Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

52926622Өткен аптадағы жаңалықтардың бірі – белгілі саясаттанушы Ерлан Қариннің Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтына басшы болып келуі. Қазақстанның саяси зерттеулері ел тәуелсіздігін алған 23 жыл ішінде көп жұмыстар атқарды. Оны жоққа шығаруға болмас. Әрі бұл институтты 2005 жылдан бері басқарып келген Болат Сұлтановтың саясаттанушы ретінде тәжірибесі жеткілікті.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ИНСТИТУТ ҚАНДАЙ ИНСТИТУТ БОЛАТЫН?

 

Қазақстандық стратегиялық зерт­теулер институты (ҚСЗИ) 1992 жылы Стратегиялық зерттеулер орта­лығы ретінде құрылған, 1993 жылдың 16 маусымында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Өкімімен Қазақстандық стра­те­гиялық зерттеулер институты болып жасақталды. Қазақстандық вики­педияның мәліметтеріне сүйен­сек, институттың негізгі мақсаты – Қазақстанның ішкі-сыртқы сая­сатындағы стратегиялық аспектілерді болжау-сараптау болған екен.

Сыртқы саясаттағы институттың көз­дегені – Қазақстанның ұлттық мүддесі және елімізге қауіп қайдан төнуі мүмкін, әлемдік гео­сая­саттағы Орталық Азияның орны, көршілес елдердің әлемдік дер­жа­валарға қатысты ұстанған саясаты болғанымен, институттың негізгі жұмыс ауқымы ішкі саяси ахуалға көбірек ауғаны мәлім. Өйткені бұған дейін Қазақстанның ішкі-сыртқы ахуалын болжау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тізгіні өзінде болмады. Осы жылдар аралығында ҚСЗИ-ді он шақты адамның басқарғаны мәлім. Алайда саясаттанушылар институттың орталық ретінде негізін қалаған, 1997 жылға дейін басқарған және саяси зерттеулер институтын қалыптастырған Өмірсерік Қасеновтің еңбегін ерекше бағалайды. Ол басшылық еткен жылдарда институттың сыртқы саясаттағы негізгі ұстанымы ядролық қарудан бас тартып, елдің саяси тәуелсіздігіне әлемдік державалар тарапынан кепілдікке қол жеткізу болды. Және осы мақсаттың үдесінен шыға білді де. Сонымен қатар, саясаттанушылар американдық саясаттанушы, сарапшы Збигнев Бжезинский (1993 жылдың соңы) мен АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкердің (1996 жылдың сәуірі) арнайы ат басын бұрғанын мақтанышпен еске алады.

Бұдан кейінгі институт басшы­ла­рының ішінен тағы екі тұлғаны ерекше атауға болады. Олар – қазір Грузияда елшілік қызмет атқарып жүрген Ермұхамет Ертісбаев (1998 жыл) пен сенатор Мәулен Әшімбаев (2000-2005 жылдар). Ермұхамет Ертісбаевтың еңбегі ретінде билік пен оппозиция арасындағы диалогты жолға қоюы айтылса, Мәулен Әшімбаев институттың саяси орнын біршама жоғарылатты десе болғандай. Мәулен Әшімбаев ҚСЗИ-дің Қауіпсіздік кеңесі және өзге де күштік, сараптама ведомстволарымен өзара қарым-қа­тынасын ұлғайтты. Әшімбаевтың басшылығы кезінде ішкі-сыртқы қауіпсіздік, жаңа халықаралық жағдайлардағы Қазақстанның стратегиясы, экономиканың дамуы, Каспий проблемасы – барлығы да назарға алынды. Әрі Президент әкімшілігімен өзара тығыз қарым-қатынасты нығайтуының нәти­жесінде институттың сараптамалық жұ­мыстарын Президент әкімшілігі тіке­лей пайдаланатын деңгейге жетті. Мәулен Әшімбаев институттың жұмыс тілі ретінде мемлекеттік тілді енгізуде ерекше үлес қосты. Соған орай қазақ тілінде жасалған сараптамалық құжаттар көбейді, институт шығаратын төрт журналдың бірі қазақ тілінде шығатын болды. Институтты 9 жылдай басқарған Болат Сұлтановқа сыртқы саясатта болжам жасау үшін дипломатиялық қызметі көмектесті. Ол көбінде шетел саясаткерлерімен, шетелдік, еуропалық институттармен жұмыс істеуге басымдық берді.

 

СТРАТЕГИЯҒА ҰЛТТЫҚ АЙШЫҚ ЖЕТІСПЕЙДІ

 

www.sayasat.org сайты сарап­шы­лардың пікіріне жүгіне отырып, Ерлан Қариннің бұл орынға тағайындалуынан бір жақсылықтың нышанын байқайтынын, жаңа басшы Қазақстанның стратегиялық зерттеуін өзге арнаға бұратынына сенім білдіріпті. Әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова бұған дейін аталған институттың жұмысының жабық болғанын және бұқараның оның немен шұғылданатынын біл­мей келгендігін айтса, саясаттанушы Максим Казначеев Ерлан Қарин инс­титуттың қоғамдық инстуттар мен БАҚ-пен байланысын жаң­ғыртып, оның ісін біршама ашық жүр­гізетіндігіне сенімді.

Ал саясаттанушы Досым Сәтбаев досына үлкен сенім білдіре отырып, стратегиялық зерттеулер институтының екінші тынысы ашылады деген ойда. Онда жасалған шынайы сараптамалар мемлекетке көмегін тигізетін болады дейді ол.

Аталған пікірлерге қосыла оты­рып, Қазақстанның 23 жыл көлемінде көңіл бөлмеген мәселелерін өз жанымыздан қоса кеткенді жөн көріп отырмыз. Біріншіден, стратегиялық зерттеулер институты қазақы зерттеулермен айналыспады. Көптеген тарихи ақтаңдақтардың ғылыми аспектісі жасалып, ғылыми тұрғыдан тұжырымдауға көбірек көңіл бөлінгенімен оның саяси аспектісі тасада қалып келді. Мә­селен қазақ мемлекеттігі туралы сая­си тақырыптың зерттеуге сұра­нып тұрғаны өзінен-өзі түсінікті. Егер осы уақытқа дейінгі саяси зерттеулердің басым бағыты – ұлттың өзін-өзі тануына бағытталып, тарихи жадыны қалыптастыру мақсат етілгенде, қазіргідей «мемлекеті болмаған ел» деген айдар тағылмас па еді.

Ұланғайыр өлкені найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған елдің бүгінгі ұрпағы неге әлсіз? Ұлттық мүддені қорғай алмайтын енжарлықты қайдан таптық? Осыдан екі-үш күн бұрын «Мир» телеарнасы арқылы жалпақ жұртқа өз ұстанымдарын паш етіп, Ресей және Беларусь журналистеріне сұхбат берген Белоруссия президенті Лукашенко шекара бөлісуде Беларусьтің Ресейге кеткен есесі бар екендігін баса айта отырып, өткенге салауат дегенді жеткізді. Ал біздің? Ресейге кеткен аумақтарымыз жайлы неге еш жерде айтылмайды? Қытай мен Өзбекстан аумақтарында қалған қазақ жерлерін неге еске алмаймыз?

Әрине, біз бүгінде шека­ра­мызды қымтап, іргемізді бекітіп алдық. Көрші елдерде қалған терри­торияларымызға көз алартпаймыз да. Алайда орыстілді БАҚ күнде тілге тиек етіп, алыс шетелдерден отанына оралып жатқан оралмандардың қайдан шыққанын түсіне алмай дал болып, оларды аштық жылдарында бас сауғалап кеткендер ұрпағы деп қана қабылдау үрдісі қалыптасты. Әлемнің 40-тай еліне қалай шашырап кеткені жайлы зерттеулер де, саяси стратегиялық құжат та әлі күнге дейін жасалған жоқ. Олардың басым көпшілігі (95%) өз тарихи мекенінде отырғандығы жайында ешкім тіс жарғысы келмейді. Бұл құжат та ұлттың өткені мен оның тең жарымына жуығының неге шетелдерде тұратынын танытатын маңызды дүние болар еді.

Сол секілді қазақ мемлекет­шіл­дігінің немесе ұлтшылдығының қалыптасу жолындағы Алаш қайраткерлерінің тарихтағы орны да бүгінге дейін лайықты бағасын алмай келеді. Ерлан Қарин «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметін атқарып жүргенде, «Алашорда» үкіметінің 90 жылдығын атап өтуге қатысты жақсы бастама көтерген болатын. Алайда, өкінішке қарай, жақсы бастаманың тамырына балта шабылды. Қазақ хандығының 560 жылдығы, Хандық дәуір, Патшалық Ресейдің отаршылдығы, Хан Кененің ұлт азаттық көтерілісі, т.т толып жатқан тарихи жадыны жаңғыртуға арналған іргелі зерттеулердің жасалу қажеттілігі күн тәртібінде тұр. Өйткені өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Өткенін танымаған ұрпақ бүгінгідей әлжуаз, ұлттық мүддесін қолынан беріп алатын жасық болатыны аян.

Сондай-ақ, кеңестік билік тұсын­дағы тарихи ақтаңдақтарға саяси баға әлі берілмей келеді. Мәселен 1932-33 жылдардағы аштық қасіреті, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де тәуелсіз Қазақстанның сүзгісінен өткізіліп, өзінің саяси бағасын алған жоқ.

Тарихи жадыны жаңғыртудан өзге мемлекеттік тілдің қолданылу аясы, оның 23 жылда жеткен же­тістігі, қай жерден алға жылжымай отыр­мыз, Тілдерді дамыту бағдар­ламасының кемшілігі мен жетістіктері неде? Неге мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізудің белгіленген межесі іске аспай қалды, ұлттар достығын ту ете отырып, негізгі ұлттың даму жолы қандай болатындығын да сарапқа салатын кезең жетті. Әсіресе, қазіргі Украинадағы оқиғалар ұлттық саясатты қайта қарауды талап ететіндігін тағы бір дәлелдеген сияқты. Оның үстіне Қазақстанға кейбір шетелдік, әлемдік БАҚ-тан ақпараттық шабуыл өте жиі жасалады. Негізінен, Қазақстанның саяси тәуелсіздігіне қауіп төнгендігі сарындас мақалалардан көз сүрі­не­тіндей дәрежеге жеттік. Алайда осы­ған қазақстандық саяси стратег­тер­дің берген жауабы қандай? Қандай талдаулар мен сараптамалар жасалды?

Саяси сараптаманың өзегі болатын тағы бір тақырып – елдегі діни-ахуал, діни-экстремистік топтар және олардың пайда болу жолдары, миссионерлік ұйымдардың Қазақстандағы көздегені. Міне, биыл сәуір айында Астанаға көшірілген, жаңадан басшысы тағайындалған елдегі басты стратегиялық институттың мойнына артылар жүк ауыр.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

http://www.turkystan.kz/

Рубрика: