Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Жерге қатысты тағы бір дау шықты. Даудың басы басқа емес, Парламенттен шыққалы тұр. Жер қатынастарын реттеуге бекінген атқарушы билік бұған дейін халыққа тегін беріліп келген 10 сотық жерді шорт кеспек. Сөйтіп, ендігәрі Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін тегін жер берілмейтін болады. Кеше мәжілісмендер осыны мақсат тұтқан заң жобасымен танысып, тың жаңалықтарға тамсанып шықты.

Қазақта әлімсақтан келе жатқан ескі даудың бірінен саналатын жер дауын реттеу Тәуелсіздіктен бері де бітіспеген дүние болып саналады. Бітіспегені былай тұрсын, бұрынғы даудың бүгінгі келбеті еш өзгерген жоқ. Бұрын сол жердің меншік құқына қатысты дау болса, бүгін де сол дау. Тәуелсіз елдің Ата Заңынан бастап, көптеген құжаттарда жердің меншік құқын реттейтін түрлі нормалар қамтылып келеді. Алайда оның олқы-солқысы да уақыт өткенде білініп жүрген еді. Мінеки, ендігі күні бұған дейін заң жүзінде еліміздің әр азаматы тегін алуға құқылы болып келген 10 сотық жерді беру де тоқтатылатын болып отыр. Бұған дейін агенттік ретінде дербес отауда өмір сүрген Жер ресурстарын басқару ведомство­сы Өңірлік даму министрлігінің бір қанатына барып, ендігіде сол министр­лік атынан жер қатынастарын реттеудің жаңа тетігі ретінде осыны ұсыныпты.

Тізімдегілерге тегін жер беру үшін 80 жыл керек

Жерге қатысты тың жаңалықтың бәрін сол бұрынғы агенттіктің, қазіргі комитеттің төрағасы Қадырхан Ота­ров депутаттарға таныстырған еді. «Заң жобасындағы тағы бір норма бойынша жер учаскелерін жеке тұр­ғын үй құрылысы үшін жекеменшікке тегін беруді Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарына қарас­тыр­мауды көздейді. Жалпы, Қазақстан Республикасында, әсіресе үлкен қала­ларда жеке тұрғын үй құрылысына тегін жер беру – аса өзекті проблема. Жер кодексіне сәйкес, республика аза­маттары жеке тұрғын үй құрылысы үшін 0,10 гектар жер учаскесін бір рет тегін алуға құқылы. Өкінішке қарай, жұртшылық бұл норманы жерді тегін әрі оңай алуға болатын, сөйтіп, соның арқасында қосымша табыс табатын кепіл ретінде қабылдап келді», – дейді комитет төрағасы Қадырхан Отаров. Оның сөзіне қарағанда, жұрт­­шылықтың әлгіндей пай­да­кү­нем­дік түсінігінің өзі ірі қалаларда жер учас­келерін алуға ниеттенушілердің санын күрт өсіріпті.

Мәселен, заңға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін тегін жер алуға өті­ніш бергендер саны жыл сайын 30 пайызға дейін артып отырған. Егер 2008 жылы жерге кезекке тұрушылар кезегі 300 мың азаматты құраса, соңғы жылдары олардың саны үш есеге артыпты. Ал келіп түскен мұн­дай өтініштердің нөпірін қанағаттан­дыру үшін Бас жоспарларда 90 мың гектар немесе 900 шаршы шақырым жер телімі қарастырылуы керек екен. Мұның өзі елі­міздің ең ірі қалалары – Қарағанды мен Шымкенттің аумағымен бірдей болып тұр. Оның үстіне, қолда­ныстағы заңнамаға сәй­кес, жеке тұрғын үй құрылыстарын салу үшін тиісті инфрақұрылымдар да салы­нуы шарт. Мұндай жағдайда әрбір қа­зақстандықты тегін жер учаскесімен қам­ту еш мүмкін емес. Ал соңғы жылдары еліміз бойынша жылына тек қана 6 мыңға тарта жер учаскелері беріліп келген екен. Ендеше, өтініш берушілерді қанағаттан­ды­ру үшін 80 жыл уақыт керек. «Сондықтан да осындай норма енгізіліп отыр, ал бұл норманы Үкімет қолдады, Президент әкім­шілігімен келісілді», – дегенге ерекше тоқталды Қадырхан Махмұтұлы. Айтпақ­шы, комитет төрағасы жерге қатысты азамат­тардың құқықтық сауатын да жоға­ры бағалайтын тәрізді. «Өз құқыларын білгендіктен, азаматтар мемлекеттен тегін жер бөліп беруді талап етіп жүр. Ал олар­дың талабы қанағаттандырылмаса, онда өз еріктерімен, мемлекеттің араласуынсыз-ақ жерді басып алып, өз құқықтарын жүзеге асырмақшы болған жайттар да кездесті», – дегені де соны аңғартса керек.  Оның айтуынша, әлгіндей өрескел әре­кеттер қолданыстағы заңнаманы жаппай бұзуға, әлеуметтік жағымсыз құбылыс­тар­ды тудыруға әкеп соқтырған. Ал жаңа нор­ма осындай олқылықтардың орнын толтырмақшы. Түптеп келгенде, тегін те­лім­ге тыйым салу арқылы билік жұртшы­лықтың өз бетінше өз құқығын жүзеге асы­руына тосқауыл қоюды да ойлаған тәрізді. Мәселенің және бір жағы пайдалануға бе­рілгенімен, құрылыс салынбай, қаңы­рап тұрған жер учаскелеріне де байланыс­ты болса керек. Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қадырхан Отаров­тың айтуынша, былтырғы жылы Елбасы­ның тапсырмасына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылыстарына ұсынылған жер учаске­ле­рін түгендеу жүргізілген. Жерді түгендеу нәтижесінде 44 мыңға тарта пайдаланыл­май тұрған учаскелер немесе заңнаманы бұза отырып пайдалану фактілері анықта­лыпты. Бұл зерттелген жер учаскелерінің 20 пайызын құрайды. «Ал игерілмеген жер учаскелерін талдау барысында олар­дың 57 пайызы бес жыл бойы пайдала­нылмай келгенін, бос жатқанын көрсетті. Жер учаскелерін игермеудің басты себебі оларда тиісті инженерлік инфрақұры­лым­дармен жабдықталып, жеке тұрғын үй құ­ры­лысына даярланбауынан болып табы­лады. 14 мыңға тарта жер учаскесі тұрғын үй құрылысын салатын аумақта сумен қам­тамасыз ету нысандарының, электр энер­гиясының, жолдардың жоқтығынан пай­даланылмаса, жер учаскелерінің 30 мыңнан астамы сол азаматтардың өз кінә­сінен игерілмей отыр», – дейді Қадырхан Махмұтұлы.

Халық мүддесі шетте қалып, әкім мүддесі заңдасып жатқан жоқ па?

Жер қатынастарындағы жаңалық осы­мен шектелмейді. Мәселен, комитет алда­ғы уақытта жерді жосықсыз иеленушілерге, оны бұрыс пайдаланушыларға қатысты «қара тізім» жасауға да ниетті. Осындай реестрге енгендер, яғни жерге қатысты ережені бұзғандар үш жыл бойына жерді қайтара иелене алмайды. Бұдан бөлек, жалға берушімен жалдау шартын бұзу арқылы соттан тыс тәртіппен жер учаске­ле­рін мәжбүрлеп алып қою нормасы да ұсы­нылып отыр. Дегенмен депутаттар қол­ға алғаннан-ақ заң жобасының үлкен дауға сеп болатынын түсінген тәрізді. Со­ның бірі Розақұл Халмұрадов болды. «Сіз­ді жақсы маман ретінде білемін. Дегенмен қолыңызды жүрегіңізге қойып айтыңыз­шы, осы заң жобасы халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалып жатыр ма, жоқ әлде, жергілікті билік пен жер ресурстарын басқару органының мүддесіне жасалды ма? Себебі Конституцияның 6-бабында мемлекеттік меншік пен жекеменшік бір­дей қорғалады деген норма бар. 26-­ба­бында заңмен көзделген ерекше жағдай­ларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құнымен тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін деген нор­ма бар. Ал сіз мына заң арқылы әкімдер талайдан аңсап жүрген мүддені енгізгіңіз келеді. Сотсыз жерді тартып алуға болады деген қорытынды шығарыпсыз. Бұл қан­шалықты дұрыс?» – деп кейіді Розақұл Саты­балдыұлы. Әйтсе де, комитет басшы­сы Қадырхан Махмұтұлы жер мәселесінің аса нәзіктігін тереңнен сезінетінін аңғарт­ты. «Қолымды жүрегіме қойып айтайын, менің міндетім жер қатынастарын жақсы жолға қою. Мен бұған сізден кем уайым жемеймін, сізден кем жауапкершілік ал­май­мын. Мен де сіз секілді жер қатынаста­рының халыққа тиімді болғанын қалай­мын. Мәселе оны қалай заңнамалық тұр­ғыда қамтуда болып отыр», – деді ол ағынан жарыла.

Тегін жер теліміне тыйым жасау бағаны шарықтатпай ма?

Бұған дейінгі норманың олқылығын сыл­тауратып, тегін жерді шорт тыюға де­путат Рауан Шаекин де қарсы шықты. Оның айтуынша, жеке тұрғын үй құры­лы­сына тегін жер учаскесiнiң берiлмеуi баға­ның күрт шарықтауына себеп болады. Мә­селенің мәнісіне көшпес бұрын депутат Рауан Шаекин әдеттегіше жер төңірегін­де­гілерді бір сыбап алды: «Агроөнеркәсiп ке­шенінде ұдайы бiр тәжiрибелер сынақ­тан өтіп жатады. Сосын жер ресурстарын басқару агенттiгi, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлiгi өмірі сапалы заң жасаумен көзге түскен емес. Бұл жолы да солай. Қатты айт­сам, кешiрiм етерсiздер», – деді сы­пайы­лық танытқан мәжілісмен. Сосын тіке шабуылға көшкен депутат мынадай нор­мамен жер қатынастары ешқашан тиімді болмайтынын тілге тиек етті. «Менің ой­ымша, ондай нәтиже болмайды. Бүгiн әк­iм­дiктердiң маңында жүрiп жер сатып алғандар ертең айналма нарықта бағаны онан сайын шарықтататын болады. Мына мәлімдемеден соң-ақ, құрметтi комитет төрағасы, Сiз осы мінберден түсе сала, жер­дiң бағасы өсiп кетедi. Ал жердi алып үлгергендердiң барлығы ертең оны бір­неше есе қымбат бағаға сатуға тырысады. Соның салдарынан адамдар арасында на­разылық туындайды», – дедi депутат Шае­кин. Бір сөзбен айтқанда, Рауан Михайл­ұлы мынадай заң жобасының қарапайым азаматтарға еш пайдасы бол­майтынына сенімді. «Заң жобасы даулы. Ал жер мәсе­лесi сонау революция кезеңi­нен де бұрын даулы болып еді. Ендеше, мұншалықты күрделi мәселеге үстiртiн қа­рап, атүсті ше­шім шығаруға болмайды», – деп түйiндедi ол.

Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана

http://alashainasy.kz

 

Рубрика: