Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

8543aaeea6d4f0c47b72d5ef1bc6966aЖер шары қаталай бастады. Нақты деректерге сүйеніп сөйлер болсақ, жұмыр жердің 70 пайызын су басып жатыр. Соған қарамастан әлем халқының 70 пайызы суға зәру. Бұл жағдай 2025 жылға қарай ушыға түспек.

Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта мемлекетаралық қақтығыс, жанжал, соғыс та судан шығуы мүмкін. Қысқасы, алдағы 10-20 жылда су мәселесі ғаламда ең басты проблемаға айналады.

Мәселен, су мәселесін зерттеп жүр­ген АҚШ профессоры Аароном Воль­фом: «Әлемнің 45,3 пайызында өмір сүріп жатқан 145 мемлекет 263 транс­шекаралық өзендерді пайдаланады. Қа­зір осы мемлекеттер арасында су дауы қатты көтерілуде. Мұның арты үл­кен қақтығыстарға алып келуі әбден мүм­кін» десе, «Water initiatives» журналы «соңғы кезде әлемде су тапшылығы қатты білінуде. Ашық соғысқа алып келмесе де, текетірес ошақтары пайда бола бастады. Әсіресе, бұл мәселе Афри­ка елдерінде ушығып тұр. Мәселен, Афри­ка, Эфиопия, Гана, Мали, Танзания, Перу, Үндістан, Израиль, Палестина т.б. Бұл елдерде «суды басып алу» мәселесі өте өзекті. Сондай-ақ, су мәселесі Орта Азияда да қатты сезілуде. Соның ішінде Әмудария мен Сырдарияны қа­тар еміп жатқан Қырғызстан, Тәжік­стан, Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменс­тан арасында да текетірес бар» деп жазады.
Шындығы сол, Тәжікстан «Рогун», ал Қырғыз елі «Қамбар ата-1» ГЭС-ін салып бітіріп, суды жауып тастайтын болса, нағыз дау сонда болмақ. Сарапшы­лар болашақта Орталық Азияда су ресурс­тары мемлекетаралық қақтығыстарға се­бепші болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. 1960 жылы Орталық Азия елдерінде жан басына шаққанда суды пайдалану көлемі жылына әр адамға 8,4 мың литрден келген. Ал қазір бұл көр­сеткіш 2,5 литрге төмендеді. Саланы түбегейлі зерттеп жүрген мамандар ал­дағы 2020 жылы әр адам жылына 1,7 мың литр су пайдаланады деп болжауда. Осылайша, су мәселесі өңірде жыл­дан-жылға ушығып барады. Егер Орта­лық Азияны мекен ететін мемлекеттер трансшекаралық өзендерді оң бағытта пайдаланбаса, даудың соңы қарулы қақ­тығысқа ұласуы да әбден мүмкін. Қа­зір мамандар басын Орал тауынан (Ре­сей­ден) алатын Орал өзені (біздіңше Жайық) су көлемі күрт азайып бара жатқаны туралы дабыл қағуда. Өзеннің басында отырған Ресейліктерге осы мәселе бойынша сұрау салынуда. Бұ­дан қала берді қырғыздар әлсін-әл­сін қоқаңдап Қазақстанның оңтүстік өңі­рі­не келетін өзендерді жолдан байлап алып, судан қаға бастады. Мұның арты да түбі ушыға келе үлкен бір қанды қақтығысқа алып келуі әбден мүмкін. Сондай-ақ, басын Қытайдан алатын Қара Ертіс пен Іле өзеніне байланысты аждаһа елімен келіссөздердің нүктесі әлі қойылған
жоқ. Мұнда да үлкен бір даудың құлағы қылтиып тұр. Жалпы, еліміздегі су ре­сурстарының жағдайы қалай?
Елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бар. Су қоры мол секіл­ді көрінгенімен, шынтуайтында аз. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жүргізіл­ген зерттеулерде елдегі су қоры 126 мың тек­ше шақырым деп есептелсе, қазір ол 100 мың текше шақырымға азайған. Не­ге? Оның себебі көп. Бұл жөнінде сая­саттанушы Досым Сәтпаев мынадай деректі алға тартады. «Таяуда Қытай елі алдағы 50-60 жылдың ішінде су ре­сурстарына шөліркеген солтүстікке оңтүстік өзендерін бұру үшін 77 млрд доллар бөледі деген хабар тарады. 2012 жылы біздің көршіміз бұл мақсатқа 10 млрд доллар қаржы жұмсады. Осының бәрі Қытайдағы су қоры жылдан-жыл­ға ушығып келе жатқанын білдірсе ке­рек. Бұл ҚХР-мен бірнеше жылдар бойы трансшекаралық өзендер мәсе­ле­сі бойынша келіссөз жүргізіп жатқан Қазақстан үшін де өзекті. Су маманда­рының айтуына қарағанда, Қытай жағы Қара Ертістен су алуды азайтпай­тын болса, 2050 жылға біздің көрші­міз бүкіл өзенді бұрып алатын көрінеді. Бұл жағдайда Шығыс Қазақстанның индустриялық әлеуеті адыра қалады деген сөз.
Қазірдің өзінде Ауыл шаруашылы­ғы министрлігінің деректері бойынша, республика өзендеріндегі су қоры же­дел кему үстінде. Қазақстандағы өзендер­дің жылдық көлемі 105,5 текше шақы­рым. Оның ішінде көрші елдерден келе­тін судың мөлшері – 44 тш: Ресейден – 7,4 тш, Өзбекстаннан – 13,7 тш, Қырғызстан­нан – 3 тш, Қытайдан – 19,9 тш су келеді». Саясаттанушы осылай дейді. Демек, елі­міз су жағынан көршілерге тәуелді.
Ал өткен жылы Төтенше жағдай­лар министрі Владимир Божко 2050 жылы Қазақстанда мұздақтар еріп бітеді деген болжам айтқан еді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, осы мерзімге таяу уақытта ғаламдық жылымық салдары­нан Қазақстанның ауа температура­сы 3 градусқа артады. Соның нәтижесінде, шөлейт жердің көлемі солтүстікке қарай 300-400 шақырымға ендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді. «Ауа температурасының көтерілуі жемшөп қорының 30-90%-ға кемуіне, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарында­ғы астық шығымының 25-60%-ға, Солтүс­тік Қазақстан облысында 70-90%-ға кемуі­не әсер етеді».
Қарап отырсаңыз, алдағы уақытта елі­міз шөліркей бастамақ. Демек, су тар­тыл­ған жерде, қарқынды даму да жоқ.
Ал оның алдын алуға бола ма? Қа­зақ­станның су теңгеріміне келетін болсақ, еліміздегі негізгі өзендердің сегіз бас­сейнінің жетеуі тарансшекара­лық бо­лып табылады.Мәселен, суы мол Ер­тіс және Іле өзендері бастауын Қытай­дан алады.
Қазақстанның оңтүстік-шығыс жә­не орталық аумақтары үшін осы екі ірі өзен негізгі су көзі болып табылады. Осы екі өзен суының деңгейінің және са­пасының төмендеуі ауыл шаруашылығы, гидроэнергетика, өнеркәсіп және экология салаларына әсер етері хақ. Құрлықта орналасқан су бассейндерінің ішінде үшінші орын алатын Балқаш көліне жылына 23,81 текше шақырым су ағып келіп жатқан болса, мұның 17,4 текше шақырымы Іле өзені арқылы құйыла­ды, оның 12,7 текше шақырымы өз бастауын Қытайдан алып жатыр. Ал қара Ертіс арқылы Қазақстанға жылма-жыл келіп жатқан су көлемі 5 текше шақырымды құрайды Қазір Ертіс пен Іленің суын өз мүддесіне жарату үшін Қытай жағы суға тоспа қойып, бұру жобасы іске асыруда. Суар жағы Қарамай қаласына Ертістен тартылып жатқан каналға су ала баста­са, елімізге келетін су мөлшері тағы да 20 пайызға азаяды. Іленің бойында ГЭС салынып жатыр. Сондай-ақ кей­бір дереккөздер Іленің бастау алатын негіз­гі сағасын ішкі Шыңжаңға туннель ар­қы­лы бұрғалы жатыр деседі. Егер де Іле суы тартылып қалатын болса, Балқаш кө­лі төрт бөлікке бөлініп кетпек. Онда екін­ші Арал қасіреті орнайды. Демек, алда­ғы уақытта Қазақстандағы су проблема­сы одан әрі асқына түседі.
Мамандардың айтуынша, транс­шекаралық өзендер бойынша Ресеймен ғана жасалған келісімдер жұмыс істеп, бұл мәселе реттелген. Ал Қытай мен Орталық Азия елдерімен су мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Әсіре­се, Қытаймен трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану жөнінде мемлекеттік келіссөз жүргізілгенімен, олар өте баяу өтуде, тіпті әдейі созылып жатқандай әсер қалдырады. Егер де трансшекаралық өзендер мәселесі дұрыс шешілмесе, онда еліміздің басым бөлігі шөлді-шөлейтке айналары хақ. Бұл өз кезегінде қарқынды даму жолына түскен мемлекетіміздің аяғына салынар тұсау болмақ.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Сурет: nur.kz

http://www.aikyn.kz/articles/view/26109

 

Рубрика: