Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

sg(Түпнұсқадан көшiрген Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлерi: Ә.Нарымбетов; Қ.Мұхаметханов. 5.1. – 1970 ж.)

Ардақты Сәбит бауырым!

31 жылы 3-февральда елсiздегi саят қорада жазылды.

II.ХII – жазған хатыңызды жаңада ғана алдым. Бүгiнгi Аягөзге жүрмек адамнан осы хатымды асығыс жаздым. Қолымда барынан аз ғана жазбамды жiбердiм. Олар: «Бәйшешек бақшасы», «Нартайдың әңгiмесi», «Қазақтың түп атасы» (25 жасымда жазғам), «Бозбала мен кәрiлiк» (32 жасымда жазғам), «Баламен айтысып жеңiлгенiм». Қолымда қаражаттық ақша жоқтығынан бұларды өзiңiз почта қаражатын төлеп алар деп доплатной қылдым. Бұрын басылған «Қазақ айнасы», «Еңлiк-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» деген өлеңдерiмдi әрбiрiнен өз қаражатыммен 1000 (экземпляр) дана бастырып елге таратып едiм. «Қазақ, қырғыз, қалмақ, түрiк» шежiресiн де бiр мың бастырып таратым едiм. Соларды балаларға iздетiп, шежiренiң бiр жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғанында қате бар, әм қосылмаған сөздер бар болғандықтан көшiрiп, түзетiп жатырмын. «Әдiл-Мәрия» деген романымның көшiрмесi Алматыдағы осынан барып қызметке тұрған Бағдәулет Құдайбердiұлында шығар. Оның тұрағы Алматыда Ленинский көшеде № 63. Сол балада Американың Бичер Стоу деген әйелi жазған құлдар тұрмысы жайынан «Том ағай балағаны» деген қазақшаға аударғаным бар шығар. Бiрақ оларды бастырам деп рұхсат алып едi. Табылса менiң сөзше жазғанымды бастырғаныңыз мақұл. Өлеңшесiн өзiңiз бiлесiз.

Қолымда «Шын бақ әңгiмесi» деген пьесаға аударуға лайықты бiр романым бар. Бар болса да басқа кiсi оқи алмастық черновой болғандықтан көшiрмей жiберуге болмайды. Және Пушкиннiң «Дубровский» деген романын қазақша өлеңге аударып ана бiр жылы Семейде бастырып едi. Ол үйде бар едi, мына адамнан жiберуге болмады. Бұлардан басқа да аудармаларым, өлең сөздерiм бар. Бiрiншi уақыт тығыз болып, екiншi 45 жасымнан бергi өлең сөздерiм философия жағына салынып, об увлеченного вопроса обьективная рассуждение болғандықтан үкiмет басуға рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба деп жiбермей қалдым. Себебi: жан сыры, жаратылыс сыры, дүниедегi тәмам жатақ, дiндер туралы жазылған. Қырықтан аса бергенiмде: Жан не? Дiн не? Барша ғалам қалай жаралған? Адам жаратушы жағынан не өзiнiң, ар-ынсабы жағынан салынған мiндет бар ма? деген сияқты ылғи дене сезiмiмен сезiлмей iш жаққа, әдетiне, дiнiне, танығанына, құмарына бұрылмай ойлайтын нүктесi – таза ақылмен ғана бiлетiн iстер туралы: дiн, ғылым – ғалым ойшыл философтардың бұл туралы жазған кiтап, айтқан сөздерiн өзiмше сынға алып, дұрыс алып терiс тастанып шығарған қорытындыларымен мен: пәлен пайғамбар, түлен философ, профессор айтты дегенге тоқтап қалмайым. Өз ақылым қабыл алмағанды кiм айтса да терiс көрем. Бiрақ, ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кiм болса да бас ұрам. Мақтанып кеттiм дейдi – мақтан емес, iздегенiм тәмам адам пайдасы болғандықтан ақылым айтқан ақиқатты айтпай тұра алмайым. Ерiксiзбiн.

Мен осыны айтып отырғанымда адамшылық арым барша адам баласына пайдалы деп отыз жыл инемен құдық қазып тапқан ақиқатты неге жiберiп, алдымен осыны басуын неге тiленбейсiң деп еркiмдi билеп, жан сыры, жаратылыс сыры деген қысқаша қорытындымды тағы жiбердiм. Әттең дүние, осыны құры қазақша ғана басып қоймай орысшаға жақсы переводпен смыслый переводтап, ғылымды азаматтың бiрi еңбек етiп переводын өзiме көрсетер ме едi? Қазақша тез басылып шығар ма едi? Тiрi күнiмде не қарсы айтылған дәлелдi сындарын, не бiлiмдi ойшылдардың қабыл алғанын бiлiп өлсем армансыз болар едiм. Бұл жан сыры, жаратылыс сыры басылмайтын болса тез қайтарғаныңызды өтiнем. Лажы болса қолжазбаларымның бәрiн қайтарып отырарсыз.

Тағы бiр тiлегiм, менiң қай жазбам болса да басылысымен баспахана қаражатымен маған әрқайсысынан елу данасын жiберсеңiз екен. Балаларыма, достарыма мұра iстеп беру үшiн. Қайсысы басылса да «Мұтылған» деген атыммен басылғаны жөн болар едi. Бiр сөзiм, менiң кейбiр өлеңдерiм қазақтың бұрынғы өлең жырларының әнiмен айтылмайды. Әрқайсысының өзiм шығарған әнi (мотивi) бар. Әндi хатпен ұғындыруға болмайды. Өзiм барып ұғындыруға, жергiлiктi үкiмет басындағы кейбiреулердiң қараңғылығынан, қолда қаражат, баста бостандық қалмай тұр.

Қош! Қош! Бақытты болыңыз!

Мұтылған.

(Шәкәрiм Құдайбердiұлы)

1931 жыл.

 

http://www.namys.kz/?p=16408

Рубрика: