Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазынаның қаржысын қалт жібермей қадағалайтын құзырлы орынның жария еткен деректері жемқорлардың арам шөптей қалыңдығын көрсетіп отыр. Әсіресе түрлі деңгейдегі шенеуніктер, әкімдер мен оның маңына жиналғандардың билік қолына тиісімен, әлекедей жаланып шыға келетін аурудан арылмай-ақ қойды қазақ. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша агенттік былтырғы жылдың өзінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстың 78 пайызы мемлекеттік сатып алуда әкімдер мен оның жандайшаптарына тиесілі екенін мәлімдегені аян. Халықты қан қақсатып қойып, елдің ақшасын талғамай жұтатын бұл жебірлердің көмейіне тұрар қылтан кәне?

Агенттік айдай әлемге жайып салған де­ректерге үңілсек, әкімдердің және қара­ма­ғындағылардың елдің ақшасын жеуде алды­на жан салмай тұр. 2012 жылы 288 жемқорлық қылмысы анықталса, оның 78 пайызы мемлекеттік сатып алуда орын алыпты. Оны жасаған әкімдік қыз­мет­керлері, оларға тиесілі бөлімдер. Со­ның ішінде 26 әкім мен олардың орын­ба­сарлары бар дейді ресми деректер.

Айлықпен байыған адам жоқ

Қадыр Мырза-Әлінің бұл сөзі – ащы шындық. Айлықпен байыған әкім я бай­шыкеш болса, соған ескерткіш қойылар еді. Ескерткіш дегеннен шығады. Осыдан біраз бұрын Ресейде 300 жүк көлігін заң­сыз өткізу үшін ұсынылған 45 млн рубль пара­дан бас тартқан Ресейдің ГИББД-ы инс­пекторына қолы сүттей аппақ ескерткіш қоюды ұсынуда. 45 млн рубль долларға шаққанда 1,5 млн АҚШ доллары. Мұндай ерлік қарапайым инспекторлар түгіл мем­лекет қазынасын сеніп тапсырған шенеу­нік­тердің қолынан келмей, қиналып отыр­мыз. Ең сорақысы шенеуніктерге пара ұсынған­нан бұ­рын, сол параны өздері сұрап ала­ты­нында болып тұр. Сыбайластардың жолын кесу үшін пара беру фактісін хабарлаған адам­ға сыйақы беру әдісі де қолға алынды. Бірақ сорымыз қалың екен, «түйені түгімен, биені бүгімен жұтқандар» азаймай келеді.

Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермеді

Ал мемлекеттік сатып алу портал ар­қылы жүргізіледі. Жария, ашық, таза бо­ла­ды дегеніміз тек дақпырт болып қалды. Пор­талға салса да, сыбайластар бұрынғы «сы­бағаларынан» қағылған жоқ. Кейінгі мәлі­меттерге сүйенсек, мемлекеттік сатып алуда шенеуніктер «үлестерінен» ұтылып емес, ұтып жүр. Құрылыс саласы қазір жем­қ­орлардың «жәрмеңкесіне» айналып тұр. Сондай-ақ құзырлы орындар кәсіп­кер­лерден мемлекеттік сатып алуды ұтып алуына «жағдай» жасау үшін шенеу­нік­тердің пара алу дерегінің де кемімей отырғанын жасырмайды.

Ресми ақпараттар бұл күні сыбайлас жем­қорлықтың құрылыста да қарқынды еке­нін жасырмайды. Ондай қылмыс өткен жылы 133-ті құрапты. Бұдан тұрғын үй- ком­­­му­налдық шаруашылығы да қ­ұрала­қан емес. Ондағы қылмыс 46 дей­ді дерек көзі. Жалған я болмаса таныс-тамы­ры ар­қылы қолдан компания жасап, бюд­жеттің ақша­сын теспей сорғандарды ел іші көріп жүр.

Бұған агенттік таратқан деректер дәлел бола алады. Мысалы, Маңғыстау облысы әкімі­нің бірінші орынбасары сол облыс айма­ғында өз таныстарымен әлеуметтік нысандар салу үшін мемлекеттік сатып алу бойынша бірнеше жыл бойы келісімшарт жасасып келген.  Онымен қоймай, сый­лық­қа мердігерден құны 64 млн теңгені құрайтын коттедж алғаны және бар. Бұл бір ғана Маңғыстаудағы жағдай емес. Пав­лодардың құрылыс бөлімінің бастығы да мемлекеттік сатып алуға келісімшарт жа­сау үшін пара алған. Жаңаөзен қаласы­ның ТКШ бөлімінің бастығы мемлекеттік сатып алуға арналған қаржыны жымқыр­ған. Ал Қарағандыда былтыр құлап қалған тұр­ғын үй бойынша 2006 жылы «Бесоба» кеше­нін салуға рұқсат берген мемлекеттік сәу­лет-құрылыс бақылау облыстық бас­қар­масының бұрынғы бастығы Александр Воробьевтің үш жылға сотталғаны тағы бар.

Тап осындай кепті еліміздің кез келген өңірі киіп отыр. Өйткені кез келген облыста әлеу­меттік маңыздағы нысандар құрылы­сы жүріп жатыр. Ал оның қаншалықты әділ-ағын аңғару қиын. Себебі соңына түсіп, тергеп, тексеріп жатқандар кемшін. Сондықтан портал парақорларға кедергі емес. Портал дегеніміз – өзімізді-өзіміз жұ­батудың, алдаусыратудың амалына ғана айналды.

Елеужан ЕЛЕМЕСҰЛЫ, заң ғылымының кандидаты:

– Елбасы халыққа Жолдауында: «Жаңғыртудың ең маңызды мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен кесімді кү­рес. Біздің бұл бағыттағы іс-әрекеттеріміз мем­­лекеттік аппараттағы сыбайлас жем­­қорлық деңгейін едәуір төмендетті. Алайда бізге сыбайлас жемқорлықпен кү­рес­тің жаңа стратегиясын жасау қажет. Пара­қор­ларды анықтау және сотқа тарту жет­кілік­сіз», – деп атап көрсеткені мәлім. Ел Пре­зиденті Үкіметке жаңа құқықтық тетік­тер­ді ақ­­параттық мүмкіндіктер арқы­лы жұрт­шы­лық­қа жемқорлықтың алдын алу­ды міндет­теді. Ендігі міндет – сол үдеге құ­зырлы орын­дар­дың жұдырықтай жұ­мылуы. Жем­­қорларды жазалауда қатаң болуы тиіс. Сон­да ғана жемқор­лық­тың жо­лы кесілмек.

 

Дерек

Қытайда ұрылардың қолын кеседі. Парақорлар қылмысының деңгейіне қарай өмір бойына бас бостандығынан айырылады немесе ату жазасына кесіледі. Мәселен, 2000 жылы Қытайда 10 мың шенеунік ату жазасына кесілген. Кубада да парақорларды өлім жазасына кеседі. Біріккен Араб Әмірлігінде ұрылар секілді парақорлардың да қолын шауып тастайды екен.

Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

 

http://alashainasy.kz/politics/42047/

Рубрика: