Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

73e82381142e0761c89fb6bc217b8034 (1)Өмір үміттерден тұрады. Тіршілікте сан алуан жайттарды бастан өткеретін болғандықтан, барды бағалауға салыстыру арқылы баға береді екенсің. 

Ғайникамал БАЙҚОШҚАРОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері:

– Көңілі қалаған рөліне қол жеткізу – актер үшін бір бақыт болса керек. Бұл ретте сіз өзіңізді бақыттылар қатарына жатқыза аласыз ба?

–Театр табалдырығын аттаған соң құр жүрмейсің. Ішкі дүниеңді қиялыңдағы рөлдің табиғатына ыңғайлап дайындау барысында ізденесің, оқисың, зерделейсің. Болашақ арманыңа айналған кейіпкеріңнің жан сарайын ашуға тырысып, барыңды саласың. Көкейдегі кейіпкеріңнің қалай қарағанын көз алдыңа елестетіп, керек десеңіз, демін алғанына дейін образдың сыр-сипатына сай шығаруға ұмтылыс үстінде шығармашылықтың шырматылған құпиясына дендеген сайын ғаламат сезімді бастан өткересің. Осы тұрғыдан алғанда творчествоның адамдары – мейлі ол жазушы бола ма, актер бола ма, әлде суретші бола ма, биші ме – бақытты деп есептеймін өз басым.

Өмір үміттерден тұрады. Тіршілікте сан алуан жайттарды бастан өткеретін болғандықтан, барды бағалауға салыстыру арқылы баға береді екенсің. Бесінші мүшелге қараған шағымда көшеден өте бере, қатты келе жатқан велосипед қағып кетіп, 1 жыл 2,5 ай балдақпен жүрдім. 8,5 ай бойы төсек тартып жатып қалдым. Қолымды қимылдатуға зар болған күндері «шіркін-ай, ана дастарқандағы тағамды, кеседегі шайды өзім алып ішіп, аяғыммен тұрсам не арман бар» деп тілеумен болдым. Нағыз бақыт – 12 мүшеңнің амандығы деп білемін.

– Жалпы, өнердегі жолыңыз қалай басталды?

– 1962 жылы Алматы медициналық институтына түскен болатынмын. Алайда 1965 жылы оны тастап кетуге тура келді. Газеттен «Консерваторияның актерлер даярлайтын факультетіне КСРО халық артисі Хадиша Бөкеева актерлер қабылдайды» деген хабарландыруды көзім шалды да нілдей бұзылдым. «Осында түсемін!» деген шешімге келдім бірден. Әкеме нағашы жағынан ағайын болып келетін театрдың бас директорының орынбасары Болат Маусымбаев деген ағамыз бар еді, тездетіп актер болудың жолын көрсетеді деген ниетпен сол кісіге келдім. Болат аға құптай қойған жоқ. «Екінің бірі медициналық институтқа түсе алмайды, балалық жасама, мұның не?» деп, актрисадан гөрі дәрігер мамандығының керемет екендігін ұқтыруға тырысты. Ешнәрсені де, ешқандай сылтауын да тыңдамадым.

Сосын Фарида Шариповаға алып келді. Мәселенің мән-жайымен танысқаннан кейін Фарида апай «Ана – Жер – Ана» спектакліндегі Толғанайдың монологын жазып ал» деп кеңес беріп, бәрін мұқият түсіндірді. «Дайындал! Сосын келерсің» деді. Аяғы ауыр екен. Кейін ағам Сәбира Майқановаға алып барды. Сәбира апа да «артист боламын» дегеніме қуана қоймады, «Ойбай-ау мединститут деген екінің бірінің қолы жете бермейтін оқу орны ғой. Мұның не қызым, артист болам деп ең күшті оқуды тастағаның қалай, ойлан» деп әбден үгіттеді. Қабылдау комиссиясына құжаттарымды тапсыруға келгенімде ондағылар да менің шешіміме таңғалғанын жасырмады.

Ешкім бетімнен қайтара алмады. Ешкімнің сөзі өтпеді. Екі халық артисі дайындаған соң оңай ма, беске тапсырып, оқуға түстім. Бұл аздық еткендей киноактриса болғым келіп, Мәскеуге ВГИК-ке де бардым. Сол жылы ХІІ халықаралық кинофестиваль өтетін болып, қабылдау емтихандарын кейінге шегерген екен. Емтиханның басталуын күтіп жатуға мүмкіндік жоқ, бір аптадай киноларды көріп, әлемге танылған әйгілі актерлермен суретке түсіп, керемет әсермен оралдым. Радж Капур, Марина Владимен түскен суреттерімді елге келгесін құрбыларыма, туыстарыма, таныстарыма мәз болып көрсетумен жүргенімде, біреу сұраған еді, сол сұраған кісіге бере салғаныма әлі күнге өкінемін.

– Жарты ғасырға жуық ғұмырыңызды театрға арнаған екенсіз. Осынау аралықта қанша рөл сомдадыңыз?

– Театр мен кинодағы рөлдерімді қосқанда жүз шақты болып қалады. Оның ішінде басты рөл де, эпизодтық рөлдер де бар.

– Сомдаған рөліңіз жүзге жуықтаған болса, онда армандаған кейіпкерлеріңіздің көбін сахнаға шығарған боларсыз?

– Армандаған рөлдерімнің бәрін ойнаған жоқпын. Армандаған да жақсы шығар. Арасында ТЮЗ-ге ауысқан едім, өте жақсы қабылдады. Ал өзімнің аңсарым Әуезов театрына ауатын да тұратын, сағынатынмын. Әуезов театрының дүркіреп тұрған кезі. Театрдың алтын ғасырына айналған сол кезеңде Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Фарида Шарипова, Зәмзәгүл Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Әнуар Молдабеков, Таңат Жайлыбаев, Райымбек Сейтметов сынды әрқайсысы жеке бір мектептің жүгін көтерген сахнаның нағыз саңлақтарымен бірге жұмыс жасағанымды мақтан тұтамын. Көп нәрсе үйрендік. Театр өнерінің қыр-сырынан бөлек, адами қарым-қатынастың, кісі сыйлаудың, бірін-бірі қадір тұтып, құрметтеудің озық үлгісін сіңіруге тырыстық бойымызға.

Гастрольге шыққан кездері тіпті ғажап болатын. Біздің гастролдеріміз бейнебір театр фестивалі секілді өтетін. Бір ауданнан кейін екінші аудан әндетіп алдымыздан шығып, нан-тұзын ұсынып, қаз-қатар тізілген пионерлер  құшақтарымызды гүл шоқтарына толтыратын еді. Гастрольге барғанда үлкен кісілерге сүйеніп алған жастар жағы, ештеңемен ісіміз жоқ, арқаны кеңге салып жүретінбіз. Сәбира, Шолпан, Бикен, Хабиба апалар қонаққа барған жерлерде бәрін өздері басқарып, жайғастырады.

Кейін үлкен кісілер сирей-сирей, олардың орнын өзіміз басуға тура келгенде, апаларымыздың қадірін бұрынғыдан да жете сезіне түскендей болдық. Ел ішіне барғанда кездесулерде нені айтқан, қалай айтқан дұрыс деп те ойланады екенсің. Барған жеріңнің экономикалық, мәдени, әлеуметтік жағдайы қай деңгейде, бәрін таразылап алмай жатып, сөз берді екен деп сөйлей беру әбестік боларын да ұғындық. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген жылы сөзге жібімейтін жан жоқ қой. Еліне, ауылдың беткеұстарларына алғысымызды білдіріп, ақ тілекті жаудырғанымызда аппақ көңілдерімен құрақ ұшып қарсы алып, шынайы пейілмен дастарқанын жайып отырған азаматтардың көңілдері өсіп, марқайып қалатын.

– Әдетте актерлер сомдаған рөлдерін басты кейіпкер немесе эпизодтық деп бөлгісі келмейтінін, бәрін бірдей көретінін айтып жатады. Дегенмен сіз ойнаған жүзге жуық рөлдің ішіндегі ең шоқтығы биік бейне қайсысы?

– Жаныма ең жақын рөлім – Қаракөзім. 49 жасымда 50 жылдық мерейтойымның қарсаңында дайындадым. Ол кездері сол рөлді ойнасам-ау деп армандайтынбыз, оны қалай шығарамын деп өзіңмен-өзің іштей дайындалып, әр сөзіне, іс әрекетіңе мән беріп, терең толғанысты бастан кешіретін едік. Ондай кездері шабыттанып, ішкі рухани әлеміңде өзіндік бір тебіреніс толқындары буырқанып, ол спектакльді дайындау барысында қайнап, пісіп-жетілетін.

– Іштей дайындалумен өткізген күндеріңіздің ізсіз кетпегені, әрине қуанышты. Қаракөзді көрерменге қай қырынан танытуға тырыстыңыз?

– Қаракөз – күрделі бейне. Махаббат азабын тарта тұра – ол бақытсыз емес, бақытты. Махаббат – керемет сезім, кіршіксіз мөлдір әлем. Іңкәрлік, тазалық. Шынайы махаббат құшағына бөленген отбасылардың шаңырағында ұрыс-керіс деген атауымен болмайтын шығар. Мейірім төгілген мекенге бақ та, бақыт та, дәулет те үйіріле бермек, айналып өтуі мүмкін емес.

Жылылық орнаған жерге жақсылық тұрақтайды. Махаббат құдіреті бар шуақты өзіне тарта береді, тарта береді. Бәрін тек қана жақсы түстерде қабылдау – жүректі әдемі нұрға көмкеріп, мейірімін асыра түседі. Мейірім жайлаған ортада қаталдыққа, немқұрайлыққа орын жоқ. Махаббат ұялаған жүрек – сезімтал да сергек, жақсы ойлауға, жақсылық жасауға ынтықтыра түсіп, адам бойында өмірге деген құштарлықты, сенім мен сергектікті оятады. Махаббат құдіреті қос ғашықты ғалам уысында тұрғандай биіктерден қарауға ұмтылдырып қоймақ. Қаракөзді көрген әрбір бойжеткен соны сезінсе деймін, сондай махаббатты армандап, бақыт құшағында тербелсе керемет емес пе?!

Махаббат қонған жүректерде бір-біріне деген құрмет үстемдік құрып, қатыгездік атаулыға орын қалмайды. Олар бірін-бірі ренжітуден, қандай жағдайда да ауыр сөздер айтудан аулақ болып, бірін-бірі барынша аялайтын болады. Бұл рөл – өзіңді, жарыңды, өзгені қадірлеуге жетелейтін образ.

– Қазіргі кезде зиялы қауым өкілдері театрға сирек барады деп жатады. Кезінде белгілі тұлғалар театрға жиі бас сұққан көрінеді. Оның актерлер ойынына өзіндік әсері болатын ба еді?

– Әрине, міндетті түрде әсер етеді. Хабиба Елебекова Айгерімді, Шолпан Жандарбекова Ақтоқтыны, Зәмзәгүл Досанова Қаракөзді ойнаған кезде театрға жиі келетін көрерменнің қатарынан Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов бастаған жазушылар тізіліп, алдыңғы қатарда отырады екен.

«Көктөбедегі кездесуді» Шыңғыс Айтматов көргенге ұқсайды. «Ыдырыс, Сәбит, Әнуар, Райымбек, Асанәлініңәрқайсысы «Көктөбедегі кездесуде» өзін-өзі ойнады. Тамаша спектакль. Актерлер ансамблініңөзі айта жүрерлік ғажап еді ғой. Сахнаны бәрі ерекше түрлендіріп жіберетін. Жұлдызды сәті еді сол кезеңтеатрдың. Мен Алмагүлді екінші құрамда сахналаған едім. Шыңғыс ағаға менің Алмагүлім ұнаса керек, жақынырақ танысқысы келетінін білдіріп, Ғазиза Жұбанова арқылы қолқа салды. Бармадым. Жүрегім дауаламады. Сондай адамзаттың Айтматовы атанған абзал жанның қарапайым актрисаның ойынына бағасын бергенінің өзі маған зор құрмет сынды әсер етті. Бір ауыз сөзінен қуат алып, мерейім өскен еді.

Өнер адамдарының жаны нәзік келеді. Кейде көңілің жабырқап, өмірде кездесер кейбір әділетсіздіктерге іштей күйініп, мазаң болмай жүрген шақта әлгіндей бір ауыз сөздің өзі бар уайымыңды бір сәтте қолмен жұлғандай ысырып тастайтыны – актер өміріндегі қайталанбас ғажап құбылыстың бірі.

«Жақсыдан – шарапат» демей ме атамыз қазақ. Әдетте сөздің астарына мән беріп, зерделей бермейміз. Қазақ сөзді бекерден-бекерге айтпаған, Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір ауыз мақалға сыйдырған бабаларымыздың даналығында шек жоқ. Оған кішкене мысал келтіре кетейін. Ағамыз Берден Байқошқаровтың ұлы үйленгенде бата аламыз деп Димекеңе, Дінмұхамед Қонаевтың үйіне қонаққа баратын болып, мені де қуаныштың арасында болуға шақырды.

Патша десе – патша. Көргеніме бақыттымын сондай заңғар тұлғаны. Отырысы қандай, күлімсірегені, әзіл-қалжыңы. Бәрі керемет. Үлкендердің айтуынша, Димекеңнің алдына барған жандардың бұйымтайы міндетті түрде орындалып, марқайып шығады екен. «Қандай адамдарды жақсы адам дейміз?» деп Мұхаммед пайғамбардан сахабалары сұрағанда «Басқаларға пайдасын тигізетіндерді» деген екен.

Сондай жақсы жанның қасында керемет әсерде тебіреніп отырдым мен. Дастарқан басындағы әрбір қонаққа жылы лебізін арнап, бәрімізге аса бір ілтипат білдіргені қандай жарасымды?! «Ғайникамал, сені неге бұрын көрмегенмін» деп маған бұрылғанда, сасқанымнан не дерімді білмей қалдым. Берденнің үйіндегі жеңешеміз тез жол тауып кетті. «Димаш аға, сіз театрға барғанда көрсететін қыздары басқа болған ғой» деп әзілге ұластырды әңгімені. «Үнемі күліп жүр» деген Димаш ағаның сол кездесудегі жылы сөзі жүректі шуаққа көмкергені сондай, қатты бір шаршағанда көз алдыма елестетіп те әдемі әсерге бөленемін. Еңсем көтеріліп, жаным жадырап сала береді. Мұндағы айтпағым, театр – сондай көрерменнің жан әлемін тазартып, рухани нәр беретін қасиетті орта. Ендеше, әрқайсымыз оны сезінуден өзімізді құралақан қалдырмағанымыз жөн ғой.

– Әлгінде театрдың «алтын ғасыры» болған кезеңді сағынышпен еске алып өттіңіз. Расында, бір кездері театрдың жаңа қойылымын көруге асығатын еді жұрт. Қазіргі таңда көрерменнің театрға деген көңілінің суыңқырап қалу себебі неліктен деп ойлайсыз?

– Оның бір себебі – насихаттың аздығынан. Бұл күндері кез келген арнаны ашып қалсаңыз, бәрінде әншілер. Олар қатыспайтын хабар кемде-кем. Әншілерді шығармасын деген ойдан аулақпын, тек тепе-теңдік ұмытылып бара жатқаны қынжылтады. Кезінде театр жайында, жаңа қойылымдар мен жекелеген актерлер туралы хабарлар жиі өтетін еді көгілдір экраннан. Көшеде көпшілік танып, аса бір ілтипатпен сәлем беретін-ді. Бірде Хадиша Бөкеевамен көшеде келе жатқанымызда самайын ақ қырау шалған қария тоқтатып: «Хадишамысың. Катаринаны ойнаған кездегі  сенің сахнада шоқтай жанған көздеріңді көру үшін «Асауға тұсау» қойылымына сан мәрте бардық» деп аса бір ризашылықпен бас иген болатын.

Жалпы, өнер туралы, театр туралы жазатын адам оның арғы-бергі тарихынан хабардар болғаны жөн, түсініп жазғаны абзал. Өнер туралы жазам дегендердің өресі биік болуы шарт. Бір-екі адамның айта салған пікірін қағаз бетіне түсіріп қойғанмен, ол жаңа қойылым жайындағы толыққанды мақала болып шықпайды. Жаңа қойылымға қатысты бір-екі кісіні сөйлетіп бере салу – театр өнеріне жасалған қиянат. Одан ешкім актер ойыны мен қойылымның ерекшелігі хақында мәлімет алып жарытпасы анық, өресі жетсе ғана жазғаны жөн, әйтпесе қағазды қор етудің қажеті шамалы.

Мысалы, өз кезеңінде іске алғысыз болған суретшілердің еңбегі неге жүздеген жылдардан соң шедеврге айналады деп ойлайсыз. Себебі олар – өз дәуірінен ерте туғандар. Ой өресі мен ойлау қабілеті ерекше. Замандастары түсінбеген қырларын келер бір ұрпақ түсініп, көкке көтеретіні сондықтан. Өнер осынысымен де құнды. Ол көрерменін алға жетелейді, биік талғам,жақсы мен жаманды таразылаудың қалыптасуына оң ықпал етпек осылайша. Өз заманында бағаланбаған еңбек араға ғасырлар салып барып бағы жанып жатса, ол – өз дәуіріндегілердің түсінуге өресі жетпегенінің салдарынан орын алған қасірет дер едім.

– Өзіңізге қояр басты талабыңыз қандай?

– Актер деген атқа кір келтірмеу, шаң жұқтырмау, өнерге деген адалдық. Ішкі әлемімен бірге сыртқы тұлғамның да актер деген атқа лайықты болуын басты назарда ұстаймын әрдайым. 60 жасымда Тұңғышбайдың қойылымында институтты жаңадан бітіріп келген жастар ойнағанда солармен бірдей биге қатыстым. Бір күні Мәрзия айтады: «Тұңғышбай «анау қыз кім?» деп сізді көрсетті. Сізді қыздардың арасынан ажырата алмай қалды» дейді.

Мен сомдаған кейіпкерлер – негізінен, аналардың, әжелердің, әртүрлі тағдырлы әйелдердің рөлі. Оны дайындау кезінде қажет дегеннің бәрін қалтқысыз орындауға тырысасың. Болат Атабаев қойған «Кемпірлерден шыққан дау» спектаклінде Қыз- кемпірді ойнаған мен арбадан сан мәрте құладым. Кейін мазам болмағасын дәрігерге қаралып, компьютерге түскенімде «омыртқаңызда мүжілмеген жер қалмапты ғой» деп таңғалған болатын дәрігерлер.

Бірде-бір премьерадан кейін құттықтауға келген сауда саласында қызметістейтін қыздар: «Сіздер ОБХСС келгенде біздің қандай актрисаға айналатынымызды білмейсіздер ғой. Қалай қарсы алып, қалай шығарып салғанымызды көрсеңіздер, қайран қалатындарыңызға кепілмін. Сіздер сахнада актриса болсаңыз, біз нағыз өмірде» деді. Мен оған сенемін. Себебі әркімнің бойында актерлік қабілет бар, күнделікті тіршілікте әркім жұмысының ыңғайына орай сан мәрте  құбылуы ықтимал. Оны нағыз актерлік өнермен салыстыруға келмейді мүлдем. Бір ғана мысал келтіре кетейін.

Булгаковтың «Жендеттерінде» партнерім Нұрмұхан Жантөрин болды. Ол – Мольер, мен Мадлена Бежарды орындадым. Мадлена Мольерге ғашық, ол үшін басын өлімге тігуге де бар. Мольермен қоса тағы бір полковникпен көңілдес болған Мадлена дүниеге келген қызының кімнен екенін айыра алмай дал болады. Кейін Мольер ғашық болады өз қызына. Сол кездегі Мадленаның жан азабын адам басына бермесін, бұл – қайғы, қайғы болғанда уақыт келе ұмытылатын емес, қайта уақыт өткен сайын жан әлеміңді тілгілеп, өткен күндер жіберген қателігіңнің қалқып шығып, енді қайта батпайтыны. Ол көз алдында күндіз де, түнде де көлбеңдеп кетпей, бір кездері жіберген қателігіңнің өтеуі үшін жан азабын шегуге тура келетін нағыз тозақты бастан кешіреді. Психологиялық өте күрделі образ. Трагедия. Әке мен қыздың арасын ажыратамын деп барын салады. Түк шығара алмайды. Аяғында есінен шатаса бастайды. Қазақстанның мәдениет күндері аясында Мәскеуде қойдық бұл спектакльді. Мақтап жазды. Жантөриндей алыптың жанында нашар ойнау мүмкін емес, оның актерлік кең диапазоны партнерлерін де өзімен деңгейлес ойнауға талпындырады, соған жетелейді.

Бұл – менің актерлік ғұмырымдағы қайталанбас кезеңнің бірі. Міне, осындай рөлдің ішкі иірімдерін ашуда қаншама тер төгіледі, қаншама репетиция жасалады, жүрекке қаншама салмақ түсетінін есептесек, оның бәрін сатушы қыздардың бір қулығын асырмақ болған әрекетімен салыстыруға мүлдем келмейтіні ақиқат.

– Партнерлеріңіздің бәрі Жантөриндей бола бермеген болар?

– Әріптестерімнің бәрі керемет болды. Рахметбай Телеубаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Гүлжан Әспетова, Нүкетай Мышбаева, Әшірәлі Кенжеев, Торғын Тасыбекова, Тілектес Мейрамов, Мұрат Нұрсалиев, Бақыт Жанғалиева, Шәйза Ахметова, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, Саят Мерекенов, Раушан Дәулетшиналар – сайдың тасындай өнердің хас шеберлері. Олардың ойыны шеберліктің шыңы десе де болғандай. Бәрі де өте талантты, партнер ретінде адал, сахнада олармен бірге ойнау өзінше бір бақыт. Сахнада бір-бірімізді қас-қабағымыздан ұғып, партнер ретінде керемет тіл табысатынбыз.

Жарты ғасырға жуық ғұмырымды театрға арнаппын. Аз ба, көп пе, оны дәл кесіп айту қиын. Осынау жылдар аралығында талай тамаша сәттерді бастан өткердік, сол сәттер еске түскенде әлі күнге жүрек жылытады.

– Сіз өз замандастарыңызға қарағанда атақты кештеу алған актрисасыз. Оның бір себептері бар ма, әлде реті солай болды ма?

– Еңбектің дер мезгілінде бағаланғаны жақсы ғой. Еңбегің соған тұратын болғасын бағалайды ғой деп ешкімге жалынбай, ешқандай есікті қақпай, жан-тәніңмен жұмысыңды істеп жүре бересің. Алайда «өзі жыламаған балаға емшек бермейдінің кері» үн-түнсіз жүре бергеннен орын ала ма деп қалдым. Бәрін екшеп-текшеп отырған жерде әділетсіздікке жол берілмейді. Өйткені кімнің қай деңгейде еңбек сіңіргенін екшейтін де, текшейтін де басшылар емес пе?! Сондықтан әркімге еңбегіне қарай құрмет көрсету, марапат пен сыйлықтарға ұсынуда іштарлық жасамай, әділдікті ту еткен ортада ешқандай өрескелдікке жол берілмесі анық.

«Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» демей ме бабалардан қалған даналық. Адам өміріндегі ерекше жаңалықтың бәрі де сәтін салғанына орай жүзеге асатын секілді. Бұйырған күні Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан  отызға жуық ер-азаматтың ішінде  нәзік жандылардан бір өзім «Құрмет» орденімен марапатталсам, 2003 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағының төс белгісін Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед тапсырды.

– Технократты мынау дүрбелең заманда әлемді интернет жаулайды деген көзқарас басым. Теледидар да, газет те құнын жояды деген пікірлер үстемдік құрған осынау кезеңде театрдың тағдыры бұлыңғырлау көрінбей ме сізге?

– Театрдың гүлдейтін кезеңі енді туды деп есептеймін өз басым. Қазіргі таңда таң атса, кештің қалай батқанын білмей қалатын болдық қой. Уақыт зымырап өтіп жатыр, өтіп жатыр. Адамдардың бір-бірімен кеңінен отырып әңгімелесуге де уақыты жоқ. Уақыт тапшы. Теледидарға да баяғыдай телмірмейді, әйтеуір жаңалықтарды қарап үлгергенге мәз. Бұрынғыдай том-том кітап оқуға мойын жар бермесі анық. Сондықтан да театрға келген көрерменнің көп нәрсе ұтатыны сөзсіз.

– Қалайша?

– Әрі көреді, әрі тыңдайды. Тыңдау арқылы қазақ тілінің айтылу мәнеріне ден қояды. Көру арқылы тереңірек қабылдап, өзіндік ой түйіп, қорытынды жасайды. Тіл үйренудің, үйреніп қана қоймай, дұрыс сөйлеуге машықтандыратын да осы театр. Сондықтан сахнаға шығатын әрбір артист сөз саптасына аса мән беріп, ішкі жан дүниесін рөлмен толықтай үйлесімділікке тоғыстырғанда ғана көрерменді театрға, өзіне ғашық етіп, қайта көруге ынтықтырып қоятындай құдіретке ие болатынын бар жан-тәнімен сезінуі тиіс. Өйткені сахна кім көрінген шыға беретін жын ойнақтың орны емес, киелі.

 

Айтөлен Ұлбосын

http://www.aikyn.kz/articles/view/32172

 

Рубрика: