты» 187  кәсіпорынға талдау жүргізген екен, технологиялық аудит кезінде өнеркәсіп салаларының орта есеппен  48,8 пайы­зының істен шыққалы тұрғанын анықтапты. Тізіп шықсақ, машина жасауда – 56,8, металлургияда – 39,5, құрылыс ин­дус­триясында – 41,2, химия өнер­кәсі­бінде – 41,5,  ауыл шаруашылығы кеше­нін­де – 30, жеңіл  өнеркәсіпте 84 пайыз кәсіп­орын қаражаттың аздығынан әупіріммен күнелтуде. Байқап отырған боларсыздар, барлық отандық өнеркәсіп салаларының ішінде азып-тозып тұрғаны – жеңіл өнеркәсіп. Жалпы, ин­дус­трия­ландыру бағдарламасы қолға алын­ғалы бері елімізде 537 зауыт іске қо­сылыпты. Олар, негізінен, химия, мұ­най-газ, метал­лургия, машина жасау салалары бойынша. Жеңіл өнеркәсіп бұл жолы да өгей баланың күйін кешкенге ұқсайды. Десек те, үмітсіз шайтан.

«Қазақстан индустриялық даму инс­титуты» АҚ президенті Мейрам ҚАЖЫКЕН отандық БАҚ-тар арқылы:

– «Өнімділік–2020» пилотты бағ­дар­ла­масы аясында отандық кәсіпорындарды жаңар­туға қазынадан субсидия немесе грант түрінде 100 млн доллар бөлінбек. Жалпы, еліміздің барлық өндіріс орын­дарын заманауиландыру үшін 10 жыл және 15 млрд доллар қаражат керек екен, – деген еді. Бәлкім, сол кезде жолы ауыр жеңіл өнеркәсіпке дұрыс көңіл бөлінетін шығар. 

«Ал оған дейін, – дейді мамандар, тері ши­кізатын шетелге өткізуге үш жылға мораторий жариялау керек. Осындай жол­мен қордаланып қалған көп проблеманы шешуге болады».

Автор: Ләззат БИЛАН

http://ult.kz/kz/article/view?id=1221