Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Шетелдегі қазақ ғалымдарының елге оралмауының сыры неде? 

Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, Саяси ғылымдар докторы, профессор:

– Шетте жүрген ғалымдарымыздың елге неге оралғысы келмейді деген сауалдың астарына үңілер болсақ, бірнеше себепті аңғаруға болатындай. Біріншісі – материалдық жағдай. Адамды тұрмыс билейтіні рас. Еліміз ғылымға көңіл бөліп жатыр, мол қаржы аударылуда. Десек те, дамыған мемлекеттермен салыстырғанда жағдай әлі де төмен. Мәселен, Бас ғылыми жетекшілердің базалық айлығы небәрі 80 мың теңгенің төңірегінде. Ал ғылым докторлары 100 мыңның үстінде алады. Бәлкім, қосымша тағы азын-аулақ табыстары болар. Бірақ бәрібір аз. Алаңсыз ғылыммен айналысуға уақыт та, ақша да жетпейді. Ал дамыған елдер ғылымға қаржы аямайды. Өйткені қазіргі таңда барлық дүние ғылымға байланып тұр ғой. Сондықтан кім де болса, жасаған еңбегіне сай, мол ақша алатын жерде қызмет еткенді қалайды. Әсіресе, шетелдегі қазақстандық ғалымдар көбіне жаратылыстану, электроника, информатика саласы бойынша еңбек етіп жүргендер. Екінші мәселе, ауызды құрғақ шүберекпен сүртуге болмас, қолдан келгенше еліміз ғылымды дамытуға күш салып жатыр. Бәрібір зертханалар, орталықтар аз. Бұл да ғылыммен тұрақты айналысуға қол байлау. Үшіншіден, шетелде алған білімің бойынша ғылыммен айналысуға, өзіңді ары жетілдіруге жағдай жасалған. Сондықтан біздің ғалымдарымыз елге келіп тоқырап қалғаннан гөрі, мүмкіндігі мол жерде ғылыммен шұғылданғанға ынталы.

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,  ҰҒА  академигі, фило­софия ғылымдарының докторы, профессор:

–Қазір Қазақстанда ғылым саласына көзқарас түзелді. Жалпы Ішкі Өнімнің 3 пайызы ғылымға бөліне бастады. Бұл – үлкен бетбұрыс. Көптеген зертханалар, ғылыми орталық, институттар ашылуда. Ғалым адамның «өзін-өзі жетілдіремін, алаңсыз ғылыммен айналысамын» дегеніне толық мүмкіндік жасалуда. Ал шетте жүрген ғалымдарымыз неге елге оралғысы келмейді? Мұны Отанға, кіндік қаны тамған атамекенге патриоттық сезімінің кемдігінен деп білемін. Әйтпесе, қаржыны осы жақтан да алуына болар еді ғой. Ең бастысы, олардың көкейінде «тәуелсіз Қазақстанның дамуына мен де үлес қосамын, ашқан жаңалығымды осы елдің азаматы ретінде әлемге паш етемін» деген отаншыл, мемлекетшіл ой, сезім тұруы тиіс. Ал ондай сезімі жоқ азамат, ешқашан елге оралмайтыны, Қазақстан ғылымына кішкентай болса да үлес қосқысы келмейтіні белгілі.

Ұлжалғас Есназарова, Педогогика ғылымдарының докторы, профессор:
– Әлемде ең қымбат тауар ол – адамның ақыл-ойы. Ал оны шетелде қатты бағалайды. Соныңа сай қаржы төлейді. Бізде ше? Әрине, бізде де соңғы уақытта ғылым жақсы дамып келеді. Оны жоққа шығаруға болмас. Осы салаға қомақты қаржы да бөлінуде. Бірақ бізде баяғы бюрократия әлі бар. Ғылыммен айналысуға тосқауыл көп. Тіпті шетелден білім алып келген жас ғалымдардың өзі елімізге келгенде дағдарып қалады. Себебі шетелде қорғаған дипломды елге оралған соң, қайта тіркету керек, бірнеше ақпарат құралдарына мақала жариялау қажет. Оның бәрі қарайған ақша. Өзге де түрлі тосқауыл, бөгеттер жеткілікті. Ал мұндай жағдайда жас адамның ғылыммен айналысуына мүмкіндік қала ма? Қайдам. Дамыған елдерде ашқан жаңалығыңа сай қаржы да төленеді, моральдық жағынан да жылы ілтипат та көрсетіледі. Ондай ортада жұмыс істеудің өзі адамның ынтасын арттырады. Демек, ғалымдарымыздың елге келгісі келмейтінінің бір себебі осы.

http://www.aikyn.kz/articles/view/44419

 

Рубрика: