Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

©Алаш айнасы иллюстрациясыҚазекем сериал түсіре алмайды деген пікір санамызға сіңіп қалғандай. Оған негіз де жоқ емес. Түсіруін түсіреді-ау алайда патша көңілді көрерменнің көңілінен шықпай қалып, сын садағына ілінетіні көп. Сабын сериалдар «сәнге» айнала бастаған тұста, яғни тоқырау жылдарында «Тоғысқан тағдырлар» атты сериал түсіргенбіз. Экранға шыға салысымен-ақ мұрнымызды шүйіріп шыға келдік. Қазақы табиғаты жоқ деп. Орысшалау дедік. Өй дедік, бүй дедік. Әйтеуір тұла бойынан тамашасын таппадық.

Сөйттік те өзіміздің баяғы мексикандық, одан беріде түріктің, кәрістің сериалдарына мойын бұрдық. Сөйтсек «Тоғысқан тағдырларымыз» әп-әжептеуір-ақ сауатты сериал екен ғой. Өйткені одан бері де түсірілген сериалдарымызды көріп, «бетті басып, қатты сасып» қашып кетуге шақ қалдық емес пе? Әсіресе «Құрдастарды» көргенде. Жынданып кете жаздадық. Кейіннен ойладық «шынында да мынаны бір шаригі кемдеу жандарға» арнап түсірген бе деп. «Ғашық жүрек» жүрегімізді жаулап ала алмады. «Болашақтың» да көрермені көп деп айта алмас ек. Әйтеуір бүгінде ас үйде шәйді сораптап отырып, отбасы мүшелері түгел отырып тамашалайтын телесериал таппай қалғанымыз анық. Әрине отандық, қазақы сериалды айтып отырмыз. Әзірге талғажау етіп отырғанымыз «Базарбаевтар» ғана… Хош, сонымен Дулат Исабековшелесек «Ұрпағыңды түзеймін десең, телеарнаңды түзе» болып тұр. Расында кәрістің «Жумонг», «Ұлы қолбасшы Хуан Ге То», «Кэ Бэк» сериалдарын көріп жасөскіндеріміз сол елдің тарихын жаттап алды десе де болады. Ал біздің ата-бабаларымыздың не үшін қан төккенін көп ұрпақ білмей өсіп келеді. Олардың басым бөлігі кітап оқымайды. Ең болмаса тарихи құндылықтарымыз сериалға айналса деген тілек бар. Сонда патриоттық рухты сіңірерміз бәлкім. Бүгінгі бала үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Жумонг, Кэ Бэк сияқты батыр болғысы келеді. Аулаға шығып солар сияқты қылыш ұстап шайқасып ойнайды. Ал Қобыланды, Алпамыс (одан бері де көбейіп кеткен батырлар) сияқты батыр болғысы келмейді. Өйткені оны білмейді. Өйткені ондай ертегі айтып беретін әжелер азайған. Әйтеуір бітіп болмайтын уәжіміз көп. Кезінде қазақ тарихынан көрі мектепте дүниежүзінің тарихына көп мән берілетін. Сонда Осман империясының бүкіл тарихын бүге-шүгесіне дейін жаттап алғанбыз. «Хабар» арнасынан көрсетілетін «Сұлтан Сүлейман» сериалын жата жастана бір сериясын да жібермей көретіндер көп бүгінде. «Жорықтарынан көрі гаремнің айналасынан шықпай қалған» деп түріктердің өздері жақтырмаса да бұл сериалды қазекем жақсы көреді. Расында түріктің, кәрістің сериалдары несімен тартымды? Өйткені оқиға ойдан алынбаған. Шындыққа жанасымды. Ең бастысы әртістердің өз мамандығына деген махаббатында жатса керек. Ойындары шынайы. Сендіреді. Жасандылықтан ада. Оқиғалары шиеленісті. Ертеңгі сериясында не болар екен деп елеңдей күтеді ел. Әртістерінің нандарын адалдап жейтініне риза боласың. Сомдап жатқан кейіпкерімен бірге қайғырасың, сонымен бірге қуанасың, тіпті қосыла жылайсың…Бірде ауылдағы ағайынның ауызашарына барғанбыз. Ауылдағы апаларымыз амандықтан соң «Әй, ана Махида байғұсқа обал болды, сұлтан не істер екен енді, Құрем қатынның-ақ айласы таусылмайтын болды-ау» деп сампылдай жөнелгенде «е, көршілерді айтып жатқан шығар» деп қойғанбыз. Сөйтсек осы «Сұлтан Сүлейманның» ішіне кіріп кеткен екен ғой. Апаларымыз аузынан суы құрып отырған соң көрейік деп бір-екі сериясын қарап ек, расында содан бері сериалмен дос боп алдық…. Қазақ режиссерлерінің де, әртістерінің де аудитория жинай алмай жүрген ең осал тұсы да осы — жасандылық. Әртістеріміз қанша тырысса да жасандылықтан арыла алмай келеді. Сөйлесе де шынайы шықпайды, жасанды күледі, жасанды жылайды. Экранның бергі жағындағы көрерменді алдағысы келеді. Алайда бүгінгі көрермен талай сериалдың басын қайырып тастаған әккі көрермен. Оларды алдай алмайсың. Қайдағы жоқ арман өмірге шақырып, жалған пафоспен балаға кәмпит бергендей алдарқатпақ әрекеттен ештеңе де шықпайды. Сондықтан да жасандылықтан арылатын кез жетті. Том-том болып жатқан тарихымыздың бәрін сериалға көшіретін күн жетті. Ең болмаса бала жастан батыр бабаларын мақтан тұтатындай қазақы болып өссін ұрпағымыз. Ол үшін архивте сарғайып, шаң басып жатқан жертөлелерге түсетін уақыт туғандай режиссер ағайындар. Алдамшы махаббат, мансап пен байлық туралы түсірілген өне бойы өтіріктен тұратын кинолардан халық шаршады. Жазушыларымыз тарихтың астын үстіне түсіріп жазып жатыр ғой, демек желі жоқ емес, бар. Соған мойын бұрсақ «Жаужүрек мың бала» сияқты миллионер кино атанатынына сенім кәміл…

Автор: Бақытнұр Жұмаш

Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/sultan-suleyman-syindyi-serial-kajet-bop-tur-56109/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: