Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АСТАНА. 12 ақпан. BAQ.KZ — 

Жақында «Ланд Крузер» маркалы жап-жаңа, құны 80 мың АҚШ долларынабағаланатын автомашинаны 15 мың долларға сатқан үш жігіт ұсталды. Олардың Сайрам ауданында тұратын таныс азаматы арзан бағаға қымбат көлік сатып алатын ойы барын айтыпты. Әлгі жігіттер «қымбат джип кімде бар?» деп мәселені талқылай бастайды. Үшеудің біреуінің таныс жігіті бар екен. Байғұс бала жанындағылардың жалмаңдап тұрған жанкештілер екенін қайдан білсін! Бірде «менің әкемдегі көлік «Ланд Крузер» деп, мақтанып қалған екен. Сол әңгімені есіне түсіріп, серіктеріне айтып беріпті. Баланың қай көшеде тұратынын біледі. Не керек, қымбат машинасы бар кәсіпкерді аңди бастайды. Сәті келген кезді пайдаланып, оны қымбат көлігінің ішіне күштеп отырғызып алады. Аяқ-қолын байлап, 17 жерінен пышақ  салыпты. Сөйтіп, «Тассай» деген ауылдың маңына тастап кетеді. Машинаны тапсырыс берген сатып алушыға өткізеді. 15 мың АҚШ долларын үш қылмыскер бөліп алыпты.

 

 Ақша табудың қанды жолына түскен үшеуді тергеу амалдары аяқ­талуға таяу. Заттай айғақтар то­лып жатыр. Өздері де қылмыстарын мойындап отыр.

Ал мына оқиға бойынша Қаржы полициясы тергеу жүргізіп жатыр. «SEMSER Security Күзет агенттігі» ЖШС-ның директоры Н.М. деген азамат қылмыстық топпен байланыс жасаған. Ақшаға құныққандар «Құм­көл-Павлодар-Шымкент» мұнай құбырлары арқылы мұнай ұрлаумен айналысып келіпті. Бұл жұмысқа әб­ден маманданып алған. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының аумағында ұрлаған мұнайын тасы­малдайтын вагон сияқты алып автомашиналары бар. Сақтайтын қоймалары  дайын. Тіпті ұрлықы мұ­най­­ды өңдейдін қондырғыла­ры­на дейін сақадай-сай. Кейін «дайын өнімдерін» май құю стансаларына таратады да, ақшаны күреп ала береді.

«Күзеттің» бастығы да құр қол қалмапты. Мұндай қызметте бұрын полицияда жұмыс істеген, шені жоғары, отставкадағы офицерлер істейді. Ол қылмыскерлерді қыз­ғыштай қорғап, «крышалық» жасап келіпті. Өзінің «қамқорлығы» үшін ірі көлемде сыйақы алып отырған. Мұ­най ұрлағандар мен «Күзеттің» бастығы енді Шымкент қаласын­дағы абақтыда Қаржы полициясы­ның тергеушілеріне жауап беріп жатыр.

Ал мына бір қылмыс адамның өмірін  «тозаққа» айналдырып  жібе­руі мүмкін екенін дәлелдегендей. Шымкент қаласында тұратын 31 жастағы  кәсіпкер  Мақтаарал  ауда­ны аумағында канал қазып, соны рет­ке келтіріп жүреді. Арзан жұмыс күші ретінде Өзбекстаннан «нан табайын» деп келген 17 жасар ба­ла­­ны да жұмысқа алады. Бір күні әлгі бала қолында құм толтырылған шелегі бар, жанынан өтіп бара жатқанда «Сен бүгін тамақ ішпегенсің бе?» деп, көкірегінен түйіп қалыпты. Әлгі кә­мелетке толмаған бала қолындағы құмды бастығының үстіне төгіп алыпты. Мұнысы ұнамай қалса керек, әлгі баланы көкірегінен та­ғы да қойып қалыпты. Содан бала құ­лайды. Үстіне шелегіндегі құмды аудара салады.

Бала сол құлаған күйі  қозғалыс­­сыз жата береді. Қараса, тыныс ал­майтын сияқты. Жабылып жүріп ба­ла­ны тірілтпекші болыпты. Мұнысынан түк шықпайды. Содан кейін өзімен бірге жұмыс істейтін екі жігітке айтып, бензин құйыл­ған бөшкенің түбінен тереңдігі 3 метр шұңқыр қаздырады. Баланың мүрдесін сонда көміп тастапты. Кә­сіпкер қылмысынан әрі қашты, бері қашты. «Білмеймін, қолымда жұ­мыс істегені рас. Бірақ үйіне қай­тамын деп, кетіп қалған» деп, түл­кібұлаңға салып көрді. Бірақ түп­теп келгенде, адамның қаны жіберсін бе, қылмысын мойындады. Бала­ны көмген жерін көрсетті. Мүрдені полицейлер қазып алды. Кәсіпкер енді жазадан құтылмайды.

Қылмыс неге құтырып барады? Бұл сұраққа жауапты жақында по­лицияның өздері қайтарды. Қа­зір тергеу амалдарын жүргізу өкілет­тігі берілген облыстағы құқық қорғау органдарында полиция қызмет­керлерінің үстінен қозғалған қыл­мыстық істер бойынша ондаған іс бар. Жақында осы мәселеге орай Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полковник Нұралы Қырғызәлиев:

– Былтыр облыста полиция қыз­меткерлерінің  үстінен  72 қылмыс­тық іс қозғалды. Олардың 48-ін департаменттің қауіпсіздік басқар­масы қозғады. Біз қой терісін жа­­мылған қасқырларды өз ішіміз­ден алас­тауды әлі де жалғастыра бере­міз, – деді. Бұл деректерді облыстың бас полицейі облыстық, қалалық, аудандық полиция бөлімдерінің басшыларымен, облыстық депар­таменттің қызметкерлерімен ҚР Ішкі істер министрінің орынбаса­ры, генерал-майор Ерлик Кененбаев төрағалық еткен шұғыл мәжілісте мәлім етті.

Оңтүстік Қазақстан облысында былтыр қылмыстың жалпы саны 29,7 пайызға көбейіп кетіпті. Әсіресе, ауыр қылмыстар жан түршіктіреді. Десек те, қылмыстың ашылу көр­сеткіштері де жоғарылап келеді. Бұрынғы жылдары ауыр қылмыс­тың ашылуы 37,7 пайыз ғана болатын.

Ол соңғы бір жылда 41,8 пайызға жетті. Өте ауыр қылмыстардың қазір 78,5 пайызы ашылды. Жаман көр­сеткіш емес. Былтыр 66,1 пайыз бо­латын.

…Десек те, Шымкентте қылмыс өршіп тұр.

 

 

 

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Айқын

Рубрика: