Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

cf91412811aa24fbbba4d5d82fd31ff4Алексей ВЛАСОВ, Мәскеу мемлекеттік университеті тарих факультетінің деканы, ақпараттық-сараптамалық орталықтың директоры:
– Алексей Викторович, шетелдік тарихшылар біздің елде болып жатқан жаңалықтардан қалыс қалғысы келмейтінін айтып жатыр. Олардың көзқарасы біз үшін құнды. Ал Ресей тарихшыларының көзқарасы қандай?– Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарихты қайта зерделеу туралы ұсынысын Ресей тарихшылары мен саясаттанушылары қызу талқылап жатыр. Күні бүгінге дейін мұрағаттарда зерттелмей, зерделенбей жатқан құнды материалдардың көп екені белгілі. Қазақстандық тарихшылар бірінші кезекте Мәскеудің, Санкт-Петербордың мұрағаттарымен танысуы керек. Алайда, Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасына қатысты таптырмайтын деректердің шекаралас облыстардағы аймақтық мұрағаттарда да баршылық екенін белгілі. Сондықтан Қазақ елі тарихқа мемлекеттік деңгейде мән беріп, бағдарлама қабылдап жатса, бұған дейін белгісіз болып келген көптеген жайттардың беті ашылады деп ойлаймын.

Тарих қалтарысында біздің еркімізбен санаспайтын жағдайлар көп. Қазақстан 300 жыл бойы Ресейдің қол астындағы отар елдердің бірі болды. 70 жылдық тарихы бар КСРО кезеңі туралы әңгіме – өз алдына бөлек тақырып. Бүгінде қазақ түгілі Ресей тарихы мұрағат, дереккөздеріне негізделмей тұрғанын ашық айтуымыз қажет.Еуроцентризммен әбден уланған шетелдік көпестердің, барлаушылардың, әскери адамдардың немесе географтардың қазақ немесе орыс тарихы туралы жазбаларына сыни талдаусыз, сөзсіз ақиқат деп қарауға бола ма? Біз ол дереккөздердің бәрін байыпты түрде қайта пайымдауға, бүгінгі ғылымның биігінен қарағанда, олардың  ешқандай сын көтермейтінін түсінуге тиіспіз. Мәселен, ешбір ғалым бүгінде Англия тарихын Маколейдің немесе Франция тарихын Мишленің еңбектеріне сүйеніп зерттемейді ғой. Мысалы, Түркі қағанаттарының бірегей өркениетін ерте феодализм терминдерімен пайымдайтын болсақ, ештеңені де түсіне алмаймыз және қара дүрсін сұлбаны қайталай береміз. Сол сияқты, қазақтар мен орыстардың  этногенезін марксистік структурализм аясында қарастырсақ, онда біз кезекті тығырыққа тірелеміз.

Қазір ТМД кеңістігіндегі елдердің бірсыпырасы ұлттық тарихын қайта зерделеуге көшті. ТМД елдері тарихы соғыс жүріп өткен елді мекендердің сыртқы көрінісін еске түсіреді. Себебі тарих ерінбегеннің ермегіне айналып кетті. Саясаттанушы да, тарихшы, журналист те тарихшы, тіпті әдебиетші де тарихшыға айналды. Бұл қоғамды адастырады. Ғылыми тарих тек ақиқатқа ғана сүйенуі тиіс. Бұл ретте Қазақстан мен Ресей тарихшылары ортақ проблемамен бетпе-бет қалып отыр дер едім. Сондықтан Марат Тәжиннің  алаңдауын орыс тарихшылары жақсы түсінеді.

 

– Мемлекеттік хатшы Тәжин мырзаның ұлттың санасын көтеру, қазіргі заманғы ұлттық көзқарасты қалыптастыру мәселесіне ресейлік тарихшылар қалай қарайды?

– Біз де осы мақсатпен алға жылжып келеміз. Қазір тарихты ақтаңдақтардан тазартатын кез жетті. Бізге жаңа кеңістік, жаңа өріс керек. Алайда тарихты жазған кезде, ностальгияға берілген қауіпті. Оны Мемлекеттік хатшы М.Тәжин де ашық айтып отыр. Тоталитарлық мемлекетте ұлт мәселесін шешудің барлық «ғажайып» жолдарын ашып көрсету – қазіргі тарихшылардың парызы. Екіншіден, өткен күнге шынайы көзқараспен қарап, XX ғасырдың тарихын барынша таразылап алған жөн. Себебі XX ғасырдың жаңғырығы әлі басылған жоқ. ХХ ғасырдағы саяси оқиғалардың кейбір кейіпкерлері әлі ортамызда жүр. Кеңес дәуірін көрген, Кеңес Одағын сағына еске алатындар  біздің елде де, сіздердің елдеріңізде де бар. Біз олардың көзқарасына құрметпен қарауымыз қажет.

ТМД елдері тәуелсіз ел ретінде үшінші онжылдыққа аяқ басталды. Осы жылдар ішіндегі саяси оқиғалар ғасырларға жүк болады. ТМД елдері мемлекеттілікті қалыптастырудың транзитті кезеңін артқа тастады. Ойымызды жинақтайтын кез жетті. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді? Қалыптасқан мемлекет дегеніміз не? Тәуелсіздіктің негізгі белестері қандай? Қандай қауіп-қатерден өттік, қоғамның экономикалық, саяси және мәдени жүйесі қалай құрылды? Осы сұрақтардың бәріне дәйекті әрі анық жауап беру – тарихшылардың міндеті. Егер біз, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары туралы айтсақ, Сталиннің тұлғасына соқпай кете алмаймыз. Сол жылдардағы тарихи оқиғалардың басым көпшілігі Сталиннің төңірегінде өрбиді. Ал Сталиннің тарихын КСРО тарихынан бөле-жара қарай алмаймыз. Сталин трагедиясы – КСРО халықтарының трагедиясы. ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы КСРО халықтарының трагедиясын бүгінгі Ресеймен салыстыра қарайтындармен келісе алмаймын.

Тарих біздің қалауымызбен жазылмайды. Сондықтан біз тарихтан бір-бірімізден алыстататын емес, бір-бірімізді жақын тануға себеп болатын жайттарға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Тарих арқылы өз еліңнің ғана емес, өзге елдердің де тарихына құрметпен қарауды үйренуіміз керек.

 

– Жақында Ресей  мен Өзбекстанның тарихшылары үлкен жобаны қолға алды. Сол жайлы айта кетсеңіз.

– Біз өзбекстандық әріптестерімізбен бірге өзбектің жаңа, ұлттық тарихын жазуға кірістік. Бұл саясаттанушылар айтып жүргендей, Ресейдің қырық қатпарлы саясатының жемісі емес, екі ел тарихшылары арасындағы интеграциялық байланыстың нәтижесі ғана. Бұл бастама өзбек қоғамының да көңілінен шықты деп ойлаймын. Әзірге өзбекстандық басылымдарда қарсы пікірлер айтылып жатқан жоқ. Меніңше, мұндай жобаны сіздерде де қолға алатын кез келген тәрізді. Себебі тарих – құбылыс, тарих – тірі ағза. Ол өзгеріп отырады. Тарихшылар арасындағы пікір алуандығы да заңды. Бірақ ресми Астана мен Мәскеудің елдеріміздің ортақ тарихы туралы көзқарасында соншалықты алшақтық жоқ. Сондықтан Марат Тәжин мырзаның тарихты қайта зерделеу туралы ұсынысын бір-бірімізді жақыннан тануға бағытталған қадам деп бағалауымыз керек. Тәжин мырзаның ұсынысы аясында, қазақ тарихшыларын Ресейге, Мәскеу және Санкт–Петербор мұражайларына іс сапарға жіберу туралы шешім қабылданғанынан хабарым бар. Біз мұны екі елдің тарихшылары үшін бір-бірімен еркін сұхбаттасуға мүмкіндік беретін диалогтар алаңы деп қабылдауымыз қажет.

– Әңгімеңізге рахмет.
 

Гүлбаршын Сабаева
Айкын

Рубрика: