Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

434_a42b27a360ddc85ac55683ba88a94a4dАстана. 26 шілде. Baq.kz – Елімізде 4,2 миллион шылым шегетін азамат бар екен. Сорақысы сол, жыл сайын көк түтінді будақтататын нәзік жандылар мен жасөспірімдердің саны артып барады.

 

Көбіне 30-55 жас аралығындағы ер азаматтар мен 19-45 жас аралығындағы әйелдер шылымның шырмауына еріп, зардабын тартады екен. Ел ішінде темекімен күрестің сан түрлі әдісі қолданылуда. Тіпті, қазір темекі қорапшалары жан түршігерлік суреттермен шығарылады. Мамандар мұндай қадам темекіге әуес 1 миллион адамды райынан қайтарады деп сендірген еді. Дегенмен, шылым шегушілер қорап сыртындағы суретке селт етпейтін сияқты…

Шілде айынан бастап елімізде шығарылып, сатылатын барлық темекі қорапшаларының сыртында адам шошырлық суреттер бейнеленуі тиіс. Үкімет осындай шешім шығарған болатын. Әйткенмен, темекі өндірушілер сәуір айынан бастап, қорапша сыртына суреттерді орналастырған. Қазір дүкен сөрелерінде немесе темекі шегетін азаматтардың қолындағы қорапшада шылымның зияны туралы ақпарат беретін суреттерді жиі байқайтын болдық. Сәуір айында бұл бастаманы қолдағандар жан түршігерлік суреттер адамды райынан қайтарып, темекі саудасына өзіндік әсерін тигізеді деп сендірген еді. Рас, қорапша сыртындағы суретті көріп, денеңіз түршігеді, тіпті шылым шегушілерге біртүрлі аяушылықпен қараймыз. Бірақ қорап сыртындағы сурет темекіге әуес халықты райынан қайтарды деуге сену қиын. «Қорап сыртындағы сурет көзқарасыңызды өзгертті ме?» деген сауал тастадық темекі тұтынушыларына. Байқағанымыз, қорап сыртындағы аянышты сурет, ескертпе сөз шылым шегушілерді райынан қайтармаған сияқты. «5 жылдан бері шылым шегіп келемін. Иә, қорапша сыртында адам шошырлық суреттер бейнеленеді. Сурет әсер етпейді деу қиын шығар, дүкеннен кезекті қорапшаны сатып алып, біраз ойланып тұрамын. Бірақ, содан шылымды тастаймын дей алмаймын. Өйткені бұл күнделікті дағдыға айналды. Күніне 5-10 темекі тартпасам, біртүрлі басым ауырады. Ал қорапша ішіндегі темекіні басқа қорапқа ауыстырып саламын да, қорқынышты суреттерді елемеуге тырысамын» дейді Мақсат есімді азамат. Бір Мақсат қана емес, шылым шегуге енді ғана әуестеніп келе жатқан жастар тарапы да қорап сыртындағы суретті елемеуге тырысады екен. «Мына қорапты қараңыз, сурет қорқытады,әрине. «Шылым шегу еркектерді белсіздікке ұшыратады» деп те жазылған. Бірақ оған сенгім келмейді. 50 жылдап темекі тартатын ағаларымыз баршылық. Әйтсе де, сырқаттанып, ауруға шалдыққандары сирек. Мұндай қораптар енді ғана шылым шегуді қолға алған жас жеткіншектерге әсер ететін шығар. Қорап сыртындағы суретті көріп, ойланып, темекіні қойып та кетер. Жеке өзіме ешбір әсері жоқ. Шылым шеккеніме 2 жыл болды, зиянын біле тұра, қойғым да келеді. Бірақ амал нешік, әдетке айналды» дейді 20 жасар Бауыржан.

 

4 шілде мен 4 тамыз аралығында «Алматы – темекі түтінінен азат қала» атты ұлттық коалиция өкілдері ескі қорапшамен темекі сататын дүкендерді анықтап, әкімшілік жазаға тартуды қолға алды. «Әзірге тек Алматы қаласы, Медеу ауданында шағын дүңгіршекте ғана ескі қорапшадағы темекілер сатылғанын анықтадық. Кейде сатып алушылар қорқынышты суреті бар темекі қорапшасын емес, ескі қораптағы темекіні сұрайды екен» деді коалиция жетекшісі Жәмиля Садықова. Жәмиля Садықова бұл шараға Денсаулық сақтау министрінің де қолұшын созуын сұрайды. Әзірге Алматы, Астана қалаларында тексеру жұмыстары жүргізілуде. «Бұл іске қоғам түгел атсалысуы керек. Қарағанды, Өскемен облысындағы жағдай бізді алаңдатып отыр. Жұмысқа еріктілерді, жас азаматтарды қосқанымыз дұрыс. Бірақ оларға 30-40 мың теңге көлемінде жалақы берілуі тиіс» дейді Жәмиля Садықова.

 

Зерттеулерге жүгінсек, Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Алматы қаласы және Алматы облысында темекіге әуес азаматтардың саны басым. Көршілес Ресей де темекімен күрес шараларын жан-жақты жүргізуде. Тіпті, қазіргі таңда экраннан көрсетілетін кинофильмдерде шылым шегушілерді көрсетуге және театр сахнасында темекісі бар эпизодтарды көрсетуге толыққанды тыйым салыныпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының топшылауынша, ХХІ ғасырда темекі 1 миллиард адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Жыл сайын әлем бойынша шылымның зардабынан 6 миллион халық қаза табады екен. Ал біздің елімізде шылымға әуес жандар қорапшадағы суретке селт етер емес. Өкінішке қарай, темекі сатушылар қорап сыртындағы қорқынышты көріністер адамдарды үркітпейтінін айтады. Үкімет қаулысы енді ғана іске қосылды. Кім білсін, бәлкім алдағы уақытта шылымнан бойын аулақ ұстап, райынан қайтатын азаматтар табылар…

 

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ

Айқын

Рубрика: