АЛТЫНОРДА
Новости Актобе

Тағзым мен тілек

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Алға ауданында болды

Есет батыр кесенесінде

Қыстың қыс сияқты болғанына не жетсін! Көп жылдардан бері ақтөбеліктер мұндай қысты көрген жоқ еді. Алға өңірін де қалың қар тегіс қымтап алған екен. Әсіресе, Бестамақ ауылының түстігіндегі қабақтың қары, бір қарағанда, сіреу көрінеді. Осы жердің биігінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен Есет батыр Көкіұлы бабамыздың асыл сүйегі жатыр. Еліміздің тәуелсіздігінің бастауында жерлестері батырдың қабырының басына кесене тұрғызды. Кесенеден төменірек қабаққа батырдың аруағына тағзым етіп келушілерге арнап шағын түнемелік үй-мешіт  салынды. Содан  бері жиырма екі жыл өтіпті. Осы жылдарда  талап та, талғам да өсті.  Биыл осы орын жанынан облыс әкімінің тікелей қолдауымен жаңа ғимарат — мемориалдық кешеннің құрылысы салынды. Жаңа жыл қарсаңында осы қасиетті орынға келген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аталған ғимараттың ашылу рәсіміне қатысты. Есет батыр мемориалдық кешенінің  200 адамға арналған асханасына облыс әкімінің шақыруымен келген дін саласының қызметкерлерімен бірге, еңбек ардагерлері, облыстық, аудандық ардагерлер қоғамының төрағалары, мүшелері  жаңа жыл мерекесі алдында лайықты құрмет көрді.  Аймақ басшысы Архимед Бегежанұлы Елбасының дәстүрлі дінімізді, тарихи тұлғаларымызды қастерлеудегі алға қойған міндеттерін еске салды. Сондай шараның бірі ретінде аймақта жүзеге асырылған жұмыстардың бірі — батырдың рухына тұрғызылған осы кешен екені аталды.

Ақсақалдарымыздың бата бергенде:

Мәдинада Мұхаммед,

Түркістанда Қожа Ахмет,

Ақтөбеде ер Есет,

Маңғыстауда Пір Бекет,

— деп бастауы тегін емес. Қазақ халқының жүрегін жаулап, санасына берік енген тұлғалардың бірі осы Есет бабамыз екені даусыз.

Облысқа ат басын бұратын, облыс жұртшылығы мен қонақтардың тәу етіп келетін киелі орны — батыр бабамыз Тама Есет Көкіұлы мемориалдық кешені — жаңа ғимарат облыс әкімінің бастамасымен салынды. Жаңа құрылыс ыждағатты жүргізіліп, қысқа мерзімде аяқталды. Оған 144 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ол бюджеттен бөлінген  және демеушілердің қаржысынан тұрады. Шығыс үлгісіндегі сәнді ғимарат қазіргі заманауи үлгіге сай жабдықталған. Мұнда келетін қонақтарға барлық жағдай бар. Оларға үлкен асхана, намазхана, мұражай қызмет етеді.

Облыс әкімі жаңа ғимарат төрінде өңірімізді өркендетуге кезінде зор еңбек сіңірген  ардагерлерге Алғыс хат тапсырып, сый-сияпат көрсетті, жаңа жылдарымен құттықтады. Салтанатта сөз алған, облыс тұрғындарына есімдері кеңінен таныс ардагер ағалар Зәкраддин Байдосов, Сматолла Беркімбаев, Өтеміс Әкімовтер облыс әкіміне өздеріне көрсеткен құрметі үшін ардагерлер атынан алғыс айтып, жаңа жылда жаңа табыс тіледі. Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Кеңес Бірманов, Шалқар аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Оразбай Әділбаев қоғамның қызметі туралы әңгімелеп, Елбасы, жергілікті билік тарапынан ардагерлерге көрсетіліп отырған қамқорлықтарға тоқталды. Әлеуметтік жағдайдың жыл сайын жақсарып отырғанын атап көрсетті.

Ресми орындар тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтарға дін қызметкерлері де дән риза. Осында біз жолығып әңгімелескен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков:

— Бұл — еліміздің рухани мекемесі, мәдени орталық болып саналады. Есет атамыздың басына зиярат етіп келушілерге немесе осы жерде құдайы тамақ берушілерге қызмет етуге арналған. Сонымен бірге, мұның ішінде Есет атамызға арналған мұражай бар. Яғни, ол атамыздың тарихынан мағұламаттар береді. Мұндай орындарды, мекемелерді  көркейтудің басты мақсаты — еліміздің тарихын дамыту. Бұлардың бәрі бүгінгі егемендігіміздің арқасында өткендерімізді, ел үшін жанын құрбан еткендерімізді еске алу және келешек ұрпаққа өнеге ету ретінде жасалып отырған іс-шара болып саналады. Осындай елін, ерлері мен батырларын құрметтейтін жастары бар мемлекет бола берсін деп тілейміз. Маңғыстауда Бекет атаға арналған, Қызылорда облысында Қорқыт атамызға арналған кешендер бар. Қазақтың әр топырағы киелі. Сондықтан әр облыста, әр аймақта, қазақтың әр жерінде өмірден үлкен тұлғалы азаматтар өткені рас. Біздің Ақтөбе облысында да Есет атамызға арнап үлкен кешен тұрғызылуы құба-құп іс шара болды, — деді.

«Өлі жебемей, тірі байымайды» дейді қазақ. Қасиетті орындағы жаңа ғимаратты өткен жылдың сүбелі жұмысына жатқызуға әбден болады. Шынын айтсақ, бұл —жаңа ұрпақты тәрбиелеуге айрықша қызмет ететін ертеңгі лайықты мәдени орталық.

 

Балалар үйінде

 

Облыс әкімі Алғадағы балалар үйіне, қарбалас қызметіне қарамастан, уақыт тауып ат құрғатпай соғып тұрады. Бұл жолы да, жаңа жыл мерекесіне қатысуға келген облыс басшысына өздеріне көрсетіліп отырған қамқорлықтары үшін балалар үйінің тәрбиеленушілері алғыстарын жаудырды.

— Бүгін біздің үйімізде ұмытылмас оқиға. Өйткені бізге, жаңа жыл мерекесі қарсаңында, біздерді үнемі өз назарында ұстап, жүрек жылуын құя білген құрметті ағамыз, облыс әкімі Архимед Бегежанұлы келіп отыр. Қош келдіңіз дейміз. Жаңа жыл сіздің барлық істеріңіз бен бастамаларыңызға ақ жол әкелсін. Жаңа жыл жаңа жетістіктерге толы болсын!

Әр жыл өз жаңалығын әкеледі. Биылғы жыл біздің үйімізде вокальдық аспапты жаңа ансамбльдің  ашылуымен есте қалмақ. Ендеше, біздің жаңа жылдық ән шашуымызды қабыл алыңыздар, — деді балалар үйінің сахна төрінен мерекелік кештің жүргізушілері. Бұдан кейін жаңадан құрылған ансамбльдің орындауында жаңа жыл туралы әсерлі әндер шырқалды.

— Бізді құттықтауды биыл да естен шығарған жоқсыз. Былтырғы жылы жазда футбол, қыста хоккей  ойнайтын алаң және сол хоккей спортына қажетті құрал жабдықтар сыйладыңыз. Ал биыл сіздің қолыңыздан пәтер кілтін алдық, — деп ризалықтарын білдірген жүргізушілер,  құттықтау сөз сөйлеу үшін облыс әкімін сахнаға шақырды.

— Құрметті жас достар! Сіздерді жаңа жыл мерекесімен шын жүрегімнен құттықтаймын! Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев балалардың бақытты өмір сүруі үшін қажетті жағдайлардың барлығын жасап келеді. Міне, өздеріңмен жаңа жыл қарсаңында тағы да  кездесіп отырмын. Сіздерге арнайы келіп, хал-жағдайларыңызды біліп, оқудағы, өнердегі, спорттағы жетістіктеріңізбен танысып, осы уақыттың ішінде толысып-өскендеріңізге тағы да көзім жетіп отыр. Сіздермен кездесуім жыл сайын дәстүрге айналып келе жатыр. Біз шығарып салғалы отырған  жыл Ақтөбе өңірінің балалары үшін де өте бір қуанышқа толы жыл болды.  Ел Президентінің бастамасына сәйкес, әсем, заманауи құрылыстар елімізде, өңірімізде күн санап бой көрсетуде. Тек қана осы үстіміздегі жылды алсақ, Ақтөбе облысында  Назарбаев зияткерлік мектебі, 15 жаңа білім нысаны іске қосылды. Қырықтан астам заманауи спорт алаңдары салынды. Соның бесеуі Алға қаласында орнады. Сексеннен астам әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көптеген ауруханалар мен емханалар, спорттық ғимараттар іске қосылып жатыр. Жақында ғана ат спортына арналған үлкен кешен ашылды. Ертең қалада тағы да үлкен жүзу бассейіні ашылады. Әуежай қалашығында жаңа стадион пайдалануға берілді. Басқа да көптеген спорттық ғимараттар салынуда. Мұның барлығы осы өздерің сияқты балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін  Елбасы, жергілікті атқарушы билік тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың бір сарасы. Сіздер тәрбиеленіп отырған балалар үйінің жағдайының жақсы екенін көрдім.  Балаларға үйдегідей жан-жақты жағдай жасалуда. Солай болуға тиісті де. Сол үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Мұндағы жағдайды алда да жақсарта береміз, — деді облыс басшысы өзінің жаңажылдық құттықтау сөзінде.

Облыс әкімі  бұл жолы да құр қол келген жоқ. Балаларға жаңажылдық сыйлықтар тапсырды. Балалар үйі басшысының өтініші бойынша алдағы жылы білім ордасына автобус берілетінін мәлімдеді. Мұндай көлік балалар үйіне қалаға, түрлі елді мекендерге қатынаумен бірге, мәдени-спорттық шаралар жүргізу үшін де керек болып отыр.

— Балалар үйінің ертеректе салынғанын білеміз, ол үнемі ағымдағы, күрделі жөндеулерді қажет етеді. Өткен жылы спорт  алаңын салдық. Мұнымен бірге, балалар үйін көріктендіруге,  оған дейін асфальт жол төсеуге уәде берген едім. Енді алдағы жаңа жылда балалар үйі ғимаратының шатыры жөндеуден өткізіледі. Өзге де қолдаулар көрсетеміз, тек үмітімізді ақтаңыздар, — деп түйді жаңажылдық мерекеде аймақ басшысы Архимед Бегежанұлы. Бұған залда отырған тәрбиеленушілер бірауыздан рақмет айтып, алғыстарын білдірді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

http://www.aktobegazeti.kz/