Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру мен модернизациялауға қатысты мәлімдемелері әлі де қызу талқы үстінде. Белгілі саясаткер мемлекеттік БАҚ-тарды сын тезіне алып, бөлінген қаржыға сай нәтиженің жоқтығын әрі ақпарат құралдарының тек насихаттық бағытта жұмыс істейтінін өкінішпен жеткізген еді.

Бұл арада мемлекеттік арналарға бөлінетін қаржы көлемі де оңтайландырылмақ. Маңызды мәлімдемелерден кейін мемлекеттік арналар қандай жолмен дамиды? Бұл сауалға «Хабар» агенттігі» АҚ бағдарламалар дирекциясының Бас продюсері Ринат Думанұлы жауап берді.

– Мемлекеттік БАҚ-тарға мемле­кеттік бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі азайса, бұл бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына белгілі бір деңгейде әсер етеді. Әрине, соңғы жыл­дары мемлекеттік БАҚ-тарға бөліне­тін қаржы көлемі өсіп жатқан шы­ғар, бірақ тиісінше, мәселен, біздің «Хабар» агенттігінде» соған сәйкес атқары­лып жатқан шаралар да жеткілікті. Былтыр біздің агенттіктің жанынан екі бір­дей арнаның тұсауы кесілді. Олар «24 kz» пен «Білім» арнасы. Бұрынғы «Caspionet» арнасының атауы «Kazakh tv» болып өзгерді. Бұл арна алдағы уақытта ха­лықаралық деңгейде тек қазақ және ағылшын тілдерінде хабар таратпақ. Соңғы жылдары «Хабар» мен «Ел арна» да өндіріс көлемін көбейтіп отыр. Сондай-ақ халықаралық пакетке сай шоу-бағдарламаларды көп сатып ала бастадық. Мұның бәрі қаржы шығыны. Қазір «Хабар» агенттігінде бес бірдей арна жұмыс істейді. Көрермен мен оқырман түсінуі керек, бізге бөлінген қаржы тек «Хабар» арнасына ғана емес, 5 арнаның өндірісіне бөлініп жатыр. Мәселен, «24 kz» арнасы күні-түні хабар таратады. Жаңалықтар – ең қымбат дүниенің бірі. Бұл арада әлемдік пен қазақстандық экономикада да инфля­ция, қымбаттаушылық деңгейі өсіп жатыр. Сондықтан біздің агенттігімізде кез келген салада үнемдеушілік басым. Қарапайым журналист, шығармашы­лық қызметкердің айлығы, гонорары­нан бастап, басқа да қажет боп тұрған, бірақ үнемделген жерлер боп тұрады. Бізде бөлінген қаржыны «қалай да жаратсақ» деген асыра сілтеушілік жоқ.

– Марат Тәжин бүгінгі көрермен­дердің отандық емес, шетелдік арналар­ға телміріп отырғанын баса айтты. Бұл арада алға мақсат қойды: келесі бірне­ше жылда телевизияда жетекші ұлттық арналар көш бастауы тиіс!
– Біз көш бастауға дайынбыз. Мен мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің көтерген мәселелерімен келісемін. Бұл уақтылы айтылған өзекті дүние. Шынын айтсам, мемлекеттік арналар­да жұмыс істеп, редакциялық саясат­ты анықтап отырған азаматтар үшін бұл жақсы жаңалық болды. Бұған дейін неге мұндай жүйе қалыптасты. Өйткені біздің алдымызға қойылған мақсат-міндет сондай болатын. Әйтпе­се мемлекеттік арналарда ешқандай креативі мен шығармашылық ізде­нісі жоқ, әйтеуір, «айлығымды алсам бол­ды» деп өз креслосына жабысып отыр­ған азаматтар кемде-кем.
Мемлекеттік хатшының төрағалы­ғымен өткен жиында айтылған дү­ниелердің бір парасы ұлттық докумен­талистиканы дамытуға арналған бо­латын. Біз ақпан айының соңынан бастап ұлттық документалистика­лық циклды дамытуды жоспарлаған­быз. Жақында «Хабар» арнасынан тер­роризмге байланысты төл өніміміз – «Западня» деректі фильмі шықты. Құ­дай қаласа, келесі аптада «Қатерлі жиһа­дизм» деген екі сериалы телевизиялық деректі зерттеуімізді бермекпіз. 27-28 наурызда «Хаос теориясы. Ауғанс­тан» деген фильмі шықпақ. Бұл зерттеу біз­дің тілшілеріміздің Ауғанстанға барып, ауған елінің қауіпсіздігі мен тұрақты­лығы, саяси картадағы маңызды объек­тілердің бірі екендігі айтылған әрі ең бастысы, біздің тілшілеріміздің көзі­мен көрген ауған мемлекетінің бүгініне арналған. Сондай-ақ мемлекеттік хатшы аналитиканы дамыту жөнін­де мақсат қойды. Наурыздан бастап арнамызда «Арнайы Хабар» атты ана­литикалық бағдарламалар циклы көп­шілік көрерменге жол тартпақ. Мәсе­лен, вакцинаның пайдасы мен зияны, фаст-фудтың қауіпті тұстары, Жеті­қарадағы өмірбақи бас бостандығы­нан айырылғандар отыратын «Қара бүркіт» колониясынан арнайы ре­портаж, Әміре Қашаубаевтың өміріне байланысты тарихи зерттеулер, т.б. мәселелер көрсетіледі. «Патриот» деген репортаждық зерттеу форматын­да­ғы бағдарламаны 2 наурыздан бастап эфирге шығардық. Бағдарлама­ның басты мақсаты – бүгінгі замандағы ел аузындағы батырларды насихат­тау. Мәселен, жобаның алғашқы са­ны Отаны, елі үшін жанын қиған Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов туралы болды.

– Тілдік мәселеге келсек, «Хабар» арнасының басты бәсекелестерінің бірі – «Қазақстан» Ұлттық арнасы жоғары рейтингке ие болып, бірінші сатыдан көрініп жүр. Демографиялық жағдайға байланысты бұдан былай тек қазақша жобаларға сұраныс көп болмақ. Жалпы, «Хабар» арнасының артта қалуына қостілділік те кері әсер етіп жатқан жоқ па?
– Әрине, мұның әсері жоқ деп айта алмаймыз. Сөз жоқ, орыстілді аудито­рия көбінесе ресейлік арналарды кө­реді. Өкінішке қарай, соңғы 22 жыл
ішінде басқа елдердің БАҚ-тарын көру арқылы солардың мәдениеті мен ойлау жүйесін қабылдаған жастар бар. Бірақ біздің арнаның бірден-бір мақса­ты – орыстілді аудиторияны да елдегі жаңалықтармен хабардар ету.
«Қазақстан» арнасының рейтинг­те көшбасшы болғанына келсек,
әри­не, біз бұған қуанамыз. Бұл тек «Қазақстан» арнасының ғана емес, жалпы қазақ телевизиясының да рей­тингте көш  бастай алатынын  көрсет­кен дүние. Бұл бүгінгі қоғамның  та­би­­ғи сұранысын қанағаттандыру. Ашы­­ғын айту керек, «Хабар» арнасында да көбінесе қазақша жобалар рейтингте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Соңғы жылдары біздің қазақтіл­ді жобаларға басымдық беруіміз де сондықтан. 2012 жылдағы арнаның өз өнімдері бойынша үздік рейтингке ие болған ТОП-20 тізіміндегі хабарлар­дың 65%-ы мемлекеттік тілдегі жоба­лар. Мемлекеттік тілдегі үлес заңнама талаптарына сәйкес, яғни қазіргі таңда 55 пайыздан кем емес.

– Шетелде тілшілер қосынын ұстау қаншалықты қымбат дүние?
– Өте қымбат дүние. Егер қымбат болмаса, біз көптеген елдерде тілші­лер қосынын ашар едік. Өйткені жур­налисіңіз бар, операторыңыз бен бей­неинженеріңіз бар, техника мен күнделікті түсірілген дүниені бізге жіберуі бар, әйтеуір, мұның бәрі қым­батқа түседі. Қазір бұл тілшілер тек «Ха­бар» арнасына ғана емес, «24 kz» ар­насына да жұмыс істейді. Сол себеп­тен тілшілер қосынын осы жылдан бас­тап көбейту жоспарлануда.
Қазір интернетте отырған кейбіреу­лер телевизияның жілігін шағып, майын ішкендей пікір айтып жатады. Ішкі «асхананы» білмей жатып, пікір айту трендке айналып кетті. Мәселен, бүгінде Қазақстан көрермендерінің
3 пайызы – «Хабар» арнасын, 2 пайы­зы – «Ел арнаны», 5 пайызы – «Қа­зақстан» арнасын, 20 пайызы – «ОРТ Еуразияны» көреді деген сөз айтылып жүр. Өкінішке қарай, бұдан бөлек альтернативті мәлімет жоқ. «Gallup media» орталығы Қазақстанның бар­лық аумағын зерттейді. Бірақ олар зерттей­тін орыстілді және қазақ көрерменде­рі арасында баланс бар деп айта алмай­мыз. Оның үстіне, зерттеуге жауап бер­ген көрермендердің жынысы, жасы, мамандығы, менталитеті мен тілінің қандай екенін білмейміз.

– Жалпы, әлемдік телевизия бүгінде үлкен тоқырауда емес пе?
– Сөзсіз, әлемдік телевизиядағы тоқырау – бүгінгі тенденция. Сон­дық­тан біз былтырдан бері отандық өндіріске, қазақстандық үлкен шоу бағдарламаларына басымдық бе­ріп келеміз. Мәселен, өткен жылы көрсетілген «Ду-думан» бағдарлама­сының бір саны 5,7 деген рейтинг көр­сетті. Соңғы жылдары мемлекет­тік арналар көбіне мегажобаларды аутсорсингтік компанияларға жасату­ды дәстүрге айналдырған. Мұндай дәстүр бізде де бар. Бірақ біз соңғы екі жобамыз арқылы мемлекеттік ар­на­ларда да әлемдік талаптарға сай ұлт­тық бағыттағы шоу жасай ала­тын команданың бар екенін көрсеттік. «Аймақтар аламаны» Тәуелсіз­дік күні – 16 желтоқсанда басталған, Құ­дай қаласа, төл Жаңа жылымыз – Нау­рыздың 21-інде ақтық сыны өте­ді. Былтырдан бері ішкі өндірісті жандандыру миссиясы одан ары кү­шеймек. 6 сәуірден бастап, «Жігіт сұл­таны» жобасы көпшілік көрерменге жол тартады. Соңғы жылдары көрермендер «Не­ге отандық арналар төл жаңа жы­лымыз – Наурызда ірі тележобалар жасамайды» деп көп сын айтады. Биыл Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін­де көпшілік көрермен, біріншіден, қазақ эстрада жұлдыздарының ұйым­дастыруымен өткен «Ән мен әнші», Ескендір Хасанғалиевтің «Атаме­кен» шығармашылық кеші, Мұқағали Мақатаевты еске алу кеші, т.б. концерт­тік бағдарламаларды тамашалайды. Бұ­дан бөлек 22 наурызда «Ақ мол болсын!» деген 2,5 сағаттық күрделі қойылым­дық шоу дайындалып жатыр. 23 наурыз­да «Ұлыстың ұлы тойы» деген Астана­да түсіріліп жатқан үш сағаттық үлкен шоу тағы көрерменге жол тартады.
Бір айта кетерлігі, «Ду-думан», «Аймақ­тар аламаны», «Патриот», «Ар­найы хабар», «Менің жерім», «Орта­лық хабар» және эфирге енді шыға­тын «Жігіт сұлтаны» бағдарламалары­ның бәрі – Елбасының өзі қамқорлық
жасап, Астана төрінде салынған «Қаз­медиа» орталығында түсіріліп жатқан жобалар. «Хабар» арнасы – медиа ор­талықта орналасқан арналардың ішін­де бірінші болып студияны пайдала­нып, өндірісті қолға алып, үлкен жобалар­ды эфирге беріп жатқан тұңғыш арна.

Әңгімелескен
Кәмшат ТАСБОЛАТ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: