АЛТЫНОРДА
Новости

Сіз білетін Атилла кім?

megashara.com1.Сіз білетін Аттила кім?

2.Аттила туралы қандай аңыздарды білесіз? 

3.Аттиланың Рим империясын құлатуға тигізген әсері қандай?

Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ,

тарих ғылымының докторы:

16 ҒАСЫР ӨТСЕ ДЕ АТТИЛА ТУРАЛЫ АҚИҚАТ ТОЛЫҚ АШЫЛҒАН ЖОҚ

1.Аттила – б.з.б. ІІІ-І ғасырларда Азияны дүр сілкіндіріп, ұлы Қытайды жеңген хұн-түркілердің ұрпағы. Ғұн державасы ыдырағанда халқы төртке бөлінді. Бір бөлігі сәнбилерге бағынып, қазіргі Моңғолия даласында қалды. Шығыс бөлімі қытайларға кірме болып кетті. Үшінші бір бөлімі Хазар (Каспий) теңізіне дейін шегініп, Арал мен ­Каспий аралығын мекендеп қалды. Төртінші тобы Алтайдан шығып, батысқа бет бұрады. Жолында көлденең тұрған жауларына дес бермей соғыса жүріп Еділ, Жайыққа келіп тұрақтайды. Аттила – осы топтан шыққан әйгілі тұлға. Еділге жетіп тұрақтаған бұл топ 200 жыл емін-еркін өмір сүрген. ­Аттила – 360 жылдары аландармен болған шайқастарда ерлігімен танылған Баламир ханның бесінші ұрпағы. Баламир ханның ұлы Жұлдыз хан, одан Қаратон хан, одан Мәншүк хан. Аттила 410 жылы дүниеге келген Мәншүк ханның бес ұлының бірі. Аты Еділ дариясымен байланысты. Аттила заманы тарихшыларының жазуы бойынша, ол орта бойлы, шымыр денелі, отты көзді, қайсар мінезді, көреген, батыр адам болған. Аттила 434 жылы хан тағына отырады. Ол билеген уақыт еуропалық хұн мемлекетінің шарықтау кезеңі болды. Дон-Днестрден Дунайға дейінгі Ұлы дала жұртын бағындырып, Шығыс Рим державасымен қанаттас жүреді. Ел ордасын Паннонияға көшіреді. Римді екі мәрте шабады. 447 жылы Константинопольге шабуыл жасап, жеңіске жетіп, «Анатоли шарты» арқылы римдіктерден алтыннан алым-салық алып тұрады. Бірақ 451 жылы Каталаун даласында Батыс Рим және оның одақтастарының біріккен қолымен болған ұлы шайқаста шегінуге мәжбүр болған. 453 жылы Аттила дүние салғаннан кейін еуропалық хұн мемлекеті әлсірейді. Алайда бүгінге дейін еуропалықтар  арасында Аттиланың аты аталғанда «жылаған бала уанатын» күйге жететінін айтып отырған. Өкініштісі, арада 16 ғасыр өтсе де, нағыз аты аңызға айналған тұлға болса да, Аттила туралы ақиқат толық ашылған жоқ.

2.Орта ғасырдың заңы солай болды ма, Аттила өте көп әйел алған деседі. Ең соңғы махаббаты оның басына қасірет әкелді. Бургунд ханының жесірі Ильдико сұлумен некелескен алғашқы түні ол көз жұмады. Күйеуінің өліміне  қапаланып өшіккен әйел не оның сыртынан кездік ұрған, немесе некелесу рәсімінен кейін ұйқыда жатқанда біреулердің көмегімен  буындырып өлтірген. Бұл – тарихтағы бірінші оқиға емес, Шыңғыс хан және Қидан билеушісі Елюй Дашидың мұрагер ханзадасының да басынан өткен қайғылы жағдай. Әйгілі тұлғаны жерлеу рәсімі де құпия жағдайда өткен. Аттиланы жерлеу үшін алтын, күміс және темірден үш табыт жасалған. Марқұмның денесін үш табыттың қайсысына салғанын ешкім білмеген. Үш табыт түнде үш жаққа жөнелтіліп, жер қойнына тапсырылған. Аттиланың жерленген жері туралы түрлі болжамдар бар, бірақ бұл құпияның сыры әлі күнге дейін ашылмады. Мұндай құпиялық Шыңғыс ханның кезінде де қайталанды. Аттиланың қарсыластары мен түрлі елші-жаушылар Аттиланың алдында түрікше сөйлеуге тырысқан. Нәтижесінде үй, орда, ат-көлік, сауыт-сайманға қатысты біршама атаулар еуропа тілдеріне енген. Тек роман-герман тілінің говорында түп-төркіні түркіден шыққан 800 сөз бар көрінеді. Ол түрікше сарындағы ән-күйді сүйіп тыңдаған деседі. Балаларының атын Теңіз, Өрнек, Эллақ (Лақ) қойыпты.

3.Аттила Шығыс Рим империясы, Солтүстік Италия, Византияға қарсы ұлы жорықтар жасады. 447 жылы Шығыс Рим астанасы Константинополь үшін болған шайқастың тарихын жоғарыда айтып өттім. Бір жағынан, Аттила, екінші жағынан, Рим әскери қолбасшысы Аэцийдің құрама күшімен болған шайқаста Аттила ауыр жеңіліске ұшырады деп жазады. Іс жүзінде ешқайсысы жеңбеген, қантөгісті одан ары жалғастыру қажет  болмағандықтан Аттила шегініп кеткен, ал Аэцийде олардың соңынан түсетін қауқар қалмаған. Аттила өлгесін 554 жылы еуропалық хұн державасы ыдырады. Бірақ осы жеңіс, жеңілістерден кейін римдіктер өзара қақтығысқа түсті. Император Валентиниан 454 жылы қабылдау кезінде Аэцийді өз қолымен өлтіреді. Мұны римдіктер «Император оң қолымен өзінің сол қолын кесті» деп бағалады. 455 жылы бүлікшіл король Гензерих Римді басып алып, қаланы талан-таражға салды. Римдіктер Аттиламен болған 12 жылға жалғасқан соғыста әлсіреп қалды. Ақыры 476 жылы Батыс Рим империясы құлады. Алайда Аттиламен болған соғыстарда шығыстың соғыс өнерін игеріп алған. Шығыс римдіктер Аттиладан кейін мың жылға жуық уақыт салтанат құрып, ақырында тағы да түріктерден жеңілді. Сөйтіп, көшпенділердің атүсті қаһарман шабуылын шығыс жұрты (Қытай) тас қамал тұрғызу арқылы тоқтатпаққа әрекет жасап бақса, батыс ХVІ-ХVІІ ғасырларда зеңбірек деп аталатын ұлы мылтық жасалғанға дейін төтеп бере алған жоқ.

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,

жазушы, тарих ғылымының докторы, профессор: 

Аттила да, Шыңғыс хан да – ғұн халқының перзенттері

1.Аттила – ғұн елінен шыққан көне түркі халықтарының перзенті. Өкініштісі, қазір ғұн мемлекеті тақырыбы өз деңгейінде зерттелмей жатыр. Аттила жайлы негізгі аңыз әңгімелер мен драмалық шығармалардың бәрін Еуропа жазушылары жазып қалдырған. Тарихи деректерден тек Еділ патшаның қабылдауына Римнен елшілікке келген Прискінің жазбалары бар. Ол патшаның ордасында болып, өзін көрген. Келесі тарихи жазба гот тарихшысы Иорданның «Гот халқының шығу тегі» атты кітабында жазылған. Бірақ бұл – Аттиладан кейін жүз жылдан соң жазылған еңбек. Аттила – Ғұн империясын құрған Мөде қағанның ұрпағы. Оны «Құдайдың шыбыртқысы», «Құдайдың қаһары» деп те атаған. Тарихшы ретінде менің зерттеуімде, ­Аттила да, Мөде қаған да, Шыңғыс хан да – ғұн халқының перзенттері. Бұл туралы қытай зерттеушілерінің деректерінде де жазылған. Алайда әлем тарихшылары да, қазақ тарихшылары да осыған баса назар аудармай келеді. 2.Ешқандай аңызды білмеймін.

3.Кез келген тарихшы тарихта болған соғыс жайлы ғана жазып қоймауы керек. Оның ұрпаққа, сол кезеңге қандай ықпалы болғанын зерттегені дұрыс. Сол тұрғыдан алғанда, Аттила өз жорықтарының нәтижесінде Рим  империясындағы құлдық дәуірді жойып, адамзат баласын құлдықтан құтқарды.

Ғани МЕҢІЛБАЕВ,

тарих ғылымының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ доценті:

ОЛ ҚАЙ ЖЕРГЕ АЯҚ БАССА, СОЛ ЖЕРДЕ ҮРЕЙ ТУДЫ

1.Мен білетін ­Аттила (Еділ патша) – көшпелі ру-тайпалардың басын қосып, бір жерге шоғырландырған мемлекет негізін қалаған тарихи тұлға. Әскери қолбасшы, қоғам қайраткері, көшпелі және отырықшы мемлекет арасындағы рухани, мәдени, сауда дипломатиясын жүзеге асырған билеуші. Оның іс-әрекетінен салт-дәстүрді қатаң ұстанған, сондай-ақ өзі басқарып отырған халқының әдет-ғұрпы мен мәдениетін, тілін т.б.жоғары бағалаған билеушінің бейнесін көреміз. Оған  мысал: «…өзінің ордасында қол астына бағынған мемлекет басшыларына түрлі дәмді алтын немесе күміс ыдыстармен ұсынса, өзіне ағаш табақ арқылы ет  қана тартылуының» өзі-ақ оның қаншалықты қарапайым болғандығын көрсетеді. Сондай-ақ Аттила (Еділ патша) қол астындағы қарапайым көшпелілер киетін киімді киді. Өзгелерден ерекшелену оған жат нәрсе болды. Аң аулауды жоғары бағалаған, аю, қабан, бұғы т. б. ірі аңдарды аулауда көзге түскендерді марапаттап отырған. Аттила ежелден келе жатқан, ата-бабалары ұстанған жолмен жүрген. Ол туралы тарихшы Прийск ( V ғ.) елшілік құрамында ғұндарға барғанында, олардың әміршісі Аттилланың бірегей бейнесін: «Сырт пішіні жөнінен кеспелтек, кең кеуделі, көзі қысық, басы қазандай, сақалы сирек әрі бурылдана бастаған, мұрны тәмпіш, өңі жиренішті еді, оның бойынан ататегінің барлық белгілері табылатын», – деп суреттеп жазған-ды.

2.Аттила есімінің Еуропа елдерінде кеңінен тарағанының бір мысалы: Аттила есімін айтқанда жылаған бала тынышталады екен дейді. Бұл жерде Аттиланы кішкентай баланың көз алдында құбыжық ретінде көрсету үрдісі байқалады. Сондай-ақ оның өліміне байланысты: ­­

«…Аттила­ франк сұлуы Ильдикомен қосылған неке түнінде кенеттен тұншығып өлді» деп нақтылай жазған Иорданның әңгімесіне орай, неміс жазушысы Феликс Данның «ғұн көсеміне Ильдико ажал құштырды (мас болып ұйықтап жатқан Аттиланы бұрымымен қылғындырып өлтірді-мыс)» деген болжамы заңды күдік тудырады. Мұрад Аджидің ­пайымдауы бойынша, римдіктер Ильдико деген сұлуды әдейі жіберіп, оған «у» беріп өлтірткен дейді: «…он лежал, плавая в крови, которая обыкновенно шла у него из ноздрей, но теперь была задержана в своем обычном ходе и изливаясь по смертоносному пути через горло, задушила его. Так опьянения принесло постыдный конец прославленному в войнах королю»…  Аттила туралы аңыздардың тағы бірі былай дейді: «…Ол үш табытқа бөленді: біріншісі алтыннан, екіншісі күмістен, үшіншісі берік темірден шыңдалды». Мәйіттің түнде құпия түрде жерленгені, оған куә болған адамдардың барлығы өлтірілгені т.б. айтылады. Аттила туралы бізге жеткен жыр-дастандар мен аңыздардың ішінде Скандинавия, Исландия, Гренландия т.б. жырларында, латын және мадьяр аңыздарында ғұндардың жорықтары, Аттила туралы мол мағлұматтар кездеседі. Сондай жырлардың бірі «Нибелунгтар туралы жыр» деп айтуға болады.  Жырда ғұндардың Батысқа жасаған жорықтары, ғұндардың өз ішіндегі алауыздық, Аттиланың бургундиялық Кримгильданың қолынан қаза табуы жазылады.

3.Аттила 451 жылы алып державаның әміршісі болды. Оған Днестрден Римге дейінгі, Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі жерлер бағынды. Ол қай жерге аяқ басса, сол жерде үрей туды. Әрі айтқанын ешкім екі етпеген. Аттилаға бағынбаған Рим ғана қалды. 451 жылы Аттила Рейн өзенін басып өткенде Римнің тағдыры қыл үстінде тұрған болатын. Рим әскерімен болған осы шайқаста екі жақтан 166 мың адам өлген. Көп ұзамай ол өзінің әскерінің қатарын толықтырып, Италияның оңтүстігіне, Римге қарай бет алды. Аквилея, Верона, Монтуя, Бергамонд қалаларын басып алды. Милан қаласы Аттилаға тіпті өз еркімен берілді. Қала басшысы қақпаны өзі ашқандықтан, қолбасшы қала халқына тимей, қаланы жай ғана тонайды. Ендігі кезек Римдікі еді. Мәңгілік қаладан Рим папасы I Лев Аттилаға қайырымдылық ­жасауын сұрап елшілік жібереді. Елшілер Аттилаға көп алтын, асыл заттар тарту етеді. Күтпеген жерден Аттила келісім берді. Осы жерде Аттила бастаған көшпелі мемлекет пен Рим империясы арасындағы арасалмақты салыстырып қарайтын болсақ, көшпелі мемлекеттің артықшылықтарын, оның әскери күші, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті,  тілі т.б. жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігіне ене бастағанын байқауға болады. Яғни Рим империясының құлауын көшпелі халық демократиясының Рим халқының арасында тамыр жая бастағанынан да іздеген дұрыс секілді.

Ұлжан АХМЕТОВА,

тарих ғылымының докторы,

Махамбет Өтемісұлы  атындағы БҚМУ доценті:

СОҢЫНАН ЕРГЕН ХАЛҚЫНЫҢ МҮДДЕСІ ҮШІН ӨМІР СҮРГЕН

1.Тарихымызда қай кезең, қай дәуір болсын ­Аттила – Еділдің тарихи бейнесін танып-білуге деген қызығушылық әрқашан болған. Ғұндар көсемі Еділ Мыңзықұлы – Аттила тарихына батыс тарихшылары, Қытай елінің тарихшылары, кейін орыс зерттеушілері айрықша назар аударды. Қолбасшының атын бірде Аттила, Атилла, Атыл десе, қазақтың көне жырларында Еділ деп атаған. Кешегі отарлық дәуір кезеңінде, 1887-1918 жылдары Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясы қазақ тарихына қатысты жинақтаған еңбектерінде ғұндар тарихына да қызығушылық танытқан.  Комиссияға мүше болған В.В.Бартольд, А.В.Попов, В.В.Радлов, өзге де ғалымдар зерттеулерінде ғұндардың адамзат тарихында өзіндік із қалдырғанын жасырмайды. А.В.Попов «Тарихи-халықтық сипаттағы мәселелер туралы кітаптан жазбалар мен естеліктер» деген атпен Орынбор мұрағатында сақталған қолжазбасында көне грек тарихшысы Геродот еңбегінен ғұндар туралы мәліметтер келтіреді. Еділ патшаның өз заманындағы қайраткерлігін, соңынан ерген халқының мүддесі үшін өмір сүргенін, талабына сәйкес ұстанымының да анық болғандығын тарихи деректер дәлелдейді. Сонымен, Аттила – бізге дейінгі зерттеушілер жазып қалдырғандай, қатыгез қолбасшы, «жабайылар» көсемі емес, Еуропаның ұлан-байтақ территориясында іргелі орда құрған, халқы есімін  аңызға айналдырған ұлы билеуші.

2.Халық ауыз әдебиетінде ол бірде батыр, бірде жомарт, бірде би, данагөй, ел бастаған көсем, қатал қолбасшы, соңында тұтас елді артынан ерте алған тектінің ұрпағы ретінде бейнеленеді. Еділ патша туралы аңыздар – барлық түркітектес халықтарға ортақ тарихи мұра. Ақын Мағжан Жұмабаев «Пайғамбар» атты өлеңінде: «…Ерте күнде отты күннен Гун туған, Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам», – деп, өзінің шыққан арғы тегі көне түркі халықтарынан тарайтындығын мақтан етеді. Олай болса, қазақтың көне аңыздарында жырланған Еділ – Аттила бейнесінің қазақтың көне тарихынан алар өз орны бар деп есептеймін.

3.452 жылы ғұндар Аттила көсемі бастап Рим империясына жетіп, біраз қалаларын өздеріне бағындырды. Рим қаласының қасына келіп, бейбіт тізе бүгу нәтижесінде жеңіс туын желбіреткен Аттила Паннониядағы астанасына келгенде кенеттен қайтыс болады. Ал Рим империясы 24 жыл өткен соң құлайды. Аттила өлгенімен, оның жаулап алушылық саясатын ізбасарлары одан әрі жалғастырды. Соның нәтижесінде Еуропада адамзат тарихындағы бетбұрысты кезең түпкілікті орнықты. Ол, әлемдік тарихшылар жазып жүргендей, құлиеленушілік қоғам аяқталып, жаңа феодалдық қарым-қатынас орнауымен ерекшеленді.

Ғабиден ЖӘКЕЙ,

тарихшы,  Ғ.Мүсірепов  атындағы республикалық  қоғамдық қордың төрағасы:

АТТИЛАНЫҢ БАСТЫ ЕРЕКШЕЛІГІ – ӘСКЕРИ ДАРЫНДЫЛЫҒЫНДА

1.Аттила – аты аңызға айналған, тарихта өшпес із қалдырған әйгілі ғұн көсемі, дарынды қолбасшы. «Ұлы дала мемлекеттері» атты кітаптың баяндауынша, Аттила өте қайырымды, адамгершілігі мол адам болғандықтан, оны тек ғұндар ғана емес, оларға тәуелді халықтардың барлығы да жақсы көрген. Оның әскерінде көптеген византиялықтар, германдар, славяндар қызмет еткен. Олар Аттиланың кеңпейілділігін, батырлығын құрмет тұтқан. Кейбір тарихшылар өз деректерінде Аттиланы қанішер етіп көрсетеді. Бұл – тарихи қиянат. Себебі сол кезеңде Рим елшілігінің құрамында ғұн көсемінің сарайында болған елші Приск атты тарихшы: «­Аттила мені қабылдағанда өте сыпайы, қарапайым көрінді. Бойынан тектілік байқалып тұрды. Сарбаздарының  бәрінде алтын, күмістен тостаған болса, ­Аттила ағаш тостағанымен қымыз ішіп отырды. Оның дипломатиялық көрегендігін сол кезде байқадым» деп жазған. Алайда мен үшін Аттиланың басты ерекшелігі – әскери дарындылығында.

2.Аттила дүниеден өткенде ғұндар сол маңдағы өзенді тоқтатып, көсемдерін жерлегеннен кейін, үстінен әлгі өзен суын ағызып жіберген деген аңыз бар. Сондықтан әйгілі қолбасшының денесі қайда жатқанын ешкім білмейді. Аттила барған жерінде тәртіп орнататындықтан, оны бәрі «Тәңірдің қамшысы» деп атаған екен. «Аттила келе жатыр» дегенде жұрт Тәңіріне жалбарынған дейді. Үздіксіз шабуылдай берген Ғұн империясының әскерінен қорыққан Қытай елі Ұлы Қытай қорғанын салыпты. Бұл – қытайлардың ғұндарға қойған мәңгілік ескерткіші.

3.Аттила Римге жорықтары арқылы құлиеленушілік дәуірдің аяқталуына әсер етті. Сол себепті бүгінде Аттиланы өз қаһармандары ретінде әспеттеуші еуропалықтар аз емес. Осы жылы 4 маусымда Аттилаға арнап ескерткіш-белгі орнатылуына орай 13 адамнан тұратын делегация Францияға барып қайттық. Ол жақтағылар бізді Аттиланың ұрпақтары ретінде құрметпен қарсы алды. Байқауымша, олардың ғұн көсемін танып-білуге деген ынталары өте зор. Тіпті Аттилаға арнап мұражай да ашыпты.

Сауалнаманы жүргізген Динара БОРАНБЕКҚЫЗЫ

«Аңыз адам» журналы №19 (55) қыркүйек 2012 жыл

anyzadam.kz

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/sz-bletn-atilla-km-65048/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі