Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

DETAIL_PICTURE__2470561886 жасында Израильдің әскери, саяси һәм мемлекет қайраткері, бұрынғы премьер-министр Ариэль Шарон (2001-2006 жылдар) 8 жыл ес-түссіз күйде жатып дүниеден озды. Біреу қуанды, біреу күйінді..

Иә, Ариэль жебірей халқы үшін сайыпқыран еді, араб әлемі үшін қанішер еді… Ол Израильдің ел болып қалыптасуына қал-қадерінше үлес қосты. Кеудесін оқ пен отқа төседі. Суға салса батпады, отқа салса жанбады… «Бәрі де жебірей жұртының болашағы үшін» деген ұстанымда болды. Араб әлемі, соның ішінде Палестина жұрты үшін ол құ­быжық еді.
Ариэль ес-түссіз күйде ауру­ханада жатқанда палестина­лықтар «талай жанның жазықсыз қанын арқалап, қарғыс алып еді, оны қара жер де қабылдамай жатыр» деп сілтеді. Сөйтіп, алғыс пен қарғысты қатар арқалаған Ариэль Шарон 11 қаңтар күні есін жимаған күйі дүниеден өтті.
Бір ұлтттың арқасүйер тұл­ғасы болған, екінші бір ұлттың жеккөрінішті адамы болған Ариэль кім еді? Жебірей біткен неге мақтан тұтты, араб жұрты неге соңынан тас лақтырды, енді соны тарамдап көрелік.
Ариэль Шаронның арғы тегі Беларусь жерінен кеткендер. Жалпы, Беларусь жерінде туып-өсіп, Израиль мемлекетінің басты адамдары болған біраз жан бар. Олар жебірей елінің бірінші пре­зиденті Хаим Вейцман, премьер-министр Голда Меир, Но­бель сыйлығының иегері, премьер-ми­нистр Менахем Беги және осы – Шарон.
Жалпы, Ариэльдің арғы ата­сы Ақ патшаның әскерінде қыз­мет еткен. Әскери адам. Адал қыз­меті үшін Берст-Литовск қа­ласы маңынан жер берілген. Алайда Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста ол маңда қоныс тепкен барлық жұртпен бірге Тифлис (бүгінгі Тбилиси) ша­һарына қоныс аударылды. Мор­дехая Шмуэль (Ариэльдің әкесі) сол жерде болашақ әйелі Дебо­раны кездестірді. Үйленді. Кейі­ннен бүкіл Кавказ қызыл армия­ның қолына өткен соң отбасы Түркия арқылы Яффыға, одан Кфар-Савы елді мекеніне келіп тұрақтады. Сол жерде 1928 жылы Ариэль Шарон дүниеге келді. Қанында бар өнер болған соң ба, Ариэль де әскери өмір­ді қалады. Жас кезінен бастап-ақ Израиль араласқан барлық соғысқа қа­тысты. Шыңдалды, ысыл­ды. 1948 жылы бөлім ко­ман­дирлі­гіне көтерілді. Барлау саласында қыз­мет етті. Арнайы бөлім құрып, палестиналық­тар­мен аяусыз қырқысты. 1953 жылы Ариэль Шарон бастаған топ Иорда­нияның Киббия елді мекеніне басып кіріп, қырықтан астам үйді жарып, 80-ге тарта бейбіт тұрғынды қырды. Бұл қанды қырғын БҰҰ деңгейінде қаралып, оған айып тағылды. Әсіресе, Ариэль Шаронның әскери сала­ны жетік меңгерген­дігі, көре­ген­дігі, тәжірибелі қол­бас­шылығы 1956 жылғы Суец дағдарысы кезінде анық көрінді. Одан кейін 1973 жылғы күзде «Ақырет күні» деген атау алған соғыста ерекше көрінді. Араб-израиль соғысы ХХ ғасырдағы соңғы ірі танк шайқасы деген атпен қалды. 1973 жылдың күзін­де бір-біріне қарама-қарсы екі жақтан жүздеген мың сарбаз, бірнеше мың танк, жүздеген ұшақ пен тікұшақтар тұрды.
6 қазан күні – жебірей күн­тізбесі бойынша Ақырет, яғни қасиетті күні Египет Синай тү­бегі, ал Сирия Голан жотасы арқылы Израильге қарсы ұрысты бастап жіберді. Бұл араб-израиль арасындағы сан бойынша бесінші соғыс еді. Бұл соғыстың тым қиын тигендігі сондай Из­раиль мемлекет ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында қалып еді. Соғыс бастала салысымен Израиль әскери бөлімдері тас-талқан болып, Тель-Авивке апарар жол ашық қалып еді. Майдан қолбасшысы Шмюль Гонен өзінің дарынсыздығын көрсеткен соң, басшылықты Ариэль Шаронға тапсырды. Еги­пет армиясы 833 мың адам­нан тұрды. 500-дей әртүрлі дең­гейдегі ұшақ, 28 әскери кеме, 2500 танк, 4000-ға тарта түрлі әуе қорғанысы және зеңбіректер, өзге де техникалар болды. Ал Еги­пет­тің одақтасы Сирияда 332 мың солдат, 1820 танк, 300-ге тарта ұшағы бар-тын. Сондай-ақ Ирак 20 мың солдат, 300 танк, 73 ұшақ қосты. Марокко, Иордания мен Сауд Арабиясы бір-бірден танк бригадасын, Палестина 2 бригада арнайы мақсаттағы бө­лім­дер қосқан. Жалпы, Израиль армиясына қарсы екі бағытта 4000 тарта араб танкісі тап берді. Израиль әскері мобилизациядан кейін 415 мың адамға жетті. 1850 танк, 500-ге тарта ұшағы болды.
Осы күшпен біріккен араб күш­теріне қарсы тұрды. Ариэль Шаронның нағыз қолбасшы екені осы жерде көрінді. Біріккен араб әскерін күйрете жеңді. Араб елдері 368 ұшақ, 1775 танктен айырылды. 18500 адам қаза тауып, 51 мың адам жаралан­ды. 9370 адам тұтқынға түсті. Из­раиль жағы 114 ұшақ, 810 танк, 2569 адамын жоғалтты. Тарихта бұл Екінші дүниежүзілік со­ғыстан кейінгі аса ірі танк шай­қасы болған соғыс деген атпен қалды.
Міне, осы соғыстағы тап­қыр­лығы, тәжірибелілігі үшін Ариэль Шарон жебірей халқы­ның сүйікті ұлы, ұлы қолбас­шысына айналды. Атақ-абы­ройлы болды. Дегенмен оның атақ-даңқын көкке ұшырған екінші бір оқиға болды. Ол – 1982 жылғы Ливандағы әскери қақтығыс. Ол тұста ЦАХАЛ (Израиль армиясының аты) Бейрутты жартылай бақылауда ұстап тұрды. 14 қыркүйекте қарсылас лаңкестік топ Ливан президенті мен христиандық содыр-фалангистердің көсемі Башир Жмайелге қарсы қас­тандық жасап, жарып жіберді. Бұл жерде Израильдің мақсаты өзінің одақтасы христиан фалан­гистер көсемі Жмайельді билікке әкелу болатын. Бірақ ол қаза тапқан соң алға қойған мақсат тоқтап қалды. Оның кегін алу үшін фалангистер және өзге де әскери күштер палестиндік босқындар тұрып жатқан Сабру және Шатил лагеріне басып кірді. Лаңкестерді осы жерден іздеген олар бейбіт тұрғындарды аяусыз қырды.
Ресми дерек осы қанды қа­сапта 800 адам шейіт болды десе, бейресми деректер 3500-ге тарта адам қаза тапты дегенді келтіреді. Дәл осы тұста Израильдің қор­ғаныс министрі Ариэль Шарон болатын. БҰҰ деңгейінде кө­теріл­­ген қанды қырғын, Израиль жа­ғын айыптаумен тынды. Арнайы құрылған комиссия «Қырғын болатынын көріп тұрып, соған жол берді» деген айып тағып Ариэльді министр­ліктен алып тастады. Әрі өмір бойы қорғаныс саласының министрі болуына шек қойды. Бірақ абыройына қаншалықты нұқсан келсе де Ариэль мем­лекеттік қызметтен кетпеді.
Түрлі салада министр болды. 2001 жылы премьер-министр болып сайланды. Бұл кезде де ол Израильдің мүддесі үшін беріле жұмыс жасады. Ол өзінің саяси және мемлекеттік қыз­метінде көбіне қатаң шаралар қолдану арқылы дегенін жүзеге асырып отырды. Содан болар, оған өз­гелер «Бульдозер» деген ат берді. Ол Изрильде «Қытай қорғанын» тұрғызды. Яғни Израильді Иор­данияның Батыс жағалауынан бөліп тұратын қабырға тұрғыз­дырды. Сол ар­қылы жебірейлерге қарсы жаса­латын лаңкестік ак­тілерге қолы­нан келгенше тос­қауыл қойды.

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/

Рубрика: