Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, генерал:

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, оның ішінде шекара қызметіне көз тиді ме, сөз тиді ме?! Бұрын бар-жоғы білінбейтін құрылымда бұл күнде ай, тіпті апта сайын төтенше жағдай орын алатын болды. Арқанкердегі қайғылы жағдай, шекарашы сарбаздардың қызмет орнын тастап кетуі, шекарашы шенділердің өмірін жалмаған ұшақ апаты, тағы да сол шекара қызметіне маман даярлайтын академия бастығының өз өзіне қол жұмсауы, тағы бір шекарашының жұмбақ өлімі… Бір бірімен байланысы бар ма, жоқ па бұлардың? «Жоқ» дегенге ел сеніңкіремейтіндей, «бар» деп мойындаса, ұлтымыздың қауіпсіздігіне бірден бір жауапты органның осыншалық былыққа батқанына тағы сенгіміз жоқ. «Қалай болғанда да осы саланың маманы не дейді» екен  деп бұрын ҰҚК басқарған, бірқатар лауазымды қызметтер атқарған, қазір зейнетте жүрген Сәт Тоқпақбаевтың пікірін жариялауды жөн көрдік.
– ҰҚК-де соңғы кезде тым жиілеп кеткен оқиғалар құзырлы орынға қарсы жасырын күштердің жұмыс істеп жатқанын аңғарта ма?
– Бұған жауап беру үшін әуелі толық мағлұмат керек. Талай жылдан бері ол салада жұмыс істеген жоқпын. «Мүмкін осылай шығар» деп ойға келген нәрсені айта салсам, дұрыс болмайды. Сол себепті мен ҰҚК-ге қарсы жасырын күш жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймын. Себебі, шекараның өзінде де қарсы барлау, барлау деген болады. Оның жанында ҰҚК еліміздің қауіпсіздігін қадағалап отырған құзырлы орган. Осы салада жұмыс істеп отырғандықтан, бұл сұраққа солар жауап беруі керек.
– Бір жылдың ішінде келеңсіз оқиғалардың тым жиілеп кетуі күмәнділеу болып отыр ғой… 
– Бір жылдағы оқиғалар Президенттің қатысуымен өткен қауіпсіздік жиынында да қатты айтылды. Өмір болғаннан кейін оның әртүрлі себептері бар шығар. Арқанкерген болсын, басқасына да қатысты тергеу жүргізіп, ҰҚК мұқият қарауда. Бірақ тергеу нәтижесінде қауіпсіздік саласына қатысты күш бар деген дерек жоқ. Егер солай болған болса, ол туралы міндетті түрде айтылар еді.  Ал адамдардың қайтыс болуы ол – бір тәңірдің қолындағы дүние.
– Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералы өз өзіне жайдан жай қол жұмсамайтын шығар? 
– Әртүрлі адам болады. Генерал да ет пен сүйектен жаралған адам. Қалай болғанда да оның өлімінің бір себебі бар.  Тергеу аяқталған кезде біз қалай болғанын білетін боламыз. Мағлұматсыз қалайша алдын ала тон пішеміз?! Егер «осылай болған шығар» деп айта берсек, оның соңы не болуы мүмкін? Ол жақсылыққа апармайды әрі елден тыныштық кетеді.  Өз ойымша айта салсам, елдің бәрі: «Мұнда мағлұмат бар шығар», – деп соның жетегінде кетер еді.
– Мұндай жағдайлардан кейін көршілеріміздің бізге деген көзқарасы өзгеруі мүмкін бе? 
– Сыртқы елдер тұрмақ ішкі халықтың да көзқарасы өзгеріп, «бізді қорғаудың орнына өз бастарымен өздері қайғы болып кетті» демей ме?! Оқиғаның жиілей беруі жақсылықтың белгісі емес. Себебі, елдің де, халықтың да қадірін түсіреді.

Сіз не дейсіз?
Абай ТАСБОЛАТОВ,  Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі:  

– Бір-екі адамның жағдайына қарап, қауіпсіздігімізге нұқсан келді дей алмаймын. ҰҚК төнірегінде орын алып жатқан оқиғаларды бір-біріне байланысты деуге де болмайды. В.Челахқа қатысты оқиғаның барлығы тәртіп пен жауапкершілікке тікелей қатысты. «Шығыс» шекара аумағында қайтыс болған капитанның бұлай етуіне себеп ретінде отбасындағы келеңсіз жағдай айтылды. Ал генералдың қазасы бәріміз үшін жұмбақ болып тұр.  Мүмкін бұрынғы жағдайларға қатысы бар ма деген ой туындайды. Бір жылдары Талғат Есетов штабтың бастығы болғанда оның орынбасары Хасеновті ұрлық қылды деп, артынша өлтіріп тастап еді. Мүмкін сол кездері мойнына бірдеңе ілініп, жауапты болды ма екен?! Ал «желтоқсанда Шымкент маңында апатқа ұшыраған ұшақта Есетов болуы керек еді» деп онымен байланыстыру жай алып-қашпа әңгіме. Қандай жағдайда болсын генералдың атылып қалғаны өкінішті, әрине. Әскери адам ретінде мұндай жағдайлар жүрекке ауыр тиеді. Сондықтан алдағы уақытта қайғылы оқиғалар қайталанбасын деп тілейік.
З.ТАУДАЙ

 

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/2228

Рубрика: