Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

a78115e11e4c99849b74565e45b45c6aАбай ОМАРОВ (коллаж)

Табиғи тағамның дастарқанның сәні әрі дәрумендерге бай екені белгілі. Бірақ қазіргі күні әрбір отбасы пайдаланатын көкөністердің ағзаға пайдалы екеніне көпшіліктің күмәні бар. Неге дейсіз ғой? Өйткені базар мен дүкен сөрелерінде тұрған көкөніс пен жеміс-жидектің сапасы сын көтермейді. Бұл мақаланы жазуға түрткі болған мына жайт. Базардан 1 келі пияз алып келдім. Бірақ пияз жас болса да, көгеріп кеткен екен. Сонда жаңадан піскен пияз неліктен көгереді? Жалпы, осы біздің қазақ құнарлы тамақты жей алып жүр ме? Ресми деректер қазір әрбір қазақстандықтың жартысынан астамы табиғи тағам тұтынбайтынын айғақтайды.

 

Көршіміздің көкөнісі кеңірдекте тұр…

Балалардың фастфуд тағам­да­рын көп жейтінін, семіздіктің жайы­лып бара жатқанын жиі айтамыз. Алайда табиғи өнімдердің де қос­пасының көп екені жайлы ойланып көрмеппіз. Өйт­кені Қазақстан азық-түлік өнімдерінің әлі күнге 60 пайыз­дан астамын алыс-жақын шетелден тасымалдайды. Со­ның ішінде жеміс-жидек пен көкөністің көп жағдайда Қытай мен Өзбекстаннан келіп жатқанын ішіміз сезеді. Бірақ үндемейміз. Себеп – бағасы арзан. Статистикаға сенсек, тек осы жылдың алғашқы бес айында Қазақстан Қытай­дың Шыңжаң аумағынан жеміс-жидек алу үшін ғана 7,5 миллион доллар жұм­сапты. Қыруар қаражат өзімізде болса, осынша қар­жы шетке шықпас та еді деп қын­жыласың.

Қаржыны айтпағанда, шетелден келген көкөніс өнімдерінің жайы бүгін алаңдатарлық. Әсіресе Қытай­дан әкелі­нетіні. Бұл дегеніңіз қазақ Қытай­дың өні­міне алақан жайып тұрғанын көр­сетеді.

Қазаққа қолайлы болғанымен, Еуропа елдері Қытайдың көкөнісінен жи­ре­ніп болған. Қытай да Еуропаға экс­портқа шығаратын өнімдерін аса сақтық­пен жібереді. Өйткені бақы­лау күшті. Арнайы, визасы мен сер­ти­фи­кат­сыз өнім өткізілмейді. Ал Қазақ­станға керісінше емін-еркін өтуге толық жағдай жасалған.

Еліміздің қай аймағында бол­ма­сын, базардағы өнімнің 80 пайызы Қытай өнімдері екенін екінің бірі біледі. Бірақ оған тосқауыл қою қолдан келмей тұр. Өйткені аспан асты елінің өніміне сұраныс көп.

Айкүміс ЖОЛТАБАРОВА, сауда­гер:

– Қытайға күнара барып жеміс-жидек әкелемін десем, артық айт­паспын. Өйткені сұра­ныс өте жоғары. Ұзақ уақыт сақ­тал­атындықтан, көп сатып алсаң да бүлініп кетпейді. Бұрын жер­гілікті жерден картоп алатынмын. Бірақ сапасы көңілімнен шық­пады. Тіпті бір қаптың 7-8 келісі шірік болып шығады. Сапалы бол­маған соң, тұтынушыңнан да айы­ры­ласың ғой…

Шынымен де, Қытайдан келетін өнімнің шірімейтіні рас. Бірақ осы шірі­меу­дің астарында не бар?! Бұрын дүкен­нен сатып алған алманы кесіп қалсаңыз, аздаған уақыттан соң іші қарайып шіріп қалатын. Бірақ қолға түскен қазіргі алма шірімейді. Тіпті ішінде құрт та болмайды. Сыртына ора­ған ақ торкөзді «дәке» кемір­гіш­тердің өзін сеспей қатырады. Қытай­дың алмасы ғана емес, қазір келген барлық өнімінен қауіп күтуге болады. Мамандар Қытайда жер көлемі аз болғандықтан, кез келген көкөністің химиялық тыңайтқыштардан өнді­рілетінін растап берді. Яғни көкөніс өнімінің құрамында парафин, пести­цид­тер сияқты қосындылар болады. Бұл қоспалар адамның ағзасын улан­дырып тастауы да ғажап емес.

Мейрамбек НҰРХАН, Көкшетау қала­лық санитарлық-эпиде­мио­ло­гиялық стансысының басшысы: 

– Жоспарлы тексеріс барысында сауда нүктелеріндегі өнімнің жар­тысынан астамы Қытайдан келгені анықталды. Тіпті Көкшетаудың орта­лық базарында көкөніс сату­шы­лардың 80 пайызында сертификат жоқ. Өнімнің қайдан келгенін өздері де білмейді. Ал көкөніс өнімдеріне, шынымен де, түрлі химиялық тыңайт­қыштар қосылған. Оның мөл­шерден тыс болуы адам ағзасында түрлі ауытқушылықтар тудыруы мүм­кін.

                                   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Ұлтымыз ұрпақсыз қалып жүрмесін…

Шынында да, өнім сапасы күмән ту­дыр­­ғанымен, сатылғанына күдікпен қарайтын кез жеткен сияқты. Алайда қазақ қарынына не барғанына қам жемей тұр. Дәмсіз, бірақ бағасы арзан Қытай көк­өнісінің дәурені жүріп тұр қазір. Ал өз өнім­деріміз бәсекеге түсе алар емес. Тауардың сапасы емес – бағасы, дәмі емес, түсі маңыз­ды болып тұр қазаққа. Біз бұл туралы Зеренді ауданының Троицк ауы­лын­да тұратын жеке кәсіпкермен болған әңгі­ме­ден анық аңғардық. Кәсіпкер өнім­нің жақсы шыққанымен, өтімділігінен қина­­ла­тындығын ашық айтты. Сөзінің ара­сында қытайлардың көкөністерді қаса­қа­на жолдайтындығы туралы да айтып қал­ды.

Қызыр МҰСА, Троицк селосының тұр­ғыны, жеке кәсіпкер, көкөніс өнімдерін өсі­руші:

– Мен өзім Қытайдан келген орал­ман­мын. Осында келіп алғашқыда алақандай жер алғам. Кейін өнімім өсіп, қазір 1 мың гектарға әртүрлі көкөніс өнімдерін өсіре­мін. Алған көкөністерім Көкшетау, Петро­павл, тіпті Ресейдің Омбы өңіріне дейін тасымалданады. Алайда осы Қытайдың арзан өнімдері біздің алдымызды орап кетіп тұр. Сондықтан мемлекеттен қолдау білдірілмесе, отандық көкөніс пен жеміс-жидек өндірушілерге қиын соғып тұрған жайы бар. Артық кетуден аулақпын. Бірақ бұл салада Қытайдың жымысқы саясаты да бар сияқты…

Яғни, кәсіпкердің айтуынша, қытай­лық­тар көкөніске адамды ұрпақсыз қал­дыратын дәрі қосады-мыс. Бұл жай ресми дәлелденбегенімен, сақтануға тұрарлық. Өйт­кені Қытайдан келген оралман ағайын­дардың басым көпшілігі де мұны құптайды. «Азат­тық» радиосында жарияланған «Қазақстанда Қытайдан әкелінген көкөніс пен жеміс-жидекке сұраныс жоғары» атты мақаласының соңында пікір білдіріліпті. Пікірдің авторы – Қытайда тұратын қанда­сы­мыздың бірі. Есімі Азамат екен. Оқып шығып жағамызды ұстадық. Көршіміз өңіміз түгіл, түсімізге кірмеген жайды осы көкөністермен жіберетін көрінеді.

Қаз-қалпында берсек, онда былай жазылыпты: 

«Қытайдың көкөнісі мен жеміс-жидегін әсте алмаңыздар, мен өзім Қытайда тұрамын. Бір балам бар. Екінші баланы ала алмай жүрмін. Тек мен ғана емес, талай достарым ұрпақсыз қалды. Қазақ жігіттері ұрпақсыз қалғанын елге айтуға беті шыдамайды. Ыңғайсызданады, іс жүзінде ұрпақсыз қалғандар жылдан-жылға көбейіп келеді. Сол себепті менің жеке көзқарасым Қытай өкіметі көкөніс, жеміс-жидек, ұн, өсімдік майы немесе мал еті сынды осы бірнеше жемек-ішпектің ішінде кемінде біреуіне адамды ұрпақсыз қалдыратын бір нәрсе қосқан болуы мүмкін. Сау болыңыздар, қазақтарым! Қым­бат болса да, өз жерлеріңіздегі табиғи көкөніс пен жеміс-жидекті сатып алы­ңыздар!».

Жүректі мұздатып жіберген бұл пікір, шынымен де, осылай болса, қайтпекпіз. Онсыз да санымыздың аздығына санамыз ауыратыны жасырын емес қой. Қазекеңді көк­өніс­пен алдап, көксегені қазақтың кең-байтақ жері болмаса нетсін?! Өйткені Қытайдың географиялық жер аумағы 9,2 шаршы миллионды құрайды. Ал онда қазірдің өзінде 2 миллиардқа жуық адам тұра­тынын ескерсек, көкөніс пен жеміс-жидек­тің де себебі алдан айшықталып шығады. Ұлтарақтай жерден алған өнімнің көптігі, айлап емес, апта ішінде өсіп, пісіп шыға­тыны ойландырса керек-ті. Бірақ… бірақ… әзірге ойланбай келеміз. Ал өзіміздің өнім сауда сөресінен ығысқалы қашан…

Мамандардың айтқанына сенсек, Қытай осылайша гендік модификация жасауы да ғажап емес. Яғни бұл көк­өніс­терді жей отырып, адам түрлі жан-жануар­лардың гендерін де сіңіріп жатыр. Мәсе­лен, көлемі үлкен болатын Қытай шие­­­леріне – доңыздың, жүгеріге жылан­ның уының гені енгізілетін көрінеді. Біз таңсық болып алатын бұл көкөністерден өзгелер тіпті безініп болған. Төрткүл дүниені түгел билеп-төстеген Қытай өні­міне Англия мен АҚШ та заңды түрде шек­теу қойыпты. Азия­ның дамыған елдері Малайзия мен Жапония да көршілерінің көкөніс тасуына тыйым салыпты. Сонда өзгеге телміргенде өз өніміміз неге қолда­ныл­майды?

Ал біздің кедендегі «көк жағалы­ла­рымыз» қайда қарап отыр? Әлде бұл жерде де жең ұшынан жалғасқан жем­қор­лықтың ұшығы бар ма? Қалай десек те, тексеріссіз тауар өткізілмеуге тиісті ғой.

Жанар ӘБІЛҚАСЫМОВА, заңгер:

– Әрине, әрбір өнімнің сапасы жіті назарға алынуы тиіс. Шекарадан өтетін өнімнің сертификаты, қайдан шыққаны – барлығы түгел болуы тиіс. Бірақ бұл заңмен қарастырылғанымен, іс жүзінде орын­дал­май келеді. Сондықтан шека­ра­дағы кез келген кеден бекетінде арнайы зертхана болуы тиіс. Бұл өнім сапасын толықтай тек­серуге мол мүмкіндік туғызар еді.

Бағасы арзан, бірақ сапасы күмән тудыратын өнім елімізде еркін ойқастап жүр. Бәлкім, бұл мәселе Парламенттегі халық қалаулыларының назарына ұсы­ны­луы қажет шығар. Қайтсек те, ұлтымыздың ұрпақсыз қалмасы үшін ұмтылуымыз қа­жет деген ойдамыз.

 

Түйін

Көкөніс пен жеміс-жидек бұл тек басы болуы да мүмкін. Сондықтан «Сақтықта қорлық жоқ» екенін естен шығармасақ екен.

Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау

 

http://alashainasy.kz/main/44511/

Рубрика: