Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

Қазіргі кезде халық санын көбейту үшін туу көрсеткішін арттырумен қатар халықтың сапалық қасиеттеріне де назар аударуға тура келіп отыр. Орталық Азиядағы миграциялық толқын Қазақ елінің пайдасына шешіле ме? Қазақстанның демографиялық көкжиегіне көз жіберу мақсатымен белгілі саясаттанушы Әзімбай ҒАЛИМЕН сұхбаттасқан едік.

– Сіздің ойыңызша Қазақстанның қазіргі демографиялық қарқыны көңіліңізден шыға ма?
– Өткен ғасырдың 50-60 жылдары Қазақстан бала туу жағынан дүниежүзілік рекордқа жақын көрсеткіш берді. Біздің бақытымызға орай сол заманда препараттар мен вакциналар көп табылып, өлім жағдайларын азайтуға да септігін тигізді. Сол кездегі демографиялық серпіліс Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына атсалысып жүрген 80-ші жылдардың ортасындағы буынды өмірге алып келді. Қазіргі таңда қол жеткізіп отырған өсіміміз 50-60 жылдардағы демографиялық құбылыстың үшінші толқыны. Некелесуші жас отбасылардың көбеюінің арқасында бала саны артып отыр. Бұрынғы жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда өсім байқалады. Бірақ бала санын әр әйелге шаққандағы көрсеткіші төмендеді. 7-8 баланы дүниеге әкелетін отбасылардың орнын 2-3 балалы отбасылар басты. Бұл күрделі мәселенің алдын алу үшін Мүфтият аборт жасатуға тыйым салуға арнайы бәтуа шығару керек сияқты. Өйткені демографияның түйінін рухани орталықтар арқылы ағытуға болады.
1992 жылдан бері Қазақстандағы орыс, украин, белорус, татар ұлттарының өкілдері депопуля­цияға ұшырады. Яғни бұл халықтар арасында туғандардан өлгендердің саны асып түсті. Және некелесуші жастардың саны да күрт азайды. Аталған диаспоралардың Қазақстандағы санының кемуін олардың өз еліне қоныс аударуымен ғана түсіндіру қате, сонымен бірге олардың демографиялық тоқырауға түсіп жатқанын да қоса айтуымыз керек.
– Біз өзге түркі халықтарын қазақтың құра­мы­на сіңіру арқылы санымызды арттыра аламыз ба?
– Қазақстандағы негізгі өсімді 66 пайызды құрап отырған қазақтар береді. Ағылшындарда хэритидж (heritage) деген сөз бар. Қазақшаға «мұра» деп аударғанымызбен, олар үшін бұл сөздің мағынасы үлкен. Ағылшындар «Менің тегім» дегенді «My heritage» деп айтады екен. Басқа халықтарды өзімізге сіңіруде біздің санымызбен қатар сапалық қасиеттеріміз басты рөл атқарады. Біз өз хэритиджімізді табуымыз керек. Сонда ассимиляция (сіңіру) үрдісі тіпті жақсы нәтиже береді. Қазақстандағы ұйғырлар соңғы он жылда ең аз дегенде 25 пайызға өсу керек еді, ал олар 6-7 пайызға ғана өсті. Өйткені олар қазақтардың арасына сіңіп жатыр. Оны өздері қалыпты құбылыс деп бағалап, сіңіп жатқандарын жасырмайды. Елімізде санының көптігі жағынан қазақтан кейінгі ұлт орыс, үшінші орынға қазір өзбектер шықты. Одан бөлек 200 мыңдай Өзбекстан азаматы Қазақстанда жұмыс істеп жүр. 5-9 миллион өзбек Ресейде күнкөріс қамымен жүр. Жері тар, әлеуметтік-экономикалық реформа жүргізбеген Өзбекстан ауыр кезеңді бастан өткеруде. Қазақстанда өзбек ұлтының ассимиляциясы байқалмағанымен, адаптациясы байқалуда. Адаптацияға түсіп жатқанының екі белгісі бар. Біріншіден, Қазақстандағы өзбектердің 70-80 пайызы қазақша біледі. Екіншіден, балаларының аттарын қазақша қоятын болды.
Өзбек қазаққа ең жақын халық екенін түсінуіміз керек. 500 жыл бұрын бір шаңырақтың астында өмір сүргенбіз. Қазақ пен өзбекті династия бөлді. Олар Шәйбани әулетінің соңынан ерді, біз Орыс ханның ұрпақтарын өзімізге хан етіп сайладық. Осы тұрғыдан біздер этнографиялық түсініктемелер жүргізе білуіміз керек. Төлқұжаттарында өзбек деп жазылып тұрса да Қазақстандағы өзбектерді отанына оралып жатқан қазақтар есебінде қабылдауымыз қажет.
Қазақтарда ұлтаралық некенің үлесі ерлердің арасында 3,5 пайыз, қыздардың арасында да 3,5 пайыз. Демографиялық меже бойынша 8 пайызға дейін аз болып есептеледі. Онда да ұлтаралық некенің жартысы өзбек, ұйғыр, қырғыз сияқты қазаққа жақын түркітілдес халықтар. Орыспен, неміспен некелесу аз. Ал елдегі ұйғырлардың әрбір төртінші жігіті, әрбір төртінші қызы ұлтаралық некеге түседі. Қазақстандағы өзбек жігіттердің 12 пайызы, өзбек қыздардың 10 пайызы ұлтаралық некеге түскен. Бұлар кіммен некелесуі мүмкін, әрине, қазақтармен некелеседі. Біз қазақтар бір-бірімізді қатты қастерлейді екенбіз. Дінімізге берікпіз, өз ұлтымыздың өкілдерімен некеге тұрамыз.
– Қала қазақтарының саны көбейіп келеді деген сөз бар. Бұл қаншалықты нанымды?
– 1970 жылдан бастап Қазақстандағы орыс, украин, белорус өкілдері санының кері сальдосы пайда болды. Яғни келгендерден кеткендердің саны көбейе бастады. 1990 жылдан бері қарай бұл үдеріс үдеді. Мәселен, 1994 жылы 410 мың өзге ұлт өкілі елден көшіп кетті. Сол себепті біздің елде ұлтаралық қақтығыс болған жоқ. Қаладағы пәтерлердің саны арзандап, оған қазақтар кіріп алды. Урбанизация жеделдеп, қалалық қазақтардың саны артты. Қазір қазақтардың 55 пайызы қалалы жерлерде тұрады. Бұрын қалада тұрған жазушылар ауыл туралы шығармалар жазатын. Себебі ол кезде қазақтардың көбі ауылды жерде тұратын, қалалар басқа ұлттардың еншісінде еді. Бүгінгі таңда қала да қазақтың құтты мекеніне айналды. Және бұл бағыт ары қарай жалғасын тауып, қала қазақтың назарын өзіне аудара беретін болады. Екіншіден, қазақтар жекеменшік иесі атанды. Қалалы жер былай тұрсын, бұрын ауылдағы қазақтардың жекеменшігінде малы және арзан баспанасы ғана болды. Жерге жекеменшік мүлдем болған жоқ. Қазір әйтеуір біртіндеп болса да пәтер иесі, дүкен иесі, жер иесі, кәсіпорын иесі атанып жатқан қазақтардың саны артуда. Үшіншіден, қала қазақтың ұлттық санасын, діни ізденісін оятты. Егеменді ел болуымыз ұлттық санамызды оятса, дүниежүзілік толқынмен бірге дінге құштарлығымыз күшейді. Оған қоса экзистенциалды-тұрмыстық тіршілігіміз жақсарды. Кеңес өкіметі тұсында қазақтар жергілікті басшыларға қатты тәуелді еді. Жем-шөп, жер, көмір солардың қолынан өтетін. Қазір басшыларды танысаң да амандаспауға қақың бар. Дербес шешім қабылдай алатын мүмкіндік таптық.
Қалалы жердегі қазақтардың молаюының арқасында қазақша оқитындардың үлесі 85 пайызға жетті. Қазақстандағы өзге түркі тілдес халықтардың қазақша үйренуге бас қойғаны анық байқалады. Қазақ халқы 70-ші жылдардан бері қоныс аударып кетіп жатқан басқа ұлттардың орнын толтырумен қатар демографиялық өсімге де қол жеткізуде. Қазақстан халқы 2000-2008 жылдары 8-9 пайызға өсті. Қазақстан 1989 жылдағы халқының санына 2008 жылы әзер жетсе де, бұл жолы 16 жарым миллион көрсеткішке қазақтардың есебінен жеттік.
– Қазіргі қандастарымыздың бойынан қандай қасиеттерді байқайсыз?
– Мен соңғы уақытта қазақтың екі айрықша қасиетін байқадым. Біріншіден, біз ширақ халық екенбіз, екіншіден, діні берік халық екенбіз. Ашаршылықтан, соғыстан, репрессиядан қынадай қырылдық, тірі қалғандарымыз есімізді жиып, жалма-жан тіршілік етпесек, не түрмеде, не концлагерьде өлетінімізді түсіндік. Менің арғы аталарым, ағайынды төрт жігіт 1916 жылы бір күнде ажал құшқан. Ал атам туған бауыры екеуі де репрессияға ұшырады. Бірі Қиыр Шығысқа айдалып, кейін елге оралды. Екінші атам атылды. Әкемді соғысқа шақырып, бірақ соғысқа жібермей түрмеге жауып тастаған. Біздің әулетте түрмеге жабылмаған тек мен ғана. Менің бабаларым мен аталарым орта жасқа жеткенде не өліп кеткен, не абақтыға қамалған. Мен үшін түрме деген әлі күнге дейін қорқынышты сөз. Мұндай ауыр қиындықты көрген халық тез ширайды. Тағдыр бізді шаруақор етіп тәрбиелепті. Мен кейде университеттерді бітірген үндістандықтарға, пәкістандықтарға, бангладештіктерге, арабтарға таңғаламын. Шетінен сылбыр, бос қой. Келіскен дүниені дер кезінде орындамайды. Ал қазақтар ондай емес. Етіміз тірі. Иненің көзінен өтеміз. Ширақтық бізге бастапқы принципімізді тауып берді. Ол принцип бұрынғы бабаларымыздың бойында болған сақтық формуласы. Мәселен, елге жау шапты. Түркістаннан хабар күтпей-ақ не істеу керектігі ішке формуламен бекітіліп, барлық жолдары мен нұсқалары қарастырылып қойған. Өйткені формула белгілі. Қазақ гомогенді жабық халық екен. Революцияға дейін христиан дініне өткен қазақ 1 пайыз ғана болған. Сол заманда шоқынған қазақтарға мына Қаскелеңнің маңынан жер береді екен. Аштықтан, жоқшылықтан қиналған бірен-саран қазақтар ғана христиан дініне өтіпті. Менің ойымша олар кейіннен мұсылман дініне қайтып келді. Осы күнге дейін христиан дінін қабылдаған қазақтардың үлесі 1 пайыз төңірегінен ауытқыған емес. Оңтүстік Кореядағы кәрістердің 40 пайызы буддизмді тәрк етіп, христиан дініне өтіп кеткен. Мен сол елге іссапармен барып, христиан кәрістерден не үшін діндерін ауыстырғандарын сұрағанымда, олар қабақ шытып жақтыртпады. Дін ауыстыру әр адамның жеке ісі екенін айтып, маған жекіп тастады. Бізді мұндайдан Құдай сақтасын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Бейбіт НӘЛІБАЕВ

 

http://anatili.kz/?p=12542

Рубрика: