Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

МороженнМектепті тәмамдаған жоғары оқу орнының студенті үшін қыркүйек айы оңайға соқпайды. Әсіресе шет аймақтардан, ауылдан қалаға білім қуып келген жастар өз бастарынан талай қиын да қызықты күндерді өткізетіні анық.

Ең қиыны – ауылға деген сағынышты жеңу, айналаңдағы курстастарыңмен тіл табысу, түсінісу. Әуелде бәрімен бірдей танысып, араласу қызық болып көрінеді. Бірақ солардың ішінен өзіңе жақын досты қалай таңдау керектігі маңызды. Жатақханада бір бөлмеде тұратын қыздар мен ұлдар әдетте дос болып кетеді. Бір нанды бөлісіп жейтін «қиын» күндері бірге жүрген достарды өзге себептердің айыруы да мүмкін еместей.

Сондықтан бір топта оқитын студенттермен танысып, солар қайда барса бірге жүріңіз. Көппен көрген – ұлы той деп бекер айтылмаса керек. Алғашында топтан бөлініп саяқ жүрсеңіз, соңынан жалғыз жүруге үйреніп аласыз. Сондықтан көптен қалыспай, оза да шауып кетпей бел ортасында жүріңіз. Достарыңыздың біріне көмек керек болғанда аянбаңыз. Өйткені ол күн сіздің де басыңызға түсуі мүмкін. Сабақ кезінде бүкіл топқа берілген тапсырманы бөліп алып дайындалған тиімді. Кейде бір топтың жақсы нәтижеге жетуі үшін екі-үш студенттің сабаққа дайындалғаны жетіп жатыр. Бірақ көшіруге үйренбеген дұрыс. Масылдық жақсы қасиет емес. Айналаңыздағы адамдар да осы қасиетіңіз үшін сізді ұнатпай қалуы ғажап емес.

Қала сыртында тұрсаңыз, таңмен таласып оянуға тура келеді. Көлік кептелісі біраз уақытыңызды алады. Сондықтан сабаққа кешікпеуге тырысыңыз. Мектептегідей кешіре салатын мұғалім мұнда көп емес. Егер сізді жоқ деп белгілесе, біріншіден, сол күнгі қанжығаңызға байлайтын балыңыздан айырыласыз, екіншіден, оқытушыға ұнамай қалуыңыз мүмкін.

Университетте мектептегідей мұғалім фамилия реті бойынша сабақ сұрамайды. Және екілік бағасы да жоқ. Екілік қоймайды екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Егер бір күнгі сабақта белсенділік танытпасаңыз «нөл» аласыз. Мұның зардабын аралық бақылау кезінде тартасыз, бір балл тағдырыңызды шешуі мүмкін жайттармен бетпе-бет келетін кездер әлі талай болады. Сондықтан сабаққа дайындалып келсеңіз қатарластарыңыздан қалыспай қол көтеріп, оқытушының қойған сауалдарына жауап беріп отырыңыз. Білімі, қабілет-қарымы өзіңізден артық-ау деген бір жолдасыңызды іштей таңдап алыңыз. Оқудан жақсы жетістіктерге жетуді мақсат етсеңіз сол таңдаған жолдасыңызбен білім жарысына түсіңіз.

Ғылыми жобаларға, спортқа, өнерге жақындығыңыз болса, университет ішінен құрылған үйірмелерге қатыса жүріңіз. Бұл бос уақытты тиімді пайдаланумен қатар, сіздің белсенді студент қатарынан көрінуіңізге ықпал етпек. Белсенділіктің көмегі көп-ақ. Оны белсенді болсаңыз өзіңіз де байқайсыз. Тіл үйренуге де уақыт табыңыз. Бүгінде ағылшын тілі бар салада басымдық танытып отыр. Денешынықтыру пәнін бос жібермеңіз. Салауатты өмір салтын өмірлік мақсатқа айналдыру ешқашан кеш болмайды.

Бір семестрдің сабағы әдетте он бес аптаға созылады. Аралық бақылаудан жинаған балыңыз емтиханға алған жолдамаңыз десе де болады. Көп мәселе топтың татулығына, ұйымшылдығына байланысты. Емтиханның жүз сұрағын бір адамның дайындауы тым ұзақ уақытты алады әрі бір семестрде бір ғана сабақ оқымайсыз. Сондықтан қанша пән болса, топты сонша санға бөліп, әр топ бір пәнді бөліп алып дайындалсаңыздар, бәріне үлгересіздер.

 

Кітапханамен байланысты ұмытпағайсыз. Сабаққа қажетті кітаптармен дайындалып, күнделікті жарық көретін газет-журналдарды қарай жүріңіз. Қалалық ғылыми кітапханаларға барыңыз, ғаламтордан таппаған ғылыми материалдарды көне кітаптардан таба аласыз.

Егер жатақханадан орын бұйырса, бақытты жансыз. Студенттік шақтың ең қызық оқиғалары осы жатақханада болады. Жатақхананың да ішкі тәртібі болады. Ең алдымен талап етілетіні — тазалық. Бөлмеңізді таза ұстап, сенбілік жұмыстарына қатыссаңыз, ұтылмайсыз.

Біз жазған жайттар барша студенттердің басынан өткерер сәттері. Аштықта да, тоқтықта да еш мұңаймайтын, қолында барды қанағат тұтатын, қара нанды қасындағы жолдасымен қақ бөлісіп бірге жейтін студенттер ең жомарт халық деседі. Енді студент атанған жастарға сәтті қадам тілейміз.

 

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ,

Алматы

 

http://kaz.classtime.kz/node/2283

Рубрика: