АЛТЫНОРДА
Новости

Тарихқа ұлттық мүдде тұрғысынан баға берілуі керек

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарындағы 50 миллион оқулықтың 8 миллионға жуығы ғана қазақ тілінде екен. Егер ЖОО-да білім алып жүрген 600 мың­нан астам жастың 52 пайызы­ның мемлекеттік тіл – қазақ тілінде білім алатынын ес­кер­сек, оқулықтарды тез ара­да қазақшалау қажеттілігі туындайды. Алдағы жылдарда мем­лекеттік тілде білім ала­тын жастар саны 70 па­йыз­ға жетеді деп күтілуде. Демек, оқулықтары­мыз­ды да осы талапқа сай, қазақтілді үлесін арттыруды ұмытпауы­мыз керек. Әзірге ЖОО-дағы қазақ бөлімінің студенттері орыстілді оқулық­тар­ды пайдаланып жүр.

Студенттерді сапалы білім нәрімен су­сын­датып, заманауи маман ретінде да­йын­дауда жоғары оқу орнындарындағы кітапха­на­ның ма­ңы­зы зор. Сондықтан оқу ор­дасы­ның кі­тап­ханасын қажетті кітап қо­ры­мен толық­тыр­май, студенттерге за­ма­науи оқу­лық­тар­ды қолжетімді қылмай сапалы білім­ге қол жеткізу мүмкін емес. Яғни еліміз­дің оқу орындарында қажетті оқулықтардың же­­тіспеушілігі, тіпті мүлдем болмауы кей­бір ма­мандықтардың заман көшінен қа­лып қоюы­на себепкер болып отыр. Осы орай­да жа­қында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық универси­теті­нің студенттері «Бізге оқу­лық жетіс­пей­ді. Кей мамандықтарды меңгеру­ге оқулық­тар аздық етеді, бар кіта­п­тар­дың өзі орыс тілін­де» деп наразылықта­рын білдірді. Тех­ника, медицина, экономика ғылым­да­ры бойынша салалық оқулықтар түгіл, гу­ма­нитарлық мамандықтарға қатыс­ты кі­тап­тар да жетісе бермейді екен. «Ал соң­ғы жыл­дары қайта басылып шыққан оқу­л­ық­тардың қатесі көп» дейді студенттер.

Ақбота ӘМІРБЕК, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің 3-курс студенті:

– Медицина саласына қатысты кітап­тар­­дың барлығы дерлік орыс тілінде. Ал орыс тілінен аударылған оқулықтардағы қате шаш етектен. Медицина саласына қатысты тер­мин­­дер қалай болса солай аударыла сал­ған. Сондықтан қазақ тілінде­гі аударма­сы­нан гөрі орыс тіліндегі нұс­қасы әлдеқайда түсі­нікті. Бүгінде дамыған ел­дердің сту­дент­тері лекция жазбайды. Әр­қай­сысының қолында қажетті нәрсесі кітап күйінде жү­реді. Ал біз әлі күнге дейін жыл­дар бойы алатын білімді  ежік­­теп лек­ция жазумен уақытымыз өтіп жатыр.

Атап айта кетерлік жайт, 2011 жылы бі­лім беруді дамытуға жұмсалатын мемле­кет­тік бюджет шығыстары 9 миллиардқа жуық теңгені құраған. Және жыл өткен са­йын білім саласын дамытуға бөлінетін қар­жының көлемі ұлғайып келеді. Әйтсе де 20 жылдан бері не студенттеріміз не оқушы­лары­мыз оқулыққа жарыған емес.

Оқушылар да оқулыққа жарымай жүр

«Аспаннан киіз жауса да құлға ұлтарақ бұйырмайдының» кебі ме, жыл сайын баспалардан оқулықтар басылып шығып жатса да, қыркүйек айы бойына ата-ана­сын ерткен оқушылар оқулық іздеп са­бы­лып жүреді. Биыл 5-сыныптың баласының оқыған кітабы келер жылы інісінің оқуына жарамай шыға келеді. Ал ата-аналар оқу жылы бойына оқулық іздеп сабылып жүр­ген­де, олар іздеген оқулық базардың сөре­ле­рінде самсап тұрады. Оқулықтардағы олқылықтарды байқаған білім министрі де жақында «Жаңа әдістеме бойынша жаңа кітаптар жаздырамын» деп жар салды. Осы уақытқа дейін ұстаздар мен ата-ана­лар тарапынан сынға ұшыраған қаншама оқу­лықтар қолданыстан алынып тасталды. Де­мек, сол уақыттарда талапқа сай емес, са­па­с­ы сын көтермейді деп танылған оқу­лық­тар үшін бөлінген қыруар қаржы желге ұшты деген сөз. Жоғары оқу орындарының сту­денттері ғана емес, мектеп оқушылары да осылайша оқулыққа жарымай жүр. Жә­не оқушылардың оқулығы да қателікке толы. Ауыл баласы ең қажеттi оқулықтардан тап­шылық көрiп отырған кезде, «қала мек­тептерiнiң 76 пайызы, ауыл мектептерiнiң 73 пайызы ғаламторға қосылды» деп бөр­кімізді аспанға ату қисынсыз секілді.

Шамшадин ӘБДІКӘРІМОВ, филология ғылымының докторы, профессор:

– Дәл қазіргі таңда еліміздің оқу­лық­тарын сапалық тұрғыдан жақсартуымыз ке­рек. Және мектеп оқулықтары мен ЖОО оқу­лық­тарының сапасын бақылап отыра­тын жауап­ты орган керек. Әйтпесе бүгінгі күні ба­сылып шығып жатқан оқулық көп, бірақ іліп алары жоқ болып кетті. Сондай-ақ мек­теп оқулықтарын бес жылда бір жаңартуды жолға қоюымыз қажет. Әйтпесе мектеп оқулықтарында бей-берекетсіздік орын алуда. Айта кетер жайт, оқулық­тар­ды жыл сайын басып шығара беруден гөрі еліміздегі барлық оқушылар­ға жеткі­л­ік­ті болуын қамтамасыз етуіміз керек. 

Сондай-ақ дәл қазіргі таңда оқушылар мен студенттерге сапалы білім беріп қана қой­май, ұлтымыздың ұлттық ерекшелік­те­рін кеудесіне сіңіретін, идеологиялық са­на-сезімін қалыптастыратын оқулық керек секілді.

Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаткер:

– Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтсе де, оқулықтарымыздың са­па­сы сын көтермей тұр. Басқа елдердің оқу­лықтары оқушылар мен студенттерге білім беріп қана қоймай, жастардың бо­йын­да патриоттық сезімнің қалыптасуына ық­пал етіп, елдің идеологиялық сана-сезі­мін қалыптастыруға жұмыс істейді. Осы орай­да еліміздегі оқулықтардың идео­ло­гиялық тұрғыдан қызмет етуіне менің көңі­лім толмайды. Осыдан үш-төрт жыл бұрын 8-сыныптың әлеуметтік-экономикалық геог­рафиясы қолыма түсті. Әлеуметтік-экономикалық географияның негізін салу­шы­лар деп «Иванов, Петров, Сидоров»… деген орыстардың тектері толып тұр. Сонда ағылшындар, немістер бұл ғы­лым­ды жасаған жоқ па? Бізді сол кездегі идео­­ло­гия бойынша бәрін орыстар ойлап тапты, бар­лық білімнің негізін салушы орыс­тар деп үйретті. Өкінішке қарай, біз әлі де бол­с­а сол идеологиядан арыла ал­май келе­міз. Әлі де болса оқулық­тарымыз­да бар­лық дүниеге көршілердің көзқа­расы­мен қараймыз. Сондай-ақ әлгі әлеу­­­мет­тік-эко­номикалық географияда «Қа­зақ­тар Қа­зақ­станда кең таралған» де­ген сөйлем бар. Сонда қазақтар Қазақ­стан­­да таралмай, қай­да тарауы керек? Сон­­дай-ақ әлгі оқу­лық­та тың игеру жыл­да­ры жайлы да айта келіп, оны тек жақсы жа­ғы­нан көрсетеді. Ал тың игерудің арқа­сын­да қанш­ама мек­тептің жабылып, де­могра­­фия­мыздың бұ­зыл­ғаны жайлы ақи­қат сонда қайда қал­ды?! Кеңес Одағы кезін­де тың игеруге қызыл­дар қалай қара­ды, дәл сол көзқарас оқу­лықтарымызда сақталып қалған. Тарих бетін­де орын алған оқиғалардан қазақ хал­қы қандай зардап шекті, қалай қырыл­ды – мұның бәрі бүгінгі күні ұлттық мүдде тұр­ғысынан бір қаралып, солай баға бе­рілуі керек.

Қазір баспаларымыз оқулықты білім құралынан гөрі ақша табудың жолына айналдырып алған секілді. Сондықтан бір сәт оқулықтарымызға қазыналы, сапалы білім, идеология құралы ретінде де бір қарап көрсек кәнекей?!

Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

http://alashainasy.kz