Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Ғылыми фантастика жеке жанр ретінде XX ғасырда қарастырыла бастады. Нақты айдары сол кезде тағылды демесеңіз, бұл саланың тамы­ры тереңде. Тарихы әріден бастау алады. Оған бала күнімізден тыңдап өскен қиял-ғажайып ертегілері дәлел бола алады. Әлем әдебие­тін­де ғылыми-фантастика ғылыми поэзия, ғылыми проза болып екі тарапта дамыды. Ғылыми поэзия терминін әдебиеттану саласында алғаш француз поэзиясының теоретигі Рене Гиль «Сөз туралы трактат» атты еңбегінде қолданды. Ол ежелгі дәуір әдебиетінің белді өкілі Лукреций Кардың «Заттың табиғаты» атты еңбегінде осы ғылыми поэзияның белгілері бар деп көрсеткен.

Ғылыми фантастика жанры қазақ әде­бие­тінде өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дары қалыптасты. Ғылыми футуро­логияны әдебиетке енгізген қазақтың белгілі ғалымы Ақжан Машани болатын. Оның дәлелі ретінде ғалымның 1957 жылы жарық көрген «Жер астына саяхат» кітабын айта аламыз. Одан кейінгі уақыт­тарда Талап Сұлтанбеков, Төлеш Сүлейме­нов, Шоқан Әлімбаев сынды қаламгерлер бірқатар шығарма тудырды. Бүгінде осы ғылыми фантастиканың жүгін арқалап жүргендер ретінде Абдул-Хамит Марха­баев, Медеу Сәрсеке, Жүніс Сахиев, Шәм­ши­ден Абдраман сынды бірқатар қалам­гердің атын атаумен шектелеміз. Адамзат санасын алдыға жетелеуде үлкен рөл атқа­ратын бұл жанр қазіргі уақытта кенжелеп тұр. Жас қаламгерлер проза, поэзия сала­сы­на көптеп келіп жатқанымен, ғылыми фан­тастикаға ат ізін салғандары жоқ. Мұ­ның бірінші себебі – жанрдың қиындығы бол­са, екінші себебі осы жанрға деген оқыр­­мандардың қызығушылығының тө­мен­дігінде жатса керек.

Сонымен,  әдебиетіміздегі ғылыми фан­­­­­тас­тика жанры бүгінгі күні Медеу Сәр­се­кенің «Ғажайып сәуле», Талап Сұл­тан­­бе­ков­тің «Көшпелі алтын», Шоқан Әлім­­­­баев­тың «Данышпандық альфасы», Тө­­леш Сү­­лей­­меновтің «Әл-Фараби кө­пірі», «Жұл­­дыз адамы», Т. Шахановтың «Кө­­гілдір мұ­наралар», Ә.Мархабаевтың «Ға­рыш­тағы қымыз», Н.Кенжеғұлованың «Қиын шешім», М.Гумеровтің «Жұмбақ сәуле», С.Ғаббасовтың «Кәусар», Р.Бекті­баевтың «Ионосферадағы алаң» атты по­вес­тері мен ро­мандары сынды шығар­ма­лар­мен шек­те­ліп тұр.

Бұл жанрға, бәлкім, жаңа бетбұрыс ке­рек шығар. Өйткені ғылыми-техника да­мып кеткен бүгінгі заманның оқырманына көп нәрсе таңсық емес. Осындай сұрақтар­мен біз  сөз етіп отырған жанрымыздың бел­ді өкілдеріне хабарласқан едік.

Шәмшиден АБДРАМАН, фантаст-жазушы:

– Ұлтымызда бұрыннан бар фан­тас­тика жанры кейін келе ғылыми негіз­дер­мен байытылғаннан кейін, ғылыми фан­­тастика болып қалыптас­ты. Ғы­­­­­­лы­­ми фантастиканы қалыптас­тыр­ған­­дар – жазба әдебиетінің өкіл­дері. Біз оны Ақжан Машаниден бері қарай тартамыз. Мен қазақ әдебиетін­дегі ғылыми фантастиканың дамуына әсер еткен бірден-бір фактор ретінде «Білім және еңбек» сынды басылымды атар едім. Сол журналдар фантастарды тәр­биеледі. Жазғандарын жариялады. Осындай жолдармен қазақ әдебиетін­дегі ғылыми фантастиканың өсуіне елеулі үлес қосты. 

Бүгінгі күнге оралатын болсақ, қазір бізде жастарды тәрбиелейтін, олардың қызығушылығын оятып, білімін жетіл­діретін ғылыми-техникалық, таным­дық, қызғылықты басылымдар жоқ. Негізінде, осындай журналдар бізге өте қажет. 

Ал ғылыми фантастикаңыз біржола жоғалды, тұралады деп айта алмаймын. Ке­шегідей қарқын жоқ екені рас. Кеше­гі қарқын, меніңше, әдебиеттің басқа да жанрларында жоқ. Енді екінші себе­біне келсек, тағы да сол таралым мәсе­лесі алдымыздан шығады. Қазір ғылы­ми фантастикалық шығармалар жа­­зылып жатыр. Бірақ олардың халық­қа жетуі қиын. Баспаның шығарған мың дана кітабын кімге жеткіземіз? 

Бұл жанрға жастардың келмей, жа­ңа есімдердің шықпай жатуына ора­латын болсақ, бұның барлығы да – жанр­дың қиындығында. Бойында та­лан­ты бар жас қаламгер отыра қалып өлең жазуына, проза жазуына болады. Ал ғылыми фантастика жазу үшін оның міндетті түрде ғылымнан хабары болуы керек. Мен осындай себептермен бай­ла­ныстырар едім. Бұл жанрда аты-жө­ні қалыптасқан, тұрақты жазып жүр­ген­дердің ең жасы дегенде менің ойыма Жүніс Сахиевтің есімі ора­лады. Оның өзі – жерортасы жасын­дағы адам. Сол Жүніс – бір ғана сериямен 11 том жаз­ған қа­­ламгер. Үлкен еңбек қой. Менің өзім үш роман бердім. Бі­рақ тара­лым­ның аздығынан елге толық жетті деп айта алмаймын.

Абдул-Хамит МАРХАБАЕВ, фантаст-жазушы:

– Егер мойындай алсақ, дәл қазіргі уа­қытта жазушының жағдайы қиын. Кі­та­бының таралымы аз. Қаламақының жағ­дайы мәз емес. Тіпті кейде қалама­қы ал­мақ түгіл, кітабыңның жарық көр­ге­­ніне қуанасың. Мұндай жағдайда оқыр­­ман­ның да жай-күйі белгілі. Осы­д­ан кейін кім туралы жазасың, кімге ар­нап жаза­сың? Міне, жазушылардың ішінде осын­дай қыжыл бар. Ал Жапо­нияда бір кітап жазған жазушы бірнеше жыл алаңсыз өмір сүреді. Ғылыми фан­­тастика жанры жазушының жан сө­лін сығып алады. Ал төккен тердің өтеуі бол­­маған жерде сүбелі дүние туады деу қиын.

Бүгінгі ғылыми фантастика дегенге кел­сек, өтірік мақтап, жалаң ұранға сал­­­ғым келмейді. Жоғарыдағы себеп­тер­­дің барлығы осындай жағдайға әке­ліп тіреді.

Автор: Бейбіт САРЫБАЙ

http://alashainasy.kz/sho/41904/

Рубрика: