Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

bd9a7dd10affa662b29ae28fd5130f8eӘ.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Зейнеп Түсіпованың «Менің ауылым Ақтоғай» атты жеке сурет көрмесі ашылды және жақында жарық көрген альбомының тұсаукесері өтті.
Зейнеп Түсіпова – Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы шағын ғана Ақтоғай ауылының тумасы. Тау мен өзен аңғарында орналасқан табиғаты керемет осы бір кішкентай ауылдан түлеп ұшқан таланттар легі аз емес. Олар – Зейнептің туған ағасы, жазушы, композитор Ілия Жақанов бастаған өнер мен ғылымдағы белгілі азаматтар.

Қазақтың тамаша суретші қызы Зейнептің «Таң», «Көктем», «Даладағы өмір», «Бауырсақ пісіру» атты еңбектері Қастеев мұражайының төрінде бұрыннан сақтаулы. Бірқатар еңбектері Президентік мәдениет орталығында, Алматы мен Астана, облыс музейлері мен қорларында. Сондай-ақ картиналары Германия мен АҚШ, Канада, Венгрия, Түркия, Корея, Ресейдің жеке коллекциясында сақтаулы.

Зейнептің жеке көрмесін халық суретшісі, ұзақ жылдар  Қазақстан Суретшілер одағын басқарған белгілі кескіндемеші Сабыр Мәмбеев салтанатты түрде ашып, шәкіртінің шеберлік ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ халық суретшісі, мүсінші Еркін Мергенов,  Мемлекеттік сыйлықтың иегері, кескіндемеші Дулат Әлиев, Қазақстан Суретшілер одағының жауапты хатшысы Жанарбек Берістен, т.б сөз сөйлеп, әріптестерінің шығармашылық еңбегіне толайым табыс тіледі. Суретшінің жерлестері атынан Алматыға арнайы ат сабылтып келген Сарысу аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Диханбай Ағділда аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің құттықтау хатын оқып беріп, сый-сияпат табыстады. Білім беру ісінің үздігі Әбдімәжит Өтеш секілді суретшінің Алматыдағы жерлестері де құр қол келмепті. 2007 жылы Елбасының жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған Зейнеп Жақанқызы Түсіпованың жеке альбомының жарық көруіне Алматы қалалық әкімшілігінің мәдениет басқармасы қаржылай демеушілік  көрсетіпті.

Бұдан соң көрме жаққа қарай көтерілген жұрт суретшінің таңдаған тақырып аясын, сол тақырыпқа салған сан алуан қолтаңбасын тамашалады. Қойылған сексеннен астам туындылары бөлекше бояуға жетелейді. Түрлі натюрморттар, пейзаждар, портреттерге үңілген көрермендер биік мәдениет пен берік үйлесімге, нәзік үндесуге, ерекше ырғақ пен қиял ұшқырлығына куә болды.

Зейнеп Жақанқызының жеке көрмесін туған ауылы Ақтоғайға арнауында да мән бар, өйткені суретшінің бүкіл шығармашылығының алтын тіні – ауыл, дала тақырыбы. Кейіпкерлері – қарапайым ауыл адамдары: ошақ басындағы әйелдер, ақ лақпен ойнаған тұлымшақты қыз, жайлаудағы малшы дегендей. Тұтас сериялар. Балалық шағындағы өзінің көрген-түйгендері, сезіп-білгендері. Соның бәрі қанық бояу мен қайталанбас ерекшелікке толы шабытпен суарылған. Табиғи тұтастықта бейнеленген. Қазақ бейнелеу өнерінің патриархы Әбілхан Қастеев қалап кеткен қабырғалы дәстүрдің жалғасы. Тамырын тереңге жіберген ұлттық туындылар. Көрмеге Зейнептің шетелдік сапарлардың әсерінен дүниеге келген «Александриядағы Қайтпай баба қорғаны», «Мысырдағы Бейбарыс мешіті», «Пәкстандағы Карачи қаласы» секілді  туындылары да қойылыпты. Бейбарыс бабамыздың ізімен көне Египет жеріне барып қайтқаннан туған әсерлер. Мысыр сапарындағы құм басқан тарих қойнауынан ойша тірілтіп алған бабаларымыздан қалған сесті қорғандар. Даланың сұлулық белгісі – гүлдер тақырыбындағы суреттері өз алдына бір бөлек дүние. Бойына нәзіктіктің құпия сырын бүккен, табиғаты астарлы дүниелер…

 

Төреғали ТӘШЕНОВ

http://www.aikyn.kz/articles/view/29595

 

Рубрика: