Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Мансұр ХАМИТ (фотолар)

Қазақстанда ешкімді де қуантпайтын, әйтсе де соны айналып өте алмайтын бір мәселе бар. Бұл – тариф. Тұтынушылар тарифті арттырмай қордаланған, қақыраған мәселені шешу мүмкін еместігін де түсініп қалды-ау. Алайда бағаға сай қызмет қайда? Ең аяғы тарифті көтеруден түскен табыс қайда жұмсалып жатыр? Кеше Мәжіліс алдына есеп беруге келген Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының осы мәселеге қатысты біршама терлеуіне тура келді.

Аты дардай агенттіктің басты қызметі тұтыну­шы­лар құқығын қорғауды қамтамасыз ететін монопо­лия­лық секторларды реттеу болып табылады. Бұл мақ­сатта ведомство 1194 табиғи монополия субъек­тілері­нің қызметіне тарифтік реттеуді, сондай-ақ 130-ға жуық доминант субъектіге баға белгілеуді қа­да­ғалайды.  Соған орай, елдегі тарифтік саясатты қа­лып­т­ы ұстау арқылы өмір сапасын жақсарту үшін үш негізгі бағытқа агенттік баса назар аударуды жөн са­напты. Олар: бірінші – тұтынушылар құқығын қор­ғау, екін­ші – реттелетін секторды жаңа әдістемелер ар­қы­лы жаңғырту, үшінші – «жасыл» экономикаға көшу һәм ЕХРО-2017-ге  дайындалу. Мәжілісмен­дер ал­­дын­да төраға Мұрат Оспанов былтырғы атқарыл­ған ша­ралармен сабақтастыра отырып, осы үш бағыт тура­лы әңгіме өрбіткен болатын.

Агенттік ақпаратқа назар салмайтын азаматтарға өкпелі

Тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесіне келсек, соңғы кезде тым нәзік болып бара жатқан та­риф мәселесіне қатысты жыл сайын қызмет көр­сету­ші субъектілер ел алдында есеп бере бастаған. Тарифті өзгерту керек болса, бұқараны жинап, жария тың­дау шаралары да қолға алынады. Сосын тарифтік смета  мәселесі де коммерциялық құпия болудан қал­ған.

Оған ты­йым салынғанға ұқсайды. Бір қара­сақ, бә­рі жария, бәрі – халықтың көз алдында. Ал­айда өкініштісі, агенттік төра­ғасы Мұрат Оспанов мұндай жариялы­лық­тан еш нәтиже байқамапты. «Тұтыну­шы­лар құқы­ның қорға­луы­на қатысты жа­рия жұмыстар ойдағыдай нәтиже бермеді, – деп кейіді Мұрат Мағауия­ұлы, – өйткені тұтынушы­лар да бұқаралық ақ­парат құ­рал­дары да бұндай шараларға қы­зығушы­лық таныт­пай отыр. «Енді қайтпек ке­рек» дегенге белсене кіріскен агенттік өз жұ­мы­сын қоғамдық ұйымдармен өтетін ша­ра­ларды жандандыру арқылы күшейтуге арна­мақ. «Осы­ған байланысты тұтыну­шы­лар құқық қор­ғау кезінде қоғамдық ұйым­дардың рөлін арт­тыру қажет деп білеміз», – дейді Мұрат Оспа­нов. Сөйтіп, тұтыну­шылар монополистерді, ал монополистер басқаны кінәламас үшін алдағы уақытта жариялылықтың жұмысы одан әрі ілге­рілейді, мәселенің мәнісін аша түсуге қо­ғам­ның өзі белсене араласатын болады. Әлбетте, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі заңның орындалуына бақылауды да назардан еш қалдырмайды. Айтпақшы, тұтынушылардың құқығын бұзуға жол бермеу мақсатында был­тыр агенттік 471 тексеру өткізген. Соған орай, әкімшілік құ­қық бұзушылыққа қатысты 382 қаулы қа­былданып, 205 млн теңгеден астам айып­пұл өндіріліпті. Агенттік төрағасы жылу беретін ұйымдардың тұтынушы құқын аяқ­қа таптаған кезін де байқап қалғанға ұқсайды. Әлгілер сыртқы ауа температура­сына байла­ныс­ты жылуды «ұқыпты» түрде азайтып не көбейтіп отырғанымен, оның ақысын есепте­генде «жүрісінен жаңылып», жоғары тарифті төмендетуді ұмытып кете­ді екен. Яғни күн райының жылы болғаны­на тиісінше жылудың да төмен мөлшермен берілгеніне қарамастан, жылу беру кәсіп­орындары бағаны өзгертпей ұстап келген. Соған орай сыртқы ауа температу­ра­сының өзгеруіне байланысты 2011-2012 жыл­дар­дағы жылу беру маусымындағы тө­лем­ақылар қайта есептеліп, халыққа 907 млн теңге қайтарылыпты. Осындай олқы­лықтардың орын алмауы үшін агенттік тө­ра­ғасы Мұрат Ма­ға­уияұлы сапа монито­рингі мен бақылау жүйесін енгізу қажет­тігін меңзейді.

Тұтынушы үшін екінші бір маңызды дүние – есептегіш құралдарын орнату. Осыдан аттай алты жыл бұрын көтерілген осы мәселе әлі де толық шешімін таппаған. Мәселен, елімізде ортақ су есептеу құрал­дарымен қамту шамамен 40 пайызды құраса, жеке тұтынушылардың су есептеу жабдығымен орташа алғанда 85 па­йызға орнатылған. Тұтынушылардың тұтас­тай есептеу құралына міндеттейтін заңның 2006 жылы қабылданғанына қарамастан, елдегі жеке тұтынушылардың әлі 15 па­йызы құралды орнатпапты.

Тариф көтеруден түскен 2,7 млрд теңге той-томалақ пен сыйақы төлеуге кетіпті 

Жиын барысында сайлаушылардың басым бөлігі наразы болып жүрген сапалы ауызсумен, жылумен, электрмен қамтама­сыз етудегі көл­де­нең кедергілер жайында да әңгіме өрбіді. Мәселен, Сейітсұлтан Әй­імбетов: «Тариф мә­се­лесінің экономи­ка­ға да, әлеуметтік мәселеге де қатысы бар. Ал сайлаушылар тарифтер үне­мі өске­німен, коммуналдық қызмет сапасы жақ­сармай отырғанына алаңдайды. Өкі­ніш­ке қарай, бұл – ащы да болса шындық», – дегенді алға тартты. Оның айтуынша, та­биғи монопо­лиялар саласы – азаматтық бастамаларды бел­сенді түрде қолдауды талап ететін сала. Өйткені табиғи моно­по­лия субъектілері ең қажетті қызметтерді көрсететіндіктен, ол азаматтық бақылау­дың тұрақты әрі жіті назарында болуға тиіс. «Осыған орай және тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғау мақсатында табиғи моно­полия субъектілерінің барлық мін­деттемелерін, әсіресе инвестициялық мін­деттемелерін орын­дауын, коммунал­дық тарифтердің қалыпта­суын, реттеліп көр­сетілетін қызметтердің сапа­сын бақылау үшін үкіметтік емес ұйымдарды, ең дұры­сы, тұрғындарды белсенді түрде тарту қа­жет», – дейді депутат Әйімбетов. Бұдан бөлек, қалаулылар тозығы әбден жеткен энер­гетика мен жеткізу желілеріне салына­тын ин­вес­тицияға да баса назар аударды. Халықтың қалтасынан жиналатын инвес­ти­ция айдалаға ағылып жатса, одан не пай­да? Түптеп келгенде, тұтынушыларға «ескіні жаңартамыз» деп тариф көтеруден түсетін табыстың қайда сіңетініне де депу­таттар алаңдаулы екенін білдірді. Шын­ды­ғында, монополистер тарифті арттырмай, ес­кірген инфрақұрылымды жаңартудың мүм­кін еместігін ұдайы алға тартып келеді. Осыдан ба­рып мынадай заңды сұрақ ту­ын­дайды: олар инвестицияны құрайтын баптар бойынша ал­ған табыстар тыныс-тіршілік объектілерін жаң­ғыр­тып, жаңар­туға жұмсала ма? «Депутаттарды алаңдат­қан мәселенің негізі бар екенін Бас проку­ра­тура мен Табиғи монополияларды рет­теу агенттігі жүргізген тексерулер дәлелдеп берді. Энергия өндіруші ұйымдардың та­рифті көтеруден түскен 2,7 млрд теңге мөл­шеріндегі табысы өздерінің құрылтай­шы­ларына диви­дендтер төлеуге және мерекелік-мәдени іс-шараларға бөлінгені анықталды. Ал біздің пікірімізше, бұл қа­ражат негізгі құралдарды жаңғыртуға жұм­салуы тиіс болатын.  Өкінішке қарай, практикада кездесетін осындай олқы­лық­тың салдарынан жылу, су шаруашылығы мен электр желілерін, сондай-ақ жылу көз­де­рін қоса алғанда, активтерді жаң­ғыр­ту бюджет­тен, яғни тағы да салық тө­лей­тін тұтынушының қалтасынан төлену­де», – дейді Сейітсұлтан Сүлейменұлы.

Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– «Бәсекелестікті қорғаймыз» деген желеумен бірқатар тауар мен көрсеті­летін қызметтердің, мысалы, мазут пен көмірдің бағасы тұрақты түрде өсіп тұр. Бұл ретте электр және жылу энергиясы өндірісі бо­йынша көрсетілетін қызмет­терге арналған тарифтердегі көмір мен мазуттың бағасы шамамен 70 пайызды құрайды. Сондықтан олардың қымбат­тауы реттеліп көрсетілетін қызметтер тарифтерінің айтарлықтай өсуіне алып келеді. Мұның өзі, түптеп келгенде, тұ­ты­нушылардың материалдық жағда­йына теріс әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекет реттейтін бағалар қолданы­латын өнімдер­дің, тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің номенклатурасы бойынша ұсыныстарды Үкіметке енгізу жөніндегі функцияларды агенттікке беруі қажет. Жалпы, тұтынушы­лар­дың құқықтарын қорғау – бұл табиғи моно­полиялар субъектілерімен текетіресу емес. Бұл – тең азаматтық-құқықтық қаты­настар. Алайда мұндай қатынас­тар­да тұтынушы, әдетте, неғұрлым әл­сіз тарап болғандықтан, үнемі ұтылып отырады. Сон­дықтан біз тұтынушылар мен табиғи мо­нополия субъектілерінің мүдделері теңге­рімін қамтамасыз ететіндей құқықтық тетік­тер жасауымыз керек.

Ұласбек СӘДІБЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Әлбетте, тұтынушыларды тариф қана емес, коммуналдық қызмет сапа­сы да, жылу мәселесі де, электр жары­ғы­ның сапа­сы да алаңдатады. Ал енді осыған байла­нысты тұтынушылар құ­қығын қорғау үшін сапаның барлық параметрін пайдалану үшін нақты ре­жимде мониторинг жүргізу мүмкін емес. Сондықтан сапа мониторингі жә­не оны бақылау жүйесін енгізу тұты­нушылар құқығын қорғауда негізгі құрал болады деп сенемін. Сондай-ақ сервистік және коммуналдық қызмет көрсетуде ар­найы стандарттардың жоқтығы тұтынушы­лар наразылығын тудырып отыр. Тұтыну­шылар сағат бо­йы телефон шалып, монопо­лист кәсіп­орындарға қол жеткізе алмайды. Бұл – шындық! Сондықтан тиісті заңнама және нормативтік-техникалық негіз құру мәселесі күн тәртібінде тұр деп есептеймін.

Автор: Қанат ҚАЗЫ

 

http://alashainasy.kz/main/41272/

Рубрика: