Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Байтұрсын ӨМІРБЕКОВ, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор

 – Бейнелеу өнері жайлы әңгімемізді әуелі Суретшілер одағының биыл той­лануы тиіс 80 жылдық мерейтойынан бас­тасақ дұрыс болар деп ойлаймын…

– Жалпы, бейнелеу өнерінің бірден-бір жанашыры, жоқтаушысы, екіншіден, бейнелеу өнерін өнер ретінде дүниеге келтіріп жүрген шығармашыл дарынды азаматтардың кәсіби ұйымы ретіндегі ме­млекетіміздегі жалғыз қоғамдық бір­лестік – осы Одақ. Жанашыр, жоқтау­шы­сы деп отырғаным, осы өнердің өсіп-өнуіне жүйелі бағдарлама жасап, жас таланттардың жолын ашуға, білімін жетілдіруге, өнер тарихы, теориясы мен сыны жайлы зерттеулер, басылымдар ұйымдастыратын да – осы Одақ. Ал кә­сі­би ұйым ретінде Одақ заманға сай шы­ғармашыл азаматтардың құқығын қор­ғау, әлеуметтік жағдайларына көмек көр­сету, өнерлерін насихаттау мен ын­таландырудың жолдарын, мүм­кін­дік­терін қарастырады. Сондықтан бүгінгі таңда біз мемлекетімізде осы Одақтан басқа ондай құрылым көрмей жүрміз. Тек соның шаңырағын шайқалтып ал­май, 80 жылдық өмірін одан әрі ұзарта берудің амалын іздегеніміз дұрыс бо­лар.

1990 жылдардың соңы барлық об­лыс­тарда Суретшілер одағының бөлім­шелері құрылуымен және көптеген жас талантты суретшілердің мүшелікке өтіп, молайған кезі. Суретшілер одағы бұл кезде материалдық базасы кемелденген үкімет пен қоғамдық қарым-қатынаста құрмет пен марапатқа ие, министрлік дә­режесіндегі ұйым болды. Алда үлкен саяси-әлеуметтік өзгерістер күтіп тұр­ды.

1990-1995 жылдар аралығы қоғам­дағы түбегейлі бетбұрыстар мен саяси ахуалдар Суретшілер одағын да есең­гіре­тіп, нарықтық экономикада қай ба­ғытта, қандай амалдар жасау керек еке­нін біле алмай, ұрынып қалған тұс­тары көп болды. Акционерлік қоғам құр­ғандар ұтамыз деп, ақыры жаппай же­кешелендірудің қызығына түскен басшылар «көркемсурет қорын», «өн­дірістік-көркемсурет шеберханасын» таратып, Алматыдағы жеті қабат ше­бер­ханаларды жекешелендіріп тынды. Облыстардағы дүние-мүлік те қолды болып, жергілікті билік тартып алғаны бар, айырылып қалғандары бар. Қыс­қасы, бүгінгі күні облыстардағы бөлім­шелерде қалған мүлік бірен-саран.

Әбүйір болғанда осындай қиын-қыс­тау кезеңдерден өтіп, талас-тар­тыстың соңынан Қазақстан Суретшілер одағы қоғамдық бірлестік ретінде сақ­талып, өз ісін жалғастырып келеді.

– Ендігі әңгімені Одақтың XVІ съе­зінен кейінгі өмірінен айтсаңыз деймін. Се­бебі өзіңіз араласып жүрген ортаның ты­ныс-тірлігін айтсаңыз сенімдірек қой.

– Қазіргі есеп бойынша, Одақ мүше­ле­рінің республика бойынша барлық саны – 980 адам. Олар филиалдар мен дер­­бес заңды құқықтағы ұйымдарда тір­кел­ген.

Бүгінгі таңда Суретшілер одағы

1000 м² жуық жылжымайтын мүлкін жалға беру арқылы түскен қаржыға жұ­мыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар шаруа­шылық ұйымдастыру, жарна және ақылы қызмет көрсету сияқты қаржы көз­дері бар. Әрине, бұл тек Одақтың ұйы­м ретінде өмір сүруіне ғана мүмкіндік бе­ретін қаржы.

Енді Суретшілер одағының соңғы съез­ден (2009 ж.) кейін атқарған біраз ша­раларының негізгілерін ғана айта ке­тейін.

Соның алғашқысы 2009 жылы 300-ден астам суретшілер мен өнертану­шы­лар­дың басын қосып, республикалық «Қазақстан суретшілерінің бірінші фору­мын» өткіздік. «Өнер дағдарысқа қарсы. Инвентаризациялау» деп ата­ла­тын форумның мақсаты соңғы жыл­дар­дағы өнер өрісін бағдарлау, оның жалпы дүниежүзілік көркемсурет үдерісте­рін­дегі орны мен кәсіби деңгейін анықтау еді. Форум осы заманғы бейнелеу өне­рінің барлық түрін қамтыған үлкен көр­ме, шеберлік сыныптар, ғылыми-прак­тикалық халықаралық конферен­ция, «Таңбалы тас» табиғи қорығына ба­ру және оқу орындарында кездесу сияқ­ты бірнеше шаралардың басын қосқан өте пайдалы жиын болды.

2010 жылы «Еуразия Еділден Ертіске дейін. Қазіргі заман образдары» атты ха­лықаралық симпозиум өткіздік. Оған төрт жақын шетел – өзбек, қырғыз,

түр­ік және тәжік ағайындармен қоса, Германия мен Австриядан суретшілер қатынасты. Мұның мақсаты – әр елдің суретшілерін араластыра отырып, біздің елдің тақырыбына шығарма жасау қай­сысына болса да пайдалы және кәсіби шеберліктерін шыңдау. Симпозиум қоры­тындысы,  суретшілер, өнертанушы­­лар мен оқу орындарының студенттері қа­тынасқан дөңгелек үстел және екі үл­кен көрмемен аяқталды. Ә.Қастеев атындағы өнер музейіне ең таңдаулы су­реттерді тегін бердік.

2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығына арналған ең үздік шығармаға байқау жарияладық және 20 жас талант­қа арнап пленэр – табиғат аясында сурет салуды өткіздік. Байқаудың қо­ры­тындысы бойынша, әуелі Алматыда, со­дан кейін Астанада үлкен көрме өт­кіздік. Жеңімпаздар марапатталып, ақ­шалай сыйлық берілді. Тағы да өнер му­зейіне шығармалар бердік.

Осы шаралардың бәріне қол жет­кізгеніміз Мәдениет министрлігінің ең үздік әлеуметтік жобаларға жарияланған бай­қаудың қызмет көрсетуіне қатына­сып, жеңіп алуымыз себеп болды.

Сонымен қатар Тұңғыш Президент қо­­­рының демеушілік көмегімен жас су­ретшілердің екі жыл қатарынан пленэ­­рін өткізуге мүмкіндік алдық.

Мәскеу қаласында орналасқан Х­а­лықаралық Суретшілер одағы кон­фе­дерациясымен тығыз байланыс жасау да көп нәтиже беруде. 2012 жылы ең­бегі­мен көрініп жүрген екі суретші «Се­неж» шығармашылық базасында бір айдай уақыт жатып, еңбек етті. Барлық қа­ражатын Конфедерация өтеді.

2012 жылғы желтоқсанның 24-і күні Мәс­кеуде ашылған «Ұлттар өнері» атты көр­меге қатынастық. Оған бізден 30 су­ретші өз еңбектерін қойды. Сонымен қатар биылғы жылы Суретшілер ода­ғының құрылғанына 80 жыл толуына орай Конфедерация өз қаржысына «Қа­зақ өнері» атты үлкен альбом шы­ғарып беретін болды. Және бір қол жеткізген келісіміміз – Астанада жаңа салынып жатқан музейге Конфедерация қорынан шығармалар сатып алуға, олардың біра­зын сый ретінде беруге уәде алдық.

Өткен 2012 жылы 5 суретшіні Арме­ния­да өткен «Армян палитрасы» атты пленэрге жібердік, тағы 5 суретші «ТЮРКСОЙ» жобасымен Елабұға, Ан­кара және Мешхет қалаларында болып қайтты. Әрине, бұл шаралардың бәрі демеушілердің арқасында іске асты. Сонымен қатар Суретшілер одағының сайты ашылды, кітаптар шығардық, Қа­зақстанның халық суретшісі Х.Нау­рызбаевқа көше атын беріп, зиратына ескерткіш қойдық.

– Бірнеше жылдан бері біздің бай­қауы­мызша бейнелеу өнеріміздің мәні мен сапасының жағдайы өрге баспай тұр. Мұ­ның басты себебі тікелей жанашыр ұйым – Суретшілер одағының шалажансар күй кешуінен бе? Әлде, басқа ешбір мекеменің не мемлекеттік болсын, не қоғамдық бол­сын бейнелеу өнерінің өркендеп дамуы­ның проблемаларымен айналыспа­й­ты­нынан ба?

– Білім және ғылым министрлігінің құ­зырындағы университет, академия жә­не басқа оқу орындары тек кадр дайын­даумен ғана айналысады. Оның өзінде тек факультет, кафедра, бөлімше сияқты әлсіз, өлместің күйін кешіп жат­қан ұйымдар, тек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасы жақсы. Жалпы саны елуден асатын осындай республикалық оқу орын­дарында азғантай халқы бар мем­лекетімізге қанша суретші немесе ди­зайнер керек екенін ойлап, сараптап жатқан жан жоқ, тек қаржы көзі ретінде ғана ашылған мамандықтар, топырлатып диплом беріп жатыр. Сондықтан да ол оқу орындарында шығармашылық байқау деген, талант іздеу деген атымен жоқ. Кім келсе, кім ақша төлесе, сол су­рет­ші болады. Осыдан кейін сапалы білім, саналы да талантты маман қайдан келсін?!

М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының «бейнелеу өнері» бө­лімі тек ғылыми-зерттеулермен ғана ай­налысады. Басқа үдерістерге қатысы жоқ. Соның өзінде өнертану ғылымы­ның шекесі қызып тұрғаны шамалы. Әсіресе, қазақ тіліндегі әдебиеттер, зерт­теулер мен сын мақалалар жоқтың қасы.

Мемлекетіміздің маңдайындағы жал­ғыз Ә.Қастеев атындағы өнер

му­­зейі­нің өз міндеті мен іс-шаруасы бар. Әйтеуір, әбүйір болғанда, осы музейіміз қай жағынан айтсаңыз да көңілге тоқ, көзге көрім. Анда-санда өтетін үлкен көрмелерімізге мекен бо­лып, кәсіби деңгейде экспозициялық мә­дениетті сақтап тұрған үлкен шаңы­рақ. Бірақ ол да бейнелеу өнерінің проб­ле­маларын өз мойнына ала алмайды.

– Сондықтан бірінші кезекте Сурет­шілер одағының дұрыс жұмыс істеуін жол­ға қою керек дейсіз ғой…

– Әрине! Себебі басында айтқаны­мыз­дай, бейнелеу өнерінің сала-саласы бойынша, кәсіби шығармашылық және суреткер проблемаларымен айналысу тек кәсіби одақтың ғана қолынан келеді жә­не ол соған мүдделі. Ал Одақтың бү­гін­гі ахуалы ол талапқа сай келмейді. Ке­ңес дәуіріндегідей аяқтан тік тұрып ке­тетін қаржы-экономикалық құрылым құр­дымға кеткен. Кеңестік кезеңде идео­логиялық машина колхоз-совхоз­дарға көрнекі үгіт, клуб жұмысы, т.б. тапсырыстар беруге мәжбүрлеп оты­ра­тын. Енді ондай жоқ. Бұл жағынан өзбек ағайындардың тәжірибесі көңілге қо­нар­лық.

Суретшілер салатын картиналарын өз­дері сатып, еркін өнер – шығар­ма­шы­лық базары пайда болды. Осылай кете берсе қазақ бейнелеу өнері болып қа­лып­тасып, кейде мектеп дәрежесіне кө­теріліп қалған сурет өнері тоз-тозы шығып, көркемөнерпаздар, әуесқой суретшілікке дейін төмендеуі мүмкін. Сондықтан байқаулар мен тапсырыстар, симпозиумдар мен биенналелер суретші қауымға ұдайы сілкініс әкеліп отыруы керек. Осының бәрі Суретшілер ода­ғы­ның, оның облыстық филиалдары мен бөлімшелерінің жұмысы болар еді, егер тиісті шаралар қолданылса.

– Бұл үшін Суретшілер одағына тұ­рақ­ты қаражат көзі – көмек керек емес пе?

– Ол көмекті көрсете алатын – Мә­дениет және ақпарат министрлігі. Жыл сайынғы ең үздік әлеуметтік мәні зор жобаларға жарияланатын байқау бар. Яғни ақша бар деген сөз. Сол байқау аясында шығармашылық одақтардың әлеуметтік-мәдени статусы  басқа­лар­дан ерекше екенін ескере отырып, са­тып алу заңының «өнімді бір жерден са­тып алу» әдісімен шартқа отырып, 15-20 миллион теңге көлемінде жыл сайын қызмет көрсетуге тартып отырса, проблемалар бірте-бірте шешімін та­бары сөзсіз. Суретшілер одағы ондай мүм­кіндік болса, жыл сайын екі-үш жоба дайындап, пайдалы әсері бар әлеу­меттік шараларды бейнелеу өнерінің игілігіне іске асырған болар еді.

Тәуелсіз мемлекетіміздің эконо­ми­калық және әлеуметтік қарқынды даму үдерістерінің көлеңкесінде бейнелеу өнері қалып қойғандығына бірнеше мы­сал келтірейік. Әріптестер ренжі­ме­сін, дегенмен:

Жылына бірнеше халықаралық ки­нофестивальдар, әншілер байқаулары, пионистер мен скрипкашылар байқауы, театр фестивальдары өтіп жатқан Қа­зақ­станда бейнелеу өнерінен бірде-бір республикалық байқау өткен жоқ. Жүл­де, марапат берілген жоқ. Тек 2011 жы­лы ғана Суретшілер одағының ұйым­дас­тыруымен республикамыздың 20 жыл­­­­дығына арнап ең үздік бейнелеу өнері шығармаларына байқау жария­ладық. Мәдениет министрлігінің әлеу­меттік жобаларға жариялаған байқауы­нан жеңіп алған едік.

Жастарға арналған «Шабыт» бай­қауын айтпай кетуге болмас. Астана қа­ласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өтетін байқау барлық өнер саласын қамтиды, соның ішінде бейнелеу өнері де бар. Жас суретшілерді қолдау шарасы ретінде бүгінгі күні сол байқау жақсы, бірақ бүгін көрдік – оның да сапасы тө­мендеп кеткен.

Жақында мен көрші Ресейдің Улья­нов қаласында суретшілерге арналған «Пластов күзі» деп аталатын халық­ара­лық байқаудың қазылар алқасына қа­тынасып келдім. Ол байқау жыл сайын өтеді екен. Негізінен, ресейлік­тер­ге ар­налған. Бірінші орны төртеу, әрқай­сысы 1 миллион рубль, яғни 5 миллион теңге. Барлық аталымы – 14 орын. Об­лыс гу­бер­­наторы келесі жылы сыйлық көле­мін тағы да көбейтетіндігін айтып отыр.

Бізге осындай республикалық, тұ­рақты өтіп тұратын бір байқау керек еке­нін 3-4 жылдан бері айтып та, жазып та келеміз. Биыл Мәдениет министрлігі «Тәуелсіздік толғауы» атты байқауға бей­нелеу өнерін қостық деді. Енді оған ұза­ғынан болсын деп отырмыз.

Ал байқау неге керек? Байқау өнер шы­ғармаларының сапасын көтеру үшін, су­ретшілердің ынта-жігерін, шабытын шың­дау үшін керек. Сөйтіп, өнерге өсу, даму үдерісін әкелетіндігін бәріміз жақ­сы білеміз.

– Қоғамның мәдени өмірінде өнер шы­ғармаларына тапсырыс беру деген үрдіс бар. Драмалық, музыкалық, поэ­зия­лық, т.б. салалар бойынша тақырыбын бел­гілеп, мәселен, «Астанаға» арналған ән­дерге, «Абылай хан» операсына, тағы сол сияқты тапсырыс беріліп жатады. Су­рет өнері тарихында да ең керемет шы­ғармалар тапсырыс бойынша орындалған. Ми­келанджелоның «Сикстин  капелла­сы», Гояның портреттері, Карл Брюлов­тың «Пом­пейдің соңғы күні», тағы бас­қалар. Бұл жа­ғынан не айтасыз?

– Біздің елде суреттен басқа өнер са­лаларына тапсырыс барда бейнелеу өне­рі тағы шет қалады. Біздің айтып отыр­ғанымыз, мемлекеттік тапсырыс. Себебі үлкен әлеуметтік, тарихи-та­ным­дық тақырыптағы картиналар өзі­нен-өзі пайда болмайды. Әсіресе, мына біз өмір кешіп отырған нарықтық эко­но­мика кезеңі әлі жалпыхалықтық игі­лікке айналмай тұрған сәтте суретші тек қарапайым халық тұтынатын арзан са­лондық шығармалар жасайды. Мәсе­лен, Алматыдағы «Арбат». Олар табиғат көрінісі, әдемі жан-жануар, ақ боз ат сияқ­ты өтімді дүниелерді салып ас-суын ажыратады. Жұрттың көбі үйге әшекей ретінде іліп қоятын суретті көп жұрт өнер­дің кереметі екен деп ойлайды.

Соңғы 15-20 жыл аралығында Ә.Қас­­­теев атындағы өнер музейіне бір­де-бір үлкен үнді туынды алынған жоқ. Өйткені ондай шығарма дүниеге келген жоқ. Себебі қажеттілік жоқ. Тапсырыс жоқ. Ондай шығармаларға кім тапсырыс беруі керек? Біздің ойымызша, мем­ле­кет.

Еліміз кеңес өкіметінің құрсауынан шы­ғып, жиырма жылдан астам егемен өмі­рінде тарихи-әлеуметтік маңызы ора­сан үлкен оқиғалар мен кезеңдерді ба­сынан өткеріп жатыр. Соның қайсысы бей­нелеу өнерінің шығармаларынан кө­­рініс тапты? Желтоқсан көтерілісі не­месе тәуелсіздік декларациясы, Ас­та­наның астана болуы сияқты керемет тақырыптар үлкен эпикалық карти­на­ларға арқау болуы керек еді, бірақ олай болмады. Оның орнына асығыс сом­да­лып, оқыс орнатылған атты-жаяулы ес­керткіштер, атын естігенмен, жүзін еш­кім көрмеген хандарымыз бен билеріміз, батыр бабаларымыз сап тү­зеп, мүсіншілерімізге шығармашылық та­быс әкелудің орнына тартысқа түсіп, дау-дамай туғызумен келеді. Шынында да олардың бет-әлпеті, дене бітімі қалай болғанына ешкім мән беріп жатқан жоқ. Әйтеуір адам бейнесінде болса болар дегенге ол аруақтар риза болар ма екен? Осыны ойлап жатқан ешкім жоқ сияқты. Кезінде ұлы суретші Ә.Қастеев Аман­гелді образын жасауға өмірінің он шақ­ты жылын арнап, фотосуреті болмаған­дық­тан батырдың туған еліне барып, көріп-біл­ген елден ауызекі суреттеме жинап, ақы­ры үлкен туындыны дүниеге әкел­ген. Ол шығармасы халықтың үл­кен ықыласына бөленген.

Қазір болса, кейбір ескерткіштер тұ­­ғы­рынан алынып, қайта сомдалып, бә­­рібір оңбай келеді. Мұның себебі, та­­­л­анттың  жоқтығынан емес,  талғам­ның  жоқтығында. жоспарды  уақыты­нан бұрын орындап, шенді-шекпенді болу­дың кері, өнерді қолшоқпарға ай­нал­дырып, әкімқараның жұмса жұдыры­ғында, ашса алақанында екенін көр­сетуде бүгін көзіміз жетіп отыр. Ашық байқау жарияланбай, жа­рия­ланса да өздері алдын ала дайын­дал­ған адамда­рын өткізіп, негізгі мақсат қар­жы мәсе­лесі болып, өнердің өресі жайына қала бе­реді. Тіпті ескерткіштер ашыл­ғанда мү­сіншінің аты да аталмай қа­лып жа­тады. Жақында Қарағанды облысының Нұра ауданында С.Сей­фул­лин­ге қойыл­ған ескерткіш ту­ралы «Ц.А.Монитор» газеті жазыпты. Ішінде бәрі бар, ал кім жасағаны жоқ. Осының өзі-ақ бейнелеу өнеріне деген, суретшіге деген көзқа­растың айқын көрінісі. Ашы­ғын айтсақ, бұл – суретшіні қорлау. Адам қатарына қоспау. Қоғамдағы орны басқа өнер адам­дарына қарағанда төмен тұр­ған­дығының айғағы. Бұл – жалпы, мә­де­ниетіміздің төмендігі, суретшіні етік­ші­ден ажырата алмағандығымыздың сал­дары. Оны ажырата алмай отырған жаңағы журналист екендігін ойласақ тіп­ті салымыз суға кетеді.

– Сондықтан не істеу керек?

– Сонау балабақша мен мектептен бас­тап көркемөнер тәрбиесі мен мә­дениетті қалыптастыру керек. Оған үл­кен мән бермесек, іске асырмасақ, бо­лашақ жеткіншектеріміздің мінез-құл­қы, ой-өрісі шектеулі, қатыгез, мәң­гүрт боларына сөз жоқ. Осы мәселе ЮНЕСКО шеңберінде де көтерілгеніне он­ шақты жыл болды. Жастарды көр­кемө­нер арқылы тәрбиелеу пробле­ма­лары осыдан екі жыл бұрын Кореяда өткен ЮНЕСКО конференциясында қа­ралды. Соған қатынасқан қазақстан­дық азаматтар да бар. Соның бірі – Ал­матыдағы Ә.Қастеев атындағы көрке­мө­нер-дизайн мектебінің директоры.

Вашингтон қаласында Ұлттық га­лерея бар. Маған қатты әсер еткені – оның Америка тарихына арналған шы­ғармалары. Сол сияқты портреттер галереясы да азамат соғысының арда­гер­лерінен бастап, президенттер мен ұлы тұлғаларының бәрі бейнеленген кар­тиналардан тұрады. Бір қызығы – сол галереяларда өне бойы мектеп оқу­шыларына сабақ өткізіп жатады. Ки­носы, компьютерлері, т.б. самсап тұрса да, тарих сабақтарын сол картиналар ара­сында өткізудің себебі жаңағы тәр­биелік мақсатқа саяды екен.

Біздің ойымызша, бұл – мектепке де, суретшіге де, жасөспірімге де тиімді, ме­шіт салдырғаннан бірде кем емес, ұла­ғатты іс.

Астанада жаңа музей ашылайын деп жатыр. Оған да бейнелеу өнерінің шы­ғармалары қойылатын сияқты. Оны қай­дан аламыз? Әлде, мүмкін, тапсырыс бе­ріліп қойылған шығар, жоқ әлде

Ә.Қас­теев атындағы музей қоры бөліске тү­се ме?

ЮНЕСКО-ның қағидаттары бойын­ша қалыптасқан қоры бар музейлердің жәдігерлерін басқа музейлерге ауыс­тыру­ға болмайды делінген. Сондықтан біз де сол халықаралық ұйымның мүшесі бол­ғандықтан, жаңа музейді жабдық­тауға сол талаптарға сай іс-әрекет жаса­ға­ны­мыз дұрыс деп ойлаймыз.

– Бейнелеу өнерінің халықпен сұх­бат­тасатын, рухани-эстетикалық қарым-қа­тынас орнататын орны, ол – көрме зал­дары, галереялар мен музейлер. Бұл жа­ғына біздің көңіліміз толмайды. Сіздің ше?

– Бұл да бүгінгі үлкен пробле­ма­лар­дың бірі. Олай болатын себебі ең үлкен ме­гаполис – Алматыны алатын болсақ, жал­­ғаз Ә.Қастеев атындағы өнер му­зейі­нен басқа, осы заманғы көрме-экс­позициялық талаптарға жақын келетін мүм­кіндігі бар орын жоқ. Көрме-аук­цион­­дар дирекциясының залы тұрғын үй­дің бірінші қабатында орналасқан. Же­кеменшік галереялар болса тұрғын үй­лердің 2-3 бөлмесіне жайғасқан кә­сіп­керлік тірлік жасап жатыр.

Жақсы көрме ұйымдастыру үшін му­зейге 2-3 мың доллар төлеп жалға ала­сыз. Кейде министрлікке хат жазып, «ақ­сақалымыз еді, апатайымыз еді»

деп ақы­сыз алатын кездеріміз де болады. Сөй­тіп, музейдің өз ісіне, тұрақты экс­позиция жасау мен оны насихаттау, ғы­лыми-зерттеу мен мәдени ағарту жұ­мыстарына кедергі жасаймыз. Көрме жасаудың осы заманғы үрдісін жақында өткен француз өнерінің экспози­ция­сы­нан тағы да бір көріп, алдымен қуанып үл­кен ләззат алдық, артынан бізге мұн­дай көрме ұйымдастыру қайда деп жі­геріміз құм болды. Сол көрмені дайын­дауға бірнеше миллион теңге жұмсалған. Әрине, бұл халықаралық көрме ғой.

Біздің проблема – көрме өткізетін орынн­ың жоқтығы. Алматы қаласының әкімі алдыңғы жылы халық алдында есеп беру жиыны кезінде қалалық көрме орталығын салу керек деген ұсыныс­та­рымызды қолдап, 2012 жылы жобалай­мыз деп еді. Әлі хабар жоқ.

Алматыда бес үлкен драма театры, бір опера театры, филармония, Казақ­кон­­церт залы, Республика сарайы, кон­серватория залы, тағы басқа кішігірім залдар бар. Яғни артистерге, музы­кант­­тар­ға күнделікті сахнада өз өнер­ле­рін көрсетуге мүмкіндіктер жасалған. Ал Су­ретшілер одағының жартысы – 450-і тұратын қалада ондай мүмкіншілік жоқ. Суретін жұртқа көрсете алмаған соң суретшінің еңбегі еш болып, жақсы не жа­ман деген бағасын ала алмай, дағ­да­рыс­қа ұшырайды. Жақсы сурет салған­ның өзінде оны ешкім көрмеген соң қызығушылық та жоқ, қызықтаушы да жоқ, ондай жағдайда сатып алушы да жоқ болатыны белгілі. Ал сонда суретші па­қыр немен күн көреді?

– Міне, «Арбатқа» шығу осыдан бас­тал­ған дейсіз ғой.

– Енді, амалдың жоқтығынан су­рет­терін көшеге жайып, сауда жасайды. Оны көрген аудандық әкімдер мереке кез­дерінде біз киіз үй тігіп қойдық, іші­не сурет көрмесін жасаңдар деп бұйрық бе­реді. Ойбай, ана шетелден келгендер күлкі қылады ғой десең де… Міне, сурет өнеріне деген біздің мәдениетіміз осын­дай, суретшінің шығармаларын көр­сету­ге киіз үй де жарай береді екен.

Осы мәселеде суретшілерге көп кө­мек көрсетіп жатқан – жекеменшік га­лереялар. Олар қолынан іс келетін су­рет­­шілерді маңына топтастырып, көр­­­мелерін жасап, сол үшін өз қалауын­ша суретшілерден жұмыс алады. Бірақ суретшіге жарнама жасап, көпшілікке таныстыру, насихаттау ісін жақсы ат­қарады. Осындай галереялардың көш басында тұрған – Нұрлан Смағұлов бас­қаратын «Алма-Ата арт» галереясы. Ол кісінің көрсетіп жатқан көмегі өте үл­кен. Меценат деген осы болар. Сондық­тан бұған заңды түрде анықтама беріп, өнерді қолдаудағы орнын анықтайтын уақыт жетті.

Біз тек Алматыны ғана айттық, ал об­лыстардағы жағдай тіпті қиын. Кейбір облыс орталықтарында галереялар бар. Мысалы, Шымкент, Өскемен, Тал­дық­ор­­ған, Павлодар, Семей қалаларында. Бі­рақ олардың жабдықталуына көңіл көншімейді, жұпыны, мамандары жоқ. Сонымен, бізге осы заманғы техноло­гия­сы бар (жарық беру, температура ұстау, т.б.) көрме орталықтары керек. Ол, ең алдымен, Суретшілер одағы мү­ше­лерінің тең жартысы тұратын ота­ны­мыздың қаржылық және мәдени-әлеу­меттік орталығы Алматы қаласында са­лыну керек қой деп ойлаймыз. Аста­нада қазір ондай орталықтар бірнешеу болды. Ондай мүмкіндік болмаған жағ­дайда, кезінде қарыздарын өтеу үшін сатылып кеткен Суретшілер одағының көрме кешенін ел-жұрт болып қай­тарып, сатып алсақ та жаман болмас еді.

Тағы бір жанға батып тұрған пробле­ма, ол – бүгінгі жас суретшілердің ше­бер­­ханаға қолдары жетпейтін уақытқа тап келуі. Шеберханасыз суретші –

үс­телі жоқ жазушы немесе роялі жоқ ком­позитор, сахнасы жоқ режиссер сияқ­ты. Қанша талантты болса да ондай жағдайда өз ойын суретші іске асыра алмайды. Жаппай жекешелендіру (при­ватизация) кезінде Алматыдағы Сурет­шілер одағының меншігіндегі жүзге тарта шеберхана жекеменшікке, ән­шейін тиын-тебенге өтіп кеткен. Сол сияқ­ты көптеген облыстардағы мүлік­терден айырылып қалған суретшілер қазір опық жеп отыр. Енді оның бәрін қайтару мүмкін емес. Көбісі қайта са­тылып, қолдан-қолға өтіп кеткен. Енді, Суретшілер одағы өз бетімен шеберхана сала алмайды, бүгінгі өсіп келе жатқан талантты жастарды шеберханамен қам­тамасыз етуге мүмкіндігі жоқ. Сондық­тан Алматы мен Астана қалаларының әкімдеріне өтінішіміз мынандай: жас таланттарды қолдау мақсатында 5-6 бір бөлмелі пәтер, не болмаса бөлмелер бел­гілі бір жобаларын іске асыруға уа­қыт­ша әкімдердің атынан беріліп отыр­са, жұмысы аяқталған соң босатып, бас­қа біреуге беретіндей  болса, құба-құп дер едік.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Төреғали ТӘШЕН

Айқын

Рубрика: