Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қашанда жаңалыққа құштар «Forbes» журналы жуырда Ресей миллиардерлерінің рейтингін жария етті. Сол тізімге көз жүгіртсек, көршілес мемлекеттің азаматы саналатын ауқаттылардың дені спорт десе, ішкен астарын жерге қоятынына анық көз жеткіздік.

Олар бұл салаға қыруар қаржы құюда. Орыс байлары тек отандық спортты дамытумен шектеліп қана қоймай, Еуропаның өзге елдеріндегі алпауыт командаларды да өз қоластына алуда.«Forbes» журналындағы дерекке сүйенсек, Ресейдің ең бай азаматы – 60 жастағы Алишер Усманов. Өз­бекстанның Наманған облысында туып-өскен ол Отанында түрлі қыз­мет атқарды. Кейіннен Ресейге қо­ныс аударып, бизнес жолын поли­этилендік пакет шығаратын цех ашу­дан бастады. Бірте-бірте басқа да тірлік жасады. Көп ұзамай ірі-ірі кә­сіпорындарды сатып алатындай жағдайға жетті. «USM Holdings» жә­не «Газпроминвестхолдинг» деп ата­латын ірі компаниялардың іргета­сын қала­ды. Қазіргі кезде Алишер ака­ның бай­лығы 18,6 миллиард АҚШ долларын құ­рай­ды. Сонымен қатар Усманов мыр­за спорт де­се, елеңдеп тұратын жан. Ол бірер жылдан бері Халық­аралық семсерлесу федерациясын басқа­­рады. Және де Англия премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген Лон­донның «Арсенал» клубы­ның біраз акциялар пакетін сатып алды.

Ресей миллиардерлері рейтин­гін­де екінші және үшін орындағы Ми­хаил Фридман (17,6 миллиард) мен Виктор Вексельбергтің (17,2) спорт­тан гөрі басқа салаларға аңсары ауып

отыр. Алғашқысы медицинаға жа­қын болса, екіншісі көне құндылық­тарды жиып-теруде.

 

Есесіне, бай-ауқаттылар тізімін­де 4-орында тұрған 57 жастағы Владимир Лисин Ресейдің нысана көздеу ода­ғының президенті және айтулы спорт түрі бойынша Халықаралық федера­цияның атқару комитетінің мүше­сі. Оның байлығы 16,6 миллиард дол­лар. Бесінші орындағы 58 жастағы Леонид Михельсон – Ресей футбол ода­ғының бас демеушісі. Аяқдоп өнері­мен қатар ол баскетболға да қар­жы құюда. Михельсонның бай­лығы – 16,5 миллиард доллар. Алтыншы орында – Геннадий Тимченко. 61 жастағы айтулы аза­мат Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) директорлар кеңесінің төраға­сы және Санкт-Петерборды СКА клубының қожайыны. Оның байлы­ғы – 15,3 миллиард доллар.

 

Жетінші орындағы Вагит Алек­пе­ровтің де жомарттығы жайында көп әңгімелеуге болады. «Лукойлдың» басшысы Сочи Олимпиадасының ойдағыдай өтуіне сүбелі үлес қосты. 63 жастағы Баку қаласының тумасы бірқатар футбол командаларына көмек көрсетуде. Вагит Юсуфұлы­ның байлығы – 13,6 миллиард доллар. Сегізінші сатыға жайғасқан «Но­рильский никель» компаниясының қожайыны Владимир Потаниннің осы күнге дейін жиған-терген қар­жысы –16,6 миллиард долларды құрап отыр. Ол Сочи Олимпиадасы қарса­ңында өз қалтасынан 700 миллион доллар шығарып, «Роза Хутор» тау шаңғысы курортын салды. Ал Ресей­дегі байлардың алғашқы ондығы­ның қатарына еніп отырған Андрей Мельниченко (11,4) мен Герман Хан­ның (11,3) спортқа қолдау көрсетуге аса құлқы жоқ көрінеді.

Есесіне, одан кейінгі сатыларға та­бан тіреген миллиардерлердің дені спортты жан-тәнімен сүйетіндерін сөзбен емес, іс жүзінде дәлелдеуде. Есепшотында 10,9 миллион долла­ры бар Михаил Прохоров Ресейдің биатлоншылар одағының президенті және Ұлттық баскетбол лигасында өнер көрсетіп жүрген «Бруклин Нетс» клубының президенті.

10,3 миллиард доллары бар Сер­гей Галицкий Ресей чемпионатын­да күш сынасып жүрген «Краснодар» клубын өз қамқорлығына алды. Со­нымен қоса ол аталмыш аймақтағы балалар мен жасөспірімдер футбо­лын дамыту мақсатында 60 миллион дол­лар жұмсады. Кезіндегі Чукотканың губерна­торы Роман Абрамовичтің есімі көпші­лікке жақсы таныс. 47 жастағы орыс олигархы 2003 жылы Лондонның «Челсиін» сатып алды. Содан бергі уақытта олар 3 рет Англия чемпио­ны, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпазы атанды. Бас­қа да көптеген жарыстарда жеңіс тұ­ғырына көтерілді. Қазіргі кезде атал­мыш футбол клубы әлемдегі ең белді командалар санатында. «Челсиді» осындай деңгейге жеткізу үшін Ро­ман Аркадьевич 1,5 миллиард дол­лар сарп етті. Абрамовичтің байлығы – 9,1 миллиард доллар.

Роман Абрамовичпен түйдей құр­­дас Дмитрий Рыболовлев – Ресей­дегі бір­қатар ірі компаниялардың қожайыны. Оның байлығы 8,8 мил­лиард дол­лар­ды құрайды. 2013 жылы ол Франция­­ның «Мо­на­ко» клубын 60 миллион евро­ға сатып алды. Ұлт­тық бірінші­ліктің екінші дивизио­-нында ойнап жүрген «Монако» сол маусымда мық­тылармен күш сына­су мүмкіндігіне ие болды. Биылғы доп додасында атал­мыш клуб тек ПСЖ-дан ғана қалып қойып, екінші орында келеді.

Роман Абрамович және Дмитрий Рыболовлевпен бір жылда туған Анд­рей Скоч та – Ресейдің шалқыған бай­ларының бірі. Ол – Ресей Думасы­ның депутаты. Байлығы 8,2 миллиард долларды құрайды. Андрей кезінде самбо және дзюдомен айналысқан. Осы күрес түрлері бойынша РФ Ең­бек сіңірген жаттықтырушы деген атақ­тары бар. Бизнеске бет бұрғаннан кейін «Поколение» деп аталатын қор құр­ды. Бұл қор денсаулық, дене шынық­ты­ру және спорт саласындағы жобалар­ға қолдау көрсетуде.

6,9 миллиард доллар байлыққа ие Сулейман Керимовтің де спорт­тың шынайы жанкүйері екенін жама­ғат жақсы біледі. Дағыстанның Дер­бент қаласының тумасы жоғарыда есім­дері аталған өз құрдастарынан қалыс­пай, осы салаға барынша қамқор­лық көрсетіп келеді. Ол Ресейдің спорт­тық күрес федерациясының қамқор­лық кеңесінің төрағасы. Грек-рим және еркін күрестің дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін Сулейман ФИЛА-ның «Алтын орденімен» марапатталды. 2011 жылдың қаңтар айында Кери­мов Махачкаланың «Анжи» клубын са­тып алды.

46 жастағы орыс олигархы Олег Дерипасканың да ел қызығарлық­тай байлағы бар. Бұл қаражат 6,5 миллиард доллар шамасында. Сочи Олимпиа­дасы қарсаңында орыс бизнесмендері­нің барлығы да бір адамдай жұмы­лып, байрақты бәсекені ойдағыдай өт­кізу үшін барынша күш салды. Солар­дың қатарында айтулы азамат та бар. Олег Владимирович Олимпиада қалашы­ғы, теңіз порты және халықаралық әуежай инфрақұрылымын жаңарту үшін қалтасынан 1,4 миллиард дол­лар шығарды.

Міне, біз жоғырыда сөз еткендер – Ресейдің ең бай 20 азаматы. Көрші­лес мемлекетте басқа да миллиардер­лер мен миллионерлер жетіп-арты­лады. Сол үлде мен бүлдеге оранып отырғандардың дені спорт саласына барынша қамқорлық көрсетуде. Ал біздің елдегі жағдай қалай деген сауал туындаса, жанарымызбен жер шұ­қып қалатынымыз анық. Мәселен, «Forbes» журналының тізімінде Қа­зақстанның бірнеше азаматы бар. Бірақ солардың барлығы бірдей ел спорты­нын өркендетуіне атсалысып жатыр деп айта алмаймыз. Кейбіреулері тіп­тен «үнсіз». Десек те «бәрі жаман» деп айтуға да болмайды.

Мәселен, миллиардерлер тізімін­дегі Тимур Құлыбаев Қазақстан бокс федерациясының президенті. Отан­дық бокстың дамуына ол азамат үл­кен үлес қосуда. Былтыр Алматыда әлем чемпионатының ұйымдастырылуы тікелей Құлыбаев мырзаның беделі екенін ешкім жоққа шығармайды. Болат Өтемұратов тізгінді ұстағалы бері Қазақстан теннисінің тасы өр­ге домалады. Қысқа ғана мерзім аралығында бірнеше отандасымыз «Топ-100» ойыншының қатарына кіріп, ұлттық командамыз үш рет Дэвис кубогының ширек финалына дейін жетті. Сондай-ақ тағы бірқа­тар бай-ауқатты қазақ азаматтары түр­лі спорт түрлерін басқарып, сол сала­ны дамыту үшін барынша күш салуда.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

http://www.aikyn.kz/articles/view/48351

 

Рубрика: