АЛТЫНОРДА
Новости Алматы

ТЕМІР ЖОЛ БЕКЕТІНІҢ ТӨҢІРЕГІ ЖАБАЙЫ САУДАДАН АРЫЛАДЫ

660011002Алматыдағы адам қарасы мол жиналған қоғамдық орындарда жабайы сауда нүктелеріне қарсы жүргізілген шаралар туралы газетімізде тұрақты жазып келеміз. Бірақ, жауыннан кейін қаптап шыққан саңырауқұлақтай бұл айқай мәселеден біржола құтылу әзірге оңай болмай тұр.

Қаланың атқарушы орындары бұл мақсаттағы жұмысты күшейте түсті. Соның бір дәлелі — Алматыдағы темір жол бекетінің маңы енді жабайы саудадан біржола тазартыл­мақ. Осы кезге дейін  бей-берекет жайылып кеткен азық-түлік сататын дүңгіршектер алынып тасталып, басқа жаққа көшірілетін болды. Ал, олардың орнына қалаға келген қонақтардың көз жауын алатындай сырт келбеті келіскен заманауи кейіптегі сауда орындары бой көтереді. Алматы темір жол бекетінің төңірегін  жапсарлас салынған дүңгіршектерден тазартуды мақсат еткен әкімдік қызметкерлері темір жол бекетінің басшыларына қатаң талап қойып отыр. Бұл шұғыл тапсырманы «Вокзал-қыз­мет» толығымен орындауға кірісті. Темір жол басшылығы сауда орындарын жалға алушы кәсіпкерлердің далада қалмайтынын ескертті.

— Біз «Алматы-1» темір жол бекетінің маңындағы жалға алушы кәсіпкерлермен алдын-ала түсіндірме жұ­мыс­тарын жүргіздік. Таяу уақытта  бізге тиесілі дүң­гіршектер толығымен сүріледі, — деді «Вокзал-қызмет» АҚ Оңтүстік аймақтық филиалы директорының орынбасары Анатолий Киселев.

Бүгінгі күні темір жол бекетінде қауіпсіздік шаралары да қатаң бақылауға алынған. Қоғамдық тәртіп сақшылары жолаушылардың тыныштығын қірпік қақпай күзетуде. «Вокзал-қызмет» алыс-жақын шет елден келетін қонақтарды талапқа сай күтіп алады. «Вокзал-қызметтің» Оңтүстіктегі филиалы жолаушыларға қызмет көрсету деңгейі мен сапасын арттыруға мықтап ден қойған. Сонымен қатар, қауіпсіздік мақсатында 98 бейнебақылау камералары жұмыс істеп тұр. Жолаушылар заманауи терминалдар арқылы кезек күтпестен билетке тапсырыс бере алады. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілер қызмет сапасы да жоғары. Олар үшін вокзалда арнайы 2 жеделсаты жұмыс істейді.

— Қазіргі таңда біз мүгедек жандарға, яғни, мүмкіндігі шектеулі жаңдардың жүріп-тұруына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Темір жол бекеті аумағынан кәріп жандарға арналған автотұраққа орын бөлінді, — деді «Вокзал-қызмет» АҚ Оңтүстік аймақтық филалының сервистік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Cамат Құдайберген.

Қазіргі кезде күніне Алматы шойын жолының қызметін 12 мың жолаушы пайдаланады екен. Оның ішінде «Ал­маты-1» темір жол бекеті арқылы қыс маусымында 7 мың, ал жаз маусымында 8 мыңнан астам жолаушы   қаты­найды. «Алматы-2» темір жол бекетінің қызметіне жүгінген жолаушылар саны – 5 мыңды құрайды. Осындай қала ішінен шығатын және сырттан келетін жолаушылар легі қай кезде де толастамайтын қоғамдық орында тәртіп пен реттілікті сақтау аса маңызды болып тұр.

Өтеш Өтеуліұлы

http://almaty-akshamy.kz/