Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

авыБаян ИГІЛІК, күйші: 

– Біз бүгінгі сұхбатымызда республикалық, халықаралық бай­қаулардың жүлдегері, Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық кон­сер­ва­ториясы Халық музыкасы факуль­тетінің Домбыра кафедрасында оқытушылық қызмет атқаратын күй­ші Баян Игілікті оқырманға жа­қынырақ таныстырсақ деген мақ­­­­сат ұстанып отырмыз. Сон­дық­тан қай өңірдің тумасы еке­ніңізді, шығармашылық жо­л­ы­ңы­з­­­­­дың қа­лай қалыптасқанын айта отыр­саңыз…
– Менің туған жерім – Сыр өңірі, дәлірек айтқанда Қызыл­орда қаласы. Ата-анам қарапайым адамдар. Анамның ұстаздық бі­лімі болғанымен, өмір бойы об­лыстық баспаханада газет қате­лерін теріп, станоктың жанында тұрып жұмыс істеген. Әкем көп­теген мемлекеттік мекемелерде бас есепші болып қызмет атқар­ды. Қазір екеуі де зейнеткерлер. Жанұямызда төрт қыз, бір ұл құ­лын-тайдай тебісіп өстік. Отба­сымызда музыкадан хабары бар адамдар некен-саяқ, бірақ бар­лығы бірдей ән-күй десе ішкен асын жерге қояды. Мені осы киелі өнерге, соның ішінде дом­быра тартуға баулыған әжем бо­ла­тын.
Кішкентай кезімізде ата-ана­мыз жазғы үш ай демалыста әже­міздің қолына жіберетін. Жаз бойы сол үйдегі балалармен ба­сымыз қосылып, мәре-сәре күй кешетінбіз. Әжемнің аздап ән салатыны бар еді, оның үстіне төрдегі кілемнің жоғары жағында ылғи да бір қара домбыра ілініп тұратын. Оны ешкім тартпайтын. Шамамен 6-7 жасқа толып, сәл есейген кезімде сол домбыраға көзім түсіп, әжеме үйренгім ке­летінін айттым. Ол кісі өзі шерте алмайтын болғандықтан, үйдегі келініне, нағашы сіңлілеріне, әй­теуір азды-көпті хабары бар ту­ған-туыстарға айтып, мені дом­быра ұстауға, бір саусақпен ептеп ойнауға үйреттірді. Сөйтіп, бір­тіндеп жүріп, әжемнің жақсы кө­ріп айтатын «Еркем-ай», «Мәгәп-ай» сияқты халық әндерінің әуен­дерін өз бетімше домбыраға салатын халге жеттім. Мұны есті­ген ата-анам қатты қуанып, ке­лесі жылы үйдің іргесіндегі дом­быра үйірмесіне берді. Көп ұза­май өнерімді шыңдап, мектеп, үйірме ішіндегі мерекелік шара­ларға, концерттерге қатыса бас­тадым. Бір-екі жылдан соң үйір­меге Рысдәулет Рысмамбетов де­ген жаңа мұғалім келді. Мені алғаш рет тыңдағаннан-ақ «му­зы­ка мектебінде оқығың келе ме?» деп сұрады. Кешкісін үйге телефон шалып, әкемнің келі­сімін алды. Сөйтіп, сол жылы жаз­да Қызылорда қаласының №1 ба­лалар музыка мектебіне орна­ластырып, өзінің класына қабыл­дады. Музыка мектебін 1985-1990 жылдары оқып жүріп, қалалық, облыстық, республикалық жас орындаушылар байқауларынан жүлдегер атандым. Осы сайыс­тардың жеңімпазы ретінде және үздік білім куәлігінің арқасында 1990 жылы Қызылорда музыка училищесіне оқуға түстім. 1994 жылы үздік аяқтағаннан кейін, ұстаздарымның барлығы консер­ваторияда білімімді жалғастыр­ғанымды қалады. Бұл – менің де ар­маным еді. Ата-анамның рұқ­сатын алып Алматыға оқуға кел­дім. Ол кезде қабылдау комис­сияның ережесі бойынша үздік куәлігіңді, жүлделеріңді, мақ­тау қағаздарыңды көрсетсең, бір ғана мамандықтан емтихан тап­сыртатын. Дәл осындай жағдай­мен менің бағым жанып, студент атандым.
– Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қаршыға Ахмедияровтың класына бірден қабылдандыңыз ба?
– Алғашында бір жыл басқа кісі­ден дәріс алдым. Кейін ол ұстазымның қызметтен кетуіне байланысты мені емтихан, сы­нақ­тардан орындаушылығымды байқаған Қаршыға Ахмедияров ағамыз өзінің класына ауысуына ұсыныс жасады. Мен үшін бұл күтпеген жерден қуанышты хабар болды. Себебі дәулескер күйшінің қолынан тәлім алу үлкен бақыт еді. Оның үстіне, өзінің класы толық бола тұра мені қабыл­да­ғанын, әрі кез келген студентке мұндай ұсыныс жасай бермейтінін жақсы түсіндім. Арада көп уақыт өтпей, күйшілік деңгейім өсе бастады. Қаршыға ағайым көп­теген республикалық және ха­лық­аралық сайыстарға қатыс­тырды. Атап айтқанда, Атырау қаласында өткен Дина атындағы Республикалық қыз-келіншектер арасындағы байқаудың жеңім­пазы, Астанада ұйымдастырылған халықаралық Құрманғазы атын­дағы сайыстың жүлдегері, Оралда жүзеге асқан Дина Нұрпейісова атындағы халықаралық сайыстың лауреаты атандым. Әрине, мұның бәрі ұстазымның берген білімінің арқасы деп білемін. Қаршыға Ахмедияровтың орындаушылық шеберлігін бүкіл халық мойын­дайды. Қос ішектің қыр-сырын зерттеп, төкпе мен шертпе күй­лер­ді қатар орындаған күйші. Өзінің бар білгенін шәкірттеріне үйретуден еш аянған емес. Әрине, ұстазымның тәлімін мұқият тың­дап, айтқан сөздеріне құлақ са­лып, санама тоқып, көп еңбек­тенудің арқасында белгілі бір орындаушылық деңгейге жет­кенімді сезіндім. Оқу барысында барлық күй мектептерін меңгеріп шықтым десем қателеспеймін.
– Ал Шыңжаң қазақтарының күйлерін қай уақыттан бері жинас­тыра бастадыңыз?
– Консерваторияны тәмам­даған соң, мемлекеттік емтихан­ның нәтижесі бойынша «жеке орындаушы», «оркестрдің со­лис­ті» деген мамандыққа қол жет­кізіп, білімімді тағы да Қаршыға Ахмедияровтың класында жал­ғас­тыруға жолдама алдым. Бірақ сол кезде Қаршыға ағай өзінің денсаулығына байланысты Қытай мемлекетінде 5-6 ай жатып, емделуге мәжбүр болды. Қарап жатпай, біраз күйлер шығарып, Бейжіңнің орталық радиостан­сасына 90-ға жуық күй жаздырды. Қазақстаннан атақты күйші кел­генін естіген сол жақтағы домбы­рашылар емханаға іздеп барады. Өз өнерлерін көрсетеді. Шығыс күйлерін естіген Қаршыға Ахме­дияров осы Алтай-Тарбағатай, Іле өңірінің күйлерін қызығу­шылықпен тыңдап, олардың әлі күнге дейін жүйелі түрде зерт­телмегенін байқайды. Кейін Бей­жіңдегі қазақ радио­сының дик­торы Қызырбек Жана­сылұлын шақырып, біраз халық күйлерін Шыңжаң қазақтарының орын­дауында үнтаспаға жазып беруін өтінеді. Қызырбек Жана­сылұлы бұл тапсырманы аса қуа­нышпен орындап, елге оралар алдында ағайдың қолына екі үн­тас­па ұс­татып жібереді. Алматыда Қар­шыға ағайды сағынышпен қарсы алдық. Ол кісінің құрметіне кон­серваторияның концерттік за­лын­да шәкірттері, оқытушылар шағын концерт ұйымдастырдық. Ұстазымыз көзіне жас алып, са­ғынышы басылмай, қуаныш сезімін жасыра алмады. Біз де оның аман-есен ортамызға қо­сыл­­ғанына мәз болдық. Бір күні ағай сабақ үстінде әлгіндегі екі үнтаспаны маған ұсынып, «Шың­жаң күйлерін нотаға түсіріп жа­рыққа шығар, зертте. Ғылыми тақырып ретінде алғаның дұрыс болар» деп ақыл қосты. Содан бері бірнеше жылдар өтті. Оқуым­ды аяқтап, консерваториядағы Домбыра кафедрасына оқыту­шылық қызметке қабылдандым. Ағайымның жанында жүріп, ұстаз болып еңбек етудің мәнін түсініп, тәжірибемді жетілдірдім. Арасында күйбең тірлік, жеке өмір, жанұя мәселесіне айналып қалып жүрдік. 2007-2010 жылы консерваторияның ізденушісі ретінде Ғылыми кеңес алдында өзімнің ғылыми диссертациялық тақырыбым «Шыңжаң қазақта­рының қазіргі заман күйшілерінің шығармашылығы. ХХ-ХХІ ға­сыр» деген атпен ресми түрде бекітілді. Ғылыми жетекшім – белгілі өнертану кандидаты, про­фессор Сауле Өтеғалиева апайым болды. Ғылыми және шығарма­шылық ұстазыммен бірігіп жұмыс жасау барысында біраз еңбек атқарылды.
– Қаршыға аға әкеліп берген күйлердің қатарын толықтырдыңыз ба? Қосымша деректерді сол елдің мұрағатынан іздедіңіз бе, жоқ ар­найы экспедициямен бару мүмкін­дігі туды ма? Көнекөз қария­лардан да сұрастырған бо­лар­сыз…
– 2007 жылы консерва­то­рия­ның студенттік халық аспаптар оркестрінің құрамы Шыңжаң аймағының Үрімжі қаласына гастрольдік сапарға дайындалды. Қаршыға ағайға бір ауыз айтып, «Зерттеу жұмысыма біраз мате­риалдар жетіспейді. Мені де осы оркестрдің құрамына қосып, гас­трольге жіберсеңіз бола ма? Сол жақтан біраз қор жинай келуші едім» деп өтініш білдірдім. Ол кісі бірден деканға айтып, тізімге іліндірді. Сөйтіп, Үрімжіге жол түсті. Алматыдан шықпай тұрып, сол жақтағы ең мықты деген күйшілердің байланыс телефон­дарына хабарласып, оларға өзім­нің бара жатқанымды айт­тым. Үрімжінің қонақ үйіне орналасып болған соң, Алтай өңірінің күй­шісі, марқұм Дәулет Халықұлы ақсақал мен ұлы Ұланға хабар­ластым. Олар ертесіне Үрімжіден әрі 300 шақырым жердегі Күйтін қаласынан домбырасын көтеріп, қонақ үйге іздеп келді. Үш сағатқа жуық әңгімелестік. Әрине, бар­лы­ғын бір күнде айтып тауысу, қамту мүмкін емес еді. Дегенмен ол кісіден сол өңірдің күйшілік мектебі туралы, өзінің жеке шығармашылығы жөнінде біраз мәлімет жазып алып қалдым. Гастрольдік сапарда жүрген соң уақыт та, әрине, өте тығыз, әрі шектеулі болды. Екі күнде үш концерт беріп, үшінші күні кетуге дайындалдық. Бар болғаны бір кісімен жүздесе алдым, екі күй­шімен телефон арқылы байла­ныстым. Қайтар күні кітап сатыла­тын және музыкалық дү­­кен­­дер­ге кіріп, өнерге, музы­каға, нақты домбыраға қатысты 5-6 кітап пен бірнеше үнтаспа алдым. Барлы­ғын елге алып кел­дім.
– Туындыларды жинастыру ба­рысында қандай қиындықтар алдыңыздан шықты?
– Бір өкініштісі, Үрімжіден са­тып алған кітаптарымның бар­лығы төте, көне араб жазуымен жазылған екен. Ұстаздарым «қа­лай оқисың?» деп күмәндана қарады. Өзіме де қиындау тиді. Бірнеше рет Қытайдан келген қандастарымызға аудартып, оқып берулерін өтіндім. Бірақ қашанғы біреуге салмақ салып жүресің, бұл әдісім ұзаққа бармады. Сосын жұмысым тоқтап қалмасын деген мақсатпен төте жазуды меңгеруіме тура келді. Басқа жол жоқ. Не керек, үш айдың ішінде ежіктеп оқи бастадым. Көптеген мәлі­меттерді ғаламтордан іздестіру барысында АҚШ-тағы Кембридж университетінің профессоры, ағылшын зерттеушісі Линда Бенсоннің «Қытайдағы көшпенді қазақтар» атты тарихи еңбегімен танысу үшін оған хат жолдадым. Ол кісі екі айдан кейін маған өзінің кітабын салып жіберді. Оны да тіл білмегеннің кесірінен аударма арқылы таныстым. Кейін 2010 жылы Үрімжіге қайта барып, Тарбағатай өңіріндегі белгілі күйші Ғизат Сейтқазинмен жүз­дестім. Бізді үйіне қонаққа шақы­рып, армансыз, асықпай сұхбат алдым. Өкінішке қарай, ол кісі де қазір қайтыс болып кетті. Осындай жұмыстың арқасында 2011 жыл­дың көктемінде менің алғашқы ғылыми-тәжірибелік еңбегім «Алыстағы шұғыла» де­ген атпен жарық көрді. Әрине, өз қаража­тыма шығарғаннан кей­ін көлемі де, тиражы да аз болды. Бар бол­ғаны 200 дана. Марқұм Қаршыға ағайым осы кітабымды көре алмай кетті. Бірақ 2010 жылдың басында бұл еңбегім туралы құлағдар етіп, пікір жазып беруін өтінгенмін. Ағай бар ризашылы­ғы­мен қол­таң­басын қойып, жазып берген болатын.
– Сонымен, бүгінгі таңда қан­ша күй жинадыңыз? Әлі де зерт­тел­мегендері бар ма?
– Әрине, бір кітаппен «бәрін қатырып тастадым» деуге бол­майды. Зерттелмей жатқан дүние қаншама! Біз естімеген күйлер жетерлік. Домбыра кафедрасы­ның профессоры Біләл Ысқақов та осы Алтай-Тарбағатай күй­лерін жарыққа шығару мақса­тымен еңбек етуде. Ол кісінің кітабында нотаға мен хаттаған елу шақты күй түсті. Бұл жинақ 2009 жылы «Атамұра» баспа­сы­нан жарыққа шықты. Осы та­қырыпта жазылып жатқан басқа да еңбектер мен ғылыми мақа­лалар бүгінде жинақталып қалды деуге болады. Дей тұрғанмен, осы тақырыпқа қызығушылық арта түссе де теория жағынан то­лыққанды, жүйелі түрде, талдау арқылы жасалынып, жазылған еңбек жоқ. Бұл менің де, болмаса басқа кісілердің де көкейінде жүрген мәселе екені сөзсіз. Осы бағытта алдыма қойған мақсат­тың бірі белгіленген тақырыптың әлі де тереңірек, түп жағына үңі­ліп, теория жағына еңбек етіп, ақсап жатқан жерлерін толық­тырсам деймін. Бүгінгі күнге дейін жинақталған біршама күй­лердің ішінен іріктеп, бірнешеуін өз орындауымдағы күй қорыма енгізгім келеді. Қазіргі кезде кон­серватория студенттері осы кітап­тағы күйлерді орындап жүр.
– Бағана «зерттеу жұмыста­рымның арасында жанұя мәсе­лесіне көбірек көңіл бөліп кетіп жүрдім» деп қалдыңыз. Отба­сыңызға тоқталсаңыз…
– Өмірлік серігім әрі әріп­тесім Қуаныш Жұмағалитегі де күйші, жоғарыда айтылған Дом­быра кафедрасында оқытушы­лық қызметте. Профессор Ка­рима Сахарбаева апайымыздың класынан бітірген. Орындау­шы­лығымен қосымша шығар­машы­лықпен де айналысады. Бүгінде бірнеше ән-күйлері, жеке аспап­тық шығармалары танымал бо­лып үлгерді. Екеуміздің Мәдина және Динара есімді екі кішкентай қыздарымыз бар. Олар да өнер­ден құралақан емес. Консер­ватория ұстаздарынан үрмелі флейта аспабынан дәріс алады. Аздап домбыра да тартады. Шы­ғармашылық жолда ғана емес, өнегелі шаңырақ ретінде де елі­міздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосамыз деген ойдамыз.

Байдәулет Қаншайым

http://www.aikyn.kz/articles/view/29062

 

 

Рубрика: