Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жер бетінде биіктігі 8000 метрден асатын 14 тау бар. Олардың барлығы да Орталық Азияда, тарқатып айтсақ, Қытай, Непал, Үндістан және Пәкстан елдерінің аумағында орналасқан. Арамызда көз арбаған сол биіктерге көз тіккен азаматтар жетерлік. Алайда барлығының бірдей бағы жанған жоқ. Қауіп пен қатерге толы бағыттар бойынша жүріп өтуге тәуекел еткендердің арасында ажал тырнағына іліккендер де аз емес. Біразы – тау-тастың, біразы – омбы қардың астында қалды. Енді біразын үсік шалды. Осындайда «тау өзін бағындырушыларын кешірмейді» деген дана сөз еріксіз еске оралады.

Image

Бүгінгі мақаламызда сол таулардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталуды жөн көріп отырмыз. Ең биігі – Джомолунгма. Ол Қытай мен Непал аралығында орналасқан Гималай таулары жүйесіне жатады. Оның ең зор шыңы – Махалангур-Химал (8848 метр). Одан кейінгілері Чогори (Балторо-Музтаг шыңы – 8611 метр), Канченджанга (Канченджанга – 8586), Лхоцзе (Махалангур-Химал – 8516), Макалу (Махалангур-Химал – 8481), Чо-Ойю (Махалангур-Химал – 8201), Дхаулагири (Дхаулагири – 8167), Манаслу (Дхаулагири – 8156), Нанга Парбат (Нанга Парбат – 8126), Аннапурна (Аннапурна – 8091), Гашербрум І (Балторо Музтаг – 8080), Броуд-пик (Балторо Музтаг – 8051), Гашербрум ІІ (Балторо Музтаг – 8035) және Шиша-Пангма (Лангтанг – 8027).

Егер өткен тарихқа зер салсақ, талай жантүршігерлік оқиғалардың куәсі боламыз. Мәселен, сол шыңдардың төбесіне шығуды мақсат еткен сан мың адамның біразы мұз бен қардың астында мәңгі қалды. Осы күнге дейін Эверест тауын бетке алған 3684 альпинистің 210-ы жарық дүниемен қош айтысты. Чогори, Нанга Парбат, Дхаулагири, Аннапурна, Манаслуға көз тіккендер арасында қайтыс болған азаматтардың саны 50-ден асады. Басқа тауларда да талай адамның мүрдесі жатыр. Пайыздық өлшеммен алсақ, ең күрделі бағыт Аннапурнада екен. Непал мемлекетінің аумағында орналасқан айтулы тауға шығуға әрекет еткен 153 альпинистің 58-і о дүниелік болды. Бұл көрсеткіш 37,91 пайызды құрайды. Десек те осындай жантүршігерлік оқиғаларға қарамастан, тәуекелге бел буғандардың қатары сирейтін емес. Керісінше, көз арбаған биіктерге көз тіккен қырандардың қатары күн санап көбейе түсуде. Ресми деректерге жүгінсек, жер бетіндегі биіктігі 8 000 мың метрі құрайтын барлық 14 тауға шыққан 30 адам бар. Олардың 27-сі – ер, 3-еуі – әйел.

Ең алғаш адам баласының табаны Аннапурнаға тиді. 1950 жылы Францияның қос альпинисі Морис Эрцог пен Луи Лешеналь адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Екеуінің өмірбаяны талай қызыққа толы. Эрцог соғыс кезінде фрацуз партизандары сапында жаумен шайқасып, тау атқыштарының капитаны болды. Ерлігі үшін «Әскери крест» медалін кеудесіне тақты. Басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталды. Кейіннен бизнеспен айналысты, саясатқа араласты. Морис 2012 жылдың желтоқсан айында 93 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ал Лешеналь бүкіл ғұмырын толықтай альпинизмге арнады. Алайда оның өмірі келте болды. 1955 жылы тау-тастың арасында шаңғы теуіп жүргенде терең құзға құлап, мерт болды. Луи небары 34 жаста еді. Морис Эрцог пен Луи Лешенальдiң Аннапурнаны бағындырған ерлігі өзгелерге үлгі. Содан кейін-ақ жүрегінің түгі бар сан мың азамат «ұлы жорыққа» қамдана бастады. 1950–1956 жылдар аралығында алты бірдей тауда түрлі мемлекеттердің жалауы желбіреді. Уақыт оза бұл жетістікті де қанағат тұтпаған марқасқалар «Жаным – арымның садағасы» деген қағиданы ұстанып, жорыққа шықты.

Биіктігі көк тіреген 14 таудың барлығын алғашқы болып бағындырған – Райнхольд Месснер. 1944 жылы Италияның оңтүстік Тироль өңірінде туған ол ұзақ жылдар бойы басын қауіп пен қатерге тікті. Түрлі экспедиция барысында жанындағы серіктерінен және туған бауырынан айырылды. Талай рет өзі де өмір мен өлімнің арасында жүрді. Бірақ ол жасыған жоқ. Ақыры араға 16 жыл салып, көздеген мақсатына қол жеткізді. Райнхольд ең соңғы шыңды 1986 жылы бағындырды. Райнхольд Месснер альпинист ретінде ғана емес, жиһангер ретінде де өзін мойындатты. Ол мәңгілік мұз құрсауында жатқан Антарктида мен Гренландияны, Қытайдың Макан шөлін жаяу аралады. Солтүстік және Оңтүстік полюстерге дейін жетті. Альпинизм жайында 40-қа жуық кітап жазды. Бұл күндері 68 жастағы Месснер мырза Еуропарламенттің депутаты.

Одан кейін Италия альпинисінің ерлігін польшалық Ежи Кукучка қайталады. Осы жетістікке жету үшін оған небары сегіз-ақ жыл жеткілікті болды. Бұл белесті 1979-1987 жылдар аралығында бағындырды. Сондай-ақ Эрхард Лоретан (Швейцария, 1982-1995 жылдары), Карлос Карсолио (Мексика, 1985-1996), Вшиштоф Велицкий (Польша, 1980-1996), Хуанито Ойярсабаль (Испания, 1985-1999), Серджи Мартини (Италия, 1983-2000), Пак Юн Сок (Оңтүстік Корея, 1993-2001), Ом Хонь Гиль (Оңтүстік Корея, 1988-2001), Альберто Иньюрратеги (Испания, 1991-2002), Хан Ван Ен (Оңтүстік Корея, 1994-2003), Эд Вистурс (АҚШ, 1989-2005), Сильвио Мондинелли (Италия, 1993-2007), Иван Вальехо (Эквадор, 1997-2008), Ральф Дуймовитц (Германия, 1990-2009), Вейка Густафссон (Финляндия, 1993-2009), Эндрю Лок (Австралия, 1993-2009), Жоао Гарсиа (Португалия, 1993-2010), Петр Пустельник (Польша, 1990-2010), Эдурне Пасабан (Испания, 2001-2010), О Ын Сон (Оңтүстік Корея, 1997-2010), Абеле Бланк (Италия, 1992-2011), Мингма Шерпа (Непал, 2000-2011), Герлинде Кальтенбруннер (Австрия, 1998-2011), Ким Жао Соо (Оңтүстік Корея, 1990-2011), Марио Панзери (Италия, 1988-2012) және Хиротака Такеучи (Жапония, 1995-2012) сынды саңлақтар өз есімдерін тарихта қалдырды.

Барлық 14 шыңды бағындырған мықтылардың тізімінде Қазақстанның үш бірдей азаматы бар. Біздің елдің өрендері де әлем жұртшылығы алдында өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындата алды. Алматылық Денис Урубко отандастарымыздың ғана емес, бүкіл ТМД мемлекеттері өкілдері арасынан алғашқы болып осындай деңгейге жетті. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін ол 9 жыл тер төкті (2000–2009). Әлемдік тізімде Денис 15-орында тұр. Бір қуаныштысы, айтулы спортшы сол белестердің барлығын кислородсыз бағындарған төрткүл дүниедегі тұңғыш адам. Осы орайда Қазақстанның көші өзгелерден әлдеқайда ілгері екенін ерекше бір мақтаныш сезімімен айтуға толық құқымыз бар.
Барлық 14 шыңға шыққан альпинистердің арасында Василий Пивцов пен Мақсұт Жұмаев та бар. Олар әлемдік тізімде 26 және 27-орындарға табан тіреп тұр. 2001 жылы тәуекелге мінген қос сайыпқыран талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп, 2011 жылы діттеген мақсаттарына жетті. Василий Талғатұлы – 38-де, Мақсұт Сағынтайұлы – 36-да. Олардың да жолдары жеңіл болған жоқ. Талай рет қиындыққа тап болды. Түрлі кедергілер кездесті. Сапарлары сәтсіз аяқталған кездері де ұшырасты. Бірақ жерлестеріміздің сағы сынған жоқ. Олар барлық қиындықтарды жеңіп, қасиетті Көк туымызды әлемнің ең биік шыңдарында желбіретті. Сөйтіп, Денис Урубко, Василий Пивцов және Мақсұт Жұмаев сынды саңлақтар әлемдік альпинизм тарихында өз есімдерін алтын әріптермен жазды. Олай болса, бұл салада да біздің мақтанатын тұстарымыз аз емес екендігіне анық көз жеткіземіз.

Барлық 14 шыңды ең көп ба­ғындырған Италия мен Оңтүс­тік Кореяның альпинистері. Бұл мемлекеттердің әрқайсысы­ның туы биікте 5 реттен жел­біреді. Қазақстан, Испания және Польша азаматтарына 3 реттен осындай көрсеткішке қол жеткізді. Адам баласына ең алғашқы бо­лып 1950 жыл Аннапурна, ең соңында 1964 жылы Ши­ша-Пангма бағынды. Яғни бар­лық тауға шығу үшін альпинистер­ге 14 жыл қажет болған екен. Барлық 14 шыңды ең алғашқы болып бағындырған әйел оң­түстіккореялық О Ын Сон. Бұл көрсеткішке ол 2010 жылы қол жеткізді. Тағы бір «нәзік жан­ды» испаниялық Эдурне Пасабан одан 20 күн қалып қойған екен.  Кейбір мәліметтерге сүйен­сек, осы белестердің барлығын бағындыруға 11 мыңға жуық адам тәуекел еткен екен. Со­лардың 150-ден астамы сол са­пар барысында жан тәсілім етті. Өз есімдерін тарихта қалдыру­ға тағы бір топ альпинистің тамаша мүмкіндігі бар. Мәсе­­лен, 8 адам – 13, ал 5 адам 12 шыңды бағындырған екен. Бірақ олардың үшеуі жарық дүние­мен күні бұрын қош айтысқан. 11 шыңға табаны тиген адам­дар арасында қазақстандық Анатолий Букреев те бар. Өкі­нішке қарай, ол 1997 жылы Анна­пурна сапары барысында қаза­ға ұшырады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

http://www.aikyn.kz

 

 

Рубрика: